Орыс тілінен аударған М. Мағауин



бет15/17
Дата12.04.2022
өлшемі431,78 Kb.
#30835
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
Сүлеймен патшаның кеніші 8-12

БІЗ ИГНОЗИМЕН ҚОШТАСАМЫЗ


Біз жер астындағы тас қапастан құтылған əйгілі таңнан соң арада он күн өтті. Луудағы бұрынғы мекенжайымызда жатырмыз. Бір ғажабы, біз соншама азап өткелінен соң, көп ұзамай-ақ қайтадан адам қатарына қосылдық. Оңалып, таралып қалдық. Тек менің қайратты, көкбурыл шашым үңгірден шыққан кезде аппақ қудай болып кеткен екен.

Фулатаның өлімінен соң Гуд та мүлде өзгерді.

Бұл трагедияға көпті көрген көненің көзімен қарап, мен соның өзі жақсы болды деген пікірге келдім. Егер қыз өлмесе, екеуі үлкен қиындық алдында қалар еді. Сорлы Фулата қарапайым түземдік қыздың бірі емес, жұрттан асқан ғажайып сұлу əрі өте ақылды жан- тұғын. Алайда ешқандай ақыл, ешқандай көрік оның Гудпен қосылуына себін тигізе алмайтын еді. Қыздың өзі айтқандай, жарық

күн мен қараңғы түннің табыспайтыны сияқты, ақ түсті адамның қара түсті əйелмен қосылуы да мүмкін емес-ті.

Сүлеймен қазынасы тығылған қоймаға қайта енуге талап етпегенімізді айтып жатудың өзі артық. Тас қапастан құтылып, аз-маз ес жиған соң (бұған қырық сегіз сағат уақыт кетіпті) біз қайтадан кен қазылған апанға түстік. Өзімізді үңгірден алып шыққан үңгіртау аузындағы інді табамыз ба деп едік, ештеңе өнбеді. Біріншіден, бұл екі ортада жаңбыр жауып, біздің ізіміз өшіп қалған, екіншіден, алып шұңқырдың ішкі беткейі құмырсқа жегіш, шибөрі жəне басқа аңдардың інінен көрінбейтін. Өзіміздің нақты қай іннен шыққанымызды білу тіпті мүмкін болмады.

Лууға қайтар алдында сталактит үңгірінің ғажайыптарын тағы бір рет тамашаладық, тіпті əлдебір мазасыздық жетегімен, Ажал сарайына да кірдік. Ақ ажалдың жоғары көтерілген найзасының астынан өтіп, бір кезде біздің азат дүниеге шығар жолымызды бөгеген тас қабырғаға қарап ұзақ тұрдық. Бойымызды суреттеп айтып жеткізгісіз ерекше сезім билеген. Əрқайсымыз-ақ осы бітеу жартастың ар жағында жатқан ен қазына, құпия сырлы кəрі мыстан, сүйегі жеті қат жер астында қалған сұлу қыз туралы ойлаған едік.

Мен біз тас қабырғаға қарадық деп отырмын. Шынында да солай. Қанша іздегенімізбен, көтерілме есіктің ізін де, жымын да таба алмағанбыз. Ал оны қозғалысқа келтіретін құпия тетік туралы айтып жатудың өзі артық. Яғни тас қақпа сыры мəңгі бақи ұмытылды. Менің ойымша, бұл құпия тетік сол өзі жасалған заманға сай қарапайым да зор, ерекше бірдеңе болса керек. Дəл мұндай тетік əлемде басқа ешбір жерде қолданылмаған шығар.

Ақыры біз реніш, түңіліс үстінде бұдан арғы əурешілікті тоқтаттық. Тіпті алдымыздағы тас есік кенет көтеріліп ашылған күннің өзінде шелпек бой қалған Гагуланың сүйегін басып өтіп, қоймаға енуге ешқайсымыздың батылымыз жете қоюы неғайбыл еді. Жоқ, сансыз мол асыл тастарға ие болатынымызға анық көз жетіп тұрған күннің өзінде біз есіктен ары аттап баспас едік.

Əйткенмен де адамзат жаратылғаннан бері бір жерге жинақталған ең мол қазынаның жер астында қалып бара жатқанын ойлағанда, мен

ішім ашып, жыларман болдым. Бірақ не шара, қалыңдығы бес фут тұтас жартастан тек динамит қана жол ашуы мүмкін.

Сонымен, біз түк өндіре алмай, үрейлі жерден аулақ кеттік. Бəлки, болашақта, келер ғасырларда əлдебір бақытты адам кездейсоқтан құпия есіктің сырын біліп, “Сезам, ашыл!”1 деген сиқырлы сөздерді айтар да, жер жүзі базарларын асыл тастарға толтырып жіберер.

Алайда, менің ойымша, сан миллион фунт стерлингтік мол қазына толтырылған үш жəшік ішіндегі асыл тастар ешқашан жер бетіндегі ешбір сұлудың аппақ мойнына алқа боп тағылмаса керек. Бұл қазына заман ақырға дейін Фулатаның қураған сүйегімен көршілесіп, суық ажал жайлаған үңгірде саудырап жата беруге тиіс.

Өкініш, түңіліс үстінде уһілей дем алысып, келер күні Лууға қайта аттандық. Əйткенмен айта кету керек, мұнымыз үлкен күпіршілік еді. Сірə, оқушымның есінде болар, қоймадан шығар алдында, тəңірі дес беріп, əйтеуір зияны жоқ қой деген оймен мен өзімнің ескі күртемнің бар қалтасын асыл тастарға сықай толтырып алған едім ғой. Біз апан ішінде домалаған кезде бұл тастардың бірталайы түсіп қалыпты. Оның ішінде қалтаның үстіңгі жағына салынған əлгі ірі тастардың көпшілігі кетіпті. Əйткенмен қалғаны да аз емес еді, бұлардың ішінде салмағы отыз караттан жүз каратқа дейінгі аралықтағы он сегіз ірі тас бар. Иə, менің ескі аңшы күртемнің қалтасында біз үшеумізді жұрт асқан миллионер етпегенмен де, өте дəулетті адамдардың санатына енгізерліктей мөлшерде қазына қалыпты. Алмастың біразын ақшаға айналдырғаннан соң да біз Еуропада ешкімде жоқ асыл тастар коллекциясының иесі боп қалмақпыз. Сондықтан жолымыз болмады деп айту қате еді.

Лууға келген соң Игнози бізді жылы жүзбен қуана қарсы алды. Дені сау, көңілі хош. Шаруабасты екен. Өзінің өкімет билігін одан ары нығайту, Тваламен арадағы қанды шайқаста көп шығынға ұшыраған əскерді қайта жасақтап, толықтыру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

Біздің əңгімемізді демін ішіне тарта, қызыға тыңдады. Əйткенмен Гагуланың өлімі баяндалған тұста ойға батып отырып қалған.

Аздан соң:



  • Бері кел! – деп аулағырақта, біздің əңгімеміз естілмейтіндей жерде отырған сарай қызметкерлерінің ішінен бір қарт индунаны (ақсақалды) шақырды.

Қарт орнынан тұрып келді де, корольге тағзым етті. Содан соң қасымызға отырды.

  • Сен көпті көрген көнесің, – деді Игнози.

  • Иə, тақсыр король! Мен сенің əкеңнің əкесімен бір күнде туыппын.

  • Онда айтшы, сен Гагула бақсыны бала кезіңнен бері білемісің?

  • Иə, король ием!

  • Сенің бала кезіңде ол да сен сияқты жас па еді?

  • Жоқ, король тақсыр! Гагула сол кездің өзінде дəл қазіргісіндей кəрі, бет-аузы тыржиған, белі бүгілген зұлым құбыжық еді. Менің əкемнің жас кезінде де солай болған екен.

  • Гагула енді жоқ. Өлді.

  • Онда жөн-ақ, о, король! Біздің ел ұшыраған қарғыстың уыты қайтты деңіз.

  • Бара бер.

  • Куум! Құп болады, о, кəрі төбетті1 тамақтап өлтірген Қара Күшік! Куум!

  • Міне, көрдіңдер ме, бауырларым, – деді Игнози. – Бұл бір құпия сырлы кемпір еді. Ақыры өлгеніне қуанам. Ол сендерді ажалға байлап, тас қабырға ішіне қамап кетті. Егер сендердің көздеріңді жойып, өзі аман шықса, кім біледі, Тваланы таққа отырғызу үшін бір кезде əкемді өлтіргеніндей, күндердің күнінде мені өлтірудің де бір амалын табар еді. Ал əңгімелеріңді одан ары жалғас-тырыңдар. Мұндай ғажайып хикаяны бұрын-соңды тірі жан иесі естіп көрмеген шығар.

Төніп келген ажал тырнағынан қалай құтылғанымыз жайын хикаялап біттім де, реті келіп тұрған соң, сэр Генри, Гуд үшеуміз алдын ала келісіп алған жөнмен, өзіміздің Кукуанстаннан кетпек ойымыз туралы айттым.

  • Ал енді, Игнози, сенімен қоштасатын, өз елімізге жету үшін қиын жолға аттанатын уақытымыз жеткен тəрізді. Сөзімізге құлақ сал, Игнози! Сен бұл елге бізбен бірге қызметші кебінде келіп едің, енді ата

тағын алып, құдіретті король болдың. Егер бізге алғыс айтқың келсе, жақсылықты жақсылықпен өтегің келсе, өзіңнің уəдеңді ұмытпа.

Еліңді əділетпен биле, əдет-салтты, заңды сыйла, қылмыссыз нақақ жанды өлтірме. Ертең таң бозында, Игнози, сен бізге таудан асуға көмек ететін біраз əскер бересің. Солай емес пе, о, король?

Игнози қолымен бетін басып, бірталай уақ үнсіз, қимылсыз отырды.


  • Бауырым езіліп барады, – деді ол ақырында. – Сендердің сөздерің жүрегімді қақ айырды. Мені тастап өз жөндеріңе кететіндей сонша не жазып ем? Инкубу, Макумазан, Бугван, сен үшеуің менің көңіліме қайғы салдың. Басыма бұлт төнген қиын күндерде, күрес кезінде, ұрыс кезінде тайсалмай қасымда болдыңдар, енді жеңіс күні, бақыт күні туғанда қалайша мені тастап кетпексіңдер? Көңілдерің не қалайды?

Сұлу əйел керек пе? Біздің елден таңдаған қыздарыңды алыңдар. Жайлы қоныс керек пе? Қараңдар да иелене беріңдер, бүкіл ел сендердің əмірлеріңде. Ақ адамдар тұратындай еңселі үй керек пе? Жөн көрсетіңдер, қызметшілер қалап береді. Сүтін ішіп, етін жейтін мал керек пе? Қанша тілейсіңдер, соншасын салып берейін алдарыңа. Аулауға аң керек пе? Тоғай толы піл, қамыс толы гиппопотам, аң деген жыртылып айрылады біздің елде. Əлде ұрыс-соғыс тілеймісіңдер.

Менің бар əскерім əзір, жарлық етіңдер де бастай беріңдер. Не тілейсіңдер? Қалағандарыңды алыңдар. Айтқандарың орындалады.



  • Жоқ, Игнози, мұның бəрінің де бізге керегі жоқ, – дедім мен. – Біз өз үйімізге жеткіміз келеді.

  • Онда, – деді Игнози күйініп, көздері жарқ-жұрқ етіп, – ана жылтырақ тастарды өздеріңнің достарың – мына менен гөрі артығырақ бағалайтын болдыңдар ғой. Қазір сендердің тастарың бар. Натальға жетесіңдер де, толқып жатқан ұшан суды кесіп өтіп, тастарды сатасыңдар. Сөйтіп байисыңдар. Ал ақ адам атаулының бар арманы – тек баю ғана. Сендерді осындай еткен асыл тас атаулыны қарғыс атсын! Сондай тас іздеген адамдарды қарғыс атсын! Бұдан былай байлық іздеп Мəйіттер Үңгіріне енген кісілердің барлығы да өлімге кесілсін! Мен айтарымды айттым, ақ адамдар. Жүре беріңдер.

Мен корольдің қолынан ұстадым.

  • Игнози, – дедім, – айтшы қане, алдымен Зұлыс Елінде, содан соң Натальда, ақ адамдар арасында жүрген шағыңда сенің жүрегің анаң армандай əңгімелеген өз еліңді аңсай соқпады ма? Сен алғаш жарық дүниеге келген, алғаш бала боп ойнаған елді сағындың ба? Өз отаның болып есептейтін елді аңсадың ба?

  • Иə, айтқаныңның бəрі жөн, Макумазан.

  • Міне, сол сияқты біздің жүрегіміз де өз елімізге, өз туған мекенжайымызға оралғысы келеді.

Игнози біраз уақ үнсіздіктен соң ғана сөйледі. Дауыс əуені жаңағыдан өзгеше.

  • Мен сенің сөздеріңнің мəнін түсіндім, Макумазан. Əдеттегідей дана, əдеттегідей байсалды сөздер мұның бəрі. Қанатымен көкке ұшып үйренген жан бауырымен жерге жорғалай алмайды. Ақ түсті адам қара түсті адамдарша ғұмыр кеше алмайды. Иə, сендер кетуге тиіссіңдер, бірақ менің жүрегім мұңға толды, өйткені сендер барған елден бұл елге ешқашан менің достарым туралы хабар жетпек емес. Көзден біржола тасаланасыңдар. Бірақ тыңдап алыңдар. Менің айтқан сөзім барлық ақ адамдардың құлағына жетсін. Бүгінгі күннен бастап ақ адам атаулыға таудағы асу жабық. Ол араға шөлден өтіп жеткен күннің өзінде бері өткізілмейді. Мен олардың мылтық сататын, жынды су сататын саудагерлерінің елді аралап кəсіп құруына тыйым салам.

Менің

халқым бұдан былай да тек найзамен ғана соғысады, тек таза суды ғана ішеді. Ата жолынан таймаймыз. Уағыздаушылардың жұрт жүрегіне өлім туралы қорқынышты ойларды ұялатуына жол бермеймін. Менің халқым өз королін сыйлайтын болады. Ақ адамдарға қызмет етпейді. Оларға жол салып бермейді. Өйткені жол салынса, сол жолмен қаптап келген ақ адамдар да ел ішін кеулеп алады. Егер əлдебір ақ адам біздің елдің табалдырығын аттаса, мен оны кері қайырам. Егер жүз ақ адам келсе, оларды қайта айдап тастаймын. Егер тұтас армия келсе, оған қарсы өзімде бар əскерді тегіс жауып жіберем, қырамыз, жоямыз, ел ішіне өткізбейміз. Бұдан былай біздің елге бірде- бір адам жалтыр тас іздеп келмейтін болады, егер келсе, мейлі ол қалың қол болсын, мен өзімнің əскерімді жіберіп кен орнын көмдірем, бағандарды қиратып, үңгір есігін бекіттірем. Тірі жан сендер айтқан құпия есіктің маңынан жүре алмайтын болады. Бірақ Инкубу,

Макумазан, Бугван, сен үшеуің біздің елге қашан келсеңдер де құшақ жая қарсы аламыз, өйткені жер басып жүрген тірі пенделердің ішінде менің жүрегіме дəл сендер сияқты жақын ешкім жоқ. Ал қазір бізден кетулеріңе рұқсат берем. Менің əкемнің інісі Инфадус сендерді бүкіл полкімен ел шетіне шығарып салады. Менің естіп білуімше, таудан асар тағы бір жол бар. Инфадус сендерге сол жолды көрсетеді. Хош болыңдар, бауырларым, жаужүрек ақ адамдар. Бұдан соң менімен кездеспей-ақ қойыңдар, айрылысу азабына шыдай алмаспын. Құлақ салыңдар сөзіме! Мен жарлық шығарам, оны жаршылар төңіректің төрт бұрышына тегіс мəлімдеп, бүкіл елімізге хабарлайды. Бұдан былай кукуан халқы сендердің аттарыңды біздің өлген корольдеріміздің атымен пара-пар құрметтейді, сендердің есімдеріңді ауызға алған адам өлім жазасына тартылады1. Сөйтіп, сендердің ізгі істерің, асыл есімдерің біздің халқымыздың жүрегінде мəңгі-бақи сақталады. Ал енді, мен қатын құсап көзімнен сорамды ағызбай тұрғанда барыңдар. Арада қаншама уақыт өткен соң, бойларыңнан қуат тайып, күн қызуын місе тұтпай, от басында жылынып отырған кезде, біздің бəріміздің қанды қырғында тізе қоса, иық түйістіре қалай шайқасқанымызды еске аларсыңдар. Ұрыс тағдырын сенің сəулелі сөздерің шешіп еді, Макумазан. Тваланы қос қанаттан қысқан мүйіздің ұшы болып едің, Бугван. Ал сен, Инкубу, сайыпқыран Сұр сарбаздардың бел ортасында жүріп едің. Сенің қарсы алдыңа келген дұшпан атаулы шалғы жүзіне ілінген шөптей жапырылып түсіп жатып еді. Дүлей күшті тағы буйвол Тваланың кеудесін басып едің, айбалтаңмен оның мойнына алтын шығыршық киілген асау басын доптай қағып түсіріп ең. Осының бəрін еске аларсыңдар. Хош енді, мəңгі хош болыңдар, Инкубу, Макумазан, Бугван, менің бауырларым, əміршілерім, достарым. Хош!

Игнози сөзін тəмамдап, орнынан көтерілді. Бірнеше минут бойы терең ойға батып, үн-түнсіз бізге қарады да тұрды. Содан соң бізден жүзін жасырғысы келгендей, үстіндегі қабылан жақының бір жақ етегімен бетін бүркеді.

Біз үн-түнсіз шығып кеттік.

Ертеңіне таң қылаң бере Луудан аттандық. Қосшы ретінде Буйволдар полкі жəне көне көз досымыз Инфадус жүрді. Бізбен айрылысу қарт жауынгердің де жанына қатты батқан.

Өте ерте болса да, шаһардың орталық көшелерінің ұзына бойы тізіле қаптаған халықтан көрінбейді. Сап түзген полктің басында жүріп отырған біздер тұстарынан өтіп бара жатқанда еркек атаулы құрмет көрсете “Куум!” деп айқайлаумен болды, ал əйелдер аяғымыздың астына гүл лақтырып, елді Тваладан азат еткеніміз үшін алғыс айтып жатты. Осының бəрі көңіл толқытпай қоймаған. Бұл – əдетте өзіміз түземдіктер арасында көріп жүрген рəсімінен мүлде өзгеше, жақсы жоралғы еді.

Əйткенмен сол күні бір қызық оқиғаға куə болдық. Осының нəтижесінде көңіліміз көтеріліп, мəз боп қалғамыз.

Біз шаһар қақпасынан шығуға тақаған кезде топ ішінен бір əдемі, жас қыз жүгіріп шықты. Қолында бірнеше тал лала гүлі бар. Сонысын Гудқа əкеп берді (неге екенін кім білсін, Гуд бұл елдегі əйел атаулыға тегіс ұнады, менің ойымша, жалтыраған шыны көзбен жарты сақал капитанның өңіне елден ерек романтикалық əсем кейіп берсе керек). Содан соң бойжеткен өзінің үлкен өтініші барын білдірді.


  • Айта ғой, – деді Гуд.

  • Əмірші ием қызметші күңіне өзінің сүйріктей сұлу аппақ аяғын көрсетсе екен. Бұл өмір бойы оның есінде қалар еді, кейін өзінің балаларына, қартайған шақта немерелеріне хикаялап əңгімелеп отырар еді. Əмірші иесінің абырой-даңқы ел ішінде кеңінен тараған аппақ аяғын көру үшін қызметшісі осында төрт күн бойы жаяу жүріп əрең жетті.

  • Осы арада шайтан-сапалақ соғып кетсе де аяғымды көрсетпеспін, – деді Гуд ашуланып.

  • Қойыңыз, қойыңыз, қымбатты достым, – деді сэр Генри. – Ледидің өтінішін орындамағаныңыз əдепке жата ма?

– Көрсетпеймін, – деді Гуд қасарысып. – Бұл – өте əбес іс. Əйткенмен ақыр түбінде біздің өтінішімізді орындады.

Шалбарының балағын тізесіне дейін қайырып, жамиғатқа аппақ балтырын көрсетті. Əйел атаулы тегіс, оның ішінде əсіресе жаңағы қыз шегін тарта таңырқап, мəз-мейрам болған. Қала шетіне шыққанша Гудтың түрулі балақпен жүруіне тура келді.

Гудтың сирағының осыншалық қадір-құрмет көруінің ақыр соңы осы ма деп қауіптенем. Ел ішінде капитанның аппақ аяғының беделі көтерілгені сондай, бұл кезде жұрт оның алып-салмалы тісі мен шыны көзіне де бұрынғыдай таңырқап қарамайтын.

Жолай Инфадус бізге таудан өтетін тағы бір асу барын айтты. Қақ ортасында Сау-ханша тауының қос шоқысы асқақтап тұрған жартасты қырқадан асып түсуте мүмкіндік беретін бұл төте соқпақ Сүлеймен патшаның Даңғыл Жолы тірелетін, бұрын біз өткен асудың солтүстік бетінде көрінеді.

Осыдан екі жылдай бұрын бір топ кукуан аңшысы осы жолмен таудан асып, түйеқұс аулауға шөлге шығыпты. (Бұл елде түйеқұс қауырсыны əскери бас киімге қадалатыны, сондықтан өте жоғары бағаланатыны оқушыма мəлім.). Аң қызығымен шөл ішіне бойлай еніп кеткен аңшылар қатты қаталаса керек. Сол шақта алыс көкжиектен əлденендей ағаштардың сұлбасын көздері шалады. Шаршап- шалдығып жетсе, отты, сулы, топырағы құнарлы, аумағы əлденеше мильдік жазира екен. Инфадустың шамалауы бойынша, біз қайтар жолда осы жазираны басып өтуте тиіспіз.

Бұл жоспарды біз толығымен қабылдадық. Таудан асып түсу азабынан құтыламыз. Оның үстіне əлгі аңшылардың бірнешеуі бізді сол жазираға бастап апаруға тиіс. Өздерінің айтуынша, олар шөлде, алыс көкжиекте дəл осындай тағы бірнеше жазира барын аңдаған көрінеді1.

Біз баппен жүріп отырып, төртінші қонақта Кукуан Елін бетпақ шөлден бөліп тұрған тау жотасына келіп жеттік. Аяғымыздың асты көз жетер көкжиекке дейін жал-жал, толқын-толқын бетпақ құм дариясы. Ертеңіне таң қылаң бере жолбасшылар бізді шөлге тіке түсер, биіктігі екі мың футтық асуға бастап əкелді.

Осы арада біз өзіміздің адал досымыз, қайтпас кəрі қолбасы Инфадуспен айрылыстық. Ол бізбен салтанатты түрде хош айтысты, жолымыздың сəтті болуына, бақытқа жетуімізге тілектестігін білдірді. Көзіне келген жасын əрең іркіп тұр.



  • Əмірші иелерім, – деді ол, – менің кəрі көздерім енді ешқашан да сендер сияқты абзал азаматтарды көрмек емес. Инкубу жау қолын қалай жапырды! Балтамен бір-ақ салып,

Тваланың басын қағып түсіргенін айтсаңшы! Қандай сұлу, қандай тамаша көрініс еді. Қарудың мұндай жойқын күшпен сілтенуін мен енді түсімде болмаса, өңімде көрмеймін.

Қарт жауынгермен айрылысу бізге де ауыр тиді. Көңілі босап кеткені сондай, Гуд оған ескерткішке көзіндегі моноклін алып берді (кейін білдік, капитанның қапшығында басы артық тағы бір монокль бар екен). Инфадус мəз-мейрам болды. Мұндай асыл нəрсеге иелік ету ел арасындағы беделін көтерері күмəнсіз еді. Біраз əуреленіп, ақыр аяғында монокльді көзіне киіп те алды. Мен өмірімде мұншама ұнасымсыз нəрсе көрмеген едім. Көзіне ілген монокль айбынды қарт жауынгерге соншалық оғаш кейіп беретін. Қабылан терісінен тігілген жарғақ жақы, түйеқұстың қап-қара қауырсыны қадалған бөрік бұл оғаштықты айқындай түскендей.

Қосшыларымыздың ас-суды жеткілікті мөлшерде алған-алмағанын тағы бір тексердік те, Буйволдардың жер күңіренте, қошеметпен айтқан ең соңғы сəлемінен соң біз қарт жауынгермен қол қысып қоштастық.

Еңіске қарай түсе бастадық. Бұл оншалықты оңай шаруа болмай шықты. Əйткенмен сол күні кешқұрым аман-есен тау етегіне де жеткен едік.



  • Байқаймысыздар, – деді кешіне біз төбеден төне қарауытқан құз жартастардың астында от жағып, дем алып отырғанда сэр Генри, – қалай дегенмен де Кукуанстан көп елден артық сияқты. Мен өмірімде ешқандай қиыншылық көрмеген адаммын, əйткенмен өзімді сондағы бір-екі ай ішіндегімен салыстырғанда əлдеқайда бақытсыз сезінген сəттерді талай рет басымнан өткердім. Сендер қалай ойлайсыңдар, достарым?

  • Мен бұл елден кеткеніме өкінетін сияқтымын, – деді Гуд күрсініп. Ал мен үндемедім. Біткен істің бəрі жақсы. Қауіп-қатерге толы ұзақ өмірімнің ішінде ешқашан да дəл осы соңғы екі айдағыдай қиындық көргем жоқ, дəл осы екі айдағыдай ажал аранына соншама мəрте жақын барғам жоқ. Өзім қатысқан қанды ұрысты есіме алсам болды,

төбе құйқам шымырлап кетеді. Ал қазыналы қойма ішінде басымыздан өткен хикметтер туралы айтып жатудың өзі артық.

Ертеңіне ертемен біз өзіміздің шөл арқылы өтуге тиіс ауыр сапарымызға аттандық. Бізге жолбасшылыққа бөлінген бес аңшы жеткілікті мөлшерде үлкен ыдыстарға құйылған таза су алып жүрді.

Түнді ашық аспан астында өткіздік. Таң қылаң бере қайтадан жолға шықтық.

Сапарымыздың үшінші күні талма түс шағында жолбасшыларымыз айтқан жазираның ағаш өскен сұлбасын көзіміз шалды.

Екінді кезінде сылдырап су аққан көкмайсаға да жеткен едік.


  1. тарау ТАБЫЛДЫ!

Ал енді осы ғажайып қызық хикаяның ішіндегі ең таңқаларлық жайт турасында баяндамақпын. Бұл жайт өмірде адам күтпеген неше түрлі оқиғалардың ұшырай беретініне айғақ сияқты.

Өзімнің серіктерімнен оқ бойы озық, жазирадан шығып, аңызақ қарыған шөлге ене бере құмға сіңіп жоғалатын жыланшықтың жағасымен келе жатқам. Кенет өз көзіме өзім сенбей тұра қалдым. Таңырқар жөнім бар: менен жиырма ярдтай жерде, зəулім інжір ағаштың саясында, көгалда, өзенге бет бере кіп-кішкентай, əп-əдемі лашық тұр. Кафрлардың бұтақтан тоқып, шөппен қамсап жасайтын балағандары сияқты, бірақ кірер аузында жай қуыс емес, кəдімгі есік бар.

“Бұл не пəле! – деп ойладым мен. – Бұл араға лашық қайдан келді?”

Сөйткенімше болмады, есік ашылып, іштен ақсаңдай басып ұзын, қап- қара қаба сақалды, үстіне аң терісінен киім киген ақ адам шыға келді. Сірə, күн өтіп, ақылымнан алжасқан шығармын деп ойладым. Лашық! Оны аз десеңіз, ақ адам! Бұл – мүмкін емес жайт. Бұл өлкеге ешқашан

ешбір ақ түсті аңшы келіп көрмеген, бұл иен далада адам тұруы тіпті де мүмкін емес.

Мен жұмбақ адамға көзім бақырайып, таңырқай қарадым. Тері киім киген ақ адам да маған есі шыға, тесіле қарап қапты.

Бұл екі ортада менің қасыма сэр Генри мен Гуд та жетті.


  • Анаң қараңдаршы, достарым, – дедім мен. – Мен ақылымнан алжастым ба, əлде біздің алдымызда шынында да ақ адам тұр ма?

Сэр Генри мен Гуд мен нұсқаған жаққа қарады. Сол сəтте қаба сақалды бейтаныс ақ адам оқыс айқайлады да, қиралаңдай басып, бері қарай тұра жүгірді. Бірақ бізге бірнеше қадам қалғанда есінен танып құлап түсті.

Сэр Генри бір-ақ секіріп, оның қасына жетіп барды.

– О, тəңірім, – деді ол қатты дауыстап. – Мынау – менің інім Джордж ғой!

Сол кезде лашықтан үсті-басын аң терісі жапқан, қолында мылтығы бар тағы бір адам жүгіріп шықты. Біздің қасымызға жете бере мені көріп, ол да бақырып жіберген.



  • Макумазан! – дейді ентіге айқайлап. – Мені таныдың ба? Мен аңшы Джиммін ғой! Сен баасқа арнап берген қағазды жоғалтып алдым.

Міне, екі жылдан бері осы жерде тұрамыз.

Сөйдеді де, қуаныштан еңіреп жылап, менің аяғымның астына жата кетіп, ерсілі-қарсылы домалай бастады.



  • Ай көк соққан ашық ауыз! – дедім мен. – Сені жақсылап таяқтап алған жөн болар еді!

Бұл екі арада қарасақал да есін жиып, басын көтерді. Сэр Генри екеуі үн-түнсіз қайта-қайта сілкілеп қол қысысумен болған. Сірə, қуаныштан ауыздарына сөз түспесе керек. Ағайынды екеуінің неден ренжіскенін сэр Генриден сұраған емес едім. Бірақ олар əлдебір қыздың əлегінен араздасса керек деп топшылаймын. Мейлі, əуелде араздық неден қозса да, дəл қазір екеуі өткенді мүлде ұмытып, риясыз қауышып отыр.

  • Жан бауырым, – деді ақырында сэр Генри. – Сені баяғыда-ақ өліп қалған шығар деп қорқып ем. Мен сені Сүлеймен тауының арғы бетінен іздедім ғой. Енді, міне, ойламаған жерден табылдың. Кəрі күшіген құсап, иен шөлдің ортасындағы жазираға ұя сап, үй тігіп, жайғасып алыпсың.

  • Осыдан екі жылдай бұрын мен Соломон тауынан асып түсуге талап еттім, – деді жасқаншақтай шыққан дауыс. Ана тілінде көптен бері сөйлемегені танылады. – Бірақ осы араға жеткенде үлкен тас түсіп, аяғым сынды. Сондықтан алға қарай жүре алмадым, Ситанди крааліне де қайта алмадым.

Осы кезде мен екеуінің қасына келдім.

  • Саламатпысыз, мистер Невилль. Мені ұмытқан жоқсыз ба?

  • Құдайым-ау! – деді ол дауыстап. – Шынымен-ақ мынау Куатермэн бе? Апыр-ай, ə! Гуд та осында тұр ғой? Сүйеңдер мені, достарым, қайтадан басым айналып барады...

Осының бəрі түс сияқты... Əбден үміт үзіп, дүниеден түңілген кезде келген неткен бақыт!

Кешқұрым ашық аспан астында алаулай жағылған от басында алқа- қотан отырған соң Джордж өз басынан өткен жайтты хикаялап берді. Əртүрлі оқиғаларға бай əңгіменің ұзын ырғасы мынадай еді.

Джордж Сүлеймен тауына жетпек оймен осыдан екі жыл бұрын Ситанди краалінен аттанады. Джимге мен берген қағазды алмапты. Тіпті миғұла Джим қағазды жоғалтып алғандықтан ол туралы күні бүгінге дейін ештеңе естімепті де. Алайда түземдіктер сілтеген жоба бойынша Джордж Сау-ханша тауын емес, осыдан екі-үш күн бұрын біз басып өткен асуды бетке алып жүреді. Сөз жоқ, бұл – кəрі да Сильвестраның картасында белгіленген жолдан əлдеқайда жеңіл жол еді.

Шөлде Джим екеуі көп қиыншылық көреді, бірақ ақыр түбінде аман- есен осы жазираға жетеді.

Сол күні Джордж Куртис үлкен бақытсыздыққа ұшырайды. Өзен жағасында демалып отырған екен. Джим жартасты қабақ басында, тас арасынан уыты жоқ жабайы аралардың (мұндай аралар шөлде ғана ұшырасады) балын жинап жүреді. Сөйтіп жүргенде ол қопарған

тастардың бірі оқыста төмен домалайды да, Джордж Куртистің оң аяғын жаншып сындырып кетеді.

Аяқ жазылғанмен, Джордж ақсақ боп қалады. Енді ұзақ жол жүруге шамасы келмейді. Сондықтан Ситандиге қайта оралам деп шөл азабынан өлгенше, осы жазирада жатып өлген жөн деген ойға бекінеді. Екеуі тамақтан тарықпайды. Өйткені оқ-дəрісі мол екен. Жазираға аң өте көп келеді, əсіресе, түнде суат басы қарақұрым боп кетеді. Олар аңды атып та алады, қақпан, тұзақ құрып та алады. Етін жейді, терісін киім етіп (өз үстіндегі киімдері тозған соң) киеді.


  • Сонымен, – деді өзінің сөзін аяқтай келе Джордж Куртис, – Джим екеуміз иен шөл ортасындағы осы жазирада Робинзон Крузо мен Жұма құсап екі жыл тұрдық. Бəлки, əлдебір түземдік аңшылар ғайыптан жазираға кеп қалар, солардың көмегімен елге жетерміз деп үміттендік. Бірақ екі жыл бойы тірі жан көрмедім. Ақыры, сырттан жəрдем келер деген үмітіміз үзілді де, кеше мынадай шешімге тоқтадық. Джим мені тастап, көмек сұрауға Ситанди крааліне барады, ол аман-есен қайтып оралады деп ойлауға үмітіміз аз еді, əйткенмен басқа шара қалмаған.

Міне, енді мына сен, – деді Джордж сэр Генриге қарап, – мұнда жүр деп, көремін деп күтпеген сен ғайыптан пайда бола қалдың. Өзің де ойламаған иен түзден мені ұшыраттың. Сені бауырың баяғыда-ақ ұмытып, Англияда жайма-шуақ өмір кешіп жатыр деп ойлаушы ем.

Мен бұрын-соңды естіген əңгімелердің ішіндегі ең ғаламат хикая, міне, осы. Ал осындай таңғажайып хикаяның осыншама сəтті кездесумен тəмамдалғанын айтсаңшы!

Осыдан соң сэр Генри де өз кезегінде біздің басымыздан өткен хикаялардың ең негізгілерін қысқаша баяндап шықты. Əңгіме үстінде түн ортасы ауғанша отырдық.


  • Құдайға шүкір, – деді Джордж Куртис мен бірнеше асыл тасты көрсеткенде, – бастан өткен осыншама бейнеттің төлеміне ешкімге керегі жоқ менен басқа да бірдеңе тапқандарың жақсы болған.

Сэр Генри күлді.

  • Тастың бəрі Куатермэн мен Гудқа тиесілі. Алдын ала келісіміміз бойынша, жолда тапқан барлық олжаны сол екеуі ғана бөлісуге тиіс.

Бұл сөзден соң мен ойланып қалдым. Артынша Гудпен сөйлесіп алдым да, сэр Генриге барлық асыл тастың үштен бір бөлігін алуға ұсыныс жасадым. Егер өзі алғысы келмесе, бұл тастар Джордж Куртиске берілгені жөн. Шынында, қазынаны іздеу жолында бəрімізден артық азап шеккен сол ғой. Ақыры үгіттеп-үгіттеп, сэр Генриді осыған көндірдік. Бірақ біздің шешіміміз туралы Джордж көп кейін естіді.

***


Осымен əңгімемді де тəмамдасам деймін. Шөл арқылы Ситанди крааліне қайта оралған сапарымыз өте ауыр болды. Басқа қиындықтардың үстіне біз Джордж Куртисті сүйемелдеп отыруға тиіс едік. Сүйектері күлпарша боп уатылып кеткен жіліншік əбден жазылмаған екен, жол үстінде сынығы қайта шығып, көп бейнет шекті.

Не керек, ақыр аяғында шөлден де өттік. Сапар жайын тəптіштеп айтып жатудың қажеті бола қоймас, өйткені бұл осыдан бұрын бастан өткен бейнетімізді, шеккен михнаттарымызды қайталап айтып шыққанға пара-пар.

Ситандиге жеткен соң біз өзіміз тығып кеткен мылтықтарды, оқ-дəрі жəне басқа мүкамалдарымызды тегіс өз орнынан таптық. Дүние- мүлкімізді қарауылдауға тапсырылған кəрі жалдап біздің аман-есен оралғанымызға қатты күйінді.

Арада алты ай өткенде Дурбан түбінде, Береадағы менің кішкене үйіме де көп бейнет шекпей, аман-есен жеттік.

Міне, осы үйде отырып өзім бастан кешкен барлық хикаяны қағаз бетіне түсірдім. Қызыққа да, қауіп-қатерге де толы ұзақ өмірімде басымнан өткерген ең ғажайып саяхатыма куə болған үлкенді-кішілі барлық оқырманмен де осы арада қоштаспақпын.

P.S. Соңғы сөзімді жазып бола бергенде менің апельсин серуенбағымды кесіп өтіп, үйге қарай беттеген кафрды көрдім. Қолында басы айырылған таяқ ұшына қысып алған хаты бар.

Бұл хат сэр Генриден екен. Біздің əңгімемізге қатысы болғандықтан толық келтірейін.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет