«ҚҰЛАП ҚАЛМАҢДАР!»
Мен таң бозара пəтеріме келсем, Боржабай қора ішінде ат күту
жабдығында жүр екен. «Қайда болдың?» деп бастап, ол мені жерден алып,
жерден салып, боғауызын араластыра біраз ұрысты.
— Түске жақын кел дегенім қайда? — деп келді ол,— қаладан шығарып
кешке дейін аттарды оттат дегенім қайда?.. Көлікті осынша ашықтырып,
күндіз қаңғырғанды місе тұтпай, түнде қаңғырғандай, онымен де қоймай
таң біліне келгендей, бұл Қызылжарда əкең Мұқанның қай құдасы бар еді?
Мен бұл сөгулер мен бұл ұрсулардың ешқайсысына да жауап қатқан
жоқпын. Несіне қатам, Боржабаймен сөз таластырғаннан шығар пайда
жоғын білем, бірер күннен кейін айрылатын кісімен керкілдесуден маған
түсер пайда қанша?..
Боржабайдың қабағы мұншама қатуының себебін мен күн көтеріле
оянған Бəкеңнен ғана білдім. Бұл сапарға олар шықпастан бұрын, əлдекім
«ұлан байтақ товар əперем» деп уəде өткен екен. Кеше ол адам, ылаулаған
товардың орнына мық тақта кірпіш шай ғана əпереді, оның да жүз
тақтасын мараға алады. Ол да, əрине, аз пайда емес, бір тақтаға бір қой
беруге, шайдан қаңсып отырған ел əзір екенін білем. Боржекеннің бұл
пайданы місе тұтқысы келмейді:
— «Пəлен жерде бақыр бар, барсаң бақыр табылмас, азаптанбай
жатыңдар» дегендей,— дейді ол,—ат тері шығын болған жол екен бұл!
Мұндайын білгенде, Қызылжарға сүйресе келетін емес ем!..
Боржабайдың бүгін ниеті ерекше тарылу себебі осыдан екен. Сондықтан
да ол, жолда келе жатып «сұлы алатын ұсағың бар ма, бала?» деп сұрап
алған бес сомды бермейтін қалпын көрсетті. Маған соның кегін қайтару
керек, бірақ, қалай?
Кек қайтарудың сəті түсе кетті: Боржабай мені далаға ат оттатып келуге
жұмсады. Менің ойым,— Бəкеңнің атын от жерге тұсау да, Боржабайдың
атымен қыдыру. Осы мақсатпен аттанып, былай шыға оты бар жерді
сұрастырып ем:
— Сонау бір сұрлау биік үйді көресің бе? — деді жөн сұраған адамым.
— Көрдім. Не үй ол?
— Қаланың астық үйетін сарайы, атын элеватор дейді. Содан əрі шықсаң
- ақ көкмайса. Ат оттатуға одан қолайлы жер жоқ.
Сілтеген жөнге кете бардым. Элеватор тұсынан маған кесе - көлденең
айқыш-ұйқыш темір жолдар ұшырасты. Одан əрі өтсем, дөңестеу жер,
шынында қалың бетегелі от екен. Сол араға Бəкеңнің қара көгін шідерлеп
тұсадым да, Боржабайдың торысын мініп жөнелдім... Қайда бару керек?..
Мен ертең поезға мініп, Омбыға кетпекпін. Бірақ, поезд дегеннің не
екенін кеше Кондратьев станциясынан көргенім болмаса, мінген пенде
емеспін. Ендеше, мінерден бұрын, поезды, оның вагонын көріп алуым
керек... Бұл ойды қалай іске асыруға білмей келе жатқанымда, маған салт
мінген бір қазақ кездесе кетті. Мəн-жайымды сұрастырып алғаннан кейін:
— Ойбой, інішегім - ай,—деді қазақ,— əлі шикі екпе біреу екенсің ғой,
жолға шығып көрмеген!.. Поезд деген, əрине, сенің қазақ арбаң емес,
ырғып мініп тартып жүре беретін. Мінуді білмесең астына түсіп өлесің.
«Билет» дегені болады оның. Ақшаға сатып алады. Қалтаңда ондайың бар
ма еді?
— Қанша тұрады екен билеті?
— Дүние күйіп тұр ғой қазір, қымбаттықтан. Омбыға дейін екі жүз
сомнан кем алмас.
Ондай ақша менде жоқ, ағай,— дедім мен шошып кетіп.— Менің
қалтамда отыз-қырық сомдай ғана бар.
Ойбо – о - ой, шырағым - ай,— деді қазақ кейіп,— ендеше иеменеңе оқу
іздеп барасың?!.
— Өкіметтің стипендиясына сеніп...
— Кім «өкіметің?» Колчак па? Мə, береді саған мынасын! — деп қазақ
маған қарап қолын шығарды.
Мен оған қатты мойып қалдым. Өйтпегенде ше? Қайда барсам да «бір
тəуекелден» басқа, маған «оқуға бара ғой» дейтін ешкім жоқ. Қанша берік
дегенмен, «тəуекел» де қажиды екен. Ол да, мен де қажыдым!.. Сондықтан
ғой деймін, қазақтан енді не істеуді сұрап ем:
— Тілімді алсаң,— деді ол,— маған ер, сен!
— Сіз қайда апарасыз?
— Мен осы арадан 35 шақырым жерде мясокомбинаттың малын бағып
отырмын. Маған серік боласың.
Қазақ осы ұсынысын қайталап айтып көндірмек болғанмен, іштей
солқылдасам
да,
сырттай
ризаласпадым,
ризаласуыма
«тəуекел»
жібермеді... Қазақ «сен оңсаң, мен мына мұрнымды кесіп берейін!» деп
кейіп қалды.
Тəуекел мені вокзал жаққа бастап əкетті, ондағы ойым,— ертең мінетін
поездың да, оның билетінің де жəйін күн бұрын біліп қою.
Шабан атты шылбырмен борбайға осқылап, шым-шытырық темір
жолдың арасымен вокзал жаққа шоқыта жортып келемін... Бір кезде, арт
жағымнан да, алдыңғы жағымнан да өкірген паровоздың дауысы естілді.
Мен қарап үлгергенше, артымнан да, алдымнан да ағызып келе жатқан екі
поезд кездесті...Қаным тас төбеме шықты... Естуімше, поезд деген
«жануар» көз ұшында көрінсе болғаны—жолдағыны əп-сəтте басып
кетеді!.. Мені де сүйтер деген оймен, əуелі тұра қалдым да, ақылымды
қорқыныш билеп, бір бетке қарай атты борбайлай қаштым. Егерде əлдекім
мені жүгіріп кеп тізгінімнен ұстап алмаса, со бетпен қанша қашарымды
жəне не боларымды білмеймін. Ол мені ұстап үлгірген кезде, екі поезд да
екі жақ бүйірімді жанай өтіп кетті. Паровоздардың өкірген даусы мен
вагондардың гүрсілі құлақты тұндырып жіберді...
— Не деген ақымақ баласың! — деп ұрысты маған, поездар өтіп
кеткеннен кейін, шылбырымнан ұстаған буырыл мұрт, қара май киімді
орыс,— өліп қала жаздадың ғой...
Поездың астына қарай қашып, жаныңды далаға тастай алмай жүрген
баламысың?..
Менің алқынып əрең қайтарған жауабымды естігісі келмеген буырыл
мұрт, «айда к чорту,.. вон туда!» деп, өз шылбырыммен өзімді жауырынға
бір тартты да қоя берді.
Мен тағы да вокзалды іздеп, кешікпей таптым, қала жағындағы алаңға
атты байлап, вокзал үйінің ішіне кірдім. Онда сығылысқан адамнан ине
тастар жер жоқ. Сыймаған жұрт ұзын, кең үйдің айналасын қоршап,
көшкен елдей жүктерін тиесіп, ығы-жығы боп жатыр... Қанша ұзақ
аралағанмен, бұдан ешнəрсе білер түрім жоқ. «Касса сонау жерде» деген
маңға барсам, билетке тұрған адамдардың бір шетімен бір шетіне көз
жетпейді.
— Сен бала, билет алам деп əуре болма, оны саған ешкім сатпайды да,
сатқанмен сен ала алмайсың да. Омбы дегені осы тұрған жер. Кешке мінсең
таң атпай барып қаласың. Ол жаққа баратын жұрттың көбі ұрланып мініп
жатады. Сен де ұрланып мініп кет! —деп ақыл берді біреу.
Белімді бұл ақылға байлап тұрған кезде, темір жолдың шығыс жағынан
екпіндей жүйткіген поезд көрінді. Оған тамашалай қарап тұрған менің
есіме, Баймағамбет Зтулиннің, осылай келіп тоқтайтын поезға шығарған
өлеңі түсті. Өлеңді мен жатқа білетінмін. Кейін оқығанда, поэзиялық
жағынан көп кемшілігі бар бұл өлең, маған ол кезде, поездың не екенін
бірінші рет танытумен қатар, керемет əдемі өлең көрінетін. Поезд көруге
мені бірінші рет құмарттыратын осы өлең болатын, сондықтан, баспасөзде,
жиырманшы жылдардың ортасында бір-ақ рет жарияланып, одан бері
көрінбей кеткен осы өлеңді, құрметті оқушы, сіздердің алдарыңызға түгел
тартқым кеп отыр.
«Көзге елестеп жырақтан,
Даусы өтіп құлақтан.
Көрінеді тізбек көш,
Жел - құйындай зулатқан.
Түтіні бұрқ-бұрқ будақтап,
Шұбырып кейін шұбақтап.
Отарба екен қарасам,
Келе жатқан бұрқақтап.
Жер жарғандай дүрілдеп,
Желмен бірге уілдеп,
Шойын жолдың бойымен
Келіп қалды күрілдеп.
Екі езуі көпіріп,
Айғай салып зекіріп.
Əлден уақыт болмай-ақ
Келіп қалды-ау өкіріп!
Ызғарланып қалтырап,
Жалғыз көзі жарқырап,
Келе жатқан бетінен
Тұрар емес жан шыдап.
Пыс-пыс етіп пысқырып,
Айдаһардай ысқырып,
Екі иіннен дем алып,
Долданады ышқынып.
Күтіп тұрған дабырлап,
Дəйек қылмай сабырлап,
Шықты алдымнан барлық жұрт,
Қара құрттай жабырлап.
Жұрт көшеге сыңысып,
Орнаса алмай сыйысып.
Бір-біріне көптіктен
Иықтары тиісіп.
Бəрі арбаға жиналып,
Төз мінсем деп таласып.
Сығылысып тіреліп,
Жан - дəрмен күн қарасып.
Багаждарын көтеріп,
Жүруге алды бітеліп,
Сырттағы мен іштегі
Бірін-бірі итеріп.
Кейбіреуі арбадан
Түсе сала жалма-жан.
Жанталасып алуға
Даяр судан қайнаған.
Шəйнегін алып шұбырып,
Топырласып жүгіріп,
Алып жатыр кезекпен
Арт - артына тізіліп.
Біреулер жүр мінбелеп,
Баса-көктеп кимелеп.
Тамақ сатып тұрушы
Əйелдерге үймелеп...
Бірі олай, бірі булай,
Сапырылысып жұрт солай,
Əрбіреуі əр жерде
Жүгіріп тым-тырақай.
Бір мезгілде қара арба
Ұқсап бейне тажалға
Ішін тартып жиналды,
Жүруге беттеп тағы алға.
Жынын шашты, шашынды,
Пысқырынды, қабынды.
Қоңырау да сол кезде
Шіңгір етіп қағылды.
Өріп жүрген барлық жұрт,
Секілденіп қара құрт,
Арбаға енді лап қойды.
Орны-орнына ұмтылып.
Сасқалақтап, жармасып,
Отырды - ау жұрт орнасын!..
Қара арба да сол кезде
Шіренді келіп тармасып!
Зорға уһілеп қозғалды,
Салды айғайды ызғарлы.
Ақырындап, баяулап
Көрдім баурын жазғанды.
Шыға - ақ, басты қимылын,
Бір-ақ шанышты құйрығын.
Көрдім айқын, шіркіннің,
Ұшқан құстай жүйрігін!..
Əлден уақыт шамасы
Алыстады арасы!..
Түсті ойыма көп қиял
Үзілген соң қарасы.
Сонда ойладым. «Бұл не іс?
Секілденген көрген түс!..
Елестеген шайтан ба,
Яки жын ба, көз буғыш!..»
Тағы былай ойладым:
«Жарамас таң қалғаным,
Бұны былай істеген,
Ғалымы екен жалғанның!...
Білім тапсаң сірə да,
Білмес нəрсе бола ма?
Көрінгенге алаңдау,
Ол білімге сия ма?
Оқу оқы таңданба,
Текке жүріп алданба,
Сыр ашылмас оқысаң,
Нəрсе бар ма жалғанда!..»
Қосылып сөз құралып,
Ден көңілім жұбанып.
Қиял түбін осыған
Қойдым əкеп доғарып.
Қайталап айтқанда, поэзиялық жағынан бұл өлеңде кемшілік көп. Бірақ,
ол кездегі мен үшін, осы өлең, өмірдің программасы сияқты еді, əсіресе,
соңғы төрт шумағы. Одан менің ұққаным,— оқу оқып білім алған кісі,
ішіне поезды қоса, дүниедегі не кереметтің бəрін жасайды. Ендеше, мен
неге оқымаймын? Сол кереметтерді жасауға мен неге араласпаймын?
Ауылдан Қызылжарға келгенге дейін, Қызылжарға келгеннен кейін, оқу
жолынан кейін қайтармақ боп бетке соққан қиындықтардың бəрімен
арпалысып, таяқ жесем де ілгері ұмтылып келем, сонда мені алға сүйреуші
ақылымның біреуі осы өлең, ендеше, мен оны неге ұмытам?..
Баймағамбеттің осы өлеңін іштей айтып тұрғанымда поез да келіп
қалды. Маған оның барлық тұлғасын жəне қимылын Баймағамбет дəл
сипаттаған сияқтанды. Тек қана айырмасы,— Баймағамбет айтқандай, бұл
поезға мініп кету оңай боп жатқан жоқ. Дау-жанжал, ұрыс – төбелестің бəрі
соның маңында... Бір кезде поезд қозғалып та үлгерді... күткен адамның
көпшілігі міне алмай қалып қойды.
Ертеңіне күн райы бұзылды. Күндіз аспанда ерсілі-қарсылы жөңкілген
сирек бұлттар, күн батуға таялған кезде қалыңдап, аспанды түгел жауып
алды. Күндіз айнала жүйткіген жел, кешке теріскейге шықты да, ызғарын
қатайта түсті... Бұның бəрі, бүгін түнде не нөсер жаңбыр, не сұрапыл боран
боларын хабарлап тұр.
Іңірде дүние алай-дүлей боп кетті. ЬІшқына соққан желдің екпінімен
құйындай үйірілген қарлы - жаңбырдың нөсері, тамшылап емес, шелектей
құйды - ай кеп!.. Сонда да менің Омбыға жүргім келді, іздеген оқуыма
жеткім келеді!.. Сол ойымды айтып, серіктерімнен ұлықсат сұрап ем,
Бəкең:
— Жаңбыр мен қар басылсын да! — деп бөгегісі келгенмен:
— «Жолаушының ақысы жүрсе енеді» деген,— деді Боржабай,— бет
алған сапардан тоқтатпау керек, қолды - аяқты жігіт, жүгі жоқ, мына тұрған
вокзалға жаяу жүгіріп, лезде барады...
Боржабайдың бұл сөзіне Бəкең түгіл Хадиша мен Маһитап та таңданған
кескін білдірді.
— Ғариф атыбілəн илтіп ташлар иді, ауылға китті, сіз атыңыз білəн
апарып ташлағыз, əлі! — деді Хадиша Боржабайға.
— Уа, қой, жеңгей,— деді Боржабай кейіп,— осындай қарлы боранда
апаратын, бұл менің қай бір екі туып, бір қалғаным еді?.. Біреу зорлап
жіберіп жатқан жоқ. Кетіп бара жатқан өзі... Өлмесе жаны шықсын!..
Үй ішіндегілердің бəрі «астапыралда!» деп жағаларын ұстасты.
Бəкең үн-түнсіз қалтасынан күмəжнігін суырды да, ішінен Керенскийдің
40 сомдық маркесін ұсынып:
— Бар мəзір, жоқ жайым осы, шырағым, бұдан көбірек берсем, де оқасы
болмас еді, шамамның келгені осы-ақ,— деді. Содан кейін Боржабайға
қарап,— ия, Боржеке, қарап қаламысың?— деп еді.
— Өз ішіңнің елжірегені де болмай ма?—деп Боржабай теріс қарап,—
аттың терін сатпағаным да жетеді бұған.
— Ендеше, өзінен алған бес сомды бер!
— Ол маған берсін!..
— Сол бес соммен жүрегімді жалғамаспын, Бəкең ағай, сақалды басына
лайық болса, алсын да қалсын!..— дедім мен.
Кетерде Боржабай маған амандасқан жоқ, мен оған амандасқан
жоқпын...
Күндіз жобалап қойған тас жолмен вокзалға жаяу тартып келем. Қарлы
жаңбыр да, жел де алды-артымды орай, ышқына түседі... Түн көзге түртсе
көрместей қараңғы... Жол үстіндегі тасты көзіммен емес, сірі етіктің жұқа
табанынан аяғыма батудан ғана байқаймын... Ол кезде Торговая аталатын
көше «Смольная» аталатын паровой диірменнің тұсынан кеп бітеді де,
вокзалмен екі ортада жазық алаң жатады. Қарлы жаңбырдың бөгеуінен бе,
қорқып тулай соққан жүректен жүрістің əлсіреуінен бе, күндіз көргенімде
шап-шағын ғана алаң, қазір кеңіп кеткен сияқты...
Жанталаса жүгіріп отырып, міне, вокзалға да жеттім. Боран мен желдің
қатаюынан ығудың орнына, күндізгі қайнаған жұрт əлдеқайда көбейіп
кеткен. Далада сапырылысқан көпшіліктің жан сая қылар жері жоқ.
Вокзалға сыймаған жұртты кимелетпеу үшін, есік -есіктерге милициялар
қойылған... Сияр жері жоғын көре - тұра кимелеп шулаған жұрттың,
даусынан құлақ керен, боларлық... Əр жерде ұрыс - жанжал... Төбелес...
Жаңбыр астында жылаған балалардың даусынан адамның иманы қасым
болатын!..
Сол топқа мен де араласа кеттім...Біз күткен поезд мезгілінен əлдеқайда
кешігіп, түн ортасы ауғаннан бірталай кейін келді. Оған дейін далада
жүрген менің үстімдегі киімдерім қарлы жаңбырдан суға малып алғандай...
Кассадан билет алғым келгенмен, иін тірескен жұрт маңайлатпады. Келген
поездың вагондарында орын жоғы, жөңкілген адамдардың жүрісі мен
даусынан көрініп тұр... Ондайлардың бəрі вагондардың үстіне өрмелеп
шығып жатыр... Соларға ере, бір вагонның төбесіне мен де шықтым...
Түн əлі де көрдей қараңғы, бірақ, вагонның ашық төбесіне мінген
көпшілікті аяғандай қарлы жаңбыр сиреңкірей бастады да, ал, желдің
екпіні бəсеңдеу орнына үдей жəне ызғарлана түсті...
Темір жол қызметкерлері ме, əлде милиция адамдары ма, əлдекімдердің
вагон үстіндегілерді түсіруге əрекет жасап еді, орнығып алғандар дау-
жанжалмен көнген жоқ. Онда, бəрінің, бір ауыздан қосылып айтатын
сөздері: Колчак бізге вагондардың үстін қимаса, арнаулы поезд берсін,
əйтпесе, осы араға кеп өзі мініп көрсін!..»
Жанжал үстінде поезд қозғалып та үлгерді. Баймағамбет өлеңінде
айтқандай, əуелі баяулап жылжыған поезд, жерді ұтқан сайын жүрісін
жылдамдата түсті... Поездың екпінінен бе, əлде өзі де бұрынғыдан қатайды
ма, желдің күші сондай — егер менің қасымда отырғандар, вагонның
мұржасына байлаған жіптен айнала ұстап жəне бірінен бірі ұстап
отырмаса, өкпек жел оларды вагон үстінен сыпырып түсірерліктей...
Адам деген нендей қиындыққа төзбейді. Вагон үстіндегілер біраздан
кейін өкпек желмен де ауыл-үй қонып алды... . Жел қатайған сайын, лебі
мұздаған сайын, көрдей қараңғы түнге зымыраған поезд сүңгіген сайын,
вагон үстіндегілер бір-біріне жабыса, жұптарын нығайта түсті... Осы
топтың аузынан анда-санда ғана шығатын сөздер:
— Уа, берік болыңдар!.. Құлап қалмаңдар!..
|