Өмірзақ айтбайұлы



Pdf көрінісі
бет1/27
Дата20.01.2017
өлшемі1,46 Mb.
#2304
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

өмірзақ айтбайұлы
Тілғұмырлар 
(Қазақ лингвистері мен 
тіл жанашырлары)
 
Алматы
2014

УДК 80/81
ББК 81.2
А 32
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі 
Тіл комитетінің тапсырысы бойынша
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 
2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»
аясында шығарылды
 
 
 
айтбайұлы ө. 
 
тілғұмырлар:  (Қазақ  лингвистері  мен  тіл  жанашырлары)  /  
Ө. Айтбайұлы. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 400 бет.
ISBN 978-601-7172-33-6
Кітапта  қазақ  терминологиясының  атасы  атанған  А.  Байтұр-
сынұлы мен Қ. Жұбанов, тіл тарландары І. Кеңесбаев, М. Балақаев 
және тіл мәртебесін биікке көтерген көптеген тілші ғалымдардың 
педагогтік және қоғамдық қызметі туралы жан-жақты баяндалған. 
Сондай-ақ мұнда өз кезінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін 
айқындаған С. Сейфуллин, ұлты үшін жаны күйген Ө. Жәнібеков, 
адалдық пен әділеттің жаршысы Н. Ондасынов, өлең сөздің білгірі 
З. Ахметов және сазгерлер Ш. Қалдаяқов пен І. Жақановтар туралы 
да көркем эссе тұрғысынан шебер баяндалған.
Еңбек қазақ тілі жанашырларына және жалпы оқырман көпші- 
лікке арналған. Мемлекеттік тіл тағдырына қызығушы мамандар 
мен  жоғары  оқу  орындары  филология  факультеттерінің  студент- 
тері үшін де танымдық мәні бар.
УДК 80/81
ББК 81.2
ISBN 978-601-7172-33-6
© Айтбайұлы Ө., 2014
© «Абзал-Ай», 2014
а 32

тілғұмырлар
Қазақ лингвистері

4

5
ұлттыҢ ұлы ұСтазы
ахмет байтұрСыНұлы
(1873-1937)
Қазақ  халқы  жалпы  архив  жинау  ісін  дағдыға  айнал-
дырмаған ел. Соған қарамастан, өзімізде де, өзге шетелдер-
де де халықтың тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне, 
т.б.  кәсіп,  тіршілік  жоралғысына  қатысты  дүниелердің 
сақтала бергені қандай олжа! Осыдан ойға түседі, 1988 жы-
лы  күз  айында  сапардың  сәті  түсіп,  осы  жазба  авторының 
Америка  Құрама  Штаттарына  барып  қайтуына  тура  келді. 
Бір күні Мадисон қаласындағы университетке соғып, оның 
кітапхана  қорымен  таныстық.  Таңғаларлық  жағдайға  тап 
болдық:  әлгі  кітапханада  қазақ  мәдениетінің,  ғылымының, 
өнерінің  бұрынғы,  қазіргі  өкілдерінің  бар  дүниесі  тізіліп 
тұр. Өзімізде жоқтың бәрі осында. Компьютер арқылы бар 
сұрағымызға  жауап  алдық.  Әл-Фарабиден  М.  Шахановқа 
дейін  түгел  жинақталған.  Бір  мезгілде  көзімізге  оттай  ба-
сылып,  Ахмет  Байтұрсынұлы  туралы  мағлұматтар  жетті. 
Жеті қат жер астына кеткен әйгілі «Қазақ» газетінің топта-
масы сонда. Біз оның бірнеше санын көшірме жасап ала кел-
ген едік. Бұл да өзінше бір мұражайлық ескерткіш ретінде 
«Қазақ тілі» қоғамында сақтаулы.
Ахаңның  да  көп  дүниесі  көңілде  жатталып,  көкейде 
түйіліп қалған ғой. Соның бәрі кейін шығып жатыр. Мұның 
үстіне,  ата  мұрасын  індете  іздеп,  көп  шындықтың  бетін  
ашуға  атсалысып  жүрген  жастар  (Ғ.  Әнесов,  А.  Мекте-
пов)  әкелген  деректер  бар.  Жиналып  келгенде,  Ахметтану 
ғылымының негізін кешегі Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфул-
лин,  Смағұл  Сәдуақасов,  Міржақып  Дулатов  тәрізді  қазақ 
мәдениетінің тарландары қалады десек, сексен сегізден бері 
қарай  ол  толыға  түсті  деп  толық  айтуға  болады.  Бұл  күн 
өткен сайын ауқымдана бермек.

6
Ахмет  Байтұрсынұлы  –  қазақ  мәдениетінің  тарихында 
үлкен бір дәуірді алып жатқан алып тұлға, өзінің құдай бер-
ген талантын туған халқына деген сүйіспендікпен суғарып, 
толассыз  еңбекпен  шыңдаған  қайсар  да  қаһарман  ғалым. 
Ол  қараңғылық  тұңғиығынан  жарық  жұлдыздай  жарқырап 
шығып,  айналасына  нұр,  шуақ  себумен  өткен  ағартушы. 
Не  оқыту  жүйесі,  не  өзіндік  жазуы  қалыптаса  қоймаған 
халқының  қамын  жеп,  сауатын  ашпақ  боп,  сары  масадай 
ызыңдаған үлкен ақын, талантты тілші, шебер аудармашы, 
түркі  тілдес  халықтар  тұлға  тұтқан  түрколог,  қоғам  ісіне 
араласқан  мемлекет  қайраткері.  Бұл  санамалап  отырған 
атақ, дәреже, лауазымдардың өзінен-өзі келмегені мәлім. Ол  
талмай ізденіп, тамаша туындылар берген. Өмірдегі өзінің 
басты  мақсатын  туған  халқына  қызмет  ету  деп  түсінген  
Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) – небір тар жол, тайғақ кешу-
лерден өте келе, тамаша еңбегімен қазақ халқының ары мен 
ұятына айналған Адам, Азамат. 
Патша  ағзам  бұратана  елдерді  билеп-төстеудің  айла-
шарғыларын емін-еркін іске асырып, қазақтың әлденеше 
ғасырға ұласқан хандық билік құрылымының быт-шыты 
шығып,  «күштілерім  сөз  айтса,  бас  изеймін  шыбындап» 
деп  тұрған  қысылтаяң  кезеңінде,  1873  жылы  қаңтар 
айының  соңғы  күндерінің  бірінде,  бұрынғы  Торғай  уезі, 
Тосын  болысына  қарайтын  Ақкөл  жанындағы  Сартүбек 
деген жерде Байтұрсын шаңырағында дүниеге келген Ах-
мет тумысынан зейінді де зерек бала болып өседі. Өз әкесі 
Байтұрсын, оның әкесі Шошақ Үмбетей еліндегі көзі ашық, 
көкірегі ояу, пікірін ашық та айқын айта білетін өте батыл 
адам болғанға ұқсайды. Әуелі Шошақ, кейін Байтұрсын ба-
лаларын  араб  елдері  мәдениетіне  сусындатқысы  келген. 
Иран, Түркияға жіберіп те оқытуды ойлаған. Бірақ...
Қара  халықты  қорлағанын  тоқтатпағанына  күйініп,  ояз 
Яковлев  дегеннің  басын  жарғаны  үшін  әкесі  Ақтас  және 
Собалақ дейтін екі інісімен бірге 25 жылға итжеккенге айда-
лып кетеді. Байтұрсын өздеріне тергеу жасалып, сот болған 
кезде  тіл  білмеудің  зардабын  әбден  тартады.  Сондықтан 
да  олар  айдалып  бара  жатқан  сәтінде  үміт  етері  Ахметке: 

7
«Балам,  сауатсыздықтан  жоғарғы  үкіметке  шағымдана  да 
алмадық.  Олай  еткенде  жайымызды  түсініп,  мына  кесімді 
жазасын  азайтар  ма  еді,  кім  білсін.  Сол  себептерден  айта-
рым: аш-жалаңаш бол, қорлық көр, бәрібір оқы, балам. Тым 
болмаса, артымда маған хат жазып тұратын халге жет», – деп 
өсиет айтқанын қайсыбір қариялар бертінге дейін аңыз ғып 
айтып жүріпті.
Бұл  кезде  Ахмет  12-13  жас  шамасында  екен.  Естияр  
баланың  көз  алдында  болған  бұл  сурет  оның  жадында  
мәңгілікке  қалып  қояды.  Ол  әке  өтінішін  серт  ретінде  қа-
былдап,  жас  та  болса,  іштей  байлам  жасағандай  болады. 
Мұны  біз  1911  жылы  Орынборда  жарық  көрген  топтама-
сынан алынған – 1904 жылы Семей түрмесінде отырғанда 
жазылған «Анама хат» деп аталатын өлеңінен байқаймыз:
... Оқ тиіп – он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам. 
Алданып тамағыма, оны ұмытсам, 
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей
Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!
Оқуды арман еткен зерделі жасты әкесінің інісі Ерғазы 
Торғайдағы  екі  сыныптық  (кластық)  орыс-қазақ  мектебіне 
береді.  Ахаң  мұны  үздік  бітірісімен,  әрі  қарай  талапта-
нып,  керуеншілерге  ілесіп  барып,  Орынбор  қаласындағы 
мұғалімдер  даярлайтын  қырғыз  (қазақ)  мектебіне  түсіп 
оқып, оны 1895 жылы тамамдайды. Алғашқы қадамын бала 
оқытудан бастаған Ахаң:
Адамдық диқаншысы – қырға шықтым, 
Көлі жоқ, көгалы жоқ, құрға шықтым. 
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, 
Көңілін көтеруге құл халықтың, – 
деген  өлең  жолдары  арқылы  өмірлік  мұратын  паш  етіп, 
өз  мақсаты  бейқам  жатқан  халқын  сауаттандырып,  өнер-
білімге, мәдениетке жетектеу екенін білдіреді.

8
Әрине,  бұл  тұста  қазақта  Ахаң  тәрізді  оқыған  аза-
маттардың қарасы көріне бастаған-ды. Бір ғажабы, олардың 
көбі,  халық,  ел  мүддесі  деген  сөздерден  гөрі,  ұлыққа 
жағынып, сол халықты қалай қанап, қалай пайда тапсам екен 
дейтіндер  болатын.  Олардың  тілмаштыққа  қолы  жетіп,  гу-
бернатор кеңселерін жағалап жүргенде, Ахаң ағартушылық 
жолына  түсіп,  «қайтсем  халқыма  пайдамды  тигізем,  қалай 
көзін ашам, ұйқысынан қалай оятам» деп, күндіз-түні соның 
амалын қарастырады.
Төңірегіне  қазақтың  бірен-саран  да  болса  көзі  ашық 
оқыған жастарын жинап, елшілдік ұранын үдетіп, ел мұңы, 
халық қамы деген күрделі мақсаттардың іске асуын көздей 
бастайды.  Жалғыз  ағартушылық  жолмен  аса  алысқа  ұзап 
кете  алмайтынын  сезген  ол  біртіндеп  күрескерлік  жолға 
түседі. Жан-жақты әрекет етуге талпыну, ізденіс 1896 жылы 
Ахаңды Алекторовтың алдына алып келеді. Оған баруының 
да өзіндік сыры бар еді: Алекторов ол кезде Омбыда отырып, 
Ақмола, Семей оқу жүйесін басқарып тұрған болатын. Оны-
мен қазақ даласындағы бала оқыту жайы туралы кеңеседі. 
Бұл кездесу оған екі түрлі әсер қалдырып, көп нәрсеге көзін 
аша  түскендей  болады.  Ол  жайында  Мұхаң  (М.  Әуезов): 
«Біреуі  –  Алекторовтың  қазақ  турасындағы  отаршылдық 
саясатының  басын  біліп,  көздеп  жүрген  мақсатын  сезген 
болар, атақты Ильминскийдің жолымен қазақтың көзін ашу 
үшін  осы  оқу  керек  деген  саясатты  тұтынып  жүргендігін 
сөздерімен  білдірген  Алекторовтың  ниетімен  жақын  келіп 
танысқан соң, Ахмет халқының халінің ауырлығын ұғып, ел 
турасындағы түкпірлі ойы сол кезде ояна бастаған.
Алекторовпен танысудың екінші әсері – Ахаңның жолы 
ашылып,  пікірі  ашылып,  бұрынғы  білім-өнер  жүзіндегі  
шала  білініп,  көмескілеу  түсініп  жүрген  нәрселерін  таза 
білуіне себеп болған».
Бұл жерде Мұхаңның өз кезінде ашып айтуға аузы бар-
май,  астарлап  отырған  бір  жайы  бар  сияқты.  Ол  –  орыс 
оқымыстыларының  миссионерлік  мақсатының  Ахаң  зер-
десіне  жетуі,  содан  тіксінуі.  Олар  қазақтарды  орысша 

