Құрылымы, жасалу тарихы, көркемдік принципі ұғымын талдау.
Шығарманы әдеби талдау дегенде біз, әсіресе, оған әдеби-теориялық талдауды назарда ұстаймыз. Ал осы талдаудың әлі де болса құпия сырлары көп. Әсіресе, қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдістемесінде нақты осы мәселе ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Рас, соңғы кездерде әдебиеттану саласындағы біраз еңбектерде шығарманың эстетикалық табиғатын, көркем айшықтарын танытуды мақсат етушілік жиі байқалып жүр. Дегенмен көркем шығармаға әдеби-теориялық талдау жасауға қолғабыс тигізер әдістемелік еңбектер жағы кемшін екендігіне әдебиет сабағында әдеби-теориялық ұғымдарды оқыту барысында анық көз жеткіздік.
Осы мәселе тұрғысында ұтымды пікір білдіріп, күрделі сауалдарға жауап беруге үлкен үлес қосып жүрген белгілі педагог, әдебиетші-ғалым Т. Ақшолақов біз айтып отырған еңбек тапшылығының себебі туралы былайша ой түйеді: «Мәнісі – мұның толып жатқан қыр-сыры, қиындығы бар. Шығарманың қат-қабат ішкі құрылымы, астарлы, бейнелі көркем ойы, образдар жүйесі, жазушының таланты – осының әрқайсысы бір-бірімен байланысты, бірінен бірі туындайтын үлкен жүйе. Ал бейнелер бітіміне тереңдеп енбейінше, шығарманың тұтас дүние екендігін, оның көркемдік ерекшеліктерін, жазушы шеберлігін, шығарманың мағына-мазмұнын толық аша алмаймыз. Бұл тақырыпты зерттеудің күрделілігі де, міне осында» .
Шығармадағы көркемдік элементтерді табу, тану оңай нәрсе емес. Оны табу үшін шығармаға бойлай ену керек. Ең алдымен туындыны ой жүгірте, мән бере оқу керек. Сонда ғана көркем шығармадағы інжу-маржанды табуға болады.
«Әдебиеттен білім беретін мұғалім жер астынан асыл кен іздеген инженер-геологқа пара-пар, немесе адам ағзасынан кінәрат іздеген дәрігерге ұқсас. Міне, мұғалім де солар сияқты шығарманың өн бойынан өзіне қажет інжулерді, шәкірт жанына нұр себер, жақсылық нышандарға жетелер, жан әлеміне ыстық леп берер, алаулаған арпалыс, ашу-кек туғызар штрих-детальдарды іздеуге тиіс. Ал, оны А.Пушкин айтқандай рухани көзбен оқыса ғана мұғалім таба алмақ» .
Көркем шығарманы эстетикалық талғам тұрғысынан терең талдау үшін тек әдебиет теориясын біліп қана қою жеткіліксіз. Ол үшін оған етене жақын басқа да әдебиеттану ғылымының, басқа да ғылымдардың салаларын білу шарт. Әдебиет өнер туындысы болғандықтан шығарманың бүкіл нәрін таныту үшін эстетиканы, лингвистиканы, әдебиеттің тарихын, сынын, психологияны т.б. білу өте қажет. Осының бәрін меңгерген білікті мұғалім ғана оқушыға әдебиеттің негізгі табиғатын ашып бере алады.
Эмоциясыз көркем шығарма жоқ. Эмоция - өнердің жаны. Адамға отты қуат берер, әсер етер де сол. Олай болса, өнерде этика мен эстетика – егіз дүниелер. Оларды бірінен бірін бөліп алып қарау мүмкін емес. Әдеби туындыға талдау жасағанда мұны естен шығармау керек. Жақсылық, ізгілік пен сұлулықты бір бірінен бөліп қарау – бұл өнерге жасалатын қиянат болмақ. Өнерде ол екеуі өріле, тамырласа, тұтаса жаралған.
«Әдебиет сабағына да, әдебиетші ұстазға да қашанда үлкен талап қоятыны белгілі. Әдебиет сабақтары тартымды, мазмұнды, шығармашылық сипатта өтуі үшін ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеті, кәсіби даярлығы, әдеби-теориялық мол білімі болуы қажет. Екінші жағынан, бұл талапты оқушыларға да қоятын, міндеттейтін кез әбден жетті деп ойлаймыз» .
Мектеп оқушыларының әдеби-теориялық білімдерін қалыптастыру, тереңдету әдебиет сабағының ең басты мұрат-мақсаттарының бірі деген болатын болсақ, бұған еш талас тумайтыны да шындық.
Көркем шығарманың теориялық компоненттерін меңгеру үшін ең алдымен қажет нәрсе – туындыны оқу, мазмұнымен толық танысу. Шығарманы мән беріп оқымаған жерде оған эстетикалық талдау жасау туралы, әдеби-теориялық ұғым жайлы айту артық. Ендеше шығарманы оқыту - әдеби-теориялық білім берудегі алғашқы қадам. Т.Ақшолақов «Өкінішке орай, біз әдебиетті оқыту процесінде осы мәселеге онша мән бермей келеміз. Оқушының оқулық ізімен, сүрлеуімен берген жауабын місе тұтып жүре береміз. Бұл – көркем шығарманы оқып үйрену емес. ...Әдебиетті оқыту, онан өрісті білім беру деген сөз – шәкіртті шәкіртті шығармаға аналитикалық, эстетикалық талдау жасай білуге үйрету деген сөз. Сонда ғана ол көркем туындыға тереңдей үңіліп, ондағы адамгершілік, эстетикалық проблемалардың байыбына бара алады» дей келіп , оқушы үшін ең алдымен шығарманы сүйіспеншілікпен оқи білудің маңызын ашып көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |