Ағартушының Н.И.Ильминскийге, В.В.Катаринскийге жазған хаттарынан Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясын» екі кітап етіп шығаруды жобалағанын байқаймыз.
1876 жылы 3 желтоқсанда Н.И.Ильминскийге жазған хатында былай дейді: «Бірінші кітабымды Паульсон кітабының құрастырылу тәртібімен жазып шыққалы отырмын. […] Екінші кітабымды мен балаларға қызғылықты етіп, табиғат құбылыстары, табиғат күштері туралы, тарихи және географиялық-ғылыми әңгімелер келтірмекпін».
1880 жылдың 4 сәуірінде В.В.Катаринскийге жазған хатында былай дейді: «Декабрь айындағы қиын сапардан кейін аяғымның сырқырап ауыра беруінің салдарынан қыстың денін сырқаттанумен өткіздім, сол мезгіл-мезгіл ауырған сырқатымның ара-арасында хрестоматияның екінші бөлімін құрастыра бастадым. Мұны бір-екі жылда аяқтайтын болармын. Хрестоматияның бұл бөлімінде мен мүмкін болғанынша толық түрде жаратылыс тарихы туралы, география, тарих туралы, аздап химиядан, физикадан, техникалық өндірістен түсінік бергім келеді. Қазақ халқының қазіргі жағдайында маңызы күшті болатын бұл еңбекті ойдағыдай орындап шығуыма құдай тек өмір мен күш беретін болсын, — мұны жақсылап қолдана білсек, бұл қазақ даласына көп өзгеріс енгізеді» деген екен.