9
оқыту арқылы орыстандыруды көздеген ғой. Осыдан секем 
алған  Ахаң  ширыға  түседі.  Қазақты  өнер-білімге  жетектеу 
өзгелердің емес, өзі тектес оқығандардың халық алдындағы 
парызы деп түйеді.
Ахаңның  осындай  мақсатты  көздеп,  саяси  көзқарас-
тарын  шыңдай  түсуі  Қарқаралыда  өмір  сүрген  1896-1907 
кезеңімен  байланысты.  Осы  кезде  Ахаңның  айналасына 
әлеумет  өміріне  зер  салып  жүрген  бірен-саран  көзі  ашық, 
оқыған  қазақ  зиялылары  және  бұрыннан  өмірдің  өзекті 
мәселелеріне көз жіберіп, ойын тайсақтамай айтатын білікті 
азаматтар топтана бастайды.
Қазақ  елінің  қазіргі  жағдайы  оларды  да  толғандыра 
бастаған.  Әсіресе,  талан-таражға  түсіп  жатқан  жер  мәсе-
лесі,  оқу-білім  мәселесі,  қазақ  жұртына  қажет  земство 
жайы және орыстандыру саясаты қазақтың ең дертті мәсе-
лелері  болатын.  Осының  жай-жапсарын  жан-жақты  ойла-
стыра  келе,  Ахаң  бастаған  әлгі  бір  топ  зиялы  қауым,  бас- 
тарын  бәйгеге  тігіп,  Ресей  империясының  Министрлер 
Советі  Председателінің  атына  петиция  (тілек-арыз)  жа-
зады.  Дәл  осы  тұста  ол  ақындық  өнермен  шұғылданып,  
И.А.  Крыловтың  мысалдарын  аударып  жүрген  болатын. 
«Қырық  мысал»  осы  жылдар  жемісі  еді.  Төңкеріс  ру-
хында  айтылған  мұндай  сөзді  қазақ  жұртының  тұңғыш 
естуі  болатын.  Осыдан  соң  Ахаң  атағы  шартарапқа  тарап 
кетеді.  Алайда  жұртты  саналылыққа,  еркіндікке  үгіттейтін 
«Қырық  мысалды»  берген,  патшаға  қарсы  петиция  ұйым-
дастырған адамдардың бәрі де полициялық режімнің, үкімет 
адамдарының  қырын  қабағына  іліне  бастайды.  1905  жыл-
ғы  төңкеріс  қырғынға  ұшыратылған  соң,  патша  үкіметі 
қайта тіріліп, оның жер-жердегі жандайшаптары құтырына 
түскен кезде өз елін, өз жерін шен мен шекпенге сатып, ар-
дан безген кейбір тілмаштар мен болыстар, «елді бүлдірер 
іс-әрекеттерге  барды»  деп,  Ахаңдардың  үстінен  доностар  
жаудырады және олар дегеніне жетеді. 
Қарқаралыда  ағартушылық  жұмыспен  айналысып  жүр- 
ген  Ахаңды  алты  жолдасымен  1907  жылы  тұтқындап, 

10
абақтыға  жабады.  Қарқаралыда  олар  ұзақ  отырмайды, 
бірнеше айдан соң оларды Семейге айдайды. Патша үкіметі 
жалдаптарының  ғана  емес,  өз  төңірегінің  де  өрге  бастыр-
мас  опасыздықтарына  күйінген  ол  он  екі  жылдай  өмір 
сүрген Қарқаралысымен қоштасып, бүкіл қазақ баласының 
бойындағы арылмас дерт – арсыздық пен арамдық атаулыға 
сес білдіргендей болып, мынадай жолдарды түзеді:
Қош, сау бол, Қарқаралы жуылмаған, 
Айдай бер, қалса адамың қуылмаған. 
Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ,
Жасырын дыбыс шықты шуылдаған. 
Бүркеніп, арсыздардың шайнауына, 
Жем тапты пісірмеген, қуырмаған.
Шыққан соң талғамайтын доңыздарың
Қасыңа қиын болар жуу маған.
Семейде  сегіз  айдай  ешқандай  тергеусіз,  сотсыз  тас 
қамауда жатқан Ахаң ақыры қазақ өлкесінен бір жарым жыл 
мерзімге  Орынборға  жер  аударылады.  Сол  кеткеннен  мол 
кетеді. Ол онда 1917 жылдың аяғына дейін тұрады. Жазалы 
адам ретінде айдалған Ахаңның бұл сапары оның өміріндегі 
ең нәтижелі де өнімді еңбек еткен жылдары деуге болады. Ол 
ғылым-білімге бұрынғыдан да тереңірек үңіліп, әділетсіздік 
жайлаған мына қоғамды бұрынғыдан да бетер ащы тілімен 
түйрей, шеней түседі. Қазақ балаларын оқытудың әдістерін, 
қазақ тілі, әдебиеті, өнері, тарихы, мәдениеті туралы өрелі 
ойлар  айтып,  бастауыш  мектептерге  арнап  оқулықтар  мен 
оқу  құралдарын  жаза  бастайды.  Халық  мұраларын,  ауыз 
әдебиеті  үлгілерін,  эпос,  ертегі,  жұмбақтар  жинап,  басты-
ру  ісімен  айналысады.  Ғылыми  зерттеу  жұмыстарымен 
шұғылданады.
А.  Байтұрсынұлының  қазақ  елінің  жоғын  жоқтап,  са-
насына  сәуле  құюға  байланысты  жасап  жүрген  еңбектері 
елге  тарай  бастайды.  Әсіресе,  сол  кезде  Уфадағы  «Ғалия» 
медресесінде оқып жүрген қазақ жастарына Ахаңның туын- 
дылары,  елдік  істері  қатты  әсер  етеді.  Сол  жастардың  ұй-
ғаруымен елден қаржы жиналады да, газет шығару мәселесі 

11
қозғалады. Ол бейресми газет «Қазақ» деп аталады да, оған 
редакторлыққа  А.  Байтұрсынұлы  шақырылады.  Міне,  сол 
1913  жылдың  басынан  1918  жылға  дейін  бас  редакторлық 
міндетін мүлтіксіз атқарған Ахаң елге жеткізсем, ұқтырсам 
деп жүрген көкейіндегі көптеген мәселелерді хатқа түсіріп, 
жария етіп отырды.
Қазақтарды надандықтың шырмауынан шығарудың бір- 
ден-бір жолы – ғылым-ілімге ұмтылу, оқу-ағарту жұмысы-
мен  айналысу  деп  ұққан  Ахаң  енді  осы  идеясын  нақты 
істермен  дәлелдей  түседі.  Сол  кезде  шығып  тұрған  қазақ 
баспасөзінің  қай-қайсысы  да  осы  мақсатты  көздеді.  Бұл 
жөнінде  әсіресе  «Қазақ»  газетінің  рөлі  айрықша  болғаны 
мәлім. Бірақ ел билеушілер, бәлеқорлар, полисайлар Ахаң-
ның  соңына  түсуін  қоймайды.  Газет  бетінде  жарияланған 
материалдардың  бәрін  цензурадан  өткізіп,  үнемі  ақшалай 
айып  салып,  қауіп-қатерді  төндіріп  отырған.  Салынған 
айыпақының мөлшері тым асқынып кеткен бір тығырықта 
Ахаңның үш ай мерзімге абақтыға өз еркімен отыруға келі-
сім берген кезі де болған. Мұны естіген газет оқырмандары 
тиісті ақшаны жинап төлеп, Ахаңды шығарып алып отырған.
Халықтың  көзін  ашып,  санасына  сәуле  құюдан  басқа 
мақсаты жоқ бұл әрекеттерді қолдап, қуаттап отырудың ор-
нына,  көп  ағайынның  қияс  тартып,  аяққа  оралғы,  игі  іске 
кедергі  бола  беретініне  күйініп,  Ахаң  «Қалтылдақ  қайық 
мініп еспесі жоқ» деген өлеңін жазады.
Шынында, білімсіз ел теңізде жүзіп келе жатқан ескексіз 
қайық  сияқты  емес  пе?  Сол  кездегі  қазақ  елінің  халі  дәл 
осындай  мүшкіл  еді.  Сауатсыздық  салдарынан  өзін,  елін, 
жерін кім қалай саудалап, қалай иемденіп жатқанын түсінуге 
де мұршасы жоқ сорлы халық. Бұл аз дегендей, өз жағдайын 
таразылап, тығырықтан шығару жолын бірлесе, қауымдаса 
ізденудің орнына, алты бақан алауыздықты өрбітетінін қай-
терсің. Ахаңды күйзелткен қазақтың осы жағдайы.
1911  жылы  Орынборда  басылған  «Маса»  жинағы  ха-
лықты өз тағдыры үшін күреске шақырған, жұртшылықты 
шырт ұйқысынан оятқан дабылды топтама болатын.

12
Сары маса болып ызыңдаған өзі екенін Ахаң 1909 жылы 
Петербургте басылған «Қырық мысалындағы» «Малшы мен 
Маса» деген туындысында ашық айтады:
Мысалы, қазақ – Малшы ұйықтап жатқан,
Жыланды пәле делік аңдып баққан. 
Пәленің түрін көрген мен – Сармаса, 
Халықты оянсын деп сөзбен шаққан.
Ойлаймын осы сөз де жетеді деп, 
Қатты айтсам, сөзім батып кетеді деп.
Ұйқысы ашылмаған жұрт өзімді
Қорқамын Сармасадай етеді деп.
Өз  тағдырының  түбі  не  боларын  алдын  ала  болжап, 
көрегендікпен  айтып  кеткен  Ахаңның  түбіне  жеткен,  шы-
нында да, өзіміз емес пе едік?!.
Халық басына төнген қатерден қорғанудың амалын тым 
құрыса  сауат  ашу  арқылы  үйретпек  болған  асылымызды 
ұйқылы-ояу халімізбен аяқ-қолын байлап бердік қой. Осы-
ны бір ойланып, сабақ алсақ етті! Неге десеңіз, ұлттық сана 
мен  ұлт  мәдениеті  жолындағы  күресте  осынау  опасыздық 
пен алауыздық салқыны әлі де жетерлік-ау деп сезіктенесің. 
1950,70, 80-жылдар ылаңы не ойлатпайды кісіге? Тәуелсіз ел 
болған қазіргі күйіміздің өзі көп жағдайда көңілге жұбаныш 
әкеле  қоймайды.  «Біріңді,  қазақ,  бірің  дос  көрмесең,  істің 
бәрі бос» (Абай) екенін түгел ұғып біттік пе?!
Жаңадан тәй-тәй басып, Ахаң сияқты бірен-саран оқы-
ған саналы азаматтардың арқасында оң-солын танып, енді-
енді ес жиып келе жатқан қазақ елі үшін «Қазақ» газетінің 
атқарған  қызметі  ұшан-теңіз  екенін  тағы  да  айтсақ,  артық 
емес.  Бес  жылға  таяу  уақыт  оқырманмен  үзбей  қауышқан 
бұл  газет  кезіне  лайықты  көкейтесті  мәселелерді  бірінен 
соң  бірін  жариялап,  жұртшылық  мағлұматын  кеңейтумен 
болды...  Кезінде  бұл  газетті  «ұлтшыл–буржуазияшыл 
орган»  деп  тыйым  салып  тастамағанда,  талай  тарихи 
шындықтың  көзін  ашып,  халқымыздың  төңкеріске  дейінгі 
рухани,  мәдени  өмірінен  әлі  де  мол  мағлұмат  беретін  еді. 
Күні  бүгінге  дейін  көмескі  болып  келген  көп  жайттардан 

13
сыр  шертетін  бұл  газет  нені  көздеп,  жұртшылықты  қайда 
бастағысы келгенін дәлірек байқау үшін оның алғашқы са-
нында жарияланған мына бағдарламасын еске түсіруге тура 
келеді:  «Қазақ  арасында  ғылым,  өнер  тарауына  басшылық 
ету; басқа жұрттардың халінен хабар беріп, таныстыру; сол 
мақсаттарды  орнына  келтіру  үшін  закүндерді,  хакімдердің 
бұйрық-жарлықтарын білдіріп тұру; Государственная Дума 
һәм Государственный совет жұмыстары турасында жете ха-
бар беру; ішкі һәм сыртқы хабарларды жазып тұру; қазақ-
тың бұрынғы және бүгінгі жайын жазу, күнелту, сауда, кәсіп, 
жер-су, егін-танап, мал шаруасы жайынан кеңесу; оқу, оқыту, 
мектеп, медресе, школа, ғылым, өнер, тіл, әдебиет турасын-
да  жөн  көрсету;  адам  һәм  мал  дәрігерлігі  жайынан  жазу» 
(«Қазақ», №1, 1913, 2 ақпан).
Газет  әлденеше  рет  жабылып,  қайта  тіріліп,  шығында-
нып, сотталып жатса да, көздеген мақсатын түгелімен орын-
дады  деп  тұжырым  жасауға  болады.  Тіпті,  кейде  бұдан  да 
шығыңқырап,  әлемдік  ой-пікірге  азық  болар  мәселені  де 
қозғап кеткен сәті бар.
Айта  кетер  бір  жайт,  осы  газет  және  оның  редакто-
ры  А.Байтұрсынұлы  жайында  жазылған  материалдардың 
қай-қайсысында  да  әлгі  «ұлтшыл,  буржуазияшыл»  дейтін 
ала таңба қалмайды. Тіпті, күні кеше ақталғаннан кейін де 
жазылған  мақалаларды  қарап  отырсаңыз,  «марксизм-лени-
низм  идеологиясы  тұрғысынан  қарағанда,  ол  қылықтары 
кемшіліктері  болып  еді»  деп,  тағы  да  баяғы  жаттанды 
қалыпқа  салып,  жалтақтай  пікір  түзетініміз  бар.  Осы  бір 
халқының тағдыры, өз көсемдеріміздің болмысы туралы сөз 
қозғағанда,  «бұған  ана  көрші  қалай  қарайды,  мына  көрші 
не  дер  екен»  деп  үрей  шақырмай,  жалтақтамай,  мәселенің 
ақиқатын  ашық  айтатын  уақыт  жетті.  Өйткені  Ахаңның  о 
бастағы рухани өмірінің қалыптасуы осы газетке де тікелей 
байланысты.
Ахаң  өмірінің  төңкерістен  кейінгі  бөлігі  тіпті  күрделі, 
тіпті қайғылы. Жан түршігерлік азапқа бола туылған жан ба 
дерсің?!.

14
Жаңа  үкіметтің  мүшесі,  Қазақ  автономиялық  респуб-
ликасының  Оқу-ағарту  халық  комиссары,  соның  жанында-
ғы  Ғылыми-әдеби  комиссия  председателі,  Қазақ  өлкесін 
зерттеу  қоғамының  құрметті  председателі,  Бүкілресейлік 
ВЦИК-тің  мүшесі,  Кирвоенкомның  мүшесі,  КазЦИК-тің 
мүшесі, сондай-ақ Академиялық Орталықтың председателі 
ретіндегі  аз  уақытқы  шуақты  күндерді  басынан  кешіргені 
болмаса,  ең  ауыр,  ең  қасіретті,  шегінен  асқан  сұмдық  пен 
зұлымдықтың тақсыретін тартқан қаралы кезең бұл!
Төңкеріске дейінгі өзі айқасқан надандық пен қараңғы-
лық жыл өткен сайын құбылып, тәсілденіп, әлденіп алғандай, 
Ахаңның  қыр  соңынан  қалған  емес.  Қайта,  зұлымдық  пен 
қорқаулық,  арызқойлық  пен  алауыздық  дертін  індеттей 
үдетуші  қаскүнемдер,  жаңа  заманның  терісін  айналды-
рып киген бөрісіндей боп, жақсылықтың ұрығын шашушы 
жандардың соңына шам алып түскені мәлім.
Ахаң  езілген  ел  өміріндегі  Қазан  төңкерісін  ойланып-
толғанып барып қабылдап, армандай болып алғызбай жүрген 
көп  шаруаға  аянбай-ақ  араласты.  Жоғарыдағы  санамалап 
шыққан қызметтің бәрі соны дәлелдейді. Бірақ Ахаңның ақ 
ниетіне арамдық іздеуші, іс-әрекетінен контрреволюциялық 
бүлік  күтуші  қараниеттілер  оған  аттап  қадам  бастырған 
жоқ.  Басқан  ізін  аңдумен  болды.  Ол  бұрын  патша  чинов-
никтерінен,  болыстардан,  тілмаштардан,  жандармнан  қақ-
қы  жесе,  енді  бостандық  туының  астында  бірге  жүрген 
жерлестерінен,  большевиктерден,  қызыл  жағалылардан 
көрді көресіні. Аңдыған жау алмай қоймайды. Ол бір емес, 
бірнеше рет алды.
«Мылтықтың  басуына  құланның  қасуы»  тура  келген- 
дей,  дәл  осы  кезде  қазақтардың  сорына  Қазақстан  тари- 
хының қаралы беттерін толтырып кеткен Ф.И. Голощекиннің 
«Кіші октябрі» басталады. Ал бұл «Кіші октябрьдің» қазақ 
халқына  қандай  қасірет  әкелгені  тарихтан  мәлім.  «Асыра 
сілтеу  болмасын,  аша  тұяқ  қалмасын»  деп  зіркілдеген  Го-
лощекин  жендеттері  негізгі  күнкөрісі,  тіршілігі,  тынысы 
мал болып саналатын халықтың сол жанды жеріне қанжар 

15
сұқты. Малын сыпыртып алды. Тігерге тұяғы, ішерге тамағы  
болмай,  қалжыраған  қарапайым  шаруа  адамы  басы  ауған 
жағына  босып,  діттеген  жеріне  жете  алмай,  жол-жөнекей 
қырылып  жатты.  Ахаң  сияқты  көреген  адамдар  бұл  сұм-
дықтың боларын алдын ала сезіп, дабыл қаға бастаған. Бірақ 
бұлардың  сөзіне  құлақ  асудың  орнына,  «төңкеріс  рухына 
кері әсерін тигізіп, кедергі жасап отырған байшыл-ұлтшыл 
Алаш  партиясының  бұрынғы  көсемінің  бірі  бұрынғысын 
көксеп  жүр»  іспетті  жаламен  ақыры  оны  1929  жылдың  
4  маусымында  30  адаммен  бірге  қамауға  алады.  Мұның, 
әрине,  өзіндік  себебі  де  жоқ  емес.  Голощекинге  әлгіндей  
жаппай  қыру  саясатын  емін-еркін  жүргізу  үшін  халықтың 
көзін  ашып,  санасын  оятып,  көсемдік  көрсетіп  жүрген 
осындай  ірі  тұлғаларды  алдымен  жою  керек  еді.  Ал  Ахаң 
бүкіл қазақтың  ақыл-ойы мен ар-ұятының бейнесіне айна-
лып кеткен әйгілі қоғам қайраткері әрі рухани көсемі бола-
тын.  Сөйтіп,  Ахмет  Байтұрсынұлы  Голощекин  тырнағына 
ілініп,  Мәскеудің  Бутыркасында  1929  жылғы  шілдеден  
1931 жылдың қаңтарына дейін отырады да, содан соң Ар-
хангельск  облысының  барған  адам  жолбасшысыз  қайтып 
шыға алмас алыс түкпіріне жер аударылады.
Бұдан  ол  Қызыл  Крест  ұйымы  арқылы  (М.  Горькийдің 
жұбайы  Е.П.  Пешкованың  араласуымен)  мерзімінен  бұ-
рын  босанып,  1934  жылы  қайтып  оралады.  Бірақ  бұл 
бостандықтың да өмірі қысқа болды. Небәрі үш жылға же-
тер-жетпес уақыттан кейін, 1937 жылғы 8 қазанда қайтадан 
қамауға алынып, ақыры атылады.
Жоғарыда  ескерткеніміздей,  Ахмет  Байтұрсынұлының 
азаматтық болмысын, қайраткерлік қарымын, ағартушылық, 
ғалымдық  қызметін,  энциклопедиялық  білік-білімін  негі-
зінен үш түрлі салаға бөліп әңгімелеуге болатын сияқты.
Әрине,  мұның  ең  бастысы  әрі  сол  кезеңдегі  ең  қасиет- 
тісі де – ағартушылық қызметі. 1895 жылы бар оқуын тамам-
дап елге келгеннен бастап, ол бұл іспен түбегейлі айналыса-
ды.  1905  жылы  жазылған  петиция  халық  тағдырын  ойлап, 
үздіксіз толғанудың серпіні сияқты шешім еді. Сауат ашар 

16
«Әліпби»  мен  «Тіл-құралын»  жазу  үшін  графика  және  қа- 
зақ  тілінің  дыбыстық  жүйесін  дұрыстап  алу  қажеттігін 
сезінеді.  Әсіресе  «Айқап»  журналының  1912  жылғы  9-12 
сандарында  жариялаған  «Шаһзаман  мырзаға»,  «Қазақ» 
газетінің 1913 жылғы 34-інші және содан әрі қарайғы сан-
дарында  басылған  «Жазу  мәселесі»  деген  мақалаларында 
ол  қазақ  жазуын  бір  жүйеге  түсіруге  түбегейлі  кіріскенін 
байқатады.  Бұл  жерде  алдымен  ескертетін  нәрсе  мынау:  
Ахаң қазақ жазуы дегенде, әу бастан-ақ араб графикасына  
бейіл  береді.  Осының  өзінде  ұлы  ойшылдың  түбірлі  мақ-
саттары  байқалады.  Оның  мұнысынан  кезінде  «панислам-
дық»,  «арабшылдық»  сарын  іздеп  сарсылғандар  болды.  
Тіпті, кінәлады да, айыптады да. Сондықтан да, ол ең алды-
мен таза ғылыми принципті негізге ала отырып, қазақ жа- 
зуын қалыптастырудың алғышарты ретінде: 1) қазақ тілі ды-
быстарына  қажеті  жоқ  араб  таңбаларын  алфавиттен  алып 
тастауды; 2) сөздің жіңішкелігін білдіретін «дәйекші» деген 
белгіні енгізуді; 3) қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ұ, ү дыбыстары-
ның  әрқайсысына  жеке  таңба  белгілеуді,  к,  г  дыбыстары- 
нан  басқа  дауыссыз  дыбыстармен  келген  сөздердің  жі-
ңішкелігін  (яғни  қазіргі  ә,  і,  ү  дыбыстарымен  айтылатын-
дығын) білдіру үшін сөздің аяғынан дәйекше таңба қоюды 
ұсынды.  Міне,  осының  бәрі  қазақ  тілінің  алфавиті  өз 
табиғатына  орай  түзіліп,  тіліміздегі  сингармонизм  заңына 
лайықталып жасалуының нәтижесіңде қазақтың төл жазуы 
қалыптасты.
Бұл  жазу  1912  жылдан  былай  қарай  сол  кездегі  қазақ-
орыс  мектептерінде,  мұсылман  медреселерінде  қолданы-
лып  келді.  1915  жылдың  өзінде  осы  жазумен,  яғни  осы  
емле негізінде 15-тей кітап басылған екен.
Ахаңның  аталған  еңбектерінен  және  сол  уақытта  шық-
қан  қазақша  кітаптардан  тұңғыш  терминдік  қызмет  атқара 
бастаған  әріп,  дәйекші,  дыбыс,  жуан  дыбыс,  жіңішке  ды-
быс, қағида, түбіршек тіл, жалғамалы тіл, қопармалы тіл, 
түбір  сөз,  туынды  сөз,  қос  сөз,  қосалқы  сөз,  қосымшалар 
тәрізді байырғы сөздерді табамыз. Біртіндеп өмірге жолда-

17
ма  алған  қазақтың  бұл  ұлттық  графикасын  А.  Байтұрсын- 
ұлы  жетілдіріп  отырды.  Қазақ  тілінің  фонетикалық  бол-
мысына  лайықталған  араб  таңбаларының  әлі  де  олпы-сол-
пы  жерлері  бар  болатын.  Баспа,  полиграфия  талаптарына  
байланысты  кейбір  сәйкессіздіктерді  реттей  келе,  оны 
ұлттық  жазуға  айналдырады.  Бұл  жазу  1924  жылы  ресми 
түрде  қабылданды  да,  1929  жылға  дейін  бүкіл  қазақтың  
сауат тірегіне айналды.
Біздіңше, бұл жазудың ең басты екі маңызын айта кет- 
кен  жөн  сияқты:  біріншіден,  бүкіл  қазақтың  басын  ұйыс-
тырып,  ұлттық  жазу  жүйесі  бойынша  жаппай  сауат  ашу 
шарасы  жүргізілді.  Осы  арқылы  ұлттық  сана  мен  ұлттық 
мәдениетіміз  арналы  даму  жолына  түсті  деп  айта  аламыз. 
Екіншіден,  дендеп  еніп  бара  жатқан  орыстану  саясатына 
кедергі  қойылды.  Осыдан  былай  қарай  орыс  тілінде,  орыс 
әрпімен  оқытылып  келген  мектептердің  бәрінде  өзіміздің 
ұлттық төл жазуымыз бел ала бастайды.
1926  жылы  26  ақпан  мен  6  наурыз  аралығында  Баку  
шаһарында өткен тұңғыш түркологиялық съезде А. Байтұр- 
сынұлының  араб  әліпбиі  негізіндегі  жаңа  жазудың  ар-
тықшылығын дәлелдеп, латынға көшуге қарсы шыққандағы 
бір себебі – бұл жазудың Қазақстанда іс жүзінде қолданыс 
тауып,  жаппай  сауатсыздықты  жоюдағы  атқарған  нақтылы 
қызметі  болатын.  Кейін  «халық  жауларын»  аулаушылар 
Ахаңның  бұл  әрекетіне  жерден  жеті  қоян  тапқандай  қуа- 
нып,  оны  керемет  пайдаланғанын  да  білеміз.  Әңгіме  бұл  
жерде латын жазуында емес, Ахаң жанын салған мәселенің 
түп мәнісі сауаты жаңа ашылып, білімді ел қатарына енді-
енді  қосылып  келе  жатқан  қазақ  сияқты  қауымға  жазуын 
қайта-қайта  ауыстыра  берудің  мүлде  тиімсіздігінде  еді. 
Мұның үстіне, бүкіл жұрт тез қабылдап, өзге де түркі тілдес 
елдер  үлгі  ете  бастаған  бұл  жазуды  ауыстырып,  латынға 
көшу ертеңгі күні кириллицаға көшудің баспалдағы екенін 
сезген-ді. Ақыры солай болып шықты.
Оқу-білім, мәдениеттің бүгінгі жеткен биігінен көз тас-
тап  байқағанда,  айналдырған  14-15  жылдың  ішінде  үш  

18
жазуды  ауыстырып,  қандай  мұратқа  жеттік  деген  сауал  
туындайды.  Әрине,  соңғы  елу  жылдан  астам  уақыт  бойы 
әжетімізді өтеп келе жатқан орыс графикасына негізделген 
жазуымызды мүлде тиімсіз болды деп айта алмас едік. Со-
нымен бірге, біздің халқымыз үш рет сауатсыздық шырма-
уында болып, үш рет қайта сауат ашқанын жасыра алмай-
мыз.  Сонда  бұл  қайта-қайта  жазу  ауыстыру  кімге  тиімді, 
кімге тиімсіз болды? Әңгіме осында. Бұл жағын қазір зиялы 
қауым түгел шамалайды деп білеміз.
Сол  отызыншы  жылдар  соңында,  одан  кейін  де  қазақ 
халқының тіліне, мәдениетіне, тарихына қаншалықты нұқ-
сан келерін Ахаң күнілгері болжап біліп, өз тіршілігі үшін 
күресе алатын болашақ қаһармандарын алдымен ана тілін-
де оқытуға жанын сала кіріседі. Соңғы үш-төрт жыл бойы 
жүргізіліп  келе  жатқан  тіл  күресі  Ахаң  даналығын,  оның 
көрегендігін  дәлелдей  түскендей.  Өз  тілімізді  ұмытып, 
орыстанудың аз-ақ алдында қалған сәтте бүкіл ұлама-ғұлама 
болмысымен Ахаңның ортамызға қайта оралуы олжа болды 
емес пе?!.
Барымызды  ұмытып,  керегімізді  іздеуден  қалған  70 
жылдан аса мерзім ішінде кеңес өкіметі бүкіл бір ұрпақты 
өз  қағынан  жерінген  құлан  сияқты  еткен  екен.  Ана  тілін 
білмейтіндөр саны бұл күнде 25 пен 40 процент арасында 
ауытқи беретіні – қаскөй дәуір жемісі. Халқын мәдениетке, 
ғылым-білімге,  парасат  биігіне  жетелеген  кемеңгер  Ахаң-
ды  қуғын-сүргінге  салып,  азаптаған,  айдаған,  атқан  тота-
литарлық жүйе нәтижесі.
Енді,  міне,  заман  түзелгендей,  ел  есін  жинағандай  бо-
лып отырған кезеңде, Ахаң қалдырған мұраның мөлдірінен 
сусындап,  әлі  де  мейіріміз  қанар  емес.  Бір  ғана  осы  ағар-
тушылық  іс  саласында  жазған  кітаптарының  өзін  игеру 
оңайға түсіп жатқан жоқ. Өйткені өзімізде ештеңе жоқ деп, 
өзгеге жүгініп, әбден еңсе түсіріп үйренген халықпыз ғой. 
«Апырай, мұндай да бар екен-ау?» деп, аң-таң боп жүрген 
ағайын да арамызда. Иә, Ахаң істері таңдай қақтырардай.
Сонау  1912  жылы  Орынбордан  шыққан  «Оқу  құралы» 
халық  сұранысын  өтегені  соншама,  «1925  жылғы  7-ші  ба-

19
сылымы»  деуіне  қарағанда,  әлденеше  баспа  жүзін  көрген. 
Ал  1925  жылы  ол  «Әліпбидің»  жаңа  түрін  жариялайды. 
Бұл да бірнеше рет басылады. Кезінде бұған: «Мынау жаңа 
«Әліпбиі» бұрынғысынан қай ретте болса да аса артық. Бұл 
«Әліпбидің» мазмұны қазақ жағдайына қарай, Мемлекеттік 
Білім  кеңесінің  жаңа  программасына  үйлесімді  болып 
шыққан.  Әңгімелері  балалар  үшін  қызық,  жеңіл,  заманға 
лайық»,  –  деп  баға  берілген  екен.  «Жұрт  бүгіншіл,  менікі 
ертеңгі үшін», – деп өзі айтқандай, байқап отырсақ, Ахаң за- 
мана  ағысынан  озыңқырап  жүріп  отырады.  Әлгіндей 
құралдарын үнемі жетілдіру үстінде болады.
Ал  «Тіл-құрал»  аталатын  оқулығы  қазақ  мәдениетінің  
тарихында бұрын-соңды кездеспеген мүлде соны құбылыс 
болып  қалды.  Мұның  тосын  дүние  екенін  А.  Байтұрсын-
ұлының  өзі  де  мойындай  келе,  кітап  кіріспесінде  мына-
дай  түсініктеме  береді:  «Тіл-құрал»  деген  аты  қандай  жат 
көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде сондай жат көрінер, 
өйткені бұл қазақта бұрын болмаған жаңа зат».
Ахмет  Байтұрсынұлының  ағартушылық  қызметінде  тіл 
мәселесі ерекше орын алатынын осыдан-ақ көруге болады. 
Қазақ  тіл  білімінің  қалыптасуында  айрықша  рөл  атқарған 
бұл  еңбектерді  саралағанда,  жалпы  лингвистика  ғылымы- 
ның өрістеуіне даңғыл жол ашқан термин жасау мәселесін 
тіпті  де  аттап  өте  алмаймыз.  Әлгіндей  оқулықтар  түзу  ба-
рысында  Ахаң  әрбір  ұғым,  түсінік,  нәрсе,  затқа,  әсіресе 
грамматикалық  категориялардың  бас-басына  қазақша  тер- 
мин береді, атау телиді. Қазір бәріміз білетін зат есім, сын 
есім, етістік, есімдік, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, 
дыбыс,  әріп,  қағида,  жазу,  емле,  т.т.  толып  жатқан  тер-
миндердің  бәрін  қазақ  тілі  ғылымына  алғаш  әкелген  Ахаң 
еді! Сөздерді тұлғасына, мағынасына қарай бөліп, саралап,  
қолмен  қойғандай  етіп  көрсетуі  мамандардың  қай-қайсы-
сын  да  әлі  таңғалдырады!  Ахаң  тапқан  терминдердің  еш- 
қайсысын  алмастырып,  Ахаң  тапқан  жаңалықтардың  еш-
қайсысын  қайта  жасау  мүмкін  емес.  Мұның  сыры  Ахмет 
Байтұрсынұлы  ұстанған  принциптің  ғылыми  негізінде,  та-

20
биғи заңдылығында жатыр. Ол қандай принцип? Біріншіден, 
А.  Байтұрсынұлы  термин  жасау  үрдісінде  қазақ  тілінің  өз 
мүмкіндігін  барынша  пайдаланады.  Әлгі  терминдердің  әрі 
қарапайым,  әрі  түсінікті,  дәл  болуы  қазақ  тілінің  байырғы 
сөз байлығын сауатты пайдалануға байланысты. Сондықтан 
да  олар  өміршең.  Сонымен  бірге,  оның  интернациналдық 
терминдерден  де  реті  келгенде  қашпайтынын  байқаймыз. 
Бұған көп дәлелдің қажеті бола қоймас. Фонетика, морфо-
логия,  синтаксис,  грамматика  тәрізді  ұғымдардың  Ахаң 
қолданысында сол күйінде қалуы осыған дәлел.
А.  Байтұрсынұлының  қазақ  тілі  морфологиялық  тұлға-
тәсілдерін  мүлде  басқаша  қарап  түсіндіруге  тырысқанын 
көреміз.  Ол  тілдің  типологиялық  ерекшеліктеріне  аса  зор  
мән береді. Әсіресе қазақ тілін зерттеген орыс ғалымдары-
ның тілдің табиғи тегін, тінін аршып, ашып түсіне алмауы-
нан кеткен қателіктерін анықтап, түзетіп талдай келе, өзіндік 
анықтамаларын береді. Ана тілінің даму ерекшеліктерін ба-
рынша ескеру ұстанымын қатты ұстанады. Осыларды еске-
ре отырып, қазақ тіліндегі ғылым саласының осы ғасырдың 
10-шы  жылдарында  пайда  болғанын,  оның  негізін  А.  Бай-
тұрсынұлы қалағанын айтқымыз келеді.
А.  Байтұрсынұлының  тағы  бір  аса  маңыз  берген  мәсе-
лесі  –  қазақ  тілін  оқытудың  әдістері.  Бұл  жайында  ол 
жиырма  жылға  таяу  уақыт  бойы  дерлік  талмай  ізденіп, 
түбегейлі  толғамдарын  сол  кездегі  баспасөз  беттерінде  үз- 
діксіз жариялап отырған. Атап айтқанда, 1910 жылдан бас-
талған тәжірибесін жинақтап, 1920 жылы «Баяншы» деген 
атпен  шағын  кітапша  етіп,  Қазаннан  шығарады.  Ал  келесі 
1921 жылы осы тақырыпты сөз ететін тағы бір әдістемелік 
құралын Ташкент баспасынан бастырады.
А.  Байтұрсынұлының  еңбек  жолына  үңілсеңіз,  оның 
ылғи  да  бір  жүйелі  мақсат  көздеп  отырғанын  байқайсыз. 
Басты  да  әуелгі  мақсаты  –  қазақ  баласының  сауатын  ашу 
болса,  соны  іске  асыру  үшін  алдымен  «Оқу  құралын», 
«Әліпбиді» жазады. Тілді тереңірек түсіндіріп баяндау үшін 
«Тіл-құралын»  түзеді.  Ал  «Тіл  жұмсарын»  алсаңыз,  өзінің 

21
аты  көрсетіп  тұрғандай,  онда  ана  тілін  дұрыс  қолданып, 
дұрыс  тұтынудың  жолдарын  қарастырады.  «Баяншыны» 
оқысаңыз,  тіл  үйретудің  жүйелі  әдістері  баяндалады,  осы-
лай мәселеге жүйелі келудің нәтижесінде сауат ашу барысы 
әлдеқайда  шапшаң,  анағұрлым  жедел  де  жүйелі  жүргізіл-
гені мәлім. Сонда, өзінің алдында таза қазақ тілін оқытудың 
үлгі  етерлік  ешбір  нұсқасы  болмаған  жағдайдың  өзінде, 
оқыту жайын осыншама терең біліктілікпен, барынша сауат-
ты жүйелегеніне таңғалмауға бола ма! Басқа еңбектерін бы-
лай қоя тұрып, осынысының өзімен-ақ ол қазақ халқының 
мәдени тарихында өшпес із қалдырары даусыз еді.
Қазақ тілі жайында А. Байтұрсынұлынан бұрын да зерт-
теулер  болған.  Бірақ  бәрі  де  орыс  тілінде  жазылған  еді. 
Олардың бірде-бірінде (И.И. Ильминский, П.М. Мелиоран-
ский, т.б.) қазақ тілінің өзіне тән терминдік жүйесі туралы  
сөз де болмайды. Сондықтан бұлардың ешқайсысы да, өзін-
ше  құндылығына  қарамастан,  қазақ  тіл  білімінің  басы  ре- 
тінде қарастыруға келмейді. Осылармен салыстыра келген-
де  де  А.  Байтұрсынұлының  еңбектері  шоқтықтанып  шыға  
береді.  Міне,  сондықтан  да  Ахаңды  біз  қазақ  лингвис-


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет