Атыңа мақтауды жұрт көп айтады
Айтылар аман жүрсек талай тағы.
Даңқының өзінен де биіктеу тұр
Халқының қарапайым Жабайханы!
Енші бер езуіңнен бөле-жара,
Сауал көп шешілмеген, кемел аға!
Сандығы жерде тұрған дүниенің
Кілті аспанда болады неге ғана?..
57
АҒА
(Сәбит Оразбаевқа)
Болмаса сері көңіл сендей аға,
Қанатын тар дүние кең жая ма?!
Келесің бабалардың жолын қуып,
Қом салып уақыт деген желмаяға.
Ішінен қалың жұрттың қарақұрым,
Сезілер сонадайдан даралығың.
Сарқыты сияқтысың жыраулардың,
Сақтаған сары майдай дала жырын.
Қазақсың Қызыр қонып, бақ қараған,
Ешкімнің ала жібін аттамаған.
Армансыз өзіңдей боп өрге жүзіп,
Өнерден өз бақытын тапқан адам.
Алдың да сахнадан ойып төрді,
Сомдадың талай-талай кейіпкерді.
Қасыңда бірге жүрген небір саңлақ
Бұл күнде көз алдыңнан ғайып болды.
Ашпасаң жүрегіңнің құлпын, аға,
Жаныңның ауырғанын жұрт ұға ма?
Қазақтай алтын құрсақ ұлт болмаса,
Өзіңдей алтын басты ұл туа ма?
Бұп-бұйра қара шашың жасыңдағы,
Ақ қардай Алатаудың басындағы.
Бірісің азаматтың орның бөлек
Біз көрген екі түрлі ғасырдағы.
Киелі ұлы дарын саған біткен,
Көрінді биігінен заман күткен.
Уа, Сәбе, алмағайып мына өмірде
Әрқашан жүздесейік амандықпен!
58
КЕУДЕҢІЗ КҮМІС ҚОБДИ
(Төлек Тілеухановқа)
Үкідей үлпілдеген Төлек аға,
Үлгісің үлкенге де, балаға да!
Алпысты әлдекімдер асқар деп жүр,
Сіз үшін желіп шығар төбе ғана!
Елім деп елпілдеген Төлек аға,
Ешкімді көрген жоқсың бөле-жара.
Қылаусыз көңіліңе қаяу салып,
Қинайды жаныңды бір жара ғана!
Салған соң тауқыметін басқа құдай,
Бұл өмір жарқылдамас жастағыдай.
Шаттықтың ақ шапанын жамыл-дағы,
Қайғының қара тонын таста былай!
Бұл тойда айтылмайтын сөз қалмасын,
Көл болар көп тілегі қозғалғасын.
Қайындап барып қайттың Барқытбелге,
Жастықтың қайта мініп боз жорғасын!
Ақтардың деме несін мұның бәрін,
Білесіз менің де бір жыным барын.
Дауылда құлағаның қайта тұрып,
Тереңге тамыр жайсын жұлынғаның!
Қысқа өмір атса таңы, күні батқан,
Бұлақтай сылдырайды күліп аққан.
Кеудеңіз күміс қобди секілді бір,
Сақтаулы бір ғасырлық мұңы жатқан!
Жаманның кетті бүгін бәрі қаңғып,
Біреудің шашау шыққан малын аңдып.
Ал Сізді келе жатыр өрге сүйреп
Ұшына қаламыңның дарыған Құт!
Шыққанша қия жолды тау басына,
Кім кепіл кештің жүгі аумасына?
Өзіңмен оңашада тілге келсе,
Түседі тажалдар да тәубасына!
59
РОЛЛАНҒА
Реке, шықтың, міне, алты белге,
Барады керуен-көшің тартып өрге.
Жасыңнан найзағайдай жарқ-жұрқ етіп,
Жайылған азаматсың даңқың елге!
Алдырмай алысқанда аңдығанға,
Ешкімге дес бермедің самбодан да.
Семейдің сан бұзығын сабадың сен,
Бірақ та батырмадың қолды қанға.
Ер жігіт төске өрлемей тұра алған ба?
Қол создың бір арманнан бір арманға.
Талай қыз төсегінде аунақшыды,
Ғашық боп Сейсенбаев Ролланға!
Өткеріп соның бәрін бастан, аға,
Жол тарттың Мәскеу деген тас қалаға.
Мүйізі қарағайдай жазушы боп,
Іздедің басқаны емес, баспа ғана.
Кітабың шығып жатты қалың-қалың,
Алаулап, жазған сайын жалындадың.
Лондоннан аштың-дағы Абай үйін,
Шақырдың достарыңның сағынғанын.
Шығысты, батысты да кеулесең де,
Жарасар Сіз десем де, сен десем де.
Діннің де ауылына барып қайттың,
Абайдай медресе көрмесең де...
Басыңнан талай-талай өткеріп ой,
Жүресің жалғыз жортып көк бөрідей.
Классик жазушы еткен сені алдымен
Данышпан қара шалдың мектебі ғой.
Алдыңда сайрап жатыр жолдың бәрі,
Атыңның жолда қалды болдырғаны.
Қай қала, жүрсең-дағы қай қиырда,
Әйтеуір ойлайтының елдің қамы.
60
Бір ұлсың туа қалған қазақ үшін,
Байқасам, жазушының ғажабысың.
Оралмай айлар бойы жортып кетсең,
Үйдегі жеңгеміздің азабысың.
Күнің жоқ Құлагердей құйғытпаған,
Түспесін қолыңнан тек жүйрік қалам.
Тойыңа өлеңімді тарту еттім,
Мен қайтып бұдан артық сыйлық табам!
61
ІҢГАЛАП ЖАТҚАН ЕДІҢ
(Тұрысбек Сәукетаевқа)
Іңгалап жатқан едің жөргегіңде,
Айғайлап келдің, міне, сен де елуге.
Көп шығар алдыңда әлі көрмегенің,
Аз емес ал бірақ та көргенің де.
Жан бағып жалғыз ғана қаламменен,
Келесің аршындаған қадамменен.
Сендегі сезімнен де ыстығырақ
Достардың махаббаты саған деген.
Білеміз көкірегіңде дарын барын,
Ешқашан ойламайсың қарын жағын.
Сенбейсің тұрсақ-тағы қанша мақтап,
Сенесің кітабыңа қалың-қалың.
Көңілдің ақ сауытын кір шалдыртпай,
Туыңды қуанамыз тұрсаң жықпай.
Үмітсің алтын жіптей үзілмейтін,
Жігітсің ашылмайтын сыр сандықтай.
Алтайдың топырағында ата-бабаң,
Кезің көп сағыныштан қаталаған.
Түбінде жүрегіңнің жылап жатыр
Сәби күн көзден жасы боталаған.
Төгесің ақ қағазға соның бәрін,
Елеңдеп алыстағы сарынға мың.
Сен-дағы сағым қуған мен сияқты,
Қазақсың бақытың мол, сорың қалың.
Табарсың арманыңды сол сағымнан,
Тапқандай мөлдір бұлақ саршақұмнан.
Қалғанша жер таянып, жағың түсіп,
Түспесін жүйрік қалам саусағыңнан.
62
НҰРТІЛЕУГЕ
Арындап арғымақтай арда күнің,
Алпысқа сен де келдің, нар бауырым!
Жоңғардың жотасындай қары кетпес,
Сыйлаған Тәңір саған кең жауырын.
Арқалап атан тартар ауыр жүкті,
Өткен ғой мына өмірден небір мықты.
Сүйініп туа біткен тұрпатыңа,
Сенен де үлкен үміт елің күтті.
Қастерлеп көне жырын, ескі аңызын,
Іздедің бабалардың басқан ізін.
Разы ата-анаңның рухы саған,
Ақтадың ел парызын, дос қарызын.
Мінезің орып түсер алдаспандай,
Кім сенің шаужайыңа жармасқандай?!
Жақсыға көңіліңнің төрі дайын,
Жайдары, жаның таза таңғы аспандай.
Келесің түзу жүріп, тура басып,
Адассаң халқыңменен бірге адасып.
Ақсудың толқынындай аласұрған,
Айналдым жүрегіңнен жырға ғашық.
Босамай ауыр жүктен кең жауырын,
Әр күнің аман жүрген олжа бүгін.
Жарқырап атқан таңың, туған айың,
Түсірсін жылдар саған мол жарығын...
63
АНАҢНАН АЙНАЛАЙЫН
(Мұхамеджан Тілеухановқа)
Дүниеге келген жансың, Мұхамеджан,
Жусанды Сарыарқада жұпар атқан.
