Омоним сөздер-айтылуы, дыбысталуы бірдей, мағынасы әр түрлі сөздер



Дата14.03.2023
өлшемі35 Kb.
#74051

Омонимдер.

Омоним сөздер-айтылуы, дыбысталуы бірдей, мағынасы әр түрлі сөздер.


Сыртқы дыбысталуы жағынан омонимдер көп мағыналы сөздерге ұқсас келеді.Омонимдер мен мағыналы сөздердің айырмашылығы: көп мағыналы сөздер бір мағынадан тарағандықтан, түпкі мағынаның бірлігі сақталады,бір сөз табына қатысты болады, омоним сөздер мағыналары жағынан бір-бірінен алшақ болады әрі бір сөз табына жататын сөздер ғана кірмейді, олар әр сөз табынан құрала береді.
Мысалы: жүз.
1) Жүз кітап-заттың санын білдіретін сөз.
2) Жүзі жарқын –бет-әлпетті, түрді білдіретін зат есім.
3) Пышақтың жүзі-пышақтың қайралған, өткір жағы.
4) Суда жүзі-қимыл мағынасындағы сөз.
Омонимдердің жасалу жолдары
1. Түбір сөзге жұрнақ жалғану арқылы : кір+іс.
а) Жұмысқа кіріс –жұмысты баста, істе мағынасындағы етістік.
ә)Кіріс –табыс деген мағынадағы зат есім.
2.Сөздердің фонетикалық өзгеріске ұшырауынан пайда болады: бігіз.
а) Біз-тігін құралының көне дыбысталуы ықшамдалып, біз формасына айналған.
ә) Біз-жіктеу есімдігі: Біз аулаға кірдік.
3.Басқа тілден енген сөздер мен қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің омоним болуы: мата.
а) Кездеме мағынасын беретін араб тілінен кірген сөз.
ә) Байлау мағынасындағы қазақ тілінің сөзі.


Синонимдер.

Мағыналары жағынан бір-біріне жуық, дыбысталуы әр түрлі сөздерді синонимдер деп атайды.


Синонимдердің негізгі белгілері
1.Сөздердің дыбысталуы әр алуан болуы тиіс.
2.Сөздер бір мағына төңірегінде болуы шарт.
3.Бір сөз табына ғана қатысты болуы керек.
4.Сөйлемде сөзді синонимдес сөзімен ауыстырған жағдайда бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы тиіс(ел, халық, халайық, жұрт, әлеумет, көпшілік, қауым): Жиылған ел (жұрт, қауым, әлеумет, көпшілік, халық, халайық) төраға сөзін ұйып тыңдады. Осындағы ел, жұрт, қауым, әлеумет, көпшілік, халық, халайық-сөз табында зат есім, кім?деген сұраққа жауап береді, сөйлемде бастауыштың қызметін атқарып тұр.
Сөздердің барлығы дерлік бір-біріне синонимдес бола бермейді. Тілде сөз таптарынан, яғни зат есім, сын есім, етістіктерден болған синонимдер жиі кездеседі. Кез келген тілді алатын болсақ, мағыналары жағынан бір-біріне тең, мағыналары бірін-бірі ауыстыра алатын сөздер. Синонимдес сөздердің өзара мағыналық жақындығы, сондай-ақ тек әр түрлі сөйлем ішінде айқындалатын мағыналық айшықтары да болады. Мысалы: күшті адам.
Тіркестегі күшті сөзін қайратты, мықты, әлді, қарулы деген сияқты мағыналары жағынан жақын сөздермен ауыстыруға болады. Ал қазіргі қазақ тілінде кең қолданылатын көрікті, келбетті, ажарлы, өңді, көркем, әдемі, сұлу секілді сын есім сөздер синонимдес болғанымен, кез келген зат есіммен барлығын тіркестіре алмаймыз. Мысалы: сұлу немесе әдемі құлын деуге болады, ал өңді құлын дегенде тіркеспейді.
Тілдегі синонимдес сөздер лексиканың белгілі бір арнасына қарай қолданылады. Оларды жалпы халық тілінде, көркем әдебиетте, ғылыми тілде т.б.қолданылуы жағынан саралап бөлуге болады.
Синоним сөздер мағыналарының жалпы жақындығына қарай бір топқа жинақталуы синонимдік қатар деп аталады.
Синонимдік қатар жасалғанда таңдап алынған сөзге мағына жағынан ең жақыны, мәндесінен басталып жазылып, бірте-бірте толықтырыла береді. Осы жүйеде алғашқы таңдалып алынған сөз бен соңғы сөз арасында мағына жуықтығы да алыстай түседі.
Тілде дара сөзге тұрақты сөз тіркестері де синоним бола алады. Мысалы: жүрегі ұшу, жүрегі зу ету, төбе шашы тік тұру, қорқу, шошу, үрейлену т.б.


Антонимдер.

Тілдегі мағыналары бір-біріне қарама-қарсы сөздерді антонимдер дейміз.


Мысалы: жақсы-жаман, ескі-жаңа, бар-жоқ.
Сөздердің барлығына бірдей антоним сөз табыла бермейді. Мысалы: дәптер, қалам, бала сөздерінің антонимдері жоқ. Антоним болатын сөздер көбіне сапалық белгіні білдіретін сын есімдер мен қимыл-әрекетті анықтайтын етістіктерден болады.
Антонимдес сөздер бір сөз табына қатысты. Мысалы: өтірік-шын( зат есім),
жоғары-төмен(үстеу), ақ-қара(сын есім).
Антоним және жұрнақ арқылы немесе негізгі сөз және көмекші сөз тіркесі арқылы жасалған болымды-болымсыздық мағынаны теңестіруге болмайды.
Тілде бір-бірімен жұптасып, үнемі қандай мәнде қолданылса да, антонимдес жұп құрайтын сөздер болады.Мысалы: дұрыс-бұрыс, үлкен-кіші, пайда-зиян т.б. Сонымен бірге бір сөз әр мағынасында әр түрлі сөздермен антонимдес болуы мүмкін. Мысалы: ашық-жабық. Бұл қатардағы ашық
сөзі жасырын, тұйық сөздерімен де (ашық дауыс-жасырын дауыс, ашық адам-тұйық адам) антоним бола алады.
Антонимдер –ойды әсірелеп, бейнелеп, сөзге зат, құбылыс, сапа, белгі, қимылды білдіретін сөзді қарама-қарсы жарастыра, қатар қою арқылы дәл, нақты ашудың құралы. Көркем әдебиетте, әсіресе поэзияда, халықтың мақал-мәтелдерінде көп кездеседі.Мысалы : Үлкенге-ізет, кішіге-құрмет.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет