Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін анықтаумен қатар, ол тәсілдерді термин жасауда пайдаланудың жарқын үлгісін көрсеткендігін оның қаламынан туындаған жүздеген терминдері дәлелдейді. Мәселен, ғалымның жұрнақ, жалғау, буын, шумақ, тармақ, рай, мүше сияқты терминдері семантикалық тәсілмен, жақша, сызықша, көсемше, есімше, дәйекші, буыншы, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш, әуреленіс, күліс, әлектеніс, әліптеме, зауықтама, мазмұндама, ермектеме, қорытпа, ұсынба, сұқтаныс, азаптаныс, жалғаулық, есімдік тәрізді көптеген терминдері морфологиялық тәсілмен, ал дауыссыз дыбыс, дауысты дыбыс, қатаң дыбыс, ұяң дыбыс, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қаратпа сөз, қыстырма сөз, мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, сын пысықтауыш, тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем, жалаң сөйлем сынды терминдер тобы синтаксистік тәсілмен жасалған.