Кең дала кескен сенің кіндігіңді
Байжігіт, Тәттімбет пен Тоқа жатқан!
Қаз тұрып домбыраға сүйенгенсің,
Киесі қонбаса кім иемденсін?
Анаңның омырауынан ақ сүт емсең,
Домбыра шанағынан күй емгенсің.
Күй сенің тірлігің де, тынысың да,
Күй сенің отырысың, тұрысың да.
Ішегі домбыраның сөйлеп кетсе,
Тұрады сенің атың тіл ұшында.
Болғанмен тұлғаң кесек, жаның нәзік,
Бересің шертпе күймен көңілге азық.
Қолыңа домбыра алсаң көсілесің,
Аңырап ақ бөкендей бауыр жазып.
Халқыңа қаршадайдан күй тартасың,
Күйлердің қымбатынан сый тартасың.
Өнердің ақ боз үйін асқақтаттың,
Тағдырдың отқа жағып итарқасын.
Бола ма алтын менен күміс бірдей,
Бола ма батыс пенен шығыс бірдей?
Арқалап домбыраңды Жаңаарқада,
Алпысқа келіп қапсың тыныш жүрмей.
Баянды болсын асқан алты белің,
Құттықтап отыр бүгін жарқын елің.
Өзіңсің тірі жүрген күй абызы,
Білмеймін алды ма едің, арты ма едің?!
О, Мұқа, жарасады шалқу бір сәт,
Қияға құсымызды талпындырсақ.
Қазаққа алтын басты ұлдар берген
Анаңнан айналайын алтын құрсақ!
64
БАТЫРДЫҢ ҰРПАҒЫСЫҢ
(Серікбай Өрікбайұлына)
Тіршілік шығармайды төрге бірден,
Жетілген азаматсың еңбегіңмен.
Ту тіктің елу бестің белесіне,
Кеудеңді биік ұстап өр көңілмен.
Үңіліп ойлы көзбен бұл өмірге,
Сүйесің қыр елін де, Сыр елін де.
Халқыңа қаршадайдан қызмет еттің,
Намыстың оты маздап жүрегіңде.
Батырдың ұрпағысың ел таныған,
Өзіңдей некен-саяқ дархан ұлан!
Қазақтың біреуімін сусындаған
Көңіліңнің мөлдір таза кәусарынан.
Жүрекпен сезіп елдің бар тынысын,
Жасаған көз алдыда жарқын ісің!
Тынбасын қыран құстай талпынысың,
Жасай бер, жан бауырым, халқың үшін!
65
ТУҒАН ЕЛДІҢ ШӘМШАСЫ
(Ш. Беркімбаеваға)
Шыңға біткен гүл патшасы Еңліктей,
Қыз төресі екеніңді көрдік қой.
Шамшырақтай туған елдің Шәмшасы,
Елге қызмет еттің тізе сен бүкпей.
Көтерілдің биік-биік сатыға,
Дақ түсіріп көрген жоқсың атыңа.
Қайғырмадың төмендеген сәттерде,
Май құймадың пендешілік отына.
Ұрпақ үшін қалмадың бір жанды аяп,
Қазақ қызы болсын, шіркін, сендей-ақ.
Құбылмадың қиын-қыстау кезеңде,
Құбылғанда заман бетін сан бояп.
Өзіңді әр кез медет тұтып жүр елің,
Жарқылдайды найзағайдай жігерің.
Жұртың үшін күнде түсіп майданға,
Ұлтың ұшін үлпілдейді жүрегің.
Сақинадай жалт-жұлт еткен саусақта,
Өмір кейде өзгереді әр саққа.
Ерлер құсап тарттың аттың жалынан,
Ездер құсап құл болмадың мансапқа.
Жаса, жаса, нәзік жанды, әз Әпкем,
Ортаймасын келген бақыт азаппен.
Сендей қайсар қызы барда қашанда,
Дұшпаны да сыйласады қазақпен!
Ырыздығы Алладан ғой әркімнің,
Жалпымызға нұрын төксін алтын күн!
Қызметіңе мемлекетің разы,
Құрметіңе бөлене бер халқыңның!
66
ЖАСЫМНАН СОҢЫҢА ЕРІП...
(Кәдірбек Сегізбайұлына)
Жетпістің жотасына шықтың, аға,
Биікке байрағыңды тіктің, аға!
Қайыспай елдің жүгін көтереді
Нар туған өзіңіздей мықты ғана.
Бұл жалған өте шығар жортуылдай,
Қазақсың құшағың кең, қолтығың бай.
Көңіліңнен көпті сүйген айналайын,
Зайсанның тебіреніп толқынындай.
Заманға мың құбылған қарамастан,
Сүйендің қаламыңа бала жастан.
Жаз дәурен жалт-жұлт етіп артта қалды,
Жақсымен, жаманмен де араласқан.
Сезіліп салқын тартқан күз қабағы,
Көрінді қыс қарасы бізге-дағы.
Бетінде ақ қағаздың сайрап жатыр
Жұрт үшін жүрегіңнің сыздағаны.
Күн нұры көкірегінен шашыраған,
Ақ көңіл аңқылдаған асыл ағам,
Қасқа атты Қамбар батыр секілдісің,
Бір өзі қырық үйді асыраған.
Халқыңнан басқа, сірә, жоқ сенерің,
Көп еді аңсағаның, көксегенің.
Түсіңе сағындырып жиі енеді
Оралхан, Кәрібайың, Ақселеуің.
Жылдардың көз жіберіп асқарына,
Қарайсың тұнжыраған аспаныңа.
Қобыздай күңіреніп мұң шағасың
Бексұлтан, Қуанышбай достарыңа!
Алтайдан мұнар басын бұлт ораған,
Ұлтына тірек болар ұл тараған.
Табанды тоздыратын тау мен таста
Тағасыз талай шапқан тұлпар ағам!
67
Жасымнан соңыңа еріп ағаладым,
Саяңды дауыл соқса сағаладым.
Жүйтки бер, жүзге дейін енді зулап,
Жырыммен тұяғыңды тағаладым.
68
БИІК БОЛСА...
(А. Ермегияевқа)
Шын жүйріктің естілер ел шетіне дүбірі,
Көк есектің адымы ашылмайды ғұмыры.
Толып жүрген шық бермес Шығайбайлар ішінде,
Атымтайы жігіттің Амангелді Дінұлы!
Саған ырза қазақтың арғысы мен бергісі,
Мецанаттың өзіңсің Маман байдай белдісі.
Нәр құйсын деп өнердің өзегіне талғанда,
Жарылғаптай батырдың тастап кеткен белгісі.
Шенеуніктің не керек шапанды мен шендісі,
Езуінен еліне келмесе енші бөлгісі.
Көнелердің көзіндей, кесектігі өзіңдей,
Келетіндер жасасын ұлт жолында өлгісі!
Азаматсың арда өскен, тау-даланы тел емген,
Тарихыңа үңілсем, сыр қозғайсың тереңнен.
Жомарт мінез, сәбидей жаны таза, жақсы аға,
Жүрегіңді тербетіп, әлдилейін өлеңмен.
Қарағайға ұқсайсың Қарқаралы басында,
Алатаудың нұры бар қырау шалған шашыңда.
Өлең сыйлап өмірге өте шыққан емес пе,
Мұңлы сазы музаның – Мұқағали, Қасым да!
Ақындардың қолында жырдан басқа жоқ түгі,
Кейігенде кей сәтте күйдіреді шоқ тілі.
Асқақтаған тұғырдан көрінерміз біз-дағы,
Биік болса алдыңғы ағалардың шоқтығы!
69
ТОЙҒА ТІЛЕК
(Марқұм Тұрсынғазы Әлпейісов
досым 50-ге келгенде оқыған өлең)
Жан досым, келдің биыл 50 жасқа,
Жүрегің шерге толы, көзің жасқа.
Қаптаған қалың Суан ортасында
Басқасы бір бөлек те, өзің басқа.
Елуің еңкеймесін, жан құрдасым,
Тілектес, топырақтас, тағдырласым.
Гүл жайнап Жұпар сұлу талдырмашың,
Тұлпарың тасқа тұяқ шалдырмасын!
Ел жүгін сен бір сабаз арқалаған,
Төріңнен той-думаның тарқамаған.
Байыппен, бәсең жүріп, басып өттің
Талайдың тас кеудесін шалқалаған!
Бір ауық ел аңсадың, жер аңсадың,
Қайғырсаң, сүйенішің қаламсабың.
Түсіңе күнде енеді тыным алған
Боғданың бауырында Кәмал шалың.
Адамда арман деген таусыла ма,
Әлі де тағдыр сыйлар сан сыбаға?!
Бұрқырап, тасты жарып шыға келер,
Құдайым ғұмыр берсе тамшыға да!
70
САЛАУАТ ТУҒАНДА
(Белгібай Сахариевке)
Белгібай, бір атаның белгісі едің,
Жігіттің жоталысы, белдісі едің.
Біреуің екеу болып, бүтінделіп,
Кеңейді көкжиегің енді сенің!
Арқалап аманатын ата-ананың,
Көшке ерді қоңырау таққан боталарың.
Салауат Сахариев отыр бүгін
Алғалы аталардың баталарын!
Бақытың өлшенеді ғұмырменен,
Думаның тарқамасын дүрілдеген.
Аузына жақсыларға түкіртіп ал,
«Қырықтың бірі, сірә, Қыдыр» деген!
Ақ үрпек балапаның ұядағы
Ақиық қыран болсын қиядағы.
Жалғастың үзілмесе басқан ізі,
Өмірдің сол емес пе тиянағы?!
Құтылып басқа түскен сор-бейнеттен,
Бұл күнге пенде разы өлмей жеткен.
Көрсін деп Құдай саған берген шығар
Әкеңнің көп қызығын көрмей кеткен!
Тірлікте құлаған бар, жылаған бар,
Артында ұрпақ болса кім алаңдар?
Көрмесе бір тойыңды әке-шешең,
Тоқсан той жасауға да праваң бар!
Сөзімнің соза берсем жоқ қатасы,
Түлесін бозінгеннің ақ ботасы!
Бір аунап аруақтар да жатқан шығар,
Әумин, қабыл болсын көп батасы!
71
НАМАЗӘЛІ 50-ГЕ КЕЛГЕНДЕ
Асықтай жігіт едің он тоғызда,
Қол жетпес арман болған қанша қызға.
Басыңда даңғарадай қалпағың бар,
Сен келдің гитара ұстап ортамызға.
Самғадың бозторғайдай, шырқадың ән,
Қалмадың сұлулардың қыр соңынан.
Тебісіп тай-құлындай тату жүрдік,
Шыққандай бір ананың құрсағынан.
Жастық шақ баста тұрмас әрқашанда,
Сол жылдар түске енеді анда-санда.
Қалпақты бұлғап жүріп оңға-солға,
Түсірдің Клараны торға сонда!
Шақырды көкжиектен арман-арай,
Тарттыңдар қол ұстасып алға қарай.
Жақыннан махаббатты дорбаладың,
Алыстан әлдекімше арбаламай.
Әрі дос, күйеу бала әрі бізге,
Сызылып тұрушы едің бәрімізге.
Бұл күнде декан болып – пахан болып,
Шалқайып отырасың төрімізде!
Өрледің оза шауып тас қияға,
Әйтпесе ана маңдай қасқия ма?!
Жеңіліп Наполеондай сорлап қайтпай,
Сен батыр қорғап қайттың Москвада!
Арзанды олжаламай аз күн жүріп,
Әйтеуір, не жазсаң да жаздың біліп.
Тауысып төбе шашты, көз майыңды,
Ерінбей инеменен қаздың құдық!
Уа, Нәке, бәрі де бар бір басыңда,
Досың да, дұшпаның да, құрдасың да.
Көз салып жан-жағыңа тұрсың қарап,
Мінеки, 50 деген қыр басында!
72
50 жас бөліп жеген бөлкедей-ақ,
Немесе қыздар жапқан көрпедей-ақ.
Басасың қиырларға ертең аяқ,
Сен үшін Америка Меркедей-ақ!
Шыға бер он жыл сайын әр төбеге,
Жете бер абыройға, мәртебеге!
Біреулер жүз жасаған ұзақ ғұмыр,
Біздерге болу керек келте неге!?.
Әніңді, әзіліңді ел сағынды,
Көрсетші 50-дегі дер шағыңды.
Тағы да гитараңды даңғырлатып,
Киіп ап даңғарадай қалпағыңды.
Жылдарды тауыса алмаймын жырлап бірақ,
Кешіргей, қалжыңдасам тым қаттырақ.
Біз үшін профессор атағыңнан
Баяғы ши қалпағың қымбаттырақ!
73
ЖАНБОЛАТҚА
Есіңде ме, Жанболат, сол бір жаз бен сол бір күз,
Алматының аспаны – жарқыраған көп жұлдыз.
Аққу ұшып, қаз қонып жатқаннан соң көліне,
Елуді бір жаз көріп, ердің жасы деп жүрміз.
Жамыраған жан-жағың жасыл еді аршадай,
Қаққан қазық секілді қара бала қаршадай.
Жанболатты ағалар шарболат деп атаса,
Мақтады деп қысылма, шындығында дәл солай.
Арасымен жүгіріп жылдар деген жаңбырдың,
Ризамыз жеткізген сөресіне тағдырдың.
Талабыңды тамақ қып, қаламыңды қанат қып,
Тынбай ұшып, топшыңды елің үшін талдырдың.
Екі еселеп Тәңірім елу деген жасыңды,
Өрге қарай осылай домалатсын тасыңды.
Кішіліктің дәйегі, кісіліктің мәйегі,
Саған құрмет етемін иіп тұрып басымды.
74
ДОСХАНҒА
Асырып ер бағасын, дос қадірін,
Алпысқа сен де келдің, Досхан інім.
Жарқырап жастайыңнан көзге түстің,
Секілді жылқы ішінде қасқа құлын.
Оқ жонған оғлансың – ата көрген,
Нәсілің қабырғалы, жоталы елден.
Ауылыңнан Алматыға аттанарда,
Қарт Алтай қолын жайып бата берген.
Домалап талабыңның өрге тасы,
Иншалла, қабыл болды тау батасы.
Өнердің өрімдей жас баласы едің,
Атандың ақ сақалды енді атасы.
Жаныңа домбыраны жолдас қылып,
Біржан боп ән саласың малдас құрып.
Келесің Қарсақбаев Абдолла мен
Айманов Шәкен жолын жалғастырып.
Тайсалмай тәуекелге белді буған,
Күндерің көз алдыда банды қуған.
Айтайын қайсыбірін жіпке тізіп,
Артыңда ұлы дүбір – қалды думан.
Қызғаныш, қиянаттың бірін көрмей,
Биікке кімнің туы тігілгендей?..
Қалмақтың қонтайшысын бейнеледің,
Қаһарлы Қалдан-Серен тірілгендей!
Айналып адал туған сендей ұлдан,
Сүйеді қалың елің маңдайыңнан.
Бір сырлы, сегіз қырлы азаматсың,
Табылған тоқсан өнер өн-бойыңнан.
Сілтей бер, жан бауырым, кеңге құлаш,
Ұл тумай ұлылыққа ел жарымас.
Тәңірі жайсаңдарды көпсінбестен,
Сені де бұл қазаққа бергені рас!
75
Ешкімге жан емессің айбат қылған,
Мінезің сүт бетіндей қаймақ тұнған.
Ақ ордаң алты қанат құтты болсын,
Ішінде бұлбұл құсың сайрап тұрған!..
76
КӨПЕН, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?
Құс келгенде сен тудың,
Құс қайтқанда мен тудым.
Бес ай бойы бесікте,
Менен бұрын талпындың.
Шүмегіңді сарғайтып,
Түбегіңді толтырдың.
Қаз тұрдың да тәй бастың,
Дедің жүрмей қоймаспын.
Әкімдей боп, әкеңнің
Тізесіне жайғастың.
Жарғақ құлақ, мес қарын,
Өзі болдың тоймастың.
Тәтті көрсең тамсандың,
Алты жаста ән салдың.
Қожанасыр көкеңдей
Көк есекке ер салдың.
«Көпен келе жатыр!» деп,
Айналаңа жар салдың.
Бармақ басты баласың,
Айың үлкен ағасың.
Алдар көсе – арғы атаң,
Тазша – түпкі нағашың.
Қайдан келе жатырсың,
Қайда кетіп барасың?
Көпен көке, сездің бе?
Қорек болар сөз кімге?
Бес тиынмен барушы ек,
Бейнет көрмей ҚазМУ-ге.
Мансапқорды мәз қылған,
Мына өмірде мазмұн не?
Қой, қой, Көке, қоқима,
Сөзіңді жұрт тоқи ма?
Алдағаның Алмажан,
Достарыңызбен бөлісу: |