АҚПАРАТТЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ӘДІСТЕРІ
Темиргалиева Р. (Ақтөбе)
Қазіргі кезде ақпараттық - коммуникациялық технологияны дамыту сапалы білім берудің бір бөлігі. Сонымен қатар, білім беру саласын, оқытудың әр түрлі техникалық құралдарын пайдаланусыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, уақыт талабына сай білім мазмұнын жаңарту – бүгінгі күннің басты міндеті. Қазіргі жағдайда еліміздің білім беру жүйелерінде ХХІ ғасыр жастарына білім беру мен тәрбиелеу бағытында сан алуан жұмыстар жүргізілуде. Сол себепті, оқушыларға білім беруде жаңа оқыту технологияларын қолдану, инновациялық бағытта жұмыс жасау заман талабына сай талап етілуде. Ал, мұғалімнің негізгі ұстанған мақсаты - білімнің жаңа үлгісін жасап, белгілі бір көлемдегі білім мен білік дағдыларын меңгерту, оқу материалын қаншалықты деңгейде меңгергенін бақылаудың, оқу мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі жаңа әдіс - тәсілдерін іздестіру, жаңа технологияларды сабақта тиімді пайдалана білу. Соңғы жылдары ақпараттық - коммуникациялық заман ағымына сай күнделікті сабаққа компьютер, электрондық оқулық, интерактивті тақта қолдану айтарлықтай нәтиже беруде.
ХХІ ғасыр – техниканың озық дамыған ғасыры. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қазіргі таңда барлық мектептер компьютермен, компьютерлік құрал – жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Компьютер оқушы үшін қоршаған әлемді танудың табиғи құралы болып табылады. Олай болса барлық сабақтарды компьютердің қуаттануымен жүргізуді үйрену – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.
Білім беру жүйесін ақпараттандыру дегеніміз – берілетін білім сапасын көтеруді жүзеге асыруға бағытталған процесс, яғни еліміздің ұлттық білім жүйесінің барлық түрлерінде кәдімгі технологияларды тиімді жаңа комплекстік ақпараттандыру технологияларына алмастыру, оларды сүйемелдеу және дамыту болып табылады.
Ақпараттық коммуникациялық технология электрондық есептеуіш технологиясымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивті құралдарды қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламасына негізделеді. Ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді. Интерактивті тақтаның мүмкіндіктері мұғалімдерге баланы оқытуда бейне және ойын бағдарламаларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Ақпараттық қоғамның негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық – құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдыларын қалыптастырып, ақпараттық қоғамға бейімдеу. Демек, ақпараттық бірліктердің білімге айналуы әлемнің жүйелік – ақпараттық бейнесін оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен құндылық бағдарларын дамыту арқылы қалыптастыруды көздейтін, адамның дүниетанымының құрамдас бөлігі болып табылатын интеллектуалды дамуды қалыптастырудың бір жолы.
Қазіргі пән оқытушыларының негізгі міндеті — білім беруді нәтижеге бағыттау, яғни инновациялық жаңа технологияны меңгеру екені баршамызға мәлім.
Жаңа нәтижеге бағытталған білім — инновациялық білім. Құзіреттілік білім беру жағдайында қоғамның мәдени, әлеуметтік, экономикалық сұранысты қанағаттандыратын, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын, теориялық білімін кез келген жағдайда өз іс-тәжірибесінде пайдалана алатын білім.
Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін тереңдетуге, оқытушының кәсіптік шеберлігін арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Мұндай технологияларды қолдану — біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады, екіншіден, оқушы ұтады, себебі оның тақырып бойынша танымы кеңейеді. Осылайша білім берудің қалыптасқан әдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түспек.
Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану – педагогикалық іс-әрекеттердің мазмұны мен формасын толықтыру негізінде оқыту үрдісін жетілдірудің бірден бір жолы. Компьютерлік желілерді, интернет жүйесін, электрондық оқулықтарды, мультимедиалық технологияларды, қашықтан оқыту технологиясын пайдалану оқу орындарында ақпараттық -коммуникациялық технологиялар кеңістігін құруға жағдай жасайды.
Ақпараттық - коммуникациялық технологиялар деп локальдық, аймақтық, бүкіл әлемдік желілерде ақпарат алмасуды жүзеге асыратын қазіргі заманғы байланыс құралдарының барлық түрін, бағдарламалық жүйелер мен кешендерді (бағдарламалау тілдері, транслятор, копиляторлар, операциялық жүйелер, қолданбалы бағдарламалық жабдықтарды дайындауға арналған инструментальды пакеттер), мультимедианы, телекоммуникацияны, виртуальды ақпараттар жиынтығын айтамыз.
Ақпараттық технологияларды жүзеге асырудағы тағы бір мүмкіндігі – ол электронды оқулық. Электрондық оқулық — бұл дидактикалық әдіс – тәсілдер мен ақпараттық технологияны қолдануға негізделген түбегейлі жүйе. Электрондық оқулық тек қана оқушы үшін емес, мұғалімнің дидактикалық әдістемелік көмекші құралы да болып табылады.
Сабақта электрондық оқулықты пайдаланудың тиімді жағы көп: физикадан, химиядан құралдар жетіспеушілігі сабақты өз деңгейінде білім беруде қиын, ал электрондық оқулықта барлық тәжірибелер, ғалымдар өмірі, анықтама сөздік, материалдардың барлығын пайдалана аласыз. Әр тарауда тест сұрақтары, әр тапсырманың өзіндік есептері бар, бұл оқушылар білімін бақылауда және оқушының үлкен ізденісін туғызады. Электрондық оқулық арқылы зертханалық жұмыстарды орындап қана қоймайды, оқушыны шығармашылық жұмыс істеуге дағдыландырады. Сабақ сапасы артады. Электрондық оқулықты пайдалану арқылы сабақта техникалық құралдарды, дидактикалық материалдарды қолдану тиімді жақтары оқытушының жаңа ақпараттық технологияларды меңгеруі, оқушының пәнге қызығушылығының артуы, нәтижеге бағытталған білім дағдысының қалыптасуы. Электрондық оқулықтарды оқушы сабақтан тыс уақытта да пайдалануға мүмкіндігі бар. Жоғары оқу орындарына оқуға талапкер оқушылар электрондық оқулықтың тест бөлімі арқылы пән курсы бойынша толық ақпарат алып, өз білімін тексере алады. Ал білім сынақтарына, түрлі пәндік білім олимпиадасына қатысушы оқушылар өз бетінше білім қорын молайтуға, есте сақтау қабілетін дамытуға мүмкіндік алады. Электрондық оқулық көмегімен зертханалық жұмыстар жүргізу оқушылардың зертханалық құрал – жабдықтарды қолымен ұстап көрмесе де, визуальді түрде сол құрал – жабдықты пайдаланып зертханалық жұмыс жүргізуге қол жеткізеді.
Оқушы өзін қоршаған ортаны барлық сезім мүшелері арқылы танып, біледі, алайда олардың қабылдауы әртүрлі. Ақпаратты қабылдаудың негізгі арналары: есту, көру және сезу болып табылады. Оқушы қабылдайтын мәліметтің 90 пайызын көру жүйесі арқылы, 9 пайызын есту жүйесі арқылы, тек 1 пайызын сезім мүшелерінің көмегімен қабылдайды. Көру жүйесі – есте сақтаудың түрлері ішінде жетік, үздік дамығаны.
Қазіргі кездегі шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде. Елбасы өзінің жолдауында «Білім беру реформасы - Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі» деп атап көрсетті. Олай болса, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін ақпараттандыру еліміздің даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі, себебі «ХХІ ғасыр – білім беру жүйесін ақпараттандыру ғасыры». Н.Ә.Назарбаев
Достарыңызбен бөлісу: |