Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет49/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

ҒАБДОЛЛА ТОҚАЕВ
Қыс бастала Досмағамбет Стапқа баруға жиналды. Жұрттың айтуынша,
Стапта оның нағашысы — Ғалауетден орысша оқып жатыр, ол соған барып
амандығын білмек жəне со кезде Стапта ашылатын «Обдекейді»
75 
де
базарлай қайтпақ.
Ол тез жиналып жүріп кетті де, айға жақын уақытта оралды. Ауылдан
бір адам жолаушылап келсе, өзгелерінің үйіле-төгіле барып амандық
білетін əдеті. Көпке еріп мен де бардым. Ол кездегі ауылда, базарлықты
базарға барып келген кісі ғана əкеледі. «Базарлық дейтіні кəмпит, бірəңке
болады, бұлар базар уақытынан басқа кезде, бай үйлер ғана болмаса,
ауылдың өзге үйлерінің көрмейтін заттары.
Досмағамбеттік шешесі — Ұмсынай баласы əкелген «базарлықты»
амандасуға келгендердің ішіндегі əйелдерге, балаларға уыстап, шөкімдеп
үлестіріп жатыр. Ірбіт шауып келгендей көңілді кескінмен, үйдің
ортасындағы ашаның түбінде, кішірек беркін маңдайына түсіре
Досмағамбет отыр. Үйге жиналған ересек еркектер: «Ғалауетден аман ба
екен?», «Оқуы қалай екен?», «Тағы кімдер оқиды?», «Не арзаң не қымбат
екен?», «Соғыстан не хабар бар екен?» деген сияқты сұрауларды
Досмағамбетке жаудырып жатыр, ол білгенінше жауап беріп отыр...
Соғыс басталғалы ел ішінде қант, шай, кездеме сияқты бұйымдарға
таршылық боп, кейінгі кезде олар табылмауға да айналған, жасырын сауда
жүргізетін адамдар да шыға бастап, қолындағы затын əкесінің құнындай
қымбат баға сұрайтын болған. Досмағамбет Стаптан аздап кездеме жəне
көнетоздау киімдер əкепті... Ұмсынай оларды да үйіне барған абысын-
ажындарына көрсетіп жатыр...
— Əне біреу немене? — деп сұрады бір абысыны Ұмсынайдан, қағазға
оралып шеткерірек жатқан кішірек бірдемені қолымен нұсқап.
— Мынаны немене деп ең, Досым? — деді Ұмсынай Досмағамбетке,
қағазға оралған затты қолына алып.
— Анау Сəбитке бер, оны! — деді Досмағамбет.
— О немене екен? — десті əркімдер, Ұмсынай қолындағы затты маған
ұсына бергенде.
— Өзім де білген жоқпын, — деді Досмағамбет, — ауылындағы Сəбит
Мұқанов деген молдаға бер деп, жүрерде Шəліңкенің Қанапиясының
баласы əкеп берді.
— Ия, айтпақшы, ол да оқуда деген, — десті əркімдер, со да бір


оқымысты жігіт деген. Ғалауетденмен бірге оқып жатыр деген.
— Сенің нең еді ол? — деп сұрасты əркімдер менен.
— Танысым.
— Кəне, ашшы, қағазын! Не беріп жіберді екен көрейік! — десті
бірнеше адам.
Қағазға оралған қатқылдау заттың сыртын шырмаған кендір жіпті үзіп,
қағазды ашсам, ішінде кітап!.. Қалың кітап. Сырты жылтырауық күрең
матамен тысталған, қағаздарының жиегін алтынмен бояған сыртқы
жазулары алтын!..
— Өй, тəйір-ай, — деді кітапты көрген Мұса, бетін теріс бұрып, —
көйлек-көншек бірдеме беріп жіберген екен десем, кітап екен ғой!..
— Бірақ əдемі кітап екен! — деді Шаймерден маған қарап, не кітап өзі?
Кітаптың тысындағы алтында жазуын оқып көрсем, — «Ғабдолла
Тоқайның шиғырлар мəжмуғасы» деп жазылыпты.
— Не деген кітап боп шықты сонда? — десті əркімдер, менің оқып
көрген сөздеріме түсінбей. Өзім де еркін түсіне алмағандықтан мен не
жауап беруге білмей кідіріп, онымды білдірмеу мақсатымен кітаптың ішін
ақтара бастап ем:
— Маған бере тұршы! — деді «Бүкір молда» аталатын Сансызбай дейтін
қадимше біраз оқыған молда адам, кітапқа қолын ұсынып.
Мен қолына берген кітаптың «Бүкір молда» сыртқы жазуына бір қарап
ап, ішін де ақтарып қарап:
— «Шиғыр» арабша — «өлең» деген сөз, «мəжмуғасы» деп басы
құралған көп нəрсені айтады, яғни, — бір жерге топталған көп өлеңді. Бұл
кітаптың ішінде көп «шиғыр» бар екен. Ғабдолла Тоқай деген кісі жазған
көрінеді.
— Ол кім екен? — деген сұрауға, Сансызбай:
— Естіген адамым емес, білмеймін — деп жауап берді де, бүкір молда
кітапты маған қайтарды.
— «Мұқтасар» сияқты үлкен бірдеме екен десем, өлең екен ғой, тəйірі!
— деді Шаймерден кейіп,— сəлемдемеге өлең жібергені не қылғаны!
Бұның өз өлеңі аз дегені ме?
— Оқытып көрейік те, мүмкін, пайдасы көп өлең шығар, — деді
Далабай қуланып.


— Өлеңнен келген пайданы көрген емен, — деді Шаймерден түрегеп. —
Қанапияның баласы да осы Сəбит сияқты өлеңге құмар біреу деген.
Өлеңнен не пайда табар дейсің, бұлар. Əурешілік те жай!..
Шаймерден шығып кетті.
— Айтпақшы, соның хаты да бар еді-ау! — деп Досмағамбет қалтасына
қолын салды да, жуандау конвертті алып берді. Ашып оқып көрсем:
«Құрметті Сəбит! — деп басталыпты хат, — амандық арқасында жүріп
жатырмын. Оқуға орналастым. Бірақ частный, яғни, — жеке учитель
жалдап оқимын. Школадан оқуға, — үшінші-төртінші кластардың
біреуінде отыруға тура келді. Ол кластарда ұсақ балалар. Көп қозының
ішіндегі қошқардай қаңқиып отыру маған ұят сияқтанды. Одан жоғарғы
кластарда оқуға жалпы білімім жеткенмен, орысша тілім жетпеді.
Жеке учитель жалдап оқудың пайдасын — есің кіріп қалған адамсың,
оқуға тез түсінесің. Салмақ салатының — орыстың тілі. Өзге жағы оңай,
татар мектебінен оқыған сабақтар. Əзірге жаман оқып жатқан жоқпын. Осы
қалыппен қыстай оқып орыс тілін меңгерсем, келесі жылы бесінші, не
алтыншы кластың біріне жарап кетермін деген дəмем зор.
— Ақшаны қайдан тауып жатыр? — деп ойларсың, өйткені қалтамның
жайын өзіңе айтып ем ғой. Мұнда да дағдылы кəсібіме кірістім: орысша
оқығысы келген қазақ балаларын даярлаймын. Оларға құдіретім жетеді,
өйткені олар əліпбиден бастайды. Мен оған мығыммын ғой. Жəне аздап
білген орысшама күн санап қосып жатырмын ғой.
Мен оқытуға жарайтын қазақ балалары да мұнда жеткілікті. Егер
қабылдай берсең көбейіп кететін. Бір кезде орысша оқуға бала сұраса,
елдегі панасыз жетімдерді ұстап беріп, өз балаларын тығып қалатын
қазекең, орыс оқуының, қадырын енді ғана білген сияқты... «Орысша
оқиық деп ек» деген қазақ балалары мұнда қаптап жүр. Оларға қайда?
Жəне көбінің орыс школасына түсуге даярлығы жоқ!..
Арабтарда «күллі шəй-ен сəбəба» деген сөз бар, мағынасы, «əр нəрсе
себепке байланысты». Бұдан екі-үш жыл бұрын, осы Стаптың школасында
қазақтың бес-ақ баласы оқиды екен қазір жиырмадан аса бала оқиды.
Орналаса алмай жүргені қанша!.. Соның бас себебі, кешегі өзің көрген 16
жылдың оқиғасы көрінеді.
Көп жігіт майдан жаққа кетті ғой. Олардың орысша білетіні — мыңнан
бірі. Майданда орысша білмеу — қиын мəселе. Орысша білмейтін көп
жігіттің арасына, орысша білетін кейбір қулар кіріп алатын көрінеді де,
анау сорлыларды тірідей тонап жем қылатын көрінеді. Жем болған жігіттер
елдеріне хат жазғанда, «балаларыңа жандарың ашыса орысша оқытыңдар»
дейтін көрінеді. Қазақ балаларының Стапта көбеюі осыдан. Бір Стап қана
емес, школасы бар орыс қалаларының бəрінде де, орысша оқығысы кеп,


бірақ орналаса алмай жүрген балалар толып жатыр деседі...
Əрине оқуға күші бар ауқатты адамдардың балалары келеді ғой.
Мысалы, сіздің Сибаннан: Мəшіктің, Таспайдың, Тиыштыбай хажының,
Боржабайдың балалары келген. Менен оқитын — солар. Балаларынан
сұрастырсам, əкелері ауқатты адамдар екен. Өзге балалар да сондай.
Кедейден келген баланы көрген жоқпын. Сен сияқты жетімдерге болса-
болмаса да орын жоқ!..
Біз оқитын школаны «Высшее начальное училище» дейді. Мұнда бала
жеті жыл оқиды, мұны бітірген бала, гимназияның бесінші класына барып
түсе алады. Немесе, екі жылдық учительдер курсына түсіп бастауыш
школаларға учитель боп та кете алады...
Біздің школаның жоғарғы кластарында Шəйгөз-Уақтағы Есенəлі деген
кісінің Хажығали, Қазы деген екі баласы, сіздің Қаршығалыдағы Сибанда
Тəуке деген кісінің Maxмуд, Мүсембек деген екі баласы, ойдағы Сибаннан
өзіңнің Мақметіңндң баласы Ғабит, Ташат тұқымынан: Саруар, Нұрыш
деген екі бала, Ғалауетден Мəмеков оқиды... Өзгелері бастауыш
кластарда... өз жайымды жоғарыда айттым.
Оқушылардың ішінде мол тұратыны — жалғыз Мəмеков. Оны
таныстыра кетейін. Біздің Уақтың бір атасы, — «Жамантымақ». Мəмек
Жамантымақтан тарайды. Мəмектен үшеу: Есілбай, Елемес, Естемес. Бұлар
«Үш сары» атанған. Ағайынды үшеуінің əрқайсысына мыңдап мал біткен,
жəне атақты саудагерлер.
Есілбайдан: Ғабдырахман, Жүсіп, Ғалауетден. Ғабдырахман —
Троицкіде көп жыл мұсылманша оқыған, қадимше ғалым адам, араб пен
фарсы тілін тамаша біледі, бірақ молдалық құрмайды. Жүсіп сауда
жүргізеді. Ғалауетден де əуелі мұсылманша оқып, орысшаға бертінде
кіріскен. Оның жасы осы кездерде жиырма бестерде. Біздің школаны ол
биыл бітіреді.
Жақсы оқуға оның мүмкіншілігі де бар: бір бай казак-орыстың екі
бөлмелі жеке үйін пəтерге түгел жалдап алған, өзіне жеке кухарька
ұстайды, ауылынан алдырған екі аты бар, шана сайманы бар, атшысы бар...
Аттары нағыз рысактар... Жексенбі күндері бай орыстармен рысак
жарыстырады... Киетіні — қасқыр мен түлкі ішіктер!.. Ағасы əнеугүні ғана
бір семіз бие əкеп сойып беріп кетті... Мұндай жағдайда, əрине, оқуға
болады!..
Оқасы жоқ, Сəке!.. Бұрынғының, сөзі бар: «Тау басына шарықтап ұшқан
қыран да, жорғалаған жылан да шығады» деген... Біз де шығармыз, ол
шыққан биікке!..
Сені оқуға шақырта алмай отырмын. Қалай шақыртам?.. Немен күн
көресің?.. «Үмітсіз шайтан» депті, үмітіңді үзбе бірақ!.. Сен əлі «саясат»


деген сөздің не екенін білмейсің. Мұндағы казак-орыстардың жəне
газеттердің сөзіне қарағанда, саясат ағымы өзгеруі де мүмкін. Сендей
зарыққандардың таңы атуы да мүмкін!..
Саған өзіңнің шамаң келетін біраз кітаптар жіберейін, деп ем, əзірге
қолға түскені, — мына Ғабдолла Тоқаев деген татар ақынының кітабы
болды. Бұны мен саған əдейі жіберіп отырмын. Бұл да сен сияқты жетім
боп қорлықта өскен адам. Ақырында, өзінің тырысуының арқасында
ақындықтың биік сатысына көтеріліп, бүкіл татар əдебиетінің жұлдызы
болды.
Тоқаевтың өлеңдерін түсіну саған жеңіл де болмас. Өйткені онда араб
сөздері көп. Оған əрине, Тоқаев айыпты емес. Татар еліндегі оқу айыпты.
Біздің ғасырдағы татарда, оқудың екі əдісі бар ғой: қадимше, яғни, ескіше;
жəдитше, яғни, жаңаша. Татар жəдитшілері татар тілін араб сөздерімен
ғарық қып жіберді. Сондықтан татардың қазіргі əдебиетін қазақ түгіл,
қатардағы татардың өзі түсінуге де ауыр.
Өйткенмен біздің замандағы татар жазушыларының ішіндегі халық
тіліне жақыны — Ғобдолла Тоқаев. Оның «өлеңдерін ұғыну, мысалы, —
Зəкир Рамиевтің өлеңдерін ұғынудан əлдеқайда жеңіл...
Тоқаев өлеңдерін жеңіл ұғуға жəне бір себеп, — оның өлеңдері
түгелімен өз тұсындағы халық тұрмысынан алынып жазылған. Тоқаев —
мəдениетсіздікке, еңбексіздікке қарсы ақын. Оның сүйетіні — өз еңбегімен
күн көретін көпшілік. Ол татар халқын орыстан үлгі алуға шақырады.
Қысқасы түсініп оқыған кісіге Ғабдолла Тоқаевтың өлеңдерінен алатын
үлгі көп. Сондықтан да саған жинағын жіберіп отырмын. Көзбен түсіне
алмаған сөздеріне көңілмен түсінер деп ойладым. Тоқаевтың өмірі де,
өлеңдер! де саған үлгі болуына сенем.
Бір үлкен арман біздің қазақ əдебиетінің Ғабдолла Тоқаевы жоқ. Қазақ
жазба əдебиетіндегі біз білетін елі, тірі ақындардың біреуі де Тоқаевтың,
ширегіне келмейді...
Іштей осылай намыстанып жүрген кезде, жуырда ғана бір қуаныш хабар
естідім: бір күні Ғалауетденмен кеңесіп отырып, Тоқаевты айта кеп, қазақта
ондай ақын жоғына реніш көңілімді баяндап ем, — «бар, ондай ақын!» деді
Ғалауетден. «Кім!» дедім мен. «Абай Құнанбаев» деді. «Ол кім?» дедім...
Ғалауетденнің айтуынша Ибраһим (Абай) Құнанбаев Семей еліндегі.
Тобықты руынан шыққан ақын көрінеді, өзі 1904 жылы 59 жасында уафат
болған. Ғалауетден Абайды мақтағанда жер-көкке сиғызбайды, «ол —
қазақтың Пушкин!» дейді.
Менің дағдым — өз көзіммен көрмеген іске сенбеуші едім. Сондықтан
Ғалауетденнің, Абайды мақтануына өлеңдеймін де, өлеңдерін өзім оқып


көрмеген соң, сырттай тон піше алмаймын.
Абайдың өлеңдер жинағының бір данасы Ғалауетденде бар екен.
Жуырда Əлти хажының баласы Сейтахмет мырза кеп, қолқалап алып
кетіпті, оқып əкеп беруге. Жуырда қайтармақ. Егер қолыма түсіп, өзіме
ұнаса-ақ саған қолдан көшіріп жіберсем де жеткізем.
Былай да ұзақ жазылған хатты осымен тамамдаймын. Өзің де хат жаз.
Хабарласып тұрайық.
Сəлеммен Баймағамбет».
— Сонда көп не жазған екен — десті əркімдер, мен хатты оқып
болғанда.
— Жай, — дей салдым мен.
— О, заманда, бұ заман... сəлемдемеге орамал-шаршы, қант, шай сияқты
мүліктерді жібергендерді естіп ең кітап жібергенді естіген жоқ ең — деді
Далабай қуланған кескінмен, маған қарап, — кəне, молда бала, оқышы
Қанапияның баласы жіберген кітапты!.. Сыртында жарқылдағы көп екен
ішінде не алтыны бар екен білейік.
Мең кітапты қолтығыма қыстым да шығып кеттім.
Ауылдың балаларын жұмалап орын ауыстырумен оқытатын менің ол
күндердегі пəтерім — Шаймерденнің үйі де. Аздаған қалжыңы болмаса,
Шаймерден шаруасын бағудан басқада жұмысы жоқ, үй ішіне өзі де сыйлы,
үй ішін де сыйлайтын адам болатын. Оның Ұлберген атты қарт шешесі бар.
Жасы сол кезде жетпісті орталаған, зор денелі, еркек келбетті, қартаюдан
ба, əлде жасынан бойына біткен өзгешелік пе, қырбық буырыл мұрты бар,
иегінің əр жеріне адақтап сақалдың ұзын қылы өскен, жуан дауысты адам
болатын.
Ұлберген үй ішіне де, ауыл-ағайынға да сыйлы, «қарағым-шырағымы»
көп, ретті жерде ұрсып та тастайтын, сөзін тыңдататын адам да. Сол
мінезінің үстіне, қолы береген: ас-суын ағайыннан да, абысын-ажыннан да,
бала-шағадан да аямайды.
Шаймерденде төрт қыз, бір ұл бар. Ұлы — кішісі. Менен сол ұл жəне екі
кіші қызы оқиды. Ұлды қыздан артық көретін ескі ауылда, Ұлберген де,
туған əке-шешесі де Шаймерденнің ұлын жаны-құты қалмастан сүйеді.
Оны оқытатын мені де олар өте сыйлы ұстайды.
Ғабдолла Тоқаевтың кітабын қолтықтаған мен үйге Kipсем, қабырғасын
шымнан қалаған, ортасын шұбалам пешпен бөлген бұл үй ете жылы екен
екі бөлмеде де Ұлбергеннен басқа кісі жоқ.
— Қарның ашқан болар, балам, — деді мен үйге кіре, төргі бөлмеде


отырған Ұлберген, орнынан қозғалып, — көже бар шығар, жылытып бере
қояйын, нанға қосып іше ғой.
— Жоқ, əже, — дедім мен — қарным ашқан жоқ. Əуре болмай-ақ,
қойыңыз.
Қартаң адам болғанмен, Ұлбергеннің көзінде сол кезде ақау жоқ. Ол
инені өзі сабақтап ап, үй ішінің, ескі-құсқысын жамаудан тыным таппайды.
Мен үйге кіргенде, ол, Шаймерденнің ескі күпісінің тысын жамап отырған.
«Қарным ашқан жоқ» деген сөзімді естіген соң, ол жамауына кірісті.
Мен шешіндім де, үйдің бір бұрышына отырып, «Ғабдолла Тоқайның
мəжмуға əсəрін» айналдыра бастадым. Менің көзімді, ең алдымен,
кітаптың бірінші бетінде тұрған Ғабдолла Тоқаевтың фото-карточкасы
тартты: шаһарша киінген, шашын кейін қайырған басында, өзім
Жаманшұбардың мұғалімі Ідірістің, басында көрген татарша қара барқыт
тақия киген, сақал, мұртсыз бұл жас адам маған өте сұлу жігіт сияқтанды.
Екінші бетте «Есімде» дейтін өлеңнің қолжазбасы тұр екен. Оның
бірінші жолындағы «Исімдə қурқа-қурқа түрлі уйлар уйлаған шақлар»
деген сөздер маған түсінікті, ал, екінші жолдағы «гафинғаны
76 
уа
мағсұманы
77 
» деген сөздер түсініксіз, Бұлар, əрине, араб сөздері. Бұл
өлеңде бұндай араб фарсы сөздері бірталай кездескенмен, өлеңнің жалпы
сарынына түсіндім: өмірден торыққан адамның көңіл күйін көрсетеді. 463
беті бар бұл кітапты
78 
мен екі-үш күнде оқып шықтым. Сөздеріне
түсінейін, түсінбейін — оқымаған ешнəрсесін қалдырмадым. Өлеңдері
туралы ол кезде алған əсерімді баяндауды кейінірек қалдырып, ең алдымен
оның өмірбаянынан алған əсерімді айтайын. Бұл əсер оқушыларға түсінікті
болу үшін, сол кітапта жазылған өмірбаянның қысқаша мазмұнын аударып
жазайын:
Ғабдолла Тоқаев 1886 жылы Қазан оязы, Кушлауыш ауылында туады.
Оның əкесі Мухаммед Ғариф сол ауылдың имамы екен шешесі Мəмдуда,
Ошлы аталатын ауылдың имамы Зейнетолланың қызы екен. Ғабдолланың
жасы бес айға толғанда, əкесі өледі, шешесі «Сасны» атты ауылдағы
молдаға күйеуге шығады да, Ғабдолланы Шарифа дейтін кемпірге тастап
кетеді. Кейінірек шешесі баласын қасына алады да, кешікпей өледі. Жетім
қалған Ғабдолла нағашыларына қайтарылады.
Шаруасы кедей, балалары көп Зейнетолланың тоқал қатыны Ғабдолланы
күтпей, нағашысы оны Қазанға баратын біреуге «асырайтын адам табылса
берерсің» деп ертіп жібереді. Қазан базарында Ғабдолланы Мухмуд Уəлі
дейтін бөгде бір адам асырап алады.
«Қырсық қырық ағайынды». Жап-жақсы тұра бастаған Ғабдолланың,
асырап алған əкесі мен шешесі кешікпей ауруға шалдығады да, тəрбиелей
алмайтын болған соң нағашыларына қайтарады. Безінген нағашылары оны


«Қаралай» аталатын ауылдағы ұлы жоқ Сағди деген кісіге беріп жібереді.
Сол ауылда ол қадімше оқуға түседі. Екі жылдан кейін асырап алған
шешесі ұл табады да, Ғабдолланы шетқақпай қыла бастайды. Сол кезде,
оны туған ауылынан келген Бəдредден деген адам бауырсырап алып кетеді
де жұмысқа салып қояды.
Ақыры, біздің Батыс Қазақстандағы Теке (Орал) қаласында туған апасы
бары естіліп, Ғабдолла соған жөнелтіледі. Текеде тұратын жездесі —
Ғалиəскер Ғұсмановтың, қолына Ғабдолла 1895 жылы тоғыз жасында
барады. Жездесі оны орысша оқуға беріп, үш жылдан кейін татарша оқуға
ауысады. Осы кезде жездесі өледі де, біраз жыл медреседе тұрып оқып
арабша, фарсыша тіл біледі, əдебиеттерімен танысады.
1905 жылы ол Теке қаласындағы типографияға наборщик боп қызметке
кіреді. Өлеңді ол осы кезде жаза бастайды. Оның бірінші өлеңдері «Фікір»
атты газетте басылады. 1906 жылы Ғабдолла Текеден Қазанға көшеді де,
түгелімен жазушылық жұмысына беріледі.
Бірақ ол ұзақ өмір сүре алмайды: ауыр тұрмыстың салдарынан бала
шағында ауруға (туберкулез) шалдыққан оның дерті дами береді де,
Қазанға келе денсаулығы тіпті төмендеп, 1913 жылдың 2 апрелі күні, кешкі
сегіз сағат, он бес минутта, 27 жасында қаза табады. Осы аз жасында ол
татардың шын мағынасындағы ұлттық жазба əдебиетінің бұлжымас негізін
салып, татар əдебиетінің классигі деген атқа мəңгі ие болады.
Біз бұл арада Ғабдолла Тоқаевтың шығармаларына сын бермек емеспіз.
Олай ету — міндетіміз де емес. Тек бұл арада айтарымыз: ақын болам деп
талпынып жүрген маған, Ғабдолла Тоқаевтың өлеңдерін алғаш оқығанда,
қаншалық əсер пайда болғандығы.
Жоғарыда айттым: Тоқаевтың өлеңдерін оқығанда, оларға араласқан
араб я фарсы сөздеріне түсінбеген мен қай өлеңін оқысам да, жалпы
сарынына еркін түсініп отырдым. Баймағамбет айтқандай, көзбен емес,
көңілмен түсіндім, — бұл шығармалардың бəрі де өмір шындығынан
алынғандар еді.
Менің ұғуымша, Ғабдолла Тоқаевтың өлеңдері түгелімен діншілдерді,
ұлтшылдарды, халықты қанаушы байларды, жаман мінезді адамдарды
сынауға жəне мысқылдай сынауға арналған. Жəне ол оларды салқын
қанмен емес, кектене, өшіге сынайды. Оның көздейтіні — еңбекші
көпшіліктің бақыты. Олардың ауыр тұрмысына оның жаны ашиды,
жақсылық қылуға жан таласады, өнер-білімге шақырады... Патша
өкіметінің саясаты. Тоқаевтың бұл тілектері іске асуға мүмкіндік бермейді.
Сондықтан, оның тəні ғана ауырмайды, жаны да ауырады. Осы екі ауру
қабаттаса кеп, зор дарынды ақынның лаулаған өмірін 27 жасында
сөндіреді.
Ғабдолла Тоқтаевтың өлеңдерін алғаш, 1916 жылдың қысында оқығанда,


мен əрине, оның шығармаларындағы идеяны бұлай түсіне алған жоқпын,
түсінуге сана-сезімім де жеткен жоқ. Менің ол кезде санамның жеткені:
«Мұның өміріне менің өмірім өте ұқсас екен тек арамыздағы айырма: ол
қаланың, жетімі, мен ауылдың жетімімін. Екеуміздің көрген бейнеттеріміз
де бір-біріне өте ұқсас. Бірақ ол қыршын кезінде өлгенмен, сонша
бейнеттің ішінде жүріп халқының атақты ақыны боп өлген. Мен сондай
ақын бола алам ба, жоқ па?!»
Тоқаевтың өлеңдерін қайта-қайта оқыған менің есіме, Баймағамбеттің
Абай туралы айтқан аз сөзі түседі де, мен іштей, «шіркін оны да
оқысам!»деп арман етем...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет