Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері. Педагогика әдіснамасының басты міндеттерінің бірі зерттеу жұмысын әдіснамалық негіздеу болып табылады.
Ғылымда әдіснамалық негіздің келесі түрлерін бөліп қарастырады:
— ғылымның философиялық негізі (әлемнің философиялық бейнесі, философиялық–
дүниетанымдық, логикалық–гносеологиялық, құндылықты–нормативті ұстанымдар,
философияда құрастырылған теориялар мен категориялар);
— теориялық негіз (ғылымның белгілі бір саласының тұжырымдамалық идеялары);
— әдіснамалық негіз (зерттеудің әдіснамалық тұғырлары мен ұстанымдары, ғылымилық идеалы мен нормалары);
— логикалық негіз(формалды және диалектикалық логика заңдары, дәлел және аргумент ережесі);
— эмпирикалық негіз (ғылыми айғақтар, эксперимент нәтижелері, тәжірибелік-ізденушілік жұмыс).
Педагогикалық зерттеудің әдістері Ғылыми-педагогикалық танымның эмпирикалық әдістері. Зерттеу әдісі белгілі бір
ғылыми міндетті, амалдар мен рәсім-тәртіптерді орындауға бағытталған зерттеу әрекетінің нормативті моделі арқылы түсіндіріледі. Педагогикалық зерттеулерді ғалымдар эмпирикалық және теориялық деп бөліп қарастырады.
Эмпирикалық білім – зерттелетін пәннің нақты қасиеттері, фактілер, істің мән-жайы туралы білім. Бұл мәліметтер эмпирикалық деп аталатын танымның арнайы әдістерінің көмегімен алынады. Олардың қатарына байқау мен эксперимент енеді.
Байқау – жаңа педагогикалық құбылыстарды мақсатты түрде қабылдап, оларды бұрынғы қоғамның даму кезеңдеріндегі мектептер мен педагогикалық ойлардың даму сатыларындағы ұқсас құбылыстармен салыстырып, олардың араларындағы сабақтастықты, оқыту мен тәрбиелеу үдерісіндегі кемшіліктер мен жетістіктерін саралап дәлелдейді.
Әңгімелесу – қосымша ақпарат алуда педагог ғалымдармен, білім беру саласына еңбегі сіңген адамдармен алдын-ала күрделі мәселелерге байланысты, сұрақ-жауап түрінде әңгімелесу арқылы тиісті жауаптар алынып, жүйеленеді.
Сұхбат – бұл зерттеудің дербес және қосымша әдісі, байқаудың жетіспей жатқан және алған ақпараттардың толық болмау жағдайларында қолданылады.