Орфография (лат. orthographia, грек ὀρθός – дұрыс, γράφειν – жазу) – сөздерді дұрыс жазу ережелерінің жиынтығы және оны қарастыратын тіл білімінің бір саласы. Орфография дыбыстарды (фонемаларды) әріппен таңбалауды, сөздерді, оның бөлшектерін бірге, бөлек немесе дефис арқылы жазуды, бас әріптердің қолданылуын, тасымал тәртібін белгілейді. Орфография емле-ережелер мағынасында да қолданылып, дұрыс жазу тәртібін де реттейді. Мұндай ережелер:
фонематикалық,
фонетикалық,
тарихи-дәстүрлі,
айырым қағидаларына негізделеді.
Фонематикалық қағида көп жағдайда морфологиялық қағидаға сәйкес келеді, мұнда белгілі бір фонемалық түрленімдер әліпбидегі бір ғана әріппен белгіленеді.
Мысалы, басшы (башшы емес), түнгі (түңгі емес), саудагер (сәудегер емес). Фонетикалық қағида бойынша сөз бөлшектерінің дыбыстық өзгерістері есепке алынып, айтылуы негізінде (естілуінше) жазылады. Қазіргі орфографиялық ереже бойынша кейбір жалқы есімдердің сыңарлары фонетикалық қағидаға негізделген (Ботагөз, Амангелді т.б.).
Тарихи-дәстүрлі қағида жазу-сызуы бір графика негізінде қалыптасқан, өзгеріске түспеген тілдерге тән (ағылшын, француз т.б.). Қазақ жазуында әліпби жиі ауысып отырғандықтан, бұл қағида сирек қолданылады.
Мысалы, тарих, халық, хикая, қаһарман т.б. сөздердің жазылуы осы қағидаға негізделген.
Айырым қағидасы бойынша дыбыстық құрылымы ұқсас сөздер шартты түрде орфография арқылы ажыратылады: қан – хан, қауып – қауіп, өкімет – үкімет т.б. Сөздердің бөлек не бірге жазылуы түрлі лексика-грамматикалық топтарды қамтиды да, сөзді, сөз тіркесін, күрделі сөздерді бір-бірінен ажыратып тұрады.
Мысалы, ақтаңдақ (сөз) – ақ таңдақ жер (сөз тіркесі). Сондай-ақ сөйлемнің басында тұрған сөздер мен жалқы есімдер бас әріппен таңбаланады. Сөздерді тасымалдау ережесі қазақ орфографиясында сөздің буын жүйесіне негізделген.
Белгілі бір сөздер мен сөз тіркестерінің жазылуы және тыныс белгілерінің дұрыс қойылуы барысында профессор Р.Сыздықтың «Емле және тыныс белгілері» еңбегін және «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігін» басшылыққа аламыз. Қандай да болмасын мәтінде жиі жіберілетін қателерді келесідей топтастыруға болады: қазақ тілінің орфографиялық ережелерін сақтамаудан туындаған қателер; стилистикалық қателер; қазақ тілінің заңдылықтарын сақтамай орыс тілінен сөзбе-сөз аудару арқылы жіберілген қателер. Мұндай қателер тіл мәдениетінің төменгі деңгейін көрсетеді. Әрбір адам сөздің дұрыс жазылуын білмей жатқан жағдайда орфографиялық сөздікке жүгінеді. Бұл — әрбір халыққа тән сөздік. Орфографиялық сөздікте қазақтың әдеби нормасына сай сөздері, яғни жаңа және көне сөздердің, бірге және бөлек жазылатын сөздердің дұрыс жазылуы көрсетіледі.
2. Орфоэпиялық норма.
Орфоэпия (гр. 'orthos' – дұрыс, epos – сөз, сөйлеу) – сөздер мен сөз тіркестерінің дұрыс айтылу ережелерінің жиынтығы. Тілдегі сөздердің айтылуы мен жазылуы бірдей бола бермейді. Қазақ тілінің дыбыс үндестігіне сәйкес көптеген сөздер орфографиялық нормадан ауытқып айтылады. Мысалы, құлұн, өнөр, түңгү, Амаңгелді, көг гүл, айталады, ағиық т.б. Сөздерді дұрыс айту нормалары дыбыс үндестігіне, яғни ілгерінді, кейінді, тоғыспалы ықпал заңдылықтарына негізделеді. Сөздердің дұрыс айтылуы орфоэпия сөздіктерде көрсетіліп отырады. Орфоэпия нормада дұрыс сөйлей білу сөздің әуезділігін сақтауға мүмкіндік береді, сөз құлаққа жағымды естіледі. Орфоэпия тілдің ауызша сөйлеу нормаларын реттеп отырады. Әр тілдің орфоэпиясы сол тілдің басты фонетикалық заңдылықтарына сүйенеді. Мысалы: орыс тілінде сөздің дұрыс айтылуы, негізінде, екпінге байланысты болса, қазақ тілінде сингармонизм зандылығына байланысты.[1][2] Қазақ тілінің дыбыс жүйесінде, әсіресе дыбыс үндестігі ерекше орын алады. Кейбір зерттеулерде сөздің бірыңғай жуан немесе жіңішке, бірыңғай езулік немесе бірыңғай еріндік болып айтылуының фонологиялық мәні бар деп көрсетіледі. Мысалы, ен-сон-өн, іс-үн, үн т. б. сөздер бір-бірінен дискеретті бірліктер, яғни жеке фонемалар ғана емес, сөздің бірыңғай жуан немесе жіңішкелігі, езулік-еріндігі арқылы ажыратылып тұр. Сондықтан дыбыс үндестігі қазақ тілі орфоэпиялық негізгі нормаларының бірі болып табылады.
Сондай-ақ қазақ тіліндегі дауыссыздардың бір-бірімен үйлестілігі (ассимиляция) айтылуы: [башшы] басшы, [біссіз] бізсіз, [түңгү) түнгі т. б. орфоэпиялық норма үшін ерекше мәні бар. Орфоэпия ұлттық тілдің қалыптасуы мен дамуына тікелей байланысты. Мысалы, [ш]-мен с-йлеу: [шаш]—[чаш] емес, [ұш]—[үч] емес, [ж]-мен сөйлеу: [жарқын]—[джарқын] емес, [жақсы]— [джақсы] емес т. б. Сондай-ақ жалпыхалықтық тілде кездесетін "л" - "д" дыбыстық нұсқаларының маңдай (маңлай диал.) жылқылар (жылқыдар диал.) болып айтылуы ұлттық әдеби тіл нормаларының қалыптасуымен байланысты.
Қоғамдық өмірде шаршысөз (публичная речь) түрлерінің (театр, кино, радио-телевизия хабарлары т.б.) пайда болып, әлеуметтік мәнінің артуы орфоэпиялық нормалардың орнығып, ұлттық сипатқа ие болуын жеделдете түсті. Алайда қатаң дыбыстарды “сындырып”, “ұяңдатып” айту нормасы [қолғойды]—[қолқойды] емес, [кәсібодақ]—[кәсіподақ] емес, соңғы жылдарда әсіресе радиотелехабарларда әріп қуалай сөзді қалай жазылса, солай оқу дағдысымен байланысты бұзылып, "қатқылдата" дыбыстау жиі ұшырай бастады. Бұл жай орфоэпия тұрғысынан қазақ сөзінің әуезділігіне нұқсан келтіретін жағымсыз құбылыс, нормадан жөнсіз ауытқу деп табылады.
Əдеби тілдің ауызша түрі мен нормаларының өзіндік заңдылығы бар. Сөздің жазылу нормасы мен айтылу нормасы сəйкес келе бермейді, салыстырыңыз: жазылуда ақ отау, айтылуда [ағотау]; жазылуда шекара, айтылуда [шегара]; жазылуда қонақасы, айтылуда [конағасы]; жазылуда дөңбек, айтылуда [дөңбөк]; жазылуда көзсіз, айтылуда [көссүз]. Ауызша сөздің интонациялық ерекшеліктерін, кідіріс, сөз ырғағы мен бунақтарын сақтап, оларды орын-орнына қойып айту орфоэпиялық норманың негізгі шарттарының бірі болып табылады. Құрылымына, əуездік құрылымына қатысты мұндай шарттылық бұзылса, айтылған сөзді дұрыс ұғыну мүмкін болмай қалады. Айтылар ойдың айқын‚ түсінікті‚ көңілге қонымды құлаққа жағымды болуы көбіне бунақ екпінінің дұрыс қойылуына тікелей байланысты болса‚ екінші жағынан олардың (ырғақ‚ екпін) өзі айтылар ойға‚ мағынаға тəуелді екенін ескеру қажет.
Мəселен‚ сөз құрамы бірдей мына тіркестерді екі түрлі ырғақпен (екпінмен) айтып‚ екі түрлі түсінуге болады: қазағжерін сағынды – қазақ жерінсағынад, қонағүйгө кірді – қонақ үйгөгірді, ташшолға төселді – тас жолғатөселді, үйгүшіктің мекені – үй күшүктүңмекені, ағашүйдө ғой – ағаш үйдөғой, теміртəртіпті сақтады – Темір тəртіптісақтады жəне т.б. Мұндай тіркестерді кідіріссіз айтсаңыз бір мағына, кідіріспен айтсаңыз басқаша мəнге ие болады. Кідіріспен кідірістің арасы бунақ, яғни ырғақтық топ болады. Кідіріс дұрыс қойылмаған жағдайда сөздердің байланыс реті бұзылады да‚ тіл табиғи жарасымынан айырылады‚ құлаққа оғаш естіледі‚ əрбірден соң айтылған пікір көмескіленіп‚ кейде түсінікке ауыр болып кетеді. Мəселен‚ бір бунаққа енетін мынадай тіркестердің басқы сөзін бөліп айтып көрейік: ташшүрөгеді – тас жүрөгеді, таскененігөрді– тас кененігөрдү, тауешкігежолұқтұ – тау ешкігежолұқтұ, баспармақсызғалды – бас бармақсызғалды, жаңғалтағасалды – жан қалтағасалды, ағашқасықтыұстады – ағаш қасықтыұстады. 3. Лексикалық норма.
Лексика (грек. лексикос — сөздік) — тілдегі сөздердің жиынтығы, сөздік құрам. Лексикаға тілдегі барлық сөздер кіреді. Сөздер қолданылуына қарай актив және пассив болып бөлінеді. Актив сөздерге күнделікті өмірде жиі қолданылатын сөздер жатады. Ал пассив сөздерге қолданылу өрісі шектеулі көнерген сөздер, диалектілер мен кәсіби сөздер, терминдер жатады. Қазақ лексикасы шығу тегі жағынан төл сөздер мен кірме сөздерден (араб-парсы, орыс т.б.) тұрады. Сөздер стильдік қызметіне байланысты бейтарап лексика, сөйлеу тілінің лексикасы, жазба тіл лексикасы деп бөлінеді. Бейтарап лексикаға барлық стильде қолданылатын жалпыхалықтық сөздер жатады: дала, еңбек, көл, таза, екі, жаңа т.б. Сөйлеу тілінің лексикасына тұрмыстық қарапайым сөздер, варваризмдер, әдеби тілде сөйлеу лексикасы жатады. Жазба тіл лексикасына көне дәуір кітаби лексикасы мен қазіргі кітаби лексика жатады. Мазмұнына қарай лексика: 1) есім және шылау сөздер; 2) абстракт сөздер; 3) синонимдер; 4) антонимдер болып бөлінеді. Сипаты мен көрінісі жағынан лексика былайша сараланады: 1) омонимдер; 2) омографтар; 3) омофондар; 4) омоформдар. Лексика атауы тілдің сөз байлығы деген ұғыммен қатар қаламгер тілі, көркем шығарма тілі деген ұғымды да білдіреді. Мыс., Абай тілінің лексикасы, Сұлтанмахмұт тілінің лексикасы, батырлар жырының лексикасы, т.б. “Лексика” деген сөз жер жүзіндегі халықтар тілінің көпшілігінде термин болып қалыптасып кеткен. Біздің тілімізге ол орыс тілі арқылы келіп орнықты. Осы лексика деген терминнің ұғымына тілдің жергілікті ерекшелігі де, сол бір тілдің диалектілері де енеді. Лексиканың құрамына енген сөздерді тексеретін ғылым – лексикология, мағыналарын тексеретін – этимология, сөздік жасау, сөздерді жүйелі түрде жинау ісін тексеретін – лексикография кіреді. Бұған фразеология да іргелесіп отырады. Қатынас құралы ретіндегі тілдің сөздік құрамына және лексикалық единица ретіндегі сөздің табиғатына қатысты жалпы лингвистикалық проблемалар бар. Олардың қатарына тілдің лексика-семантикалық жүйесі туралы мәселе, тілдік бірліктердің ішінде сөздің алатын орны, сөзге тән басты белгілер, сөз бен ұғымның ара қатынасы, сөздің лексикалық мағыналарының түрлері, сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналарының ара қатынасы мен байланысы, лексикалық минимум және т. б. мәселелер енеді. Әлемдегі кез келген тілдің сөздік құрамы, өздерінің ежелден келе жатқан төл сөздерінен және басқа халықтардың тілдерінен енген кірме сөздерден тұратындығы белгілі жайт. Халықтардың тарихи, экономикалық және мәдени байланыстары, өмірдің түрлі саласындағы құбылыстар тілдің сөздік қорына ықпал етіп, түрлі оқиғаларға байланысты сөздерді куә етіп қалдырып отырады. Сол секілді халқымыздың басынан кешірген сан қилы тарихи фокторлардың тілімізге тигізген әсері де әр түрлі болған. Түркі тіліне араб элементтерінің енуіне түркілердің ислам дінін қабылдауы едәуір әсер еткендігі сөзсіз. Ислам дінінің түркі топырағына жетуі VIII ғасырда басталғанымен оның кең етек жаюы X ғасырда Қараханиттер мемлекетінің тұсында болды. Бұл дәуірде Таяу және Орта Шығыс халықтарының мәдени өмірінде араб тілі халықаралық тіл қызметін атқарған болатын. Яғни, бір кездері Батыс Европа халықтарына латын тілі қандай қызмет атқарса, шығыс халықтары үшін де араб тілі сондай болды. Ал парсы сөздері түркі тайпаларының тіліне араб сөздерінен әлдеқайда ертеректе ене бастағанын тарихи деректер көрсетеді. Б.з.д. VI-IV ғасырларда Қазақстан территориясын мекен еткен сақ тайпаларының солтүстік тобы түркі тілдерінде сөйлесе, оңтүстік тобы көршілес тайпалармен иран тілі арқылы қарым-қатынас жасаған. Мәдениеті мен өнері дамудың біршама жоғары сатысына жеткен сақ тайпалары Персиямен тығыз қарым-қатынаста болған. Сондай-ақ VII-VIII ғасырларда Зеревшан, Қашқадария ойпатын мекендеген соғды тайпалары да түркі тайпаларымен қоян-қолтық араласып тұрған. М. Қашқари да Шығыс Түркістанның оңтүстігі мен Талас, Шу ойпаттарын мекен еткен соғдылардың екі тілде сөйлейтіндігін атап көрсеткен. Сонымен қатар Тараз бен Аққаланың (Сайрам) тұрғындары секілді Баласағұн қаласының тұрғындары да соғды және түркі тілдерінде сөйлейтіндігін айтады [5, 45]. Демек бұл тарихи деректер парсы сөздерінің түркі тілдеріне ене бастауы араб сөздерінен бұрын болғандығын растайды. Түркі тілдеріндегі парсы тілінен кірген сөздердің дені діни ұғымнан гөрі егін, су шаруашылығына, сауда-саттыққа, құрылыс істеріне, тұрмыстық салт-санаға, әдебиет пен өнерге байланысты. Тіптен ғалымдар парсы тілдерінде едәуір мөлшерде араб элементтерінің бар екендігін және оларды тұла бойына әбден сіңіріп төл сөздеріне айналдырып жібергендігін, ал ол сөздердің түркі тілдеріне парсы тілі арқылы енгізгендігін де айтады.
4. Грамматикалық норма.
Грамматикалық норма — тілдің грамматикалық амал-тәсілдерінің, тұлғаларының, құралу тәртібінің дағдыға айналған, кеңінен қолданылатын қалпы. Тілдегі бірізге түскен грамматикалық тұлғалар мен амал-тәсілдердің дағдылы жұмсалу барысындағы мағынасы грамматикалық мағына деп аталады. Қазақ тілінің грамматикалық нормасына сәйкес түбірге алдымен жұрнақ, одан кейін жалғау жалғанады. Дегенмен мұндай нормаға бағынбайтын құрылымдар да болады. Мысалы: апаларым – апамдар, аталарым – атамдар. Бұл мысалдағы «аталарым мен апаларым» сөздері көптік мағынаны беріп тұрса, «атамдар мен апамдар» дегенде олардың жанындағы адамдардың барын білдіреді. Тек туысқандық қатынасты білдіретін ата, әже, көке, аға, апа сияқты зат есімдерге осындай қосымшаларды жалғауға болады. Грамматикалық норма морфологиялық және синтаксистік нормалардан тұрады. Морфологиялық нормаға сөздердің септелу, жіктелу, тәуелдену парадигмалары, сөз тудырушы, түрлендіру жұрнақтардың жалғануы, жалпы сөз тұлғаларының нормаға сай қолданылуы, тілдегі варианттылық мәселесі жатса, синтаксистік нормаға сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі, жай және құрмалас сөйлемдердің құрылымы, атаулы сөйлемдердің көрінісі кіреді. Көркем әдебиетте тілдік тұлғалар белгілі бір стильдік мақсатта пайдаланылған жағдайда грамматикалық нормадан ауытқу болады. Мыса лы: Жарғақ пен екеуіне ортақ қораға таяп келіп, енді атынан түсіп, ауыр саптама етігін әзер көтеріп басып, әбден жаураған денесімен қолайсыз илігіп, қора есігін ашпаққа еңкейе бергенде, үйден аспалы шамын көтеріп, Жарғақ шыға келді (Т.Нұрмағанбетов). Бұл сөйлемде автор қолданып отырған ашпаққа еңкейді сөз орамының нормадағы қолданылатын нұсқасы – ашуға еңкейді. Бұл көркем әдебиет стиліне, ауызекі сөйлеу стиліне тән құрылым. Абайдың «Ескі бише отырман бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» деген өлең жолдарындағы грамматикалық нормадан ауытқу өлеңнің әсерлілігін арттырып тұр. Келер шақ тұлғасындағы болымсыз етістікті грамматикалық нормаға сәйкес пайдаланса, өлеңдегі ырғақ пен ұйқас бұзылар еді. Сондай-ақ отырман етістігіндегі -ман қосымшасы ерекше стильдік қызмет атқарып, істі істеуден үзілді-кесілді бас тартқандықты білдіреді. Әдеби тілдің грамматикалық нормаларына сөйлем мүшелерінің дұрыс орналасуы да жатады. Сөз өз орнында тұрмаса, сөйлемнің мағынасы өзгереді. Сөйлем құрағанда тілдің ішкі ережелерін ескеріп, әр сөзді орнына қойып айтудың үлкен мәні бар. Қазақ тілінде сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі тұрақты: баяндауыш сөйлемнің ең соңында, бастауыш сөйлемнің басында не ортасында, анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш өздері қатысты сөздерден бұрын тұрады. Тілдегі сөздер бір-бірімен қалай болса солай тіркесе салмайды, олардың арасында міндетті түрде мағыналық байланыс болуы шарт.
5. Пунктуациялық норма.
Пунктуация (лат. punctum - нүкте) – әдеби тілдің тыныс белгілерін зерттейтін тіл білімінің саласы. Пунктуациялық норма - ережеге байланысты тыныс белгісін қоймау немесе қажеттілігіне қарай қою. Тыныс белгісі – жазуда қолданылатын графикалық тәсіл. Пунктуациялық нормалар орфографиялық, орфоэпиялық нормалар сияқты тіл мәдениетін меңгертуде ерекше орын алады. Тыныс белгілерін дұрыс қоймау адамның тіл мәдениетінің төмендігін көрсетіп қана бермейді, мәтіннің мағынасын дұрыс түсінуге де кедергі келтіреді. Қазақ тілінде нүкте (.), нүктелі үтір (;), үтір (,), тире (–), сызықша (-), леп белгісі (!), сұрау белгісі (?), қос нүкте (:), көп нүкте (...) тыныс белгілері бар.
Пунктуация жазуда қолданылатын тыныс белгілерінің құрамын атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналарын және оларды қолдану ережелерін зерттейді. Қазіргі уақытта пунктуация тіл білімінің тыныс белгілері туралы, оларды қолдану ережелері ілім деген мағынаны білдіреді. Тіл дыбыстарының таңбалары сияқты, тыныс белгілері де графикалық шартты белгі болып табылады. Бірақ шартты белгі болғандарымен, атқаратын қызметтері жағынан да, қолданылатын орындары жағынан да бұл – екі бөлек категория. Әріп сөздің және оның формасының жеке дыбыстарын таңбалайды. Сондықтан ол — сөздің бір бөлшегі, жеке бір элементі болып есептеледі, де лексика мен морфологияға байланысты болады, яғни әрбір жеке сөзде қолданылады. Ал тыныс белгісі олай емес. Ол жеке дыбыс түгіл, тұтас сөзбен де беруге болмайтын күрделі ұғымды білдіреді. Мағыналарының күрделілігі жағынан алғанда, тыныс белгілері жазу тілінің көнерек заманында қолданылған пиктографиялық немесе идеографиялық белгілер тәріздес. Қолдану орны жағынан алғанда,тыныс белгілері, әріп сияқты, сөзде емес, сөйлеуде, сөйлемде қолданылады. Сөйлеудің, сөйлемнің қандай бөлшектерден құралғандығын, оларды қандай ырғақпен, қандай мәнермен, қандай сазбен оқу керектігін, қай жерде үзіліс, қай жерде кідіріс барлығын байқату қызметін атқарады. Сондықтан пунктуация сөйлеуге, сөйлемге, яғни синтаксиске, байланысты қолданылатын категория болып табылады. Пунктуация, емле сияқты, дұрыс жазудың, жазылғанды дұрыс оқып, дұрыс түсінудің құралы.Пунктуация жазылған мәтіннің мазмұнын, негізгі ойды дұрыс түсінуге, оны мәнерлеп оқуға мүмкіндік жасайды. Пунктуация – адамдар арасында қатынас құралы қызметін атқаратын жазу тілінің маңызды бір саласы. Сондықтан жалпы тіл, қала берді жазу тілі сияқты, пунктуация да жалпы халықтық болып табылады. Оны қолдануда болсын, оқып тануда болсын жалпы халық таныған заң, ережелер басшылыққа алынуға тиіс. Олай болмаған жағдайда, пунктуацияның әрбір белгісінің мәнін, атқаратын қызметтері мен қолданылатын орындарын тануда, білуде жазушылар мен оқушылар арасында бірлік болмаған жағдайда, тыныс белгілері өзінің қатынас құралылық қызметін атқара алмайды. Егер ол жазу практикасында орныққан, көпшілікке танылған заң, ережелерге сай болмай, теріс қолданылса, оқуды, түсінуді жеңілдету былай тұрсын, қайта оны қиындатады, теріс ұғымның, теріс түсініктің тууына себепші болады. Жазғанды, айтқан ойды басқалар қалай қабылдайды дегенді әр уақытта естен шығармаған жөн. Сөздерді дұрыс орналастырып айтпасақ, тыныс белгілерімен дұрыс бөліп жазбасақ, айтайын деген ойың теріс беріледі. Тыныс белгісі – жазу тілінің жазу мәдениетінің, әсіресе баспа ісінің, дами түскен кейінгі дәуірінің жемісі. Баспаның өркендеуі, оның халық арасына тарап, оқушылар санының артуы жазу мәдениетінің көтерілуін, жазудың жалпыға бірдей ортақ заңдарға, ережелерге негізделіп, бір жүйеге келуін талап етеді. Жазылған пікір оқуға оңай, түсінуге жеңіл болуы үшін, түрлі ықшамды ұсақ бөлшектерге бөлу, әр бөлшектің бір-бірімен мағыналық қатынастарын көрсету қажеттіктері туады. Сол қажеттіліктен келіп, тыныс белгілері пайда болады.