Орыс тілінен аударған М. Мағауин



бет11/17
Дата12.04.2022
өлшемі431,78 Kb.
#30835
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17
Байланысты:
Сүлеймен патшаның кеніші 8-12

БІЗ СИҚЫР ЖАСАЙМЫЗ


Ұзақ күттік. Екі сағаттан астам уақыт бойы тіл қатпай үнсіз тұнжыраған қалыпта Инфадустың келуін тостық та отырдық. Ешкім тыныштықты бұзып үндемеді: дуагерлерді аулау кезінде көрген сұмдықтар біздің бəріміздің де бойымызды түршіктірген, бəріміз де ауыр əсер үстінде едік.

Ақыры, таң алдында, біз үмітімізді үзіп, енді жатуға айналған шақта ауыр алынған аяқ дыбысы, оған жалғаса есік алдында тұрған жасауылдың жауап сұраған үні естілді. Келе жатқан адам тиесілі жауап қайырған болу керек, бірақ өте баяу айтқандықтан біз ештеңе естімедік. Аяқ дыбысы жақындай түсті. Содан соң есік айқара ашылды да, ішке Инфадус енді. Оның соңынан үйге өз құндарын білетін тəкаппар, асқақ кейіпті алты көсем кірді.



  • Əмірші иелерім, жəне сен, кукуандардың заңды королі Игнози, – деді Инфадус бізге қарап, – міне, мен уəде бойынша келдім жəне мына кісілерді ерте келдім. – Ол қатарынан тұра қалған əскербасыларды көрсетті. – Бұлар – біздің елдің ұлы адамдары. Əрқайсысының қарауында үш мың жауынгер бар, ол жауынгерлер əскербасының ешбір жарлығын қалт жібермейді, не бұйырса да орындайды. Мен бұларға өзімнің көзіммен көріп, құлағыммен естігенді тегіс баяндап бердім. Енді, Игнози, осы кісілер де сенің денеңді ораған қасиетті жыланның бейнесін өз көздерімен көріп, əңгімеңді өз құлақтарымен естісін. Сенің жағыңа шығып, қазіргі короліміз Твалаға қарсы күресе ме, жоқ па, бұл мəселе содан соң шешіледі.

Жауап орнына Игнози беліне байланған мучасын сыпырып алды. Жұрттың бəрі де оның денесін құрсаған корольдік таңба – жылан суретіне жапырлай көз тікті. Көсемдер кезекпе-кезек Игнозиге тақап кеп, майшамның бұлдыр жарығымен қасиетті таңбаны көрісті де, үн- түнсіз қалпы орындарына қайта барып, тұрып жатты.

Содан соң Игнози белдемше матасын қайтадан бұтына киді де, əскербасыларға өзінің өмірі туралы мана таңертең біз естіген хикаяны баяндап берді.



Игнози өзінің сөзін тəмамдаған кезде:

  • Ал, көсемдер, бар əңгімені бұл кісінің өз аузынан естідіңдер, енді не айтасыңдар? – деп сұрады Инфадус əскербасылардан. – Оның жағына шығып, əкесінің тағын қайтып алуына көмектесемісіңдер? Тваланың езгісіне түскен ел мүшкіл хəлге, өлім хəліне жетті. Халқымыздың тəнінен аққан қан көктемгі су тасқынындай сел болуда. Мұны бүгін кеште өз көздеріңмен көрдіңдер. Мен бұл мəселе турасында сөйлессем деген тағы да екі сардар бар еді, бірақ қазір қайда солар? Екеуі де қаза болды, енді олардың өліктерінің басында шибөрілер той тойлап жатыр. Егер осы қазір Твалаға қарсы бас көтермесеңдер, көп ұзамай сендер де солардың кебін құшасыңдар. Екі жолдың бірін таңдаңдар, бауырларым.

Алты сардардың ішіндегі ең жасы үлкені – шашы аппақ қудай, төртпақ денелі, орта бойлы кісі алға шықты да, сөйлеп кетті.

  • Сен дұрыс айттың, Инфадус: жаралы елдің жан даусы шығып жатыр, халықтың көңілінде наразылық лебі бар. Бүгін түнде қаза тапқан боздақтардың ішінде менің бірге туған інім де кетті. Сенің ойға алғаның – ұлы іс, игі іс, бірақ жаңа ғана естіген əңгімеге біздің сене қоюымыз қиын. Қапияда алдамшы, аяр үшін қару көтермегенімізді қайдан білеміз?.. Қайталап айтайын, бұл – ұлы іс, игі іс, бірақ оның немен аяқталатынын ешкім де кесіп айта алмайды. Ойға алған мақсат жүзеге асқанға дейін адам қаны сел дария боп ағады.

Көп халық Тваланың жағында қалады, өйткені жұрт қашан да əлі шықпаған, көкжиектің ар жағында жатқан күнге емес, көк жүзінде жарқырап тұрған күнге табынуға бейім. Ақ адамдардың құдірет күшінде, сиқыршылығында қапы жоқ, ал Игнози солардың қанатының саясындағы кісі. Ал осы Игнози шынында да біздің елдің заңды королі болса, ақ адамдар əлденендей сиқырлы, ғажайып іс жасасын жəне оны жұрттың бəрі көретін болсын. Сонда кімнің кім екеніне көзі жеткен, сиқыршы ақ адамдардың Игнозиді жақтайтынын білген халық та біздің соңымыздан ереді.

  • Апыр-ау, сендер қасиетті жыланның таңбасын көрдіңдер ғой! – дедім мен.

  • Тақсыр ием, бұл – жеткіліксіз. Бəлки, қасиетті жылан бейнесі оның денесіне туа салысымен емес, одан көп кейін бейнеленген шығар.

Сиқырлы іс жаса деп тұрмын ғой, əйтпесе біздің ешқайсымыз да қатерлі іске аяқ баспаймыз.

Қалған сардарлар да осыны айтты. Не боп кеткенін білмей, абыржыған мен сэр Генри мен Гудқа қарадым да, бергі əңгіменің жайын ұғындырып бердім.



  • Не істеу керегін білем мен! – деді қуанып кеткен Гуд оқыс дауыстап.

  • Тек біздің ойлауымызға бірнеше минут мұрсат сұра.

Мен көсемдерден аз ғана мəулет өтіндім.

Сардарлар сыртқа шығып кетті. Сол сəтінде-ақ Гуд өзінің дəрі-дəрмек салып жүрген жəшігін ашып, ішінен жазу дəптершесін алды. Оның алғашқы бетінде күнтізбе бар екен.

– Ал, достарым, – деді ол, – ертең – төртінші маусым емес пе?

Біз өткен-кеткен күнді саусақпен санағандай мұқият есептеп, оның қателеспегенін, ертең шынында да төртінші маусым екенін айттық.



  • Өте жақсы! Енді тыңдаңдар: “төртінші күні кешке ай тұтылады. Тұтылу Гринвич уақыты бойынша сегіз сағат он бес минутта басталады. Ай тұтылуын Тенерифте, Оңтүстік Африкада...” жəне басқа жерлерде көруге болады. Міне, сізге сиқыр керек болса! Куатермэн, көсемдерге айтыңыз, ертең кешке біз айды өшіреміз.

Бұл – тамаша идея еді, бірақ Гудтың күнтізбесі нақты болмай шыға ма деген ойдан-ақ көңіліміз күпті болды. Егер болжалымыз қате кетсе, бар беделден айрыламыз, осының нəтижесінде Игнозиді король тағына отырғызу жолында жасаған талабымыз мүлде іске аспай қалуы анық.

  • Ал күнтізбеңіз қате боп шықса қайтесіз? – деп сұрады сэр Генри. Бұл кезде Гуд дəптершеден жұлып алған бір жапырақ қағаздың бетін шимайлап, бар дүниені ұмыта, əлдебір есеп шығарып жатқан.

  • Олай ойлауға ешқандай негіз жоқ, – деді Гуд. – Тұтылу үнемі алдын ала есептелген уақытта болады, бұған бұрын да талай рет көзім жеткен. Ал мен сіздерге оқып берген хабарламада айдың тұтылғаны Оңтүстік Африкада көрінеді деп атап жазылған. Өзіміздің нақты қай жерде тұрғанымызды білмегендіктен, жаңа шамамен ғана есептеп көрдім. Менің есебім бойынша ай, мөлшерлеп айтқанда, ертең кешкі сағат он кезінде тұтыла бастауға тиіс. Тұтылу – он екі жарымға дейін созылады, яғни бұл арада бір жарым сағаттай уақыт бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнайды деген сөз.

  • Несі бар, – деді сэр Генри. – Менің ойымша, тəуекел етіп көру керек. Мен де осы сөзді қостадым. Əйткенмен бұл əрекетімізден бірдеңе шыға қоятынына күмəнді едім. Менің ойымша, айдың тұтылуы деген – шатағы көп іс, оған үміт арту – қатерге бас байлаумен пара-пар. Тіпті ай белгіленген уақытында тұтылды дейік, ал сол кезде аспан əлемі бұлтты боп шықса қайтеміз? Онда ешкім ештеңе көрмейді ғой.

Мазасыз ойлар жанымды жегідей жегенмен, басқа амал жоқ, Омбопаны сардарларды шақырып келуге жұмсадым. Олар бөгелмей жетіп келді. Көсемдер аттар-аттамаста мен салтанатты кейіпте сөйлеп қоя бердім:

  • Кукуанстанның ел ағасы, көсемдері, тыңдаңдар мені! Сен де тыңда, Инфадус! Біз өзіміздің құдірет-күшімізді əйгілеп, мақтана сөйлегенді ұнатпаймыз. Өйткені дүниенің табиғи қалпын бұзу, əлемді астан- кестен ету, жұрттың көңілін үрейге бөлеу – дұрыс емес. Алайда өзіміз ұлы істі, игі істі қолға алып отырған себепті, қаншама нақақ қан төгіп, қасап қырғын ұйымдастырған король Твалаға қаһарымыз түскен себепті, біздің досымыз Игнозиді өлтіргісі келген изанузи Гагуланың ісіне қанымыз қайнаған себепті, біз ғаламат сиқырлы іс жасауға бел будық. Біздің қаншалық құдіретті екенімізді сендер ғана емес, бүкіл халық көреді. Бері жүріңдер, – дедім мен лашықтың есігін ашып, көкжиекке жаңа ғана қонған дөңгелек, қып-қызыл айды көрсетіп. – Не анау?

  • Батып бара жатқан ай, – деді сардарлардың бірі. Сірə, бізбен келіссөз жүргізу үшін көсемдердің өз орталарынан сайлаған адамы тəрізді.

  • Дұрыс, – дедім мен. – Ал енді айта қойшы, екі аяқты пенде осы айды мезгілді уағынан бұрын өшіріп, бүкіл жер бетіне түнек қараңғылық орната ала ма?

Сардар мырс ете түсті.

  • Жоқ, тақсыр. Бұл – адам баласының қолынан келмейтін іс. Ай адамнан күшті. Адамның қолынан бар келері – көкке қарап тұру ғана, тірі жан айдың аспандағы жолына тосқауыл жасай алмайды.

  • Шынында да солай ойлаймысың? Ал тыңда онда, ертең, түн ортасына ет асым уақыт қалғанда біз сиқырдың күшімен айды көк жүзінен аластаймыз, жер бетін меңіреу қараңғылық басады. Игнози кукуан халқының заңды королі екендігін куəландыратын бұл қара түнек тура ет асым уақытқа созылады. Егер біз осылай етсек, Игнозидің кім екеніне, біздің кім екенімізге сенемісіңдер?

  • Иə, əмірші иелерім, – деді қарт сардар жымиып күліп. Оған ілесе көсемдердің бəрі де жымиды. – Егер осы айтқандарыңды істесеңдер, біз бəріне де сенеміз.

  • Онда еріктерің білсін, біз дəл солай жасаймыз. Біз – Инкубу, Бугван жəне Макумазан үшеуіміз сендерге ертең кешке айды сөндіретінімізді мəлімдейміз. Естіп тұрмысың, Инфадус?

  • Естіп тұрмын, тақсыр. Сен жер əлемнің анасы айды өшірем дедің жəне басқа уақытта емес, он бесінен толған, жарығы кемеліне келген кезде өшірем дедің. Бірақ сен жан таң қаларлық сөз айттың.

  • Қайткенмен де біз айды өшіреміз, Инфадус.

  • Лəббай, тақсыр. Бүгін күн батып, сам жамыраған соң Твала арнайы кісі жіберіп, əмірші иелерімді қыздар биін көруге шақырады. Би басталған соң ет асымға жақын уақыт өткенде Твала ең сұлу деп тапқан қыз өлімге кесіледі, үкімді король ұлы Скрагга орындайды. Бұл қыз – анау тауларды күзететін, – Инфадус біз бұдан бұрын Сүлеймен патшаның Даңғыл Жолы барып тіреледі деп естіген жартасты үш сеңгірге қарай қолын созды, – Тұнжырларға тартылған құрбандық.

Əмірші иелерім айды өлтірсін де, сол қызды ажалдан арашалап қалсын. Сонда біздің халқымыз олардың күш-құдіретіне нық сенеді.

  • Иə, – деді қарт сардар манағы сыпайы жымиған қалпында, – сөйтсеңіздер, біздің адамдардың көңілінде күмəн қалмайды.

  • Луудан үш-төрт шақырым жерде, – деді Инфадус сөзін одан ары жалғап, – жаңа туған айша иіліп біткен шоқы бар. Менің полкім жəне мына көсемдердің қарауындағы полктердің үшеуі осы бекіністі жерде тұр. Ертемен біз сол араға тағы да екі-үш полк əскер жіберу жайлы ойластырамыз. Егер əмірші иелерім шынымен-ақ айды өшірсе, мен оларды қолынан жетектеп, қаладан алып шығам да, өзіміздің əскерге жеткізем. Король Твалаға қарсы соғысты сол арадан бастаймыз.

  • Өте жақсы, – дедім мен. – Ал енді бізді оңаша қалдырыңдар. Біраз дем алғымыз келеді. Оның үстіне сиқыр жасауға қажетті нəрселердің бəрін тегіс əзірлеп қою керек.

Инфадус орнынан тұрды да, бізге салют беріп, сардарлармен бірге лашықтан шығып кетті.

  • Достарым, – деді Игнози олар түгел көзден тасаланған соң бізге қарап. – Сендер шынында да айды өшіре аламысыңдар, əлде ана адамдарға жай айта салған сөздерің бе?

  • Біз шынында да солай жасай алатын шығармыз деп ойлаймын, Омбопа, ай... Игнози, – дедім мен.

  • Таң қаларлық жай, – деді ол. – Егер сендер ағылшын болмасаңдар, мен бұл сөзге сірə да сенбес едім. Бірақ ағылшын джентльмендері жалған сөйлемейді. Егер тірі қалып, мақсатымызға жетсек, мен бəрінің қарымтасы үшін сендерді сый-сияпатқа бөлеймін.

  • Игнози, – деді сэр Генри. – Маған тек бір-ақ нəрсеге уəде бер.

  • Сөзіңді айтпай тұрып-ақ мен сенің бар тілегіңді орындауға уəде берем, – деді біздің алып досымыз əсем жымиып. – Менен не туралы сұрамақ едің?

  • Міне, мына нəрсе туралы. Егер Кукуанстанға король болсаң, сен дуагерлерді аулауды – түнде біз көрген сұмдық қантөгісті тыясың жəне қарауыңдағы адамдарды əділ соттың үкімінсіз өлімге байламайсың.

Мен бұл сөздерді аударып берген соң Игнози бір сəт ойланып отырып қалды.

  • Инкубу, қара адамдардың əдет-ғұрпы ақ адамдардың əдет-ғұрпынан өзгеше, – деді содан соң. – Мына сендер – ақ адамдар құсап олар өз

өмірлерін тым жоғары бағаламайды. Алайда саған уəде берейін, егер изанузилерді ауыздықтау қолымнан келсе, мен бұл салтқа тыйым салам, дуагерлерді аулау тоқталады жəне алдын ала тергеу, тексерусіз ешбір адам өлім жазасына кесілмейді.

  • Мен сенем саған, Игнози, – деді сэр Генри. – Ал бұл мəселе шешілді, енді біраз дем алайық.

Сілеміз қата шаршаған екенбіз, жантаяр-жантаймастан тегіс қатты ұйқыға кеттік.

Сол беті сағат он бірге дейін ұйықтаппыз. Бізді Игнози келіп оятты.

Тұрып, жуынып-шайынып алған соң тоя тамақ іштік те серуенге шықтық. Серуен кезінде кукуандардың үй-жайларының құрылысына назар аудардық. Кукуан əйелдерінің тұрмыс-салтын қызыға тамашаладық.


  • Əйткенмен, ай тұтылатын шығар деп үміттенем, – деді сэр Генри біз үйге қайтқан жолда.

  • Егер тұтылмаса, бəріміздің де саудамыздың біткені, – дедім мен түнеріңкі үнмен. – Түндегі көсемдердің бірі болмаса бірі бізбен арада болған əңгімені корольге жеткізері анық, бұған бəс тігуге бармын.

Содан соң король “тұтылудың” көкесін көрсетеді, бас арашалаудың өзі оңайға түспес.

Үйге қайтып келген соң түскі асымызды іштік. Қалған уақытымыздың кейбірі ресми іспен, ал енді біреулері əншейін əуесқойлықпен келген қонақтарды қабылдауға кетті.

Ақыры күн де батты. Оңаша қалған соң біз екі сағаттай дем алдық. Жүрегіміз күпті, көңіліміз жабырқау. Сондықтан тыныштық рақатын көре алмадық.

Сағат сегіз жарым кезінде Тваладан хабаршы келді де, бізді жыл сайын өткізілетін ұлы мереке – қыздардың дүбірлі биіне шақырды. Көп ұзамай басталуға тиіс екен.

Біз бөгелмей, король сыйлаған берен сауыттарды үстімізге киіп, Инфадус айтқандай қаша қалсақ, қолымызда болсын деген оймен мылтықтарымыз бен патрондарымызды алып, король крааліне қарай

жүрдік. Қорқыныш пен белгісіздік қаупі үрейімізді алғанымен, сырттай қоқиланып, кердеңдей басып келеміз.

Король үйінің алдындағы кең алаң кешегіден мүлде өзгеше кейіпке енген. Қатарласа сап түзеген, жүздері түнеріңкі жауынгерлердің орнына алаңға бойжеткен қыз толып кетіпті. Қыздардың үстерінде киім атаулыдан, турасын айтайын, ештеңе жоқ дерлік, оның есесіне бастарына гүлден тоқылған тəж киген, бір қолдарына құрма бұтағын, екінші қолдарына лала гүлін ұстаған.

Лашықтың қақ ортасындағы ай сəулесі төгілген ашық жерге корольдің өзі жайғасыпты. Аяғының астында Гагула отыр. Артында Инфадус, Скрагга жəне он екі жасауыл тұр. Корольге тақау жерде ұзын саны жиырма шақты сардар тұр, бұлардың ішінен бізге түнде Инфадус ертіп əкелген жаңа достарымыздың біразын таныдым.

Твала келгенімізге қатты қуанған кейіп көрсетіп, шын жүректен құттықтаған сыңаймен сəлем берді. Əйтсе де мен оның ашу-ызаға толы жалғыз көзімен Омбопаға атып жіберердей түйіле қарағанын аңдап қалдым.


  • Сəлем сендерге, жұлдыздардан келген ақ адамдар! – деді ол. – Бүгін сендерді кеше ай жарығында тамашалаған көріністеріңнен мүлде өзгеше нəрсе күтіп тұр. Алайда бүгінгі көрініс кешегідей қызық болмаса керек. Ару Қыздардың жүзі көз қуантады, егер олар болмаса,

  • король өзінің төңірегін нұсқады, – мына біз қайдан келер едік.

Əйткенмен еркектердің жүзін көру сүйкімдірек. Əйел ерні тəтті, бірақ ақтарыла аққан адам қаны одан гөрі тəттірек, əйел құшағы ыстық, бірақ қаржасқан қарулардан шыққан от одан да гөрі ыстығырақ. Біздің халықтан əйел алғыларың келе ме, ақ адамдар! Егер көңілдерің қаласа, қаншасын алам десеңдер де еріктерің, ең сұлулары сендердікі. Бəрі сендердікі. Король өз сөзіне жауап күтіп, бөгеліп қалды.

Бұл – əрине, Гуд қызығарлықтай ұсыныс болатын, өйткені барлық теңізші атаулы сияқты ол да əйел затына аса бейім жан еді. Ал мен егде тартқан, өмірден көргені мен түйгені көп адаммын, сондықтан олай етсек шатаққа ұрынарымызды, пəлеге қаларымызды алдын ала білдім; əйел жүрген жерде адамның басы шатылмай тұрмайды, бұл – жарық

күннен соң қараңғы түн келетіні сияқты, тірі пенде қашып құтыла алмайтын ақиқат.


  • Рахмет саған, о король! – дедім мен асығыс дауыстап. – Ақ адамдар тек ақ əйелдерге, яғни өздері тектес əйелдерге ғана үйленеді.

Қыздарыңның сұлулығында қапы жоқ, бірақ олар біз үшін жаратылмаған.

Король күлді.



  • Жақсы, – деді ол. – Сендердің-ақ айтқандарың болсын. Бірақ біздің елде мақал бар еді: “Əйелдің түр-түсіне қарама, сыны бөлек болғанымен, сыры – бір” деген. Жəне бір мақал бар: “Жат жерде жаңа əйел ал; шалғай жерде қалған қатын – көзіңе шөп салған қатын” деген. Бəлки, сіздің жұлдыздар елінде бəрі басқаша шығар. Тек ақ адамдар ғана тұратын елде не болмайды дейсіз. Мейлі, айтқандарың-ақ болсын, біздің қыздарымыз қатындыққа ала қой деп сендерге жалынбайды.

Тағы да дұғай сəлем, ақ адамдар! Саған да сəлем, қара өңді кісі! Егер кеше Гагуланың қолына түскенде бүгін сүйектерің саудырап жататын еді! Бірақ сен де жұлдыздардан түсіпсің, бақытың бар екен! Ха! Ха!

Ха!


  • О, король! Сен мені өлтіре алмайсың, мен сені өлтіре алам! – деді Игнози салмақпен. – Менің сүйегім саудырамайды, сенің сүйегің саудырайды.

Твала дір ете түсті.

  • Аса батыл сөйлейсің, бала, – деді ол бойын ыза буып. – Байқа! Тым алысқа кетіп қалып жүрме!

  • Ақиқат сөз ештеңеден қорықпайды, адал адам ештеңеден именбейді. Шындық – шыңдаған найза, сілтеген жерге тиеді, тиген жерін ойып түседі. Жұлдыздар саған ескерту ишарасын жасайды, о король!

Твала жалғыз көзі жарқ етті де, қабағын түйген қалпы түнере түсті. Бірақ лəм-мим деп жауап қайырмады.

  • Қыздар биді бастасын! – деді айқайлап.

Сол сəтінде-ақ гүлге бөленген биші қыздар тобымен жүгіріп шықты. Бізге басқа бір əлемнен келген елес бейнелер тəрізді көрінген қыздар күміс айдың мұңды, нəзік сəулесі төгілген алаңда тоқсан толғап сырлы

əуенге толы əн шырқады. Денелері мың бұралып, бірде құс қауырсынындай баяу қалқи, бірде ұршықтай шыр көбелек айнала би биледі. Бірде бейбіт өмір күйін шерткен, енді бірде қиян кескі соғысты бейнелеген қыздар бізге кейде жақындап, кейде алыстап, кейде топтасып, кейде шашырай билеп, көз жауын алғандай неше түрлі əсем қимылдар жасап жүр.

Кенет би тоқталды да, бишілер тобынан бір əдемі жас қыз жүгіріп шықты. Сол беті біздің алдымызға келіп, əдепті де əсем қимылмен, жаңа биге басты. Бақайының ұшымен тұрып шыр көбелек айналған, буынсыз денесі жүз бұратыла толқыған қыздың өнерпаздығы біздің атақты балериналарымыздың көбін жолда қалдырарлықтай дəрежеде еді.

Сұлу қыз биін аяқтап, топқа барып қосылысымен біздің алдымызға тағы бір қыз шықты. Өстіп, кезекпе-кезек билеп, алдымыздан талай қыз өтті, бірақ бұлардың ешқайсысы сұлулығы жағынан да, бишілігі жағынан да ең алғаш шыққан қызбен теңдесе алмады.

Қыздар биін тəмамдаған кезде Твала қолын көтерді де, бізге қарап:


  • Ақ адамдар, мына қыздардың ішіндегі ең сұлуы қайсысы? – деп сұрады.

  • Əрине, алғашқысы, – деген сөз шығып кетті менің аузымнан. Мұныма сол сəтінде-ақ өкіндім, өйткені Инфадустың ең сұлу қыз Тұнжырларға құрбанға шалынуға тиіс деген сөзі есіме түскен еді.

  • Дұрыс айтасың. Менің пікірім – сенің пікірің, менің көзім – сенің көзің. Сен айтқандай, шынында да қыздардың ішіндегі ең сұлуы – осы, бірақ сол үшін де бұл қызды қайғылы хəл күтіп тұр, ол өлуге тиіс!

  • Иə, өлуге тиіс, – деді корольдің сөзін жаңғырықша қайталаған Гагула шіңкілдей айқайлап. Құрбыларының қасына барып, қатты толқыныс үстінде веногындағы гүл жапырақтарын бір-бірлеп жұлып тұрған, өзін күткен қаралы істен мүлде бейхабар қызға қарап, кəрі көздері жалт- жұлт етті.

  • О, король, бұл қыз не үшін өлуте тиіс? – дедім мен даусымды көтеріп. Бойымды кернеген ашуды əрең басқан едім. – Қыз тамаша биледі, оның əсем қимылынан қаншама лəззат алдық. Өзі де

айтарлықтай сұлу. Сонысы үшін өлім жазасына кесу – нағыз қара жүректік болар еді.

Твала кеңкілдеп күлді.



  • Біздің салтымыз солай. Ана жақта отырған, – король алыстағы бір- біріне қанаттаса біткен үш сеңгір шыңды көрсетті, – тас мүсіндер өздеріне тиесілі сыбағасын алуы керек. Егер бүгін түнде мен ең сұлу қызды солардың атына құрбанға шалмасам, басымнан бақыт таяды, үй-жайым, үрім-бұтағым қарғысқа ұшырайды. Арғы аталарымыздан қалған сəуегей сөз бар: “Егер ұлан-асыр би күні король сеңгір тауды

күзетіп тұрған Тұнжырларға елден асқан ару қызды құрбанға шалмаса, оның өзі өледі, үйі ойран болады”. О, ақ адамдар, құлақ салыңдар сөзіме! Бірге туған бауырым менен бұрын кукуан еліне билік жүргізген король еді, əйелдің көз жасына көңілі жібіп, құрбан шалуды тоқтатты. Арты не болды дейсіңдер ғой? Өзі өлді, үй-жайы ойран болып, тұқымы құрыды. Қазір оның орнына мен король болып отырмын.

Бірақ бұл туралы айта беріп қажеті жоқ! – деді ол ашына айқайлап. – Қыз өлуге тиіс!

Содан соң жасауылдарға бұрылды:


  • Əкеліңдер ана қызды менің алдыма. Ал сен, Скрагга, найзаңды сайлай бер.

Жасауылдардың ішінен екі адам бөлініп шықты да, қызға қарай беттеді. Өзінің басына қандай қатер төнгенін сол мезетте ғана ұқса керек, қыз жан даусы шыға бақырып, тұра қашты. Бірақ король жасауылдары оны құтқармады. Ұстап алып, жалына жас төккеніне, жалбарына тыпырлағанына қарамастан, біздің алдымызға алып келді.

  • Атың кім, бойжеткен? – деді Гагула ысылдап. – Немене? Жауап бергің келмей ме? Əлде король ұлының өзіңді əй-шəйсіз бірден өлтіргенін қалаймысың?

Бұл сөздерді естісімен Скрагга түнере жымиып, алға қарай бір қадам жасады да, найзасын жоғары көтерді. Осы сəтте мен Гудтың қолы да өзінің тапаншасына барып қалғанын аңдадым.

Ай жарығына шағылысып, сұрғылт сəулеленген сүңгіге көзі түсісімен, қыз тыпыршығанын тоқтатып, өзін-өзі билеп алды. Бірақ жанары

жасқа толы. Шарасыз қалыпта дір-дір етіп қарсы алдымызда тұр.


  • Қараңдар! – деді Скрагга масаттана айғайлап. – Менің мына ойыншығымды анадайдан көріп дірілдеуін қараңдар. Денесіне кірш етіп қадалғанда қайтер екен!

Сөйдеді де Скрагга найзасының жалпақ сүңгісін алақанымен сипалап мəз болды.

Осы мезетте кенет Гудтың өз-өзінен кіжіне күбірлеген даусын құлағым шалып қалды.



  • Алғаш сəті келген минутта-ақ осың үшін есеп айырысармын сенімен, жексұрын сұм!

  • Ал тыпырлағаныңды қойып, момақан бола қалдың ғой, енді айтшы, атың кім, қымбатты бойжеткен? – деп сұрады Гагула кекете мысқылдай. – Ал айта ғой, қорықпа.

  • О, ана! – деді бейбақ сорлы дірілдеген нəзік үнмен. – Мен Суко əулетіненмін, атым Фулата. О, жан ана, айтшы маған, мен неге өлуге тиіспін? Ешкімге жаманшылық жасаған жерім жоқ еді, жазығым не?

  • Сабыр ет, – деді мыстан табалай күліп. – Сен ана сеңгір таулардың күзетіндегі Тұнжырларға құрбанға айтылдың. Сондықтан да өлуге тиіссің. Күн-түн демей, айдан ай, жылдан жыл өткізіп, ащы тер төгіп михнат шегіп еңбек еткеннен мəңгілік ұйқы құшағында жатқан көп артық. Өмір сүру – азап, өлім – рақат. Жəне сен анау-мынау емес, ұлы мəртебелі король ұлының өз қолынан ажал табасың!

Фулата шарасыз кейіпте жан даусы шыға аңырап қоя берді.

  • О, қара жүрек жауыздар! Жас емес пе едім! Сонша жаза шегердей не жазыппын. Шынымен-ақ енді қайтып меңіреу түн қараңғылығын қақ жарып, жерге алтын шашу шашқан күн нұрын көрмейтін болғаным ба? Кешкілікте көк аспанға жамырай шырақ жаққан сансыз жұлдыздарды енді қайтып көрмейтін болғаным ба? Шынымен-ақ енді қайтып мөлдіреген таңғы шық басқан дала гүлдерін термеймін бе? Шынымен- ақ мамырлы жайма-шуақ күнде толқыны жайқалған көк шалғынды кешіп жүрмеймін бе, сылдырап аққан бұлақ үнін естімеймін бе?

Басыма зіл батпан қайғы түсті. Қара түнек орнады! Енді қайтып туған ұям – əкемнің үйін көрмеймін, енді қайтып анамның мойнына еркелей

асылмаймын, енді қайтып қозы-лақпен ойнай алмаймын! Заманым өтті! Ешқашан ешбір жігіт белімнен орай құшақтап, бауырына баспайды – жар сүю қызығы бұйырмапты маған. Ешқашан кішкене сəбидің былдырлаған тілін естімеймін – перзент сүю, жауынгердің анасы болу бақыты бұйырмапты маған! О, қаражүрек жауыздар! О, жауыздар!

Қыз қайтадан саусақтарын айқастырып, өмірден үмітін үзген кейіпте жас жуған бетін асқақ шалқайтып, көк жүзіне қадала қарап тұр. Гүлге бөленген бұл жас ару қайғы үстінде де көрікті еді. Мына қара жүрек үшеуінен өзге, ең қатал деген адамның да қызға жаны ашыр еді, тас боп қатқан көңілдері жібіп, мүскін сорлыға рақым етер еді. Сірə, өзінің көзін шығаруға келген жендеттерге жалынған принц Артурдың сөзі де дəл мына жабайы қыздың жалбарынысқа толы сөздеріндей əсерлі болмаған шығар1.

Бірақ осының бəрі не Гагулаға, не корольге титтей де əсер еткен жоқ. Корольдің төңірегінде тұрған сардарлардың жүзінен де, күзетші жасауылдардың жүзінен де аяныш табын аңдадым.



Ал Гудқа келсек, ол тісін шықырлатып, бойын билеген ашуын əрең тежеп тұрған. Ақыры шыдай алмады, қызға көмектескісі келгендей, алға қарай бір қадам жасады. Жалпы əйел атаулыға тəн сезімталдықпен қыз Гудтың көңіліндегі толқыныс ізін бірден аңдады. Сол сəтінде-ақ жүгіріп келіп, оның “сүйріктей сұлу аппақ аяғын” құшақтап, тізерлей отыра кетті.

  • О, алыс жұлдыздардан келген ақ жүзді көкетай! – деді қыз жан даусы шығып. – Қанатыңның астына ал, қорға мені! Күш-құдіретіңнің шарапатын тигіз, құтқар мына жауыз адамдардан!

  • Жақсы, сүйкімді сұлуым, мен сені далаға тастамаймын! – деді қатты толқыған Гуд ағылшын тілінде. – Ал, тұр, шырағым, тұр, қорықпа ештеңеден!

Сөйдеді де, еңкейіп, Фулатаны қолынан ұстады. Осы кезде Твала да жалт бұрылған еді, ол жасаған ишарат бойынша Скрагга найзасын кезеніп, алға шықты.

  • Бастау керек! – деді сэр Генри маған сыбырлап. – Енді не күтіп тұрсыз?

  • Айдың тұтылуын күтіп тұрмын, – дедім мен. – Міне, жарты сағат болды, айға қарай-қарай көзім талды. Тұтылмақ түгілі, бұрынғыдан əрмен жарқырай түскен сияқты. Өмірімде мұндай жарық ай көрмедім.

  • Бəрібір, тəуекелге бел буып, тезінен бастау керек. Əйтпесе қыздың құрбан болуы анық. Тваланың да сабыры таусылды.

Бұл сөзбен келіспеу мүмкін емес еді. Əйтсе де сөзімді бастамастан бұрын мен айға тағы бір рет көз тастадым. Дөңгелене толықсып, жарқырап тұр. Өз ісіне берілген, жаңа бір теорияны дəлелдеуте тырысқан ешбір астроном ешқашан да көк жүзіне дəл мен сияқты осыншама үмітті ынтызарлықпен қадала қарамаған шығар. Бірақ ай бəз баяғы үп-үлкен, дөп-дөңгелек қалпында толықси жарқырап тұр.

Амал жоқ, алға қарай бір қадам бастым да, түр-тұлғама шамам келгенше салтанатты кейіп беріп, Гудтің аяғын құшқан қызды қалқалап, Скрагга көтерген найзаның өтіне тұра қалдым.



  • Король! – дедім даусымды қатайтып. – Бұлай болмайды! Біз бұл қызды өлтіруге жол бермейміз. Тиіспе, қоя бер!

Бойын ыза буған Твала құтырына атып тұрды. Корольді қоршаған сардарлар, қанды трагедияның ақыры не болар екен деп бізді төңіректеп жүрген қыздар тегіс гу ете түсті.

  • Жол бермейміз! Ақ төбет, өз үңгірінде жатқан арыстанға үруге қалай ғана батылың барады? “Жол бермейміз!” Ақыл-есің дұрыс па өзіңнің? Осы қыздың кебін өзің де киіп жүрме. Осы қыздың кебіне бəрің де түсіп жүрме! Қызды да құтқарам, өзім де аман қалам деп ойлайды екенсің ғой! Менің алдыма кесе-көлденең тұратын кімсің сен соншама? Былай кет жолдан, кет былай! Скрагга, өлтір ана қызды!

Күзетшілер!

Ұстаңдар мына адамдарды!

Бұл жарлықты естісімен, сірə, алдын ала жасