Орыс тілінен аударған М. Мағауин



бет10/17
Дата12.04.2022
өлшемі431,78 Kb.
#30835
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17
Х тарау ДУАГЕРЛЕРДІ АУЛАУ

Лашығымызға жеткен кезде Инфадусқа ішке кір деген ишара жасадым.



  • Тыңда, Инфадус, – дедім мен үйге енген соң. – Біздің сенімен сөйлескіміз келеді.

  • Əмірші иелерім көңіліндегі сөзін айта берсін.

  • Инфадус, біздің байқауымызша, король Твала – мейірімсіз, қаражүрек адам сияқты.

  • Дəл солай, əмірші иелерім. Оның мейірімсіздігінен еліміз жаралы күйде жан даусы шығып жатыр. Бүгін түнде сендер өз көздеріңмен көп жайды көресіңдер. Бүгін – дуагерлерді аулайтын Ұлы саят түні. Көп адам ұсталып, өлімге кесіледі. Менің өмірім қатерден қағыс деп ешкім де айта алмаса керек. Егер король біреудің мал-мүлкін иеленгісі немесе өзіме теріс пиғылда, я бүлік көтермек деген сезікпен көзін жойғысы келсе, онда өздерің көрген Гагула немесе Гагуланың тəрбиесінен өткен басқа бір аңшы əйел иісін сезіп тұрмын, мынау адам

  • дуагер дейді, айтса – бітті, жаңағы адам сол арада өлтіріледі. Бүгін түнде айдың жүзі бозамықтанғанға дейін талай адам ажал табады.

Үнемі осылай болып келе жатыр. Бəлки, менің басыма да өлім төніп тұрған шығар. Күні бүгінге дейін пəле-қазадан аман келдім, өйткені соғыс ісіне жетіктігім бар, əскердің мені жақсы көретіні бар, бірақ енді қанша уақыт жан сақтап жүре алатынымды өзім де білмеймін. Халық король Тваланың қанды істерінен əбден запы болды. Ел оның табанының астында əл үстінде жатыр.

  • Онда, Инфадус, халық мұндай корольді неге тағынан құлатпайды?

  • О, жоқ, əміршім ием, корольдің аты король, оның үстіне, егер Твала өлсе, орнына Скрагга билік құрар еді, ал Скрагта өзінің əкесі Тваладан əрмен қаныпезер. Скрагга король болса, оның біздің мойнымызға кигізетін ажырғысы əкесі Твала кигізген ажырғыдан да ауыр болмақ, азабымыз арта түспек. Егер Имоту тірі қалса, егер оның ұлы Игнози қаза таппаса, бəрі басқаша болатын еді. Сорымызға қарай, бұл екеуі қазір тірілердің санатында жоқ.

  • Игнозидің өлгенін сен қайдан білесің? – деген дауыс естілді арт жағымыздан.

Бұл сөзді кім айтты екен деп таңырқап жалт қарастық. Омбопа боп шықты.

  • Не айтқың келеді, бала? – деді Инфадус. – Батылың барып сөзге араласуың қалай?

  • Тыңда, Инфадус, – деді Омбопа. – Алдымен менің əңгімемді естіп ал. Бұдан бірнеше жыл бұрын осы елде король Имоту өлтірілді, ал оның əйелі Игнози деген ұлымен бірге аман қашып құтылды. Солай ма?

  • Солай.

  • Осы əйел мен бала тау арасында жүріп өліпті деседі. Рас па осы?

  • Бұл да рас.

  • Жақсы. Шындығында бəрі керісінше болды, шешесі де, баласы Игнози да тірі қалды. Олар таудан асып, əлдебір көшпенді тайпамен ілесіп арғы беттегі қалың құмнан өтті де, оты мол, суы мол өлкеге жетті.

  • Сен мұны қайдан білесің?

  • Тыңда. Олар сол бетінде бөгелмей жүре берді, жүре берді, ақыры кукуандармен туыстас амазулу халқы мекендеген жерге барды. Осы халықтың арасында қалтақтап тіршілік етіп, біраз өмір сүрді.

Күндердің күнінде шешесі өлді. Ер жеткен Игнози елден ел кезіп жүріп, ғажайып сиқыр жайлаған өлкеге, ақ адамдардың арасына барып жетті. Ол елде əлденеше жыл тұрды, ақ адамдардың даналығын үйренді.

  • Айтып тұрғаның – таң қаларлық хикая, – деді Инфадус шүбəлі үнмен.

  • Игнози көп жыл бойы сол ақ адамдардың арасында тұрды, – деді Омбопа сөзін сабақтап. – Қызметші де болды, жауынгер де болды, бірақ туған елі туралы анасы айтқан əңгімелердің бəрін көкірегінің терең түкпірінде аялап сақтады. Ажал уақыты жеткенде өз еліне қайтып, туған халқын, əкесі тұрған үйді көру жолында не түрлі амал- айлалар ойластырды. Көп күтті ол, ақыры сəтті кезең туды, тағдыр оны осы белгісіз құпия елді іздеп тапқысы келетін ақ адамдармен табыстырды. Жоғалып кеткен кісіні іздеп сапарға шыққан ақ адамдар жүре берді, жүре берді. Бетпақ шөл, қайнаған ыстық құмды кесіп өтті, көкке тірелген биік, басы ақ қар көк мұзға бөленген суық тауды асып түсті, сөйтіп Кукуан Еліне жетті де, мына сенімен кездесті, о Инфадус.

  • Сөз жоқ, сенің ақыл-есің түзу емес, – деді естіген сөздеріне қатты таңырқаған қарт жауынгер. – Əйтпесе бұлай сөйлемес едің.

  • Бекер олай ойлайсың. Бері қара, көзіңді жеткізейін, о, менің əкемнің інісі. Кукуан Елінің заңды королі Игнози – менмін.

Солай деді де, Омбопа екі санның арасы арқылы белге буылған мата тізкиімін жұлып алып, біздің алдымызда тыр жалаңаш күйде қалды.

  • Бері қара. Білемісің, мынаның не екенін? – деді ол бөксені орай, теріге сіңіре көк бояумен салынған Ұлы Жыланның суретін көрсетіп. Иретілген құйрығы арандай ашылған ауызға енген бейнеде бүкіл денені орай шеңберленген жылан суретін көргенде Инфадустың көзі ұясынан шығып кете жаздады. Содан соң тізерлеп жерге құлай кетті.

– Куум! Куум! – деді ол құлдық ұра дауыстап. – Бұл – менің ағамның ұлы екен, король екен!

  • Əкемнің інісі-ау, мен де саған осыны айтпадым ба? Тұр орныңнан – мен əлі король емеспін, бірақ сенің арқаңда, өзімнің достарым – жаужүрек ақ адамдардың арқасында король болам. Кəрі Гагула дұрыс айтты – алдымен дария боп қан ағады; бұған қосарым – ет пен сүйектен жаратылған болса, бұл мыстанның өзінің де қаны төгілмек, өйткені соның орақ аузы, жел сөзінің əсерінен əкем қаза тапты, шешем қуғынға түсті, өзім жəбір-жапа шектім, жетімдік көрдім. Ал енді Инфадус, екінің бірін таңда. Тваламен бірге қаламысың, əлде менің жағыма шығып, білекке білек қосамысың? Қауіп-қатерді, барлық қиыншылықты менімен бірге бөлісіп, қанішер Тваланы түсіруге атсалысқың келе ме, жоқ па? Екінің бірін таңда.

Қария маңдайына қолын қойып, бір сəт ойланды. Содан соң орнынан тұрды да, Омбопаның, дəлірек айтсақ, Игнозидің алдына барып, жерге тізерлей отыра қалды.

  • Игнози, кукуан халқының заңды королі, мен сенің білегіңе білек қосуға əзірмін, – деді Игнозидің қолына қолын тигізіп жəне өле- өлгенше саған адал қызмет етем. Құртақандай сəби кезіңде сені өз қолыммен тербетіп ем, енді сол қолға, көпті көрген кəрі қолға қару алып, сен үшін, азаттық үшін айқасып бағам.

  • Жақсы айттың, Инфадус. Егер мен жеңіске жетсем, сен осы елде корольден соңғы ең басты адам боласың. Егер жеңілсем, небары басың ғана кетеді, ал сен онсыз да аз жасаған жоқсың, онсыз да ажалың жақын. Түрегел, менің əкемнің інісі. Ал, ақ адамдар, – деді Игнози енді бізге қарап, – сендер көмектесемісіңдер маған? Есесіне не ұсынады дейсіңдер ғой? Егер мен жеңіске жетсем, сосын əлгі жалтырақ

тастарды таба алсам, сендердің қолдарыңды қақпаймын, көтергендеріңше алыңдар. Бірақ қанағаттанамысыңдар осыған?

Мен Игнозидің сөзін аудардым.



  • Былай де, – деді сэр Генри, – оның ағылшындар туралы түсінігі қате. Байлық жақсы нəрсе, егер жолымызда алтын жатса, біз одан бас тартпаймыз, бірақ джентльмен ешқашан да дүние-мүлікке сатылмайды. Өз атымнан мынаны айтқым келеді. Омбопаны мен əу бастан жақсы көретінмін, өз басым оның ақ іс жолындағы күресіне атсалысуға əзірмін. Ана Твала диюмен есеп айырысу – мен үшін үлкен бақыт болар еді. Ал сіз не айтасыз, Гуд, сіз не дейсіз, Куатермэн?

  • Несі бар, – деді капитан, – бұл кісілер жақсы көретін əсіре қызыл тілмен асқақтата айтып беріңіз, төбелес деген жаман нəрсе емес, ұрыс- соғыс ер жігіттің жүрегін қашанда қуанышқа бөлемек. Сондықтан бар іс маған тіреліп тұрса, қам жемесін, мен қатерден бас тартпаймын, өз тарапымнан оған жалғыз-ақ шарт қоямын: шалбар киіп жүруіме рұқсат етсе екен.

Мен сэр Генри мен капитан Гудтың жауап сөздерін аударып бердім.

  • Рахмет, достарым, – деді Игнозиге айналған Омбопа.

  • Ал сен не айтасың, Макумазан? Жаралы буйволдан асқан дана, көпті көрген кəрі тарлан, сен де менімен бірге қаламысың?

Мен желкемді қасып, ойланып біраз тұрдым.

  • Омбопа, яғни Игнози, – дедім ақыры, – мен революция атаулыны жақсы көрмеймін. Мен бейбіт, тіпті сəл қорқақтау адаммын (бұл сөздің тұсында Игнози жымиып күлді) бірақ өзімнің достарыма адалдық сақтағым келеді. Сен бізге адал болдың, ауыр сапар үстінде нағыз ер адамға тəн мінез таныттың, сондықтан мен де сені қиындықта жалғыз қалдырмаймын. Бірақ жадыңа тұт, мен қарапайым аңшымын, еңбегіммен ғана күн көріп жүрген адаммын, сондықтан сенің асыл тастар туралы айтқан ұсынысыңды қабылдаймын, əрине, қазынаны қолға түсіру мүмкін болса. Содан соң, өзің де білесің, біз мұнда Инкубудің жоғалған інісін іздеп келдік. Соны табуға көмектесесің.

– Айтқандарың болсын, – деді Игнози. – Тыңда, Инфадус, – деді қарт жауынгерге қарап, сөзін одан ары сабақтап. – Денемді ораған қасиетті

жыланның атымен сұраймын, шыныңды айт: осы жерді əлдебір ақ адамның аяғы басты деп естіп көрдің бе?



  • Жоқ, о, Игнози.

  • Егер бұл өңірде əлдекім ақ адамды көрсе, немесе əлдекім ақ адам туралы естісе, бұл хабар саған да жетер ме еді?

  • Əрине, жетер еді.

  • Естимісің, Инкубу? – деді Игнози сэр Генриге қарап. – Ол бұл жерге келмеген.

  • Иə, иə, – деді сэр Генри ауыр күрсініп, – солай. Бұл жерге жете алмады ма деп ойлаймын. Бақытсыз Джордж!

Не керек, біздің бар еңбегіміз зая кетті. Бəрі де жаратушының еркінде!

  • Ал енді іс жайына көшейік, – дедім мен оның сөзін бөліп, қайғылы тақырыптағы əңгімені бұдан ары жалғастырғым келмей.

  • Əрине, Игнози, тəңір берген хақы бойынша король болған деген жақсы, бірақ сол хақыңды қалай жүзеге асырмақсың, қайтіп шын мəніндегі корольге айналмақсың?

  • Білмеймін, Инфадус, сенде əлдеқандай бір жоспар жоқ па?

  • Найзағайдан жаратылған Игнози, – деді қария, – бүгін түнде үлкен зікір жəне дуагерлерді аулау өткізіледі. Көп адамдар əшкереленіп, өлтіріледі, көп жұрттың көңіліне қайғы түнейді, көп жұрттың жүрегінде король Твалаға деген өшпенділік пен наразылық қалады. Зікір біткен кезде мен кейбір əскербасылармен келіссөз жүргізем, егер біздің жаққа шықса, олар өз кезегінде қоластындағы жауынгерлерімен тіл табысады. Əуелде мен əскербасылармен құпия сөйлесем де, сенің шын король екеніңе көзі жетуі үшін олардың бəрін осында алып келем. Менің шамалауымша, таң ата сенің қарауыңда жиырма мың жауынгер болады. Егер аман қалсақ, зікір біте салысымен осы арада қайта кездесіп, жақсылап кеңесейік. Біліп қой, істің сəті түскен жағдайдың өзінде бізді ауыр соғыс күтіп тұр.

Осы сəтте король елшілері келгендігін хабарлаған көтеріңкі дауыстар біздің кеңесімізді бөліп жіберді. Лашықтың есігіне барып, елшілерді ішке кіргізуге бұйрық бердік.

Бөгелместен ішке үш адам енді. Əрқайсысының қолында жалт-жұлт еткен бір-бір сауыт, бір-бір тамаша айбалта.



  • Менің əміршім – корольдің жұлдыздардан түскен ақ адамдарға арнаған тартуы! – деді оларды бастап келген сарай қызметшісі.

  • Корольге алғыс айтамыз, – дедім мен. – Бара беріңдер. Елшілер қайтып кетті.

Біз өзімізге тартылған жарақтарды қызыға қарауға кірістік.

Осыншама шеберлікпен тоқылған мұндай тамаша берен сауыттарды ешқашан көрмеген едік. Шығыршықтарының жіңішкелігі сонша, жинағанда сауыт қос алақанға сыйып кетердей ғана боп көрінді.



  • Инфадус, мұндай дүниені шынымен-ақ сіздің елде жасай ма? – деп сұрадым мен. – Қандай сұлу сауыт.

  • Жоқ, əмірші ием. Арғы аталарымыздан мұраға қалған нəрсе. Кімдер жасағанын біз білмейміз. Қазір мұндай сауыттар санаулы ғана, тек король нəсіліндегі адамдардың ғана киюге хақысы бар. Бұл сиқырланған себіл сауыттан ешбір найза өте алмайды. Мұны киген адамның басына соғыста көп қатер төне қоймайды. Король не əлденеге қатты риза болды, не əлденеден қатты қауіптенеді, əйтпесе бұл сауыттарды жібермес еді. Бүгін кешке киіп алыңдар, əмірші иелерім.

Күннің қалған уағын тыныш өткіздік. Дем алдық, қазіргі қатерлі хал- жағдайымыз туралы кеңестік. Шынын айту керек, мазасыздануға негіз бар еді.

Ақыры күн де батты. Жасауылдар жаққан мыңдаған от алаулады. Қараңғылықты жарып, құлағымызға сансыз аяқтың дүбірі естіледі, қарулардың соғысқан үні жетеді, бұл – ұлан-асыр зікірге дайындалу үшін өздеріне белгіленген орындарға қарай бара жатқан жасақтар.

Жарығы көздің жауын алып, он бесінен толған ай да туды. Біз айлы түн көркін тамашалап тұрған кезде Инфадус келді. Бар қару-жарағын асынып, мұздай киінген, қасында жиырма жауынгері бар. Бұлар – бізді зікір болатын алаңға бастап жүретін нөкерлер екен.

Инфадустың кеңесі бойынша, біз король жіберген сауыттарды киіп те алған едік.

Сауыт сыртынан өзіміздің күнделікті киімімізді кигеміз. Таң қаларлығы, сауыттар өте жеңіл боп шықты, əрі қимыл-қозғалысқа

бөгеті жоқ. Бұл болат берендер өз кезінде алып денелі адамдарға арналып соғылған болу керек, Гуд екеуміздің үстімізде көлкілдеп тұрды, бірақ еңгезердей сэр Генридің бойына құйып қойғандай қона кетті. Киім сыртынан белімізді буынып, белбеуге бір-бір тапанша қыстырып алдық. Король сауытпен бірге жіберген айбалтаны да белге байладық.

Таңертең өзімізді король қабылдаған краальге келдік. Ине шаншар жер жоқ, əскерге толып кетіпті. Жиырма мыңдай қол сапта тұр. Əр полк өз алдына қатар түзеген. Ал полктердің өзі отряд, отрядқа жіктелген.

Дуагерлерді іздеуші аңшылардың ілгерінді кейінді жүруіне арнап, отряд отрядты арасынан тар жол қалдырылыпты.

Мінсіз сап түзеп, қалт етпей тұрған, мұздай қаруланған мың сан əскердің түрі айдынды да айбарлы. Жауынгерлер міз бақпаған қалыптарында үнсіз тұр. Ақ сүттей төгілген ай сəулесі көкке шошайған сансыз найзаның болат сүңгісіне шағылысады, жауынгерлердің бастарындағы шашақты қауырсындарын, қолдарындағы əшекейлі ауыр қалқандарын нұрға бөлейді, олардың өздерінің еңгезердей алып тұлғасына бұрынғыдан да тұнжыраңқы кейіп береді.

Қай жаққа көз салсаңыз да найзалары көкке қарай шаншыла шошайған, жүздері түнерген қимылсыз, тілсіз əскер сапына көзіңіз түсер еді.



  • Əрине, бүкіл армия осы араға жинақталған болар? – деп сұрадым мен Инфадустан.

  • Жоқ, Макумазан, – деді Инфадус. – Бұл арада əскердің үштен бірі ғана тұр. Əдетте, жыл сайын мерекеге елдегі əскердің үштен бірі ғана қатысады. Ал үштің енді бір бөлігі далада, крааль сыртында тұр, бұл – қырғын басталған кезде бүлік шықпас үшін жасалған шара. Енді он мың жауынгер Луу төңірегіндегі қарауыл шептерінде гарнизон қызметін атқарады, ал қалған əскер бүкіл елдегі краальдарды күзетеді. Көріп тұрсың ғой, кукуандар – ұлы халық.

  • Бəрі де түнеріп қалған, – деді Гуд.

Шынында, осыншама көп адам жиналған жерде мұндай ауыр тыныштық кеудеден зіл басқандай, жаман əсер етіп тұр.

  • Бугван не дейді? – деп сұрады Инфадус. Мен Гудтың сөздерін аударып бердім.

  • Төбесінен Ажал көлеңкесі төнген адам түнермегенде қайтпек, – деді ол.

  • Көп адам қазаға ұшырай ма?

  • Өте көп.

  • Сірə, – дедім мен өзімнің серіктеріме қарап, – қаншама шығынға түсетініне қарамастан үнемі өткізіліп тұратын аса зор гладиатор ойындарына куə боламыз-ау.

Сэр Генридің денесі дір ете түсті, ал Гуд əлдебір сылтау тауып, бұл қызықты көрмей-ақ қойғанымыз жөн болар еді дегенді айтты.

  • Қалай ойлайсың, – дедім мен тағы да Инфадусқа қарап, – бізге қатер төніп тұрған жоқ па?

  • Білмеймін, əмірші ием. Сірə, олай емес шығар. Қайткенде де қорқыныш белгісін білдірмеңдер. Бұл түннен аман шықсаңдар, қалған шаруаның оңалып кетуі əбден ықтимал. Жауынгерлер корольге наразы.

Бұл əңгіме біз краальдің төріндегі бос алаңқайға қарай жүріп келе жатқан кезде болған еді. Өзімізге арналған орындықтар қойылған жерге жақындай бергенде король лашығы жақтан шыққан бір топ адамға көзіміз түсті.

  • Бұл – король Твала, оның ұлы Скрагга жəне кəрі Гагула, – деді Инфадус. – Ал аналар, – деді сосын корольдің соңынан еріп келе жатқан топты нұсқап, – жаналғыштар.

Жендеттер – түр-тұлғасы жан шошырлықтай қорқынышты, алып денелі он екі адам екен. Бір қолдарына найза, бір қолдарына ауыр кэрри (шоқпар) ұстаған.

Король қақ ортадағы сəкіге жайғасты. Гагула оның аяғының астына бүрісіп отыра қалды. Скрагга мен жендеттер корольдің артына кеп тұрды.



  • Сəлем сендерге, ақ адамдар! – деді біз тақаған кезде Твала дауыстап.

  • Орындарыңа отырыңдар, қымбат уақытты текке жібермейік, бүгін болмақ ұлы істердің бəрін атқарып шығу үшін көп уақыт керек, ал түн қысқа. Сендер сəтті сағатта келдіңдер, енді ұлан-асыр қызықтың куəсі

боласыңдар. Қараңдар, ақ əміршілер, жан-жақтарыңа қараңдар! Ол сапта тұрған полктерді бірінен соң бірін өзінің ызғар шашқан жалғыз көзімен шолып өтті. – Жұлдыздар сендерге осындай кереметті көрсете ала ма? Қараңдар, көңілінде қасастық, жүрегінде арамдық бар жандардың көктің кəрінен, адал жазадан жасқанып, қалт-құлт етіп дірілдеуіне қараңдар!

  • Бастаңдар! Бастаңдар! – деді Гагула өзінің жіңішке, ащы даусымен шіңкілдей айғайлап. – Шибөрілер ашығып қапты. Аш шибөрілер ұлып жатыр, тамақ сұрап жатыр! Бастар мезгіл жетті, мезгіл жетті!

Бір сəт ауыр тыныштық орнай қалды. Жақындап келе жатқан қорқынышты істің суық лебі есіп қоя бергендей.

Король өзінің найзасын көтерді, сол сəтінде жиырма мың аяқ бірдей жоғары көтерілді де, жерді солқ еткізіп, қайта төмен түсті. Осы қимыл үш мəрте қайталанды.

Содан соң əскер сапының алыс түкпірінен жеке дауыспен айтылған, термеге ұқсас əн естілді. Əн қайырмасы шамамен:


  • Екі аяқты пенденің дүниеден күтері немене? – деген мағына беретін.

Сол сəтінде осы қара нөпір боп тұрған топтағы жиырма мың адамның аузынан аһ ұра шыққан жауап естілді:

  • Өлім!

Бір отрядтан соң екінші отряд əнге қосыла берді, ақыры алаңда тұрған мың сан жауынгер тегіс күңірене шырқауға көшті. Сөздерін басынан аяғына дейін нақпа-нақ ажырата алмадым, бірақ бұл əнде адамның басына төнер қайғы, азап пен қызық, мұң мен қуаныш жайы айтылатынын анық ұқтым.

Кейде сырға толы махаббат күйі, кейде күңірене шыққан айбынды əскери əнұран ақыр аяғында қаралы жыр тəрізді боп естілген əн кенет көкіректі қарс айыра шыққан азалы əуенге ұласып, кілт үзілді.

Тағы бір сəт тылсым тыныштық орнады.

Кенет король қолын көтерді. Сол сəтінде топырлаған аяқ дыбысы естілді де, жауынгерлер сапының арасынан бітіс-бейнесі ерекше, түр- тұлғасы қорқынышты əлдебір махлұқаттар жүгіріп шығып, бізге қарай беттеді.

Жақындап келгенде көрдік, бұл келе жатқан – өңшең кəрі кемпірлер екен. Балықтың торсылдағы байланған аппақ бұрымдары желмен желбірейді. Беттерін сары жəне ақ сырмен жолақ-жолақ етіп əлеміштеп қойған. Иықтарына жылан терісін асып апты, ал белбеулеріне салпылдата байланған адамның жілік сүйектері саудыр- саудыр етеді. Əрқайсысы тарамыс қолына айыр басты кішкентай асатаяқ ұстаған.

Кемпірлердің ұзын саны он екен. Бізге жете бере қалт тұра қалысты. Сосын біреуі қолындағы асатаяғын өне бойы құрысқан Гагула жаққа нұсқап:



  • Ана, кəрі Ана! Біз келдік! – деді дауыстап.

  • Жөн! Жөн! Жөн! – деді көпшілік пайғамбары болып отырған қаусаған кəрі кемпір. – Изанузилер, қара түнекте күндізгідей көретін көздерің əлі қарақты ма, əлі қырағы ма?

  • Көзіміз қарақты, көзіміз қырағы, əз Ана.

  • Жөн! Жөн! Жөн! Ауыздан шығып үлгермеген сөзді ести білетін құлақтарың сақ па, изанузилер?

  • Құлағымыз сақ, əз Ана.

  • Жөн! Жөн! Жөн! Сезімдерің сергек пе, изанузилер, қан иісін жазбай тани аласындар ма? Корольге қастандық ойлаған, өзінің көршілеріне қастандық ойлаған қылмыскерлерден елді тазарта аламысындар?

Мына сендер, менің сырлы бидайымның дəмін татқан, сиқырлы бұлағымның суын ішкен сендер тəңір бұйырған адал жазаны жүзеге асыруға əзірмісіңдер?

  • Біз əзірміз, əз Ана!

  • Онда барыңдар! Бөгелмеңдер, қырандарым! Жаналғыштарға қараңдар, – Гагула біздің арт жағымызда түнеріп тұрған жендеттерді нұсқады. – Найзаларын қайрай берсін, шоқпарларын сайлай берсін. Алыстан келген ақ адамдар қызық көргісі келеді. Барыңдар!

Түрінен адам шошырлық кемпірлер жантүршігерлік айқайға басып, күлпарша боп сынған қауашақтың жарықшақтарындай быт-шыт боп, мыстанның бұйрығын орындау үшін жан-жаққа тұра жүгірді. Беліне байланған сүйектері саудырлап, мың сан адам сап түзеп тұрған шеңбердің тұс-тұсына бет алып барады.

Біз бұлардың бəрін бірдей бақылай алмадық. Тек біреуінің, өзімізге басқалардан гөрі жақынырақ жүрген изанузидің ғана қимыл-əрекетін қадағалап тұрмыз.

Кемпір жауынгерлерге бірнеше қадам қалғанда қалт тұра қалды да, алапат биге басты. Көз ілеспестей шырқ көбелек айналып, айқай салып жүр: “Иісін сездім зұлымның!” дейді. “Жақын жерде тұр ол! Өз анасын улаған сұм!”. “Корольге жамандық ойлаған қаскүнемнің кім екенін білдім!”

Уақыт өткен сайын зікір қыза түсті, əбден арқасы қозған Изанузи тістері шықырлап, екі езуінен ақ көбік ақтарыла ағып, жақтарын қайшылап, көздері ұясынан шыға ойнақтап, бар денесі қалш-қалш етіп, адам көргісіз кейіпке енді.

Кенет биші оқыс бөгелді де, із кескен аңшы иттей бұқпантайлап тұра қалды. Содан соң асатаяғын алға қарай созып, ұрлана басып, сапта тұрған жауынгерлерге жақындай берді.

Изанузи сапқа жақындаған сайын манадан бері міз бақпай тұрған жауынгерлердің құты қаша бастағанын, олардың жартасқа соғылған толқындай лықси кейін серпілгенін аңдадым. Ал біздің өзіміз жүрегіміз тас төбемізге шыға мелшиіп тұрмыз.

Ақыры, Изанузи бірде еңбектеп, бірде төрт тағандай жылжып, жауынгерлердің алдына жетті де, аң көрген итше сəл бөгелді. Содан соң тағы да екі қадам алға басты.

Іс аяғы шұғыл болды. Орнынан айқайлай атып тұрған кемпір өзінің айыр асатаяғымен ұзын бойлы, еңгезердей жауынгерді түртіп көрсетті. Сол мезетте-ақ қасында тұрған екі жолдасы əлгі жауынгерді екі қолынан ұстап, корольге қарай алып жүрді.

Жауынгер ешқандай қарсылық жасамады. Найзасы қолынан түсіп кетті. Бейнебір ағаш боп қалғандай, аяғын əрең басып келе жатыр, қолы өліктің қолындай жансыз салбырап кеткен.

Межелі жерге жете бергенде, жендеттер тобынан екі адам шықты. Құрбандығының қасына барған соң екеуі жарлық күткен адамдай, корольге қарап тұра қалды.



  • Өлсін! – деді король ызалы үнмен.

  • Өлсін! – деді Гагула шіңкілдеп.

  • Өлсін! – деді масаттана жымиған Скрагга алдыңғы сөздерді жаңғырықша қайталап.

Бұл сөз айтылар-айтылмастан қорқынышты іс жүзеге асырылып та қойды. Жендеттердің бірі қолындағы найзасын құрбандықтың қақ жүрегіне бойлата сұқты, ал екіншісі зілдей шоқпармен бір салып, онсыз да кеудесінен жаны шыққан сорлының бас сүйегін қақ айырды.

  • Біреу! – деді Твала.

Жендеттер өлі денені анадай жерге сүйреп апарып, лақтырып тастады. Алғашқы құрбандықтың көзі жойылар-жойылмастан, бейне қасапханаға бұйдаланып əкелінген бұқадай жетектеп, екінші бір сорлыны алып келді. Үстіне жамылған қабылан жақысына қарап, біз бұл кісінің мансабы зор, белгілі адам екенін аңдадық.

Сол сəтінде тағы да қорқынышты үкім естілді, қабылан жақылы кісі бұ дүниеден аттанып кете барды.



  • Екі, – деді Твала.

Қанды қырғын жалғаса берді. Ұзамай-ақ біздің арт жағымызға қатар- қатар тізіліп қойылған өліктердің саны жүзден асты.

Мен Римде болған гладиаторлар соғысы, Испанияда өткізілетін бұқамен сайыс туралы көп естідім, бірақ қорқыныштылығы жағынан бұлар Кукуанстандағы дуагерлер аулау салтының ширегінен де келмейді деп нық сеніммен айта алам. Қайткенде де гладиаторлар соғысы мен бұқа сайысы көрермендер үшін ойын іспеттес қой. Ал мынау ше? Тіпті өліммен ойнауды ермек еткен жаужүрек адамдар да бұл төңіректен аулақ жүруге тырысар еді, өйткені “келесі нөмірде” дəл өзінің ортаға шықпасына кім кепіл.

Бір жолы шыдай алмай орнымыздан тұрып, қарсылық білдірмек те болдық, алайда Твала бізді тыйып тастады.


  • Адал үкім орындалсын, ақ адамдар, – деді ол. – Бұл иттер тегіс қылмысты дуагерлер, олардың ажал табуы əділ де орынды.

Корольдің бар айтқан сөзі осы-ақ болды.

Сағат он жарым шамасында үзіліс жасалды. Дуагерлерді аулаушы изанузи кемпірлер бір жерге жиылды. Біз бұлар өздерінің қанды жұмысынан шаршаған шығар, ойын осымен біткен болар деп ойлағамыз. Бірақ олай болмады.

Кенет біздің бəрімізді таң қалдырып, кəрі Гагула өзінің манадан бері бүрісіп отырған орнынан тұрды. Таяққа сүйене сүйретіліп, біз отырған ашық алаңға шықты. Кəріліктен екі бүктеліп кеткен құзғын басты сұмпайы мыстанның түр-тұлғасы адам жиіркенерліктей. Бірте-бірте жыны қозып, манағы сұмпайы шəкірттерінен əрмен шырқ көбелек айнала билеп, зікір ойнай бастаған кезде ол мүлде жаншошырлық кейіпке түсті.

Аласұра билеп, ызыңдап əлдебір əнге басып, ілгерінді-кейінді шауып жүр.

Кенет Гагула саптағы полктердің бірінің басында тұрған адамға қарай тұра ұмтылды. Əскербасыға асатаяқтың ұшы тиген сəтте оның қарауындағы жауынгерлер бір ауыздан ыңырана күрсінгендей болды. Əйткенмен ешкім қарсылық көрсеткен жоқ, екі адам құрбандықты ортаға алып, ажал орнына қарай жетелей жөнелген.

Кейін білдік, бұл – ел ішінде беделді əрі жұрттан асқан бай адам екен, корольдің өзінің немере інісі боп шықты.

Бұл кісі де өлтірілген соң король ұзын саны қанша адам жазаға тартылғанын əйгіледі: жүз үш адам құрбанға шалыныпты.

Бұдан соң Гагула ілгерінді-кейінді секектеп, қайтадан билей жөнелді. Бірте-бірте бізге қарай жақындай берді.



  • Дарға асылып өлейін, осы бар өнерін бізге көрсеткелі келе жатыр! – деді Гуд үрейлі үнмен.

  • Бос сөз! – деді сэр Генри.

Ал менің өзіме келсек, шынымды айтайын, кəрі мыстан шайтан биге басып, зікір ойнап бері қарай жақындаған сайын зəрем ұша түсті.

Жүрегім тас төбеме шықты десем артық емес. Миы шашырап, қанға бөгіп, қатар-қатар боп қимылсыз жатқан өліктерге көзім түскенде буын-буыным қалтырап қоя берді.

Гагула зікір салған беті бізге бұрынғыдан əрмен жақындай түсті. Қу ағаштың тіріліп кеткен қисық бұтағы тəрізді. Көзі диюдың көзіндей, от шаша жалтылдайды.

Гагула бізге жақындай берді, жақындай берді.

Мың сан адам оның əрбір қимылын бағып, үрей үстінде меңірейіп тұр. Ақыры кəрі мыстан біздің қарсы алдымызға келіп, қалшиып тұра қалды.


  • Қайсымыз болдық? – деді сэр Генри өзімен-өзі сөйлескендей күбір етіп.

Келер сəтте ешқандай күмəн қалмады – кемпір лып еткен қозғалыспен Омбопа, яғни Игнозидің иығынан түртті.

  • Сездім, білдім, – деді кəрі мыстан қалш-қалш етіп. – Өлтіріңдер, жер қаптырыңдар тез – оның өне бойы толған зұлымдық. Өлтіріңдер мына

бейтаныс адамды, əйтпесе бұл үшін сел дария боп қан ақпақ. О, король, өлтір оны!

Бір сəт тыныштық орнады. Мен жағдайды пайдаланып қалдым.

– О, король! – дедім орнымнан атып тұра айғайлап. – Бұл адам – сенің меймандарыңның қызметшісі, сенің қонақтарыңның соңынан ертіп келген иті. Итіміздің қаны төгілсе, біздің де қанымыз төгілгені.

Меймандостықтың қасиетті рəсімі бойынша сұраймын сенен: қорға біздің қызметшімізді.



  • Бақсылардың анасы Гагула оның кім екенін сезді, – деді Твала түнеріңкі үнмен. – Ол өлуге тиіс, ақ адамдар!

  • Жоқ, ол өлмейді, – дедім мен. – Ол емес, оған тиісуге батылы барған адам өледі.

  • Ұстаңдар ана кісіні! – деді Твала күркіреп өзінің қасында, əрқайсысы ондаған жазықсыз жанның қанын арқалап түнеріп тұрған жендеттеріне.

Олар бізге қарай жүре берді де, батылдары бармай бөгеліп қалды.

Ал Игнози оңайшылықпен беріспейтін сыңаймен найзасын жоғары көтерген.



  • Қайт кейін, өңшең ит! – дедім мен айғайлап. – Егер ертеңгі күнді көргілерің келсе, қайтыңдар кейін! Маңына жуып байқаңдаршы, сол сəтінде корольдерің жалпасынан түссін!

Осылай дедім де, Твалаға тапаншамды кезендім.

Сэр Генри мен Гуд те тапаншаларына жармасты. Сэр Генри үкімді жүзеге асырғысы келіп, бір қадам алға басқан бас жендетке кезенді. Ал Гуд Гагуланы нысанаға алды.

Менің тапаншам даладай кең кеудесіне тұп-тура бағытталып тұра қалғанда Твала дір ете түскен еді.


  • Ал, – дедім мен, – енді не айтасың, Твала? Сонда ғана тіл қатуға шамасы келді.

  • Сиқырлы түтіктеріңді əрі тартыңдар, – деді ол. – Сендер маған меймандостық жөнімен өтініш айттыңдар, сондықтан да оған кеңшілік

жасаймын. Естеріңде болсын, сендердің құдірет-күштеріңнен қорыққандықтан емес. Төрт көздерің түгел қалпында қала беріңдер.

  • Жақсы, – дедім мен сабырмен. – Біз қан төгіске қарағаннан шаршадық. Енді дем алғымыз келеді. Зікір бітті ме?

– Бітті, – деді Твала түнеріп. – Мынау иттер, – қатарласа созылып жатқан өліктерді көрсетті, – ши-бөрілер мен құзғын қарғаларға жемге тасталсын. – Сөйдеді де, найзасын жоғары көтерді.

Сол-ақ екен, сапта тұрған полктер тұнжыраған үн-түнсіз қалпында бірінен соң бірі крааль қақпасына қарай беттеді. Іште, – сірə, бүгінгі түннің бейшара құрбандарының мəйіттерін шығарып тастау міндеттелген болса керек, – бір-ақ отряд жауынгер қалды.

Осыдан соң біз де орнымыздан тұрып, ұлы мəртебелі тақсырмен қоштастық та (король біздің қоштасу сөздерімізді жүрдім-бардым, сүлесоқ тыңдады) өзіміздің краалімізге қарай беттедік.

Лашыққа кірген бетте кукуандар пайдаланатын шырағданымызды жақтық. Бұл шырағданның білтесі құрма жапырағының бір түрінен жасалған, ал жер май орнына шыжғырып алынған гиппопотам майы қолданылады.



  • Сендерді білмеймін, – деді сэр Генри біз орнымызға отырған соң, – менің жүрегім лоблып тұр.

  • Егер менің көңілімде бұрын Омбопаның мына жексұрын дию-періге қарсы бүлік жасауына көмектесу керек пе, жоқ па деген аз-маз күмəн болса, қазір соның өзінің жұқанасы қалмады, – деді Гуд. – Қасап қырғын жүріп жатқан кезде орнымда əрең шыдап отырдым. Көзімді жұмып, не боп жатқанын көрмеуге тырыстым, бірақ көрмей тағы отыра алмадым. Дəл қазір Инфадус қайда болды екен, а? Омбопа, достым, сен бізге рахмет айтуға тиіссің, ит-құсқа жем болуға шақ қана қалдың.

Мен Гудтың сөздерін Омбопаға аударып бердім.

  • Мен сендерге алғыс айтам, – деді Омбопа. – Бұл жақсылықтарыңды ешқашан ұмытпаспын. Ал Инфадус қазір келеді. Күтейік.

Біз қалияндарымызды тұтатып, шылым тарта отырып, Инфадусты күтуте кірістік.


  1. тарау


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет