Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет74/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   107
ТІРІ ТАРИХ
Жабайдың баласы Төлебай екеуіміз Есіл өзенінің жарқабағын жағалап
келе жатырмыз. Тоңы жібіген жердің миы шыққан сазы етікті табанынан
тартып, аяқты əрең ғана жылжытады...
«Қара дауыл» атанатын оқпақ жел жағадан, жеңнен суық қолын
сұққанда, жердің сазын табаңмен ғана емес, барлық денемен басқандай
боласың.
Біз ілгері аттаған сайын жел желіге түседі, көкіректен кейін қарай итере
түседі. Біз де ерегісе ілгері ұмтыламыз. Кейде жел бізді жеңгендей боп
бөгеп те қалады, кейде желді біз жеңгендей боп ентелеп ілгері аттаймыз...
— Есіл қатты тасырда желдің екпіні осылай болатын əдеті еді,— дейді
Төлебай,— биыл сөйтер, тегі!..
— Өзенің қайда өзі? —деймін мен.
— Өзеннің осы бір тұстағы жарқабағы аса биік,— дейді Төлебай,—
қатты тасыған жылда болмаса бұл аңғарға су келмейді. Аңғардың арғы
жағы қайқаң жазық боп кетеді де, сонау бір бұтақтары қылтиып қана
көрінген тоғайға ұштасады. Есілдің арғы арнасы со тоғайлардың арасында.
— Тоғай қанша жер бұдан?
— Жарқабаққа жап-жақын сияқтанғанмен, ең жақын тұсы бұл арадан
бес-алты шақырым.
Одан əрі сөйлесуге екпек жел екпінді лебімен ауыз бен мұрынды
құмықтырып, еріксіз үндетпейді.
Төлебай екеуміз қыраттау, кəделілеу жерді қуалап келеміз, ойпаң, тақыр
жердің сазы толарсақтан келеді. Біздің іздеп келе жатқанымыз — Жабай
қарт.
— Əлі де алыс па?—деп сұрадым мен шаршаңқыраған кезде.
— Бірталай жер бар,— деді Төлебай.
— Сонша алысқа неге кеткен Жəкең?
— Есілдің таси бастаған хабары бізге жоғарғы «Алакөл - Салпық»
жақтан келеді. Со хабарды ести сала - ақ, əкем күн сайын таңсəріде тұрып,
буынып-түйінеді де, өзеннің жағасына кетеді. Жыл сайың барып отыратын
дағдылы орны бар, біз оны сол арадан табамыз.


— Қарт кісі мынадай сазда, ондай алыс жерге қалай жетеді?!.
Төлебай маған жымия қарап қойды да:
— Біздің шал əлі жасыңның көбін қанжығасына ұрып байлайды. Оның
аяқ алысы əлі пысық,— дейді.
Мен нанар - нанбасымды білмеймін де:
— Жасы нешеде?— деп сұраймын.
— Биыл тоқсан үште.
— Сен нешедемін дедің?
— Отыз бірдемін.
— Сонда сен шалдың алпыс екі жасында туғаның ба?
— Солай болады да, — дейді Төлебай жымиып,— өзің көрген шешеміз
Бөлекті əкем елу алтысында алған екен, шешем ол кезде он алтыда екен,
менен бұрын екі құрсақ көтеріпті, менен соң үш құрсақ кетерді. Қазір
əкемнен ол кəрі...
Тағы біраз жер жүріп Есілдің жарқабағына жетіп ек, алдымыздан о шеті
мен бұ шетіне көз жетпейтін, бетінде қалқыған сеңдері сатыр-күтір
соқтығысып сапырылған теңіз ұшыраса кетті.
— Бұ не?! — дедім мен қайран ғап.
— Есіл! — деді Төлебай.— Жарықтық тасыған екен ғой! Кең - ақ
тасыған екен, шіркін!.. Мен кермеген тасу мынау!.. Ойпыр - ой, жердің
жүзін, күннің көзін тұтас алып кетіпті ғой, тіпті!..
Көлемі кішкене келдің маңайында ғана туып өскен маған мына телегей
теңіз аса бір ғажап дүние сияқтанды. Жəне тиыш жатқан дүние ме ол!..
Тасыған теңіздің ағыс екпіні қандайлығы, судың бетінде қалқыған
сеңдердің, ағаштардың, қоғажайдың, тағы əлденелердің жылжуынан
байқалады: көз ұшында көрінген олар лезде зымырап келіп қалады да, сып
етіп өте шығып, көріп үлгергеніңше əлде қайда алыстап сала береді.
Осы көріністердің арасында кереметтер де кездесті.
— Ананы қара! — деп Төлебайдың нұсқаған жағына көз тіксем,— жеке
қалқыған бір сеңнің үстінде шоқиып жалғыз қасқыр кетіп барады.
Мал баққан ауылда өскен адамның, қасқырдан артық қас көрері жоқ.
Маған да талай ызасы өткен «сабаз» ол!.. Сонда да сең үстіндегі халін
көріп аяп кеттім,— бізге жап -жақын жерден жайнамазда мүлгіп отырған


молдадай момақансып, жəрдем сұрағандай жаутаңдап өтті!..
Одан да аянышты хал кездесті: телегей судың орталау көзінде, тұтас
қалқыған сеңнің үстінде, бір қорадай қой ағып барады!.. Ішінде ербеңдеген
адам көрінеді!.. Маңырасқан қойлардың, алыстан талып естілген даусы,
нəресте балалардың іңгəлап жылауына ұқсайды!.. Қойлардың халі солай
болғанда, олардың арасында тұрған адамның халі нешік екен!..
Со халді көз алдыма келтірген мен ауыр күрсініп ем, Төлебай да қосыла
күрсініп ап:
— Мейірімі тəтті, қаһары қатты өзен ғой бұл!.. Бұл бұл ма, бұның кейбір
ауылдарды ұлт - отанымен ағызып əкететін мінезі де бар. Талай табын
малдар да ғарық болады бұған!..— деді.
Төлебай мойнын соза алдыңғы жаққа бір қарап алды да:
— Əкем сонау бір үйеңкінің бұтақтарының арасында отырған болу
керек! — деді.
Біздің ауылдағы Қымбат бақсының сарынында:
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған қобызым...—
деген сөзді естіген ем, соған қарағанда, үйеңкінің ағашының бір. түрі
екенін жобалағаныммен, дəл өзін бұған дейін көрген емеспін де. Енді
Төлебай нұсқағанда көрсем, саздау жерге өскен ол ағаштың діңгегінің
жуандығына төрт-бес кісінің құшағы жетер емес, бірақ діңгектің биіктігі
атты кісінің созған қолы жетерліктей ғана, одан əрі тармақталып жуандылы
- жіңішкелі қалын, бұтақ тарайды екен, олардың аумағы өтірік айтқан
кісіге, кіші-гірім қораға симастықтай!.. Жəне оның өзі қызық үйеңкі екен:
дəл жарқабақтың етегіне өсіпті, қабақтан аттаған кісінің аяғы, бұталардың
тарала өскен жеріне жететін!..
— Менің əкем, дəуде болса, со тармақталған бұтақтардың арасында
отырған болар! — деді Төлебай, үйеңкіге жақындай беріп.
Қасына кеп қарасақ, бұтақтарының арасында, бері қарай жонын тосып,
қалың киімді, тымақты біреу отыр.
— Келді айтқаным!.. Əкем!—деді Төлебай.
— Біздің дауысымызды неғып естімей отыр?..
— Құлағының мүкісі бар жəне жел əрі біз жақтан, əрі қатты ғой, сатыр-
күтір сең жүріп жатыр, содан естімей отырған болар, мен дыбыс берейін.


Төлебай «əке!» деп дыбыс бергенде, желкілдеген ұзын ақ қасы көзін
жапқан, бетінің мұрнынан басқа жеріне тұтас шыққан қою, қаба ақ
сақалды, кішірек имек мұрынды қарт, бізге одырая қарап бетін бұрды да,
шүңірек кішкене көзіне алақанын қалқалап аз тұрып:
— Төлебаймысың?— деді сөзін бөлшектей, ұртын толтыра сөйлеп.
— Иə, əке!
— Қасыңдағы кім?
— Əуелі түс жерге, содан кейін айтайын. Кəне, көтеpiп түсірейін! —
деді Төлебай.
Үйеңкінің бұтағына аттап шыққан Төлебай əкесін көтеріп жарқабаққа
шығарған соң, мен сəлем беріп қолын алдым, бірақ жауап қатпадым.
— Бұл жігіт кім дедің?— деді қарт баласына.
— Жиен,— деді Төлебай аузын қарттың құлағына тақап.
— Қайдағы?
— Мұқан, Тайжақы дейтін жиендерің бар емес пe? Соның Мұқанының
баласы!
— He дейді?! —деді Жабай таңданған дауыспен.
— Рас айтам. Омбы жақтан оқудан келе жатыр екен. Саған сəлем берем
деп келген еді, үйде болмадың, осында келді...
— Алда, қарағым - ай, онда бері келші! — деп, шал мені құшырлана
қысты да, екі бетімнен, мойынымнан иіскеп, құшағын жазды... Қарттың
бетіне қарасам, көзінен сорғалаған жас тамшылары ақ сақалына домалап
түсіп тұр екен. Менің де жүйем босады...
— Жер құрғақ қой, отырайық,— деді қарт көзін сүртіп отыра беріп.
Төлебай екеуміз де қартты ортаға ала отырдық.
— Сап - сабымен өтіп жатқан дүние,— деді қарт күрсініп ап,— əкең
Мұқан, оның əкесі Шүкейді, оның əкесі Бектемірді көрдім. Шешең
Балсарыны, оның əкесі Бəйтілеуді көрдім. Олар жүйе-жүйесімен өтіп кетті.
Көшкен ауылдың тозған жұртына қонған кəрі күшігіндей, дəм-тұзымыз
таусылмаған соң, міне, біз тоқсанға кеп торығып отырмыз, шырағым. Əкең
ертерек қайтты деп еді, шешең де қайтты деген, қайырын берсін! Жер
арасы шалғай, ит арқасы — қыян. Əкең қолымызда туып еді, марқұмға бата
ғып қайтайын деп талпындым,-—қысқа жіп күрмеуге келмеді, жиенжан!..
Өз қолымызда, жазы-қысы шыр бітпейтін жалғыз кəрі мəстектен басқа
жылқы жоқ. Онымен ұзап жол шыға алмайсың. Балаларым өлігі - өліп, өлім


сарқытындай болған мынау жалғыз бала,— деді қарт Төлебайды
саусағымен нұсқап,— біріншіден, жуас, өз бетімен ұзақ жолға шыға
алмайды; екіншіден, тон келте, қол қысқа болған соң, жарғақ құлағы
жастыққа тимейді, кемпір-шалды асыраймын деп, жазы-қысы тізесін
бүкпейді.
Сол кезде, тұсымыздағы жолмен, жайдақ тарантасқа зор денелі кек ат
жеккен, сарғылт қаба сақалды орыс өте берді.
— Андрей ғой мынау,— деді Төлебай,— беті біздің ауыл екен, тамыр
орыс еді, ала кет дейін бізді.
Төлебай дыбыс беріп орысты тоқтатты да, қасына барып сөйлесіп атын
бұрып алып келді. Ұзын бойлы, ашаң жүзді Андрей Жабай қартпен
шүйіркелесе 
кетті. 
Жабайдың 
тіліне 
қарасам,— 
орыс 
сөздерін
маймаңдатып, акцентсіз əдемі сөйлеп барады. Со жəйді айтып, мен
Төлебайға сыбырлап ем:
— Орысша оқығаны бар,— деді маған Төлебай ақырын дауыспен.
Тарантасқа Жабай қарт пысық адыммен барып өзі мінді. Мен
сыпайылық қып, Төлебайға:
—• Жалғыз ат, жер саз, жаяу барсақ қайтеді?—деп ем, сөзімді естіп
қалған Андрей:
—• Қорықпа, жігіт!—деді маған.— Ат мықты, тағы төрт кісі мінсе де
тартады.
Тарантасқа мініп жүріп кет.тік. Шал Андреймен кеңесе бастады. Əуелгі
сөз — Есілдің тасуы туралы болды. Жабайдың айтуы бойынша, көп
уақыттан бері өзеннің биыл аса бір мол тасуы. Діншіл, ырымшыл
Жабайдың жоруы бойынша, «бұндай тасу, елге ырыс орнар жылда ғана
болмаң...» Одан əрі Андрейден селосының хал-жайын, егінге даярлығын
біраз сұраған Жабай:
— Қызылдардан не хабар бар?— деді оған.
Андрей маған күдікті көзбен қарап еді:
— Біздің туысқан,— деді Төлебай,— бұдан қымсынба!
Кідірген Андрейге Жабай сұрауын қайталап еді:
— Кім білсін,— деді Андрей,— Колчактың сөзіне қарасаң, қызылдар
Москваға қарай қашып барады дейді. Кейбіреу «Челябадан бері шығып
қалды» деп қызылды жақындатып қояды.
— Соңғы сөз дұрыс болар,— деді Жабай.


— Неге?— деді қуланған кескінмен Андрей.
— Қашанда, қашқанның тынысы тар, қуғанның тынысы кең болар!..
Колчагыңның тынысы торылып кетті ғой, өзі!..
— Оны қайдан білдің, қарт? — деді Андрей жымия түсіп.
— Күнде дікеңдеп маза бермеуге айналды ғой ол. Өзге былай тұрсын,
біздің жалғыз мəстекті де əнеугүні ылауға қуып кетті, енді ол мəстек өлген
де болар.
— Сақыпкерейдің, Қаппастың көп жылқысы тұрғанда, неге алған
жалғыз мəстекті?— деді Андрей.
Бұл сұрауға жауап бермей аз отырды да:
— Қызыл келетін болса, төз келсе екен! — деді дыбысын шымыр
шығарып,— Колчактың ызасы өтіп болды елге.
Бұл темада Жабайдың кеңесе түскісі келгенмен, Андрей қалжыңды
сұрау-жауаптан əріге бармады. (Артынан сұрастырсам, ол жасырын
жұмыста жүрген қызылгвардеец екен).
Бізді əкеп Жабай үйінің алдына түсірген Андрей үй иелерінің «асқа
қара» дегеніне кідірмей жүріп кетті.
Жабайдың үйін мана көріп кеткем. Шымнан салынған бұл үйдің
төбесіне еңсесін көтерген кісінің басы тиеді. төріңе жатқан кісінің созған
аяғы есігіне жетеді, кішкене терезенің шынысы сынған бірнеше көзіне
қойдың қарнын керіп қойған, бір қабырғасында қазандықты пеші бар,
төсеніші— ескі туырлық...
Үйдің ішіне лық толған будан, біз кіргенде түк көрінбейді екен.
Қазандық астында от жылтырайды. Үйдегі иіске қарағанда, тегі, қазанға ет
салын жатқан болу керек.
— Кемпір! — деді Жəкең, үйге кіре.
— Əу! — деген дауыс естілді денесі будан көрінбеген əйелдің.
— Уа, кемпірім, мен кебежеңнің түбі қағылды ма деп жүрсем, ет иісін
шығарып жатыр екенсің ғой, бəрекелді. Бірінші келуі ғой жиеннің... Нұр
ауыз болмағаны жарады. Ал, тездет енді, тоңып келді білем, жиен!..
— Жиенжан! — деді қарт мені қасына ала төрге отырғаннан кейін,—
өзіңнің Керейің Тоқсан би дау-дамайға баратын болса, Таз Керей Киікбай
енді ала кетеді екен дейді. Киікбайды тоқсан «кілтім» дейді екен. Киікбай
жақ біткеннің шешені болса керек, жиын топта сөзді Киікбай бастап,
даудың бетін ашып береді екен де, Тоқсан кезегі келген жерде бір ауыз


тетігін таба қояды екен.
— Сонымен,— деді Жəкең аз кідіріп,— бір кезде Жоғарғы Арғын,
Найманның арасында зор дау болып, қос атпен Тоқсанға шапқын келіпті.
Тоқсан Киікбайды ала кетпек болады. Бұрын ол үйге Тоқсан барып көрген
жоқ екен дейді. Тан, жаңа атып, қой жаңа ғана өре бастаған уақыт болса
керек. Киікбайдың үйі ауылдың қай тұсында екенін Тоқсан шамалай алмай
келе жатса, құман ұстап, күпі жамылған біреу дəретке шығып келеді екен.
Қасына келсе — Киікбай!.. Үсті жүдеу!.. Тоқсан аттан түсе ғап, Киікбаймен
құшақтасып, көрісіпті. Сонда Киікбай:
Уау, Тоқсанжан, Тоқсанжан,
Бұл бір көзім тоқталған,
Үй артынан жау келді,
Сұр жебесін оқтанған,—
депті. Бұл сөзден Киікбайдың қонақ келгенге қысылып қалғанын
түсінген Тоқсан:
— Киеке, сонша неге таусыла сөйледің десе,—
— Қара өзек шақтың көжесі
Қарында емес, қуықта,
Қара торсық жерде емес,
Ілулі тұр уықта,
Болған соң солай, Тоқсанжан.
Жоқпын деп қалай мақтанам?
Мақтанайын несіне,
Жан алатын əзірейіл
Алыста емес, жуықта,—
депті.
— Сол Киікбай айтқандай,— деді Жабай күрсініп,— нағашы апаң ет
иісін шығарғанмен, атағы «ет» демесе, мəні болмас, жиенжан; бала жасық -
жауған бірдемеге ортақтасып, сирақ - мирақ дегендей, күздігүні бірдеме
алған, жылтырары шамалы шығар, ықласқа разы боларсың.
— Рахмет, нағашы, мен асты емес, сізді іздегі келдім.


— Ал, жиен,— деді Жəкең, ас ішілгеннен кейін,— кəрі кісінің сөзі кеп
болады, мылжыңсың деп сөкпе!
— О не дегеніңіз, нағашы? Маған керегі — кеңес.
— Баяғыда Əз-Жəнібекке Қошқар би айтты деп еді: «қол бастап жол
алайын деген ұл екенсің, сөз бастап би болайын деген ұл екенсің» деп, сол
айтқандай, кеңеске үйір болсаң, жаман ұл болмассың, жиен.
— Құлағым сізде, нағашы.
— Аулында Нұртаза дейтін шешен бар деп естіп ем, аман ба ол?
— Мең ауылдан былтыр күз аттанғанда аман еді, одан бері хабарым жоқ.
Өзін көрмегенмен, əкесі Оспанды көріп ем, жиен, шежіре кісі еді,
көрген жұрт Нұртазаны соған тартты деседі, Ата жайларыңды сұрастырдың
ба, одан?
— Сұрастырдым жəне жазып та алдым.
— Кəне, таратып көрші аталарыңды, жазып алсаң!..
Мен білгенімді айта бастадым: əкем Мұқан, оның əкесі Шүкей, оның
əкесі Бектемір, оның əкесі Байбарақ, оның əкесі Сырымбет, оның əкесі
Отарбай, оның əкесі Қосай, оның əкесі Сыйбан, оның əкесі Тамаш...
— Біледі екенсің. Ар жағын айтпай-ақ қой,— деді Жабай сөзімді бөліп.
Со кезде ас та даяр боп қалды. Астан кейін Жабайдың өз жайын сұрасам,
ол 1826 жылы туыпты. Оның əкесі— Жарқымбай дейтін бір немересін
Қызылжардағы орыс оқуына бергенде, Жабайды күтуші есебінде қасына
ертеді. Топас Жарқымбай əлденеше жыл оқып түк білмей қайтқанда, Жабай
орысша жақсы сауатты адам боп шығады. Со кезде ол маңайдың аға
сұлтаны — Зілғараның Мұсасы деген кісі екен. Мұса əрі пысық, əрі
сауатты Жабайды өзіне тілмəш қып алады. Бірақ ол қызметтен төз
қуылады. Оның себебін кейін айтамыз.
Қызметтен босаған Жабай, Шопанның Қошығұлы деген байға піркəщик
болып, саудасын жүргізеді. Осы сапарында ол: бір шеті Кетрампор
(Екатеринбург), Самар, Орымборды: бір шеті Хиуа, Үргенішті, бір шеті
Қоңыр, Құлжаны аралайды...
Кейін бұл қызметтен шығып атқа мінуге жарамай қартайғанға дейін
лесниктің міндетін атқарады.
Жабайдың ертеде алған əйелі де, балалары да өледі. Мен көрген əйелі —
Бөлек: тапырықтау мұрынды, қара өңді, қалыңдау ерінді, ұзындау арық
денелі, өңсіз əйел екен, шаруа бағудан басқада жұмысы жоқ, шалын аса


күтеді. Бөлектен туған қыздар ұзатылған, ұлы — жалғыз Төлебай.
Жабайдың үйіне мен екі-үш қонып, асықпай ұзақ кеңестім. Сонда келген
қорытындым: қазақтың талай шежіре қартын көре жүре, мұндай білімдісін
кездестірген емен, Ол халық аузында жүрген сөздерді шексіз көп білумен
қатар, орысша да сауатты, орыс тілінде жазылған əдебиеттен, тарихи
кітаптардан бірталай мəліметі бар, орыстың тілін қатесіз сөйлейді.
Кеңесіп отырған сағаттарда, Жабай маған, қазақ халқының тірі тарихы
сияқтанып кетеді. Бұрынғы хат білмейтін ауылда, «шежіре» атанған
адамдар болған ғой, олар қазақ халқының басынан өткен күндердің бəрінен
хабардар боп, əрбір тарихи уақиғаларды қызық түрде ауызша айтып беретін
ғой. Жабай да сондай памяті күшті жəне сол күшті памяті, жасы тоқсаннан
асқанмен мұқалмай тын, сақталған адамның бірі. Кейін «Колхозды ауыл
осындай» деген атпен жазған бір өлеңімде мен, ойда қалған Кеңбай қартты:
Ертегі, өлең-жырдың шежіренің,
Миы бай, көркем, сұлу антологиясы,—
деп сипаттадым. Сонда, есімде отырған «антологияның» бірі, осы Жабай
қарт болған еді.
Шежіреші де екі түрлі болатын: бірі — атымен сауатсыз. Олар ақылды
жəне зирек адам бола тұра, ел өмірінің бертіндегі уақиғалары болмаса,
əртіндегі бұлдыр тартқан уақиғаларына келгенде əр шоқысынын, басына
бір қонып, кең өлкесін дəл басып, тегіс аралауға тайғанақтайтын,
сондықтан, олардың əрқайсысының сөзінен жарықшақтар, қайшылықтар
табыла беретін. Ал, енді бір шежірешілер, не мұсылманша, не орысша хат
білгендіктен, естіген не оқыған уақиғаларын жазып ап, көбінесе дəл
түсетін.
Жабай қарт соңғы жүйелі адамдардың қатарына жатады. Мұсылманша
аздап, орысша жақсылап оқыған ол, күші бар көзінде, орысша, түрікше
тарихи кітаптарды көп қарап жай мəлімет алған, ол мəліметтерге, халық
аузындағы мəліметтер қосылған. Солардың көбі есінде дұрыс сақталған.
Естіген - білгенін Жабай жазып та жүреді екен. Ол тетрадьтарын сол
елде, халықтың ауыз əдебиетін жинаған Мейрам Исхахов деген қарт
мұғалім менен бұрын алып кеткен екен. Кейін сұрасам, ұрлатып апты.
Жабай қазақ халқының тағдырына көп қайғыратын адам екен. Бұл
мəселедегі оның ой-пікірлері, кеңесіп отырған шақта, сұрау, жауаптардан
көрініп отырады.
Бір сəтте ол маған:
— Шежірешілер «Аламан деген адамнан Сейілхан, Жайылхан» туды


дейді. Сейілханнан сегіз арыс Түрікпен тарайды, Жайылханнан: Қазақ,
Созақ, Созақтан — Қарақалпақ тарайды дейді, соған қалай қарайсың? —
деп сұрады.
Тарихтан аздаған хабарым бар мен, «қай елде болса да, бір ғана адамнан
тарады деу қате» деп өз пікірімді айтсам:
— Мен де солай ойлаймын, саған мен, тек шежіре жайын айтып
отырмын дейді.
Одан əрі Жəкең,— «біз, қазақ: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз боп, үш
жүзге бөлінеміз ғой» деп қалай бөлінетінің қай жүзге қандай рулар
кіретінін айта кеп:
— Осы үш жүздің ешуақытта басы бір жерге қосылған емес,— деп
аяқтайды сөзін,— бір кезде оны Моңғол Шыңғыстың алтын орда, көк -
орда деген хандықтары бөліп ап құлданды. Одан кейін, мынау Орта
Азияның: Хиуа, Бұқар, Қоқан аталған хандықтары бөліп ап құлданды.
Ақыры, қазақ екіге бөлініп кетті: көпшілігі Россияда, азшылығы —
Қытайда.
— Қытайда қанша қазақ барын білдіңіз бе?— деймін мен.
— О бір жылдары Қоңыр - Құлжаның жəрмеңкесіне барғанда, қытай
қазақтарымен жолықтым, солардың айтуынша, екі жүз мың түтіндей бар
көрінеді, шамасы ол миллионға жақын халық қой. Ал, біздің Россияда үш
миллиондай халық бар десіп жүр ғой, тарихшылар.
Россияға бағынуды Жəкең, қазаққа зор бақыт деп санайды.
— Көшпелі, өнерсіз ел болдық қой біз,— дейді ол,— сондықтан
ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жүрдік қой. Көрші елдерден,
бізді қай ел шаппады, қай ел таламады...
— Ең соңғы ойсырай талануымыз, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл
сұламаның» көзі,— дейді Жəкең,, демін ауыр алып,— білесің бе, жиен,
оның не екенін?
— Есіттім,— деймін мен,— бірақ тым қанық емеспін. Айта беріңіз.
— Алматы, Қапал дейтін қалалар бар. Қошығұлдың саудасымен, мең ол
қалаларға да бардым. Сол жерлерде, бұдан екі жүз жылдар бұрын Жоңғар -
Қалмақ аталатын хандық құрылып, көршілес қазақ ауылдарын шапқан да
отырған. Соңғы шабуыл — 1723 жыл. Сол жылы жаңбыр болмай,
жайылымдағы малдар жаздыгүні оттан ашыға бастаған. Халық алдағы
жылда жұт болудан қорқып жүрген кезде, Жоңғар хандығы қазақ
ауылдарың тағы кеп шауып, көп адамын қырған, кеп мал-мүлкін талаған.
Ұлы жүзді ол түгелімен басып алған. Дүркірей қашқан Кіші жүздің аман


құтылғаны Еділ, Жайық бойындағы орысқа барып паналаған, Орта жүз,
Ертіс пен Есіл бойындағы орысқа барып паналаған. Орыс оларды құшақ
жая қарсы алып пана болғаннан кейін, сырттағы жау, енді келіп шабуға бата
алмаған. Біздің Россияға бағынған тарихымыз осылай, жиенжан.
— Бірақ, Россияның патшасы да қазақты аз жəбірлеген жоқ қой?—
деймін мен.
— Ол,— патша! — дейді Жəкең.— Халық ше? Орыс халқын жаман дей
аласын, ба?
— Əрине, халқы жақсы.
— Мəселе сонда! — дейді Жəкең,.— Ал, патшаға келсең, ханы бар,
сұлтаны бар, болысы бар,— қазақтың өз ішінен шыққан əкімдері оңдырды
ма, қазақты?..
Жəкең бұл сөзіне дəлел есебінде, менің бертіндегі аталарымның,
тарихынан біраз мысал келтіреді.
— «Сырымбет» аталатын тауды білемісің?— дейді Жəкең.
— Білем. Көкшетау үйезінде. Бала көзімде көрдім де.
— Оның неге «Сырымбет» аталғанын білемісің?
— Өзіңнің бесінші атаңның аты Сырымбет қой?
— Иə.
— Ендеше, сол «Сырымбет» тауы, сенің атаң Сырымбеттің мекені.
— Қалайша?— деп сұраймын мен, Нұртазадан естіген бұл сөзді анықтап
алғым кеп.
— Атан, — Сырымбеттің əкесі Қосай батыр болған екен. Кіші жүз бен
Орта жүз жайлауға таласып соғысқанда, Кіші жүздің ханы Əбілхайырды
найзаға шаншып өлтіретін сол — Қосай екен. Орта жүздің ханы — Абылай
Қосайдың, бұл ісіне риза болады да, сен «осы тауды мекенде» деп,
«Өркешті» аталатын тауды береді. Сол жылы Қосайдан ұл туады. Оның
нағашысы, Ұлы жүз Дулат руында, Сырымбет аталатын елде екен. Қосай
баласына сол Сырымбеттің атын қояды да, орныққан тауын да, баласынын,
атымен «Сырымбет» атайды.
— Ол таудан неге көшеді біздің аталар?
— Абылай өлген соң, орнына үлкен баласы — Уəлі хан болды ғой. Уəлі
сол Сырымбет тауына қызығады да, сенін, аталарыңды күшпен қуып
жіберіп, өзі сонда мекендейді...


— Біздің аталар қайда барады?
— Орыс ауылдан алпыс шақырым жерде қазақша «Мəуліт», орысша
«Мамлютка» аталатын темір жол станциясы бар. Сырымбеттен қуылған
аталарын, сонда кеп қоныстайды.
— Одан неге кетеді?
— Зілғара деген кісіні естуің бар ма?
— Шамалы түрде, — деймін мен, Зілғара жайында бірталай естігенім
болғанмен, Жəкеңнен анығын естіңкірей түсейін деген оймен.
— Қазақ Россияға ерте бағынғанмен, патша үкіметі қазақ хандығын
біраз уақыт сақтап тұрған ғой. Мен туар жылдың аз-ақ алдында, патша
хандықты жойған да, сібірлік қазақтарды Қосмұрын, Көкшетау, Ақмола,
Баян, Қарқаралы, Аягөз атанған алты дуанға бөлген, əкімдерін сұлтан-
правитель деп атаған. Сол сұлтандардың төртеуі хан тұқымынан емес, қара
қазақтың. ішіндегі жуан тұқымдардан солардың бірі Зілғара Қаратокин.
— Солай ма?— дедім, бұл хабарды бұрын мұншама анық білмейтін мен.
— Ия! — деді Жəкең, — Зілғара патшаға ете жағымды султан болды:
чиндер, шекпендер, грамоталар алды, дворян атын берді, қазақтан бірінші
боп меншікті жер кестіріп алған адамның бірі Зілғара. Оған кесіп берген
жерге қазір бірнеше қазақ болысы жəне орыс поселкесі сиып отыр...
— Керемет болған екен ғой! — дедім мен.— Мұндай ірілігін естіген жоқ
ем.
— Естімесең сол. Патша өзін сонша сүйегендіктен, ол зорлықшыл да
болды. Момын халыққа оның істемеген қиянаты жоқ. Сенін, аталарыңа да
ол үлкен екі зорлық көрсетті.
— Ия, қандай?..
— Сенің үшінші атаң — Бектемір ғой?
— Ия!
— Соның Бекқара, Тоққара деген інілері болғанын білемісің?
— Естідім.
— Бекқараның балуан екенін естідің бе?
— Естідім.
— Балуан аты қайдан шыққанын естідің бе?


— Жоқ.
— Естімесең, былай ол: əкелері — Байбарақ ертерек еледі де, балалары
Бектемір, Бекқара, Тоққара жетім қалады. Сол кезде, Баянауыл дуанындағы
бір байға, Зілғара қарындасын ұзатпақ болады. Ол заманның байлары мен
шонжарлары ұзатқан қызына берілетін бай жасау мең көп көлікке қоса,
құлдық пен күңдікке жетім ұлдар мен жетім қыздарды береді. Сондай
жетімдердің біреуіне, Зілғара Бектемірден кіші інісі —Тоққараны сұрайды,
Бектемір бермейді...
— Құлдыққа неге берсін!
— Ол, жиенжан, сеңі мен менің ойымша солай ғой. Ал, күші жетіп
тұрған бай, бермеуіне қарасын ба, тартып алады да, өзге құлдар мен
күңдеріне қосып, ұзатқан қызына беріп жібереді. Сенің атаң Бектемір
момын кісі екен, оның інісі Бекқара намысқор жəне балуан боп өскен жігіт
екен. Бірақ, ол да құлдыққа берілген кішкене інісін тартып ала алмай,
қалып қоюға шыдамай, ұзатқан қыздың көшіне еріп кете барады.
— Иə, сонымен? — деймін мен, əрі қарай естуге құмарта түсіп.
— Қызды ұзатып апарған бай ұлан-асыр той жасайды да, балуанның
жəне жүйіріктің бəйгесіне тіккен «қасқа тоғыздың» ішіне, қызбен барған
жетімдерден қосады.
— Сұмдық қой, мынау?
— Ықпалы жүріп тұрғанда, күштілер не зорлық-зомбылық істемеді
дейсің, жиенжан!..
— Иə, айта беріңіз.
— Сол тойда, бас балуанның бəйгесіне кішкене Тоққара тігіледі. Бас
балуанға Бекқара түседі де, абырой бергенде, қарсы балуанды жығып кетіп,
өз інісін өзі бəйгеге алады...
— Жақсы болған екен! — деймін мен.
— Міне,— дейді Жəкең,— сенің аталарыңның Зілғарадан керген бірінші
зорлығы осы.
— Екінші зорлығы?
—«Бір ағашта бес алма, Мен де алмайын, сен де алма, Ауылың шалғай
кеткенде, Түстің, сəулем, не халге?» — деген əнді білесің бе, жиен,— деп
сұрады Жəкең.
— Білем.


— Со əннің неден шыққанын білемісің?
— Білмеймін.
— Осы «Бес алма»— сенін, атаң Бектемірдің бес баласы екенін естідің
,бе?
— Жоқ. Қалайша ол?
— Бектемірдің бес баласынын, шаруасы шағын демесе, туысы ешкімнен
кем болған жоқ. Шағын шаруалы дегенмен ешкімнен ат та, ас та сұраған
жоқ, өздерінікі өзіне мол жетті. Бесеуі тетелес өсті. Үлкені мен кішісінің
арасы, көп болса он жас болар солардың. Бесеуі де бойшаң келген, көрікті,
аршын жігіттер еді. Мінез жағы əр түрлі бола береді ғой: үлкені — Омар —
бүтінші, мал баққыш, ұжымшы, момын кісі де; одан кейінгі — Оспаны —
аздап орысша оқығаны бар, тілмар, өткір, заңшы кісі болатын: үшіншісі —
Мүжəн — қазан бұзар тентек, тік мінез, басынан сөз асырмайтын, «е» десе,
«ме» дейтін ер жігіт те, төртіншісі — сенін, туған атаң Шүкей,— ойын-
сауықтан басқада жұмысы жоқ, атты жақсы мінетін, киімді жақсы киетін,
көмей біткеннің əншісі, саусақ біткеннің домбырашысы, өлеңді жанынан
суырып айтатын ақын болатын; ең кенжесі — Смайыл — тоқал баласы да,
ол біздің елден жас кетті, мінезін түйе алған жоқпын, тілі аздап кекештеу
де. Көрдің бе сен ол Смайылды?
— Көрмедім, нағашы. Мен тумай өліпті, Қасым дейтін жалғыз баласы
бар.
Жəкең дін салтымен іштей күбірлеп Смайылға дұға оқыды да, бетін
алақандарымен сыйпап ап:
- Бектемір балалары,— деді кеңесін созып,—• үлкен ағасы — Омарды
əкелеріңдей сыйлайтын еді. Өйтпегенде қайтсін, бəрінде сол тəрбиелеп
өсірді. Қатынды Омардың өзі ғана қалын, беріп алыпты. Жедел өскен екі
інісі Оспан мен Мүжəн қызды қалыңсыз алып қашып, заң білетін Оспан
орысқа паналап, қыздардың төркініне теңдік бермеді.
— Шүкей ше?
— Соны айтқалы келе жатырмын ғой. Менің əкем Бай рулы ауқатты кісі
болды. Оған жылқы көп біткен жоқ, ең көбейгенде жүзге ғана жетті, сиыр
малын атымен ұстаған жоқ, түйесі он-он бестен аспады, кеп ұстағаны —
қой, оның басы кейде екі мыңға тарта болды. Əкем қызық кісі еді. Есеп
білмейтін ол. Қойын санағаны қызық болатын. Неше қойы болса, дорбаға
қойдың сонша кепкен құмалағын салатын. Қойы не өлсе, не сойса, шығын
болған қойдың санындай құмалақты дорбадан алып тастайтын, неше қой
қозыласа сонша құмалақты дорбасына үстеп салатын. Ай сайын қойларын
көгендейтін де, шетінен санағанда, əр қойды өткен сайын, бір құмалақты
екінші дорбаға ауыстырып сала беретін. Қойын түгел санап шыққанда,


құмалақ санына дəл келсе түгел деп ойлап, артық я «ем шықса қосылған я
жоғалған қой бар деп есептейтін. Малжандылығы керемет болатын. Бір
қойы жоғалса, бірнеше күн қабағы түсіп, үй ішін шыжғырып бітетін. Қойы
қоздаса, қатыны бала тапқандай қуанатын.
— Саран, кісі ме еді сонда?
— Саран, емес те. Қонағасыға мырза да. Тек өз еркімен ғана бергенін
жақсы көретін. Сондықтан біздің үйде қонақ кеп болатын. Малды ақшаға
сатуды жек көрді. Өмір бойы ақша ұстамай кетті ол. Біз оның қойларын
ұрлап сататын ек.
— Қалай?
— Дорбадан құмалақ ұрлап ап, сол мөлшерде ғана сатсақ, неше қойы
ұрланғанын білмейді. Жүн-жұрқа, тері-терсекті де сатпай - ақ өтті ол кісі.
— Қайда қойды оларды?
— Қызылжарда Ораз хажы деген бай ноғай болды. Əкеммен тамыр еді.
Барлық жүн-жұрқа, тері-терсегін соған жай беретің. Жай емей немене, он-
он бес ылаумен əкететін жүкке беретіні — төрт-бес қадақ шай, бірер бас
қант, немесе аздаған ғана кездеме болатын, кейде ештеңе де алмайтын.
Жалғыз Ораз хажы ғана емес, Қызылжардың талай саудагерлері менің əкем
сияқты сауда білмейтіндерді сорып байыды ғой. Қызылжардың зор
байының біреуі — Данияр хажы болды. Соның да əкесі Тəшкеннен жалғыз
есекпен келген өзбек екен, ол да қазақтың момын байларын алдаумен
дəулеттенді. Дəулеттенбей қайтсін, Қызылжарда сек қойдың қырық тиын
болғанын, тоқ майдың пұты 15—20 тиын болғанын өзіміз де көрдік.
— Бірақ қазақ байының бəрі сіздің əкеңіздей болмаған ғой деймін.
Шопанның Қошығұлы сауданы бір шеті Екатеринбург, бір шеті Қоқан, бір
шеті Құлжаға жүргізді дедіңіз өзіңіз. Сонда ақша жинамай, не жинады
олар.
— Рас, Қошығұл ақшалы болды. Ақшаны ол дорбалап емес, сандықтап
ұстады.
— Сондай қазақ байлары əр жерде болған жоқ па?
— Болды. Ол өз алдына кеңес. Мен əкем туралы айтайын. Əкем əрі
дəулетті, əрі момын, əрі дастарқаны кең кісі болған соң Омар кеп құда
түсіп, біздің апамыз қағазды, атаң — Шүкейге айттырыпты. Қағаздан туған
Зейнеп апаңды көрдің ғой?
— Көрдім.
— Ашаң жүзді, аққұба өңді, көрікті кісі ғой. Жасында сымбатты да
болған адам. Сол апаң Қағаздан аумайды. Қағаз момын кісі еді, момындығы


емес пе,— Шүкей оны отаулап алғаннан кейін де, жігітшілігін доғармай,
салдық құрып, ел кезіп кетеді. Үйіне келсе де, қыз-бозбаланы жинап ап,
жасайтыны сауық. Сонда Қағаз əй-шəй деп үн қатпайды.
— Туысқандары, сіздер ше?
— Ағам Бабай — əкем сияқты мал баққыш қана адам болды. Інім Тəте
— ынжық адам еді. Шал — ол кезде бала.
— Сіз ше?
— Мен Шүкеймен жан аяспас дос боп өстім, екеуміз жігітшілікті де
бірге құрдық. Жезделігінен достығын жақын көретін едім мен оның.
— Жас мөлшерлеріңіз қандай еді?
— Менен екі жас үлкен де ол. Оның жылы — «Ит те», менің жылым —
«Сиыр». Тірі болса Шүкей биыл тоқсан бесте болар еді, сүйегі пысық,
қағылез жігіт еді, жығы да , қартая да қоймас еді əлі.
— Ендеше неге ерте өлген ол?— дедім мен қалжыңдап.
— Өлейін деп елді деймісің, уақыт солай болды да.
— Не уақыт ол?
— Нұртаза ештеңе айта ма, Шүкейдің қалай өлуі тралы?
— Жіңішке аурудан өліпті деп отырғанын естідім.
— Неге жіңішке ауру болғанын айта ма?
— Айтқан жоқ.
— Оның мəні былай болды, жиен. Зілғараның үш қатынынан он төрт
ұлы, жалғыз қызы болды. Қызынын, аты Балжан. Əр ұлы жеке бір бай ауыл
боп отырды. Солардың арасында ерке боп өскен Балжан, Шүкеймен көңіл
қосты. .
— Сіз қызғанбадыңыз ба?
— Несіне қызғанам? Жездем еді деп пе? Айтпадым ба əлгінде,
жезделігінен достығы жақын еді деп? «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» дегендей,
қызғану былай тұрсын, Балжанмен екеуінің араларыңа дəнекер болдым,
Шүкей қыздан тілді мен арқылы алатын болды. Өйткені, қыз Зілғараның
Мұсасымен бірге туысқан. Қыз ол үйге көп келеді. Мен — Мұсада
тілмəшпін. Жəне жасымда епті де едім... Сонымен, қысқасын айтқанда,
Балжан мен Шүкей бір-біріне ғашық болды. Сырларын айтар адамдары мен
ғанамын. Еріктерімен қосылуға заман көнетін емес: Зілғара сияқты


шынжыр балақ, шұбар төс дворян адам, қызын Шүкей сияқты қара қазаққа
өлсе берсін бе!.. Жəне қыздың айттырып қойған жері — алты ояздың
үстінен гүбернаторға советник боп қызмет атқарған атақты Тұрлыбектің,
туысы.
— Сонымен, аяғы неге соқты?— дедім мен асығып.
— Сөйтіп, екеуі не істерге білмей жүргенде, күйеу ұрын кеп қалды.
Мезгіл күз, лайсаң боп жатқан көз еді. He істеу керек?
— Рас-ау!..
— Шүкей мен Балжан сол түні жоғалып шықты, бірақ құтыла алған жоқ,
лайсаң кездегі аттың ізі ұстап берді. Есілдің қойнауындағы бір тоғайға
жасырынған екен.
— Содан кейін?..
— Зілғара балаларына бұдан артық қорлық бола ма?.. Ызалы олар
Шүкейді кісендеп, Есілдің күзгі мұздай суына салып қояды. Ертеңіне
көптің көзінше мойнына тас байлап суға ағызбақ болғанда, бір досы
жасырын құтқарып жібереді, Шүкей қашып ағаларына барады.
— Ағалары не істейді?
— Зілғара тұқымына əлі келе ме олардың?.. Оспан ойға-қырға шапқан
болады. Дауласады. Зілғара балалары теңдік беру түгіл, Оспанның өзіне
жала жауып, абақтыға жаптырады, Оспан сонда өледі. Қалған еті тірісі —
Мүжəн. Оны да ұстатпақ болған соң қашып, өзін, туған мекенде отырған
қалың Сыйбанға кетеді.
— Шүкей ше?
— Бір күн бойына мұздай суда жатқан Шүкейдің өкпесі қабынып
ауырады да, содан құрт ауру боп, бір қыс төсек тартып жатып, келер
көктемде жиырма жеті жасында өлді!..
— Балжан ше?
— Оны ағалары қалын, берген адамына ұзатып жіберді. «Бес алма»
деген өлеңді Балжан ұзатқан жерінде шығарыпты.
— Шүкейден қалған өлең жоқ па?
— Өлеңі кеп болатын, бірақ не заман оған!.. Есте қалды деймісің!..—
деп, Жəкең, қабағын қатуландырып аз ойлап, отырды да,— иə.. бір ауыз
есімде бар сияқты,— деді.
— Айтыңызшы!..


— Шүкейдің сырқаты нашарлаған кезде бір барсам, құр сүлдері ғана
жатыр екен. «Жабай - ай, басымды көтерші!» деді ол маған, аз уақыт
отырғаннан кейін, көтердім. Бас жағында домбырасы сүйеулі тұр екен,
«əперіп жіберші» деді, əпердім. Бұрын құрдай жорғалайтын саусақтары,
икемге келмей, қайдан келсін, шілбиіп шидей боп қалған!.. Сонда да лебіз
шығарғысы кеп, зорға шегін қозғаған домбыраға үн қоспақ боп еді, бұрын
аққудай сұңқылдайтын үні, булықтырған жөтелден шықпай қалды.
«Жатқыз» деп ымдады ол. Жатқыздым. Көзінде жас мөлтілдеген Шүкейдің
ерні күбірлегенге, «не деп жатыр бұл» деп құлағымды тосып ем, бір ауыз
өлең айтты:
«Ажал - ай, ақылды естен аудырасың,
Шіркін көз жан шығарда жаудырарсың.
Пернеге аттай желген он саусағым,
Ішінде бос қалтаның саудырарсық!»
—деп
— Сол үні əлі құлағымда, — деді Жəкең, ұзақ уақыт ауыр күрсініп ап.
Оған жетпіс жылдай болғанмен,— деді ол аз кідіріп, іштей санап ап,— сол
Шүкей əлі күнге дейін көз алдымда!..
— Шүкей өлгеннен соңғы халді айтыңыз,— деп өтіндім Жəкеңнен.
— Шүкей, ұмытпасам, сиыр жылы, март айының ішінде қайтыс болды
ғой деймін. Одан Ахмет дейтін төрт жасар ұл мен Зейнеп атты екі жасар
қыз қалды. Сенің əкең, Мұқан, əкесі өлгеннен екі ай кейін,—- сиыр жылы
қар кетіп болып, жұрт қырға шығып жатқан кезде туды.
— Нағашы, сізден бір сұрауым бар,— дедім мен.
— Айт, жиен, — деді ол.
— Сіз менің атам Шүкейді сиыр жылы елді дейсіз жəне əркімнің туған я
өлген жылдарын белгілі бір хайуанның атына байланысты жылға
мөлшерлеп айтасыз. Осы «жыл» дегеніңіз не өзі?
— Білмеуші ме едің, жиен?— деп сұрады нағашым.
— Білмеймін.
— Білмесең, былай, жиенжан: өтірік пе, шын ба, кім білсін,— ерте
заманда көктемге қарай көктен жерге «жыл» деген түседі екен дейді.
«Жылды» хайуан атаулының барлығы қарсы алады екен дейді. «Жыл»
келгенде, мақлұқ атаулының бəрі оны қарсы алуға əзірленеді. Сонда түйе
«өзгеден бұрын көрем»,— деп бойына сеніп; сасырды оттап тұра береді.


Тышқан «а, тəңірі, менің бойымды кіші жараттың, жылды мен қалай
көрмекшімін деп жылайды. Тəңірі тышқанға «түйенің өркешіне шық, сонда
мақлұқтың бəрінен бұрын сен көресің»— деп үйретеді. «Ұлу» дегенді
білемісің, жиенжан,— деп сұрады Жəкең менен.
— Жоқ, нағашы,— дедім мен.
— Үлкен көлдердің жағасында: сырты қабыршақты, іші былқылдаған
жұмсақ, қабыршақ басы сүйір, жұмсақ басы жалпақ, тырнақтың
көлеміндей ғана бір жəндік жатады ғой. Оны көрген боларсың?..
— Ия... Ия...
— «Ұлу» деп соны айтады, жиен. Сол ұлу да «Не суда, не қырда
еспедім, басып жүрер аяғым жоқ, көлдің жағасында жатамын, «жылды»
мен қалай көрмекпін»— деп тəңірге зар илепті дейді. Тəңірі оған: «со күні
көлді қатты толқынға айналдырам да, сені жардың басына шығарып
тастаймын, содан кересің»— депті дейді. Соңымен «жыл» жер жүзін
аралап келе жатқанда, алғашқы күні оны он екі мақлұқ өзгеден, бұрын
кереді, олар: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылқы, жылан, қой, мешін,
тауық, ит, доңыз. Осылардың бəрінен түйенің еркешінде тұрып «жылды»
тышқан бұрын кереді де, «жыл басы» со боп саналады. Түйе бойына сеніп
«жылды» көре алмай қалады. «Жылды» өзгеден бұрын көрген осы он екі
мақлұққа, жұрт он екі жылдың атын қосады да, бəрін жиып «бір мүшел»
деп атайды...
Жəкеңнің бұл сөзін тыңдап отырғанда, менің есіме, өткен қыс оқу
мезгілінде гректің ескі тарихынан көрген бір мəлімет түсті. Ол мəліметтің
баяндауынша грек елі де кəрі заманда, көктем көзінде тəңірі көктен жерге
түседі, жан - жануардың, өсімдіктің бəріне ұрық шашады деп ойлаған ғой.
Тəңірі ұрықты көңілденіп шашсын деген мақсатпен, оның келер көзінде
құрмет қып той жасап, ойын-сауық құрған ғой. Гректің «Днанисовтік»
аталатын ескі театры осы ойын-сауықтардың көзінде туған еді. Жəкеңе мен
осы мəлімет туралы айтқанымда:
— Біздің «Наурыз» сияқты ол, — деді қарт,— қыс аяғына қарай қазақта
«наурыздама» жасайтын. Бұл — зор мейрам боп өтетін. Осы мейрамда
жұрт қысқы соғымның шекесін асып, бір-бірін қонаққа шақырып,
қарындағы майды бастайтын. Сонда, үлкендерден «бұ не той?» деп
сұрағанымызда, осы кезде жерге түсетін «жылдың» құрметіне десетін.
— Түсінікті. Сіз əлгінде «мүшел» дегенді айттыңыз ғой, соны
толығырақ түсіндіріңізші!..
— Мысалы сенің əкеңді «Сиыр» жылы туды дедік қой. Келесі «сиыр»
оған бір мүшел толады. Бұл — он екі жасы. Одан кейін «мүшел» 25 те, 37
де, 49 да, 61 де, 73 те, 85 те, 97 де келіп отырады. Одан арғысын кім
есептеді дейсің, жиен? Жəне есептеудің керегі қанша? 97 ден бірен - сараң


ғана адам аспаса кім асады дейсің?
— Нағашы, сіз айлардың аттарын да айтып қойыңызшы, жазып алайын,
— дедім мен.
— Оның қанша керегі бар, жиен?— деді Жəкең.
— Біз қазір европалық айлардың аттарын атап жүрміз ғой. Қазақша
айлардың аттарын қазіргі жас біле бермейді. Жазып алсам есте болар.
— Ə-ə, олай болса айтайын,-— деп Жəкең санай бастады:— Январь
айынан бастайық. Январьды қазақ — Ақпан дейді. Одан кейінгі айлар —
наурыз, отамалы, сəуір, көкек, шілде, тамыз, қыркүйек, қараша, желтоқсан,
қаңтар.
— Түсінікті, нағашы,— дедім мен жазып алып.— Сізді мен көлденен,
кеңеске бөліп əкеттім, əңгіме Шүкей өлгеннен кейін, оның туысқандары
мен балаларының хал-жайлары қалай болғандығында еді ғой? Енді, сол
жайында айтуыңызды өтінем!
— Жиенжан, аулында Тоғанас деген қарт бар ма?— деп сұрады Жəкең.
— Бар, əлі тірі.
— Апырау, тірі дейсің бе?!—деді Жəкең, таңданған кескінмен.— Ол кісі
менен үлкен. Оның жылы «мешін» болу керек Мешіннен мешін сексен бес,
тауық сексен алты, ит сексен жеті...— деп Жəкең, ар жағын күбірлеп іштей
санады да,— биылғы жыл «қой» ғой, сонда тоқсанның жетеуіңде болу
керек, менен бес жас үлкен болатын!
— Бірақ ол кісінің сақал-мұрты əлі де қара буырыл,— дедім мен.
— Болса болар,— деді Жəкең.— Сүйегі пысық кісі болатын, əкем Тұяқ
сексен жасында Одырайдың қара шоғы деген жерге шаңғымен барып, киік
атқанда қасында болдым деп отыратын. Ағасы Рысқұл да ашаң өңді, төз
қартая қоймайтын кісі көрінген, тұқымымен солай болатын да олар!..
— О, кісіні не себепті еске алдыңыз?— деп сұрадым мен.
— Еске алған себебім,— деді Жəкең,— Шүкей өлгеннен кейін бала-
шағасын, туысқандарын со кісі кешіріп əкеткен. Шүкейдің жылын
бергеннен кейін көшті олар. Омар Мəулітте қалып қойды. Оның Сыздық
деген баласы болды. Сыздық Мəулітке приписной боп жазылып, крестьян
қатарында жер алды. Оспан қолға түскеннен кейін ағасы Мүжəн бұл арадан
қашып кетті дедім ғой. Со қашқаннан Мүжəн Шүкей өлгеннен кейін
Тоғанаспен бірге келді. Оспан тұтқында өлді дедік қой, соның бала-
шағаларын, Смайылды, Шүкейдің бала-шағаларын алып Тоғанас пен
Мүжəн еліне кетті. Мен апарып салдым. Ол елге барған соң Қағазды
Мүжəнға қосты.


— Үлкендердің айтуынша,— деп сұрадым мен,— əкемнің шешесі осы
араға қайта көшіп келіпті ғой. Қай көзге келді олар?
— Оған да көп жыл болды. Мүжəнға қосып қайтқанның артынан төрт-
бес жылдан кейін апам «кемшілікте тұрмын, мені алып кетсін» деп хабар
салыпты. Қасыма үш - төрт кісіні ертіп барсам, апамның халі расында
нашар екен. О кезде, қазақ баласы арақ ішу дегенді білмейтін. Ілуде біреу
ішсе, жұрт оны ит етіндей жек көретін. Бір інісі соққыдан өлгеннен кейін,
бір інісі ұстауда өлгеннен кейін, қалғандары сиырдың бүйрегіндей
бытырап, тозғаннан кейін, соның күйінгеннен Мүжəн араққұмар боп, күні-
түні мастықтан көз ашпайды екен. Mac кісіде ес бола ма, менің апамды
отырса басқа, тұрса аяққа сабайды екен. Осы жəйді ол елдің адамдарымен
кеңескеннен кейін, Мүжəннің ризашылығымен апамды балаларымен
ауылыма алып қайттым. Мүжəңнан Мұстафа дейтін ұл туған екен, о да
шешесімен еріп келді.
— Бұл арадан не себепті қайта көшті?— деп сұрадым мен.
— Оның мəні былай,— деді Жəкең.— Қағазға еріп бұл араға Ахмет,
Зейнеп, Мұқан, Мұстафа дейтін төрт баласы келді. Менің ə.кем —
Байғұлыдан туған балалардың ішінде байы — үлкен ағам Бабай болды.
Өзгеміз енші алғаннан кейін кедейлендік. Мен үнемі ат үстінде болдым да,
мал жинамадым. Қағаз .балаларымен Бабайдың қасында тұрды. Мен
Шүкей мен Балжанның уақиғасынан кейін Зілғара балаларымен
араздастым да, лесник қызметінде жүрдім. Бабайдың қолына келген соң
қағаз да, балалары да кемшілік көрген жоқ. Зейнепті бой жеткен соң өзіңнің
шегір көз жездең Көпжасарға ұзаттық. Көпжасардың əкесі Бектібай —
дəулетті кісі еді. Зейнепті баласына ота.улап əперді. Ахметтің кескіні де,
тұлғасы да аумаған əкесі еді.. Өте көркем жəне сері жігіт боп өсті. Бізбен
көршілес Балта Керейде Бəйтілеу дейтін, өзіне өзі тоқ балаларының басы
бар, ағайыны қомақты, ұжымшыл адам болатын. Өзі Бабаймен көңілдес те.
Ахмет ержеткеннен кейін Бабай оған со Бəйтілеудің қызы — өзіңнің шешең
Балсарыны қырық жетіні қырқа матап отаулап алып берді. Он алты
жасында түсті Балсары. Жылы «доңыз» болатын. Ахметке жиырма бес
жасында жөтел пайда болды да, екі жылдай сүле боп ауырып жүріп,
жиырма жеті жасында «доңыз» жылы қайтты. Балсары Ахметтен үш-төрт
құрсақ көтерді, бəрі де қыз болды. Олардың екеуі өліп, жалғыз Дəмеш
дейтін ғана қыз қалды. Дəмештің шын аты — Дəмелі еді. «Тауық» жылы
туған. Дəмелі қоятын себебі: Бабай баласыз болды да, Ахметтен ұл туса,
асырап алмақ боп дəмеленіп жүрді.
— Ахмет өлгеннен кейін,— деді Жəкең, біраз тыныстап алғаннан кейін,
— қазақтың ғұрпымен шешең Балсарыны Мұқанға қостық. Сен,— деді
Жəкең маған қарап қойып,— нұсқаға қарасам: орта бойлы, жалпақтау
дөңгелек кескінді, кішкене мұрынды, көзің де кішілеу, — шешеңе
тартқанға ұқсайсың. Бірақ сенің түсін, қоңырлау екен, шешен, ақ сары кісі
еді. Төрт-бес ұлдың артынан сүт кенже боп туған соң, атын Балсары қойған


екен. Əкең — биік бойлы, балуан денелі, ашаң өңді, қара торы кісі болатын.
Оның жобасы менің əкеме келетін сияқты еді...
— Сонымен,— деді Жəкең тағы да аз тыныстап,— Басарыны Мұқанға
қостық. Мұқан жұмыстан басқада шаруасы жоқ, момын кісі болатын.
Ержеткеннен кейін Бабайға ол кісі жалдатпай, ауыр шаруасын жалғыз өзі
меңгеріп тұрды. «Бір биеден ала да, құла да туады» дегендей, оның інісі —
Мұстафа тентек, сотқар, төбелескіш боп өсті. Оның жамағаты Сілеусін —
Балсарының немере сіңлісі болатын. Қарқынбай дегеннің қызы да.
Мұстафа Сілеусінді құда түсусіз, қалыңдықсыз алып қашты. Сөйтіп
жүргенде, оның, басына да бір ауыр күн туып қалды.
— Не күн?..
— Ол «күннің» мəні былай еді, жиен. Дəмеш ержетті. Бір сыдырғы
кескіні бар, бойшаң, сымбатты қыз боп есті. Осы арада Өтеміс, Құлтай
деген екі ауыл бар. Өтеміске Ықылас дейтін дəулеттілеу адам болды, оның
Сəду, Сауыт дейтін екі баласы болды, Ықылас Сəдуге Дəмешті атастырып
құда түсті. Жақсы құда боп жүрдік, сұраған малдан қолымызды қаққан жоқ.
Сондай тату-тəтті құда атанып жүргенде, Дəмешті қайын жұрты алып
қашып кетеді. Тан,- тамаша қалдық. Кісі жіберіп білсек,— күйеуіміз Сəду
басқа бір қызбен көңіл қосады да, соны алып кетеді. Сəдудің туыстары
ұялудың орнына, «жалғыз үйлі Сыйбанға жесір жібермейміз» деп, Дəмешті
де алып қашып, еріксіз Сəдудің ағасы Сауытқа қосады!.. Бұдан артық
қорлық бола ма?!..
— Əрине,— дедім мен.
— Ықылас Зілғараның Аюына арқа сүйеді де, бізге теңдік бермеді.
Мұстафа олай шауып, былай шауып сөзін ешкімге қоштата алмаған соң
«бұл араны енді желкемнің шұқыры көрсін» деп Мұқанды алып еліне
көшіп кетті. Бірақ отты Мұстафа кегін жіберген жоқ,— со жылы күз
жасырынып кеп Өтеміс аулын өртеп бір кетті... келесі жылы, Дəмешті алып
қашуда жігіттерді бастап апарған бір ұрыны өлтіріп кетті. Содан оралмаған
Мұстафа өткен «Қоян» жылы ғана қатынасты, Мұқанды көшкеннен кейін
керген жоқпын.
Мен Жабайға əкем Мұқанның шешем Балсарының олардан туған
қыздардың жəне өзімнің басымнан өткен күндерді айтып бердім.
— Бəрі де түсінікті,— деді Жабай ауыр күрсініп,— бəрі де көзбен көрген
істер. Қай жердегі кедейдің күні болса да сондай. Баяғыдан бері солай ол,
қазір де солай...
Осы арада мен Жəкеңнен, бізді тасыған Есілдің жағасынан Жəкеңнің
аулыңа əкеп салатын Андрейден, қызылдар туралы неге сұрағанын айтуды
өтіндім.


— Онда мəн бар,— деді Жəкең,— большевик дегенді, сен, əрине,
білесің...
— Аздап хабарым бар...
— Сенен жасыратыны жоқ,— ол Андрей большевик. Өзі менімен кеп
жыл тамыр болған орыстың баласы. Қазір ақтардан жасырынып жүр.
Ақылды жəне білімді жігіт. Біздің үйге кеп қонып жүреді. Большевиктердің
жайын содан есітем. Егер оның сөзі рас болса, совет өкіметі орнаса,
жұмысшылар мен кедейлерге көп жақсылық болғалы тұр.
— Қашаң орнайды дейді Андрей ол өкіметті...
— Кешікпейді дейді... Өзін, не білесің одан, жиенжан?
Мен Жəкеңе естіген - білгенімді айтам.
— Төз орнаса жарар еді, — дейді Жəкең, күрсініп ап,— атам заманнан
бері өрлеген азап тауынан халық сонда бір асып, жаны жадырайтын жайлы
қонысқа жетер еді!..




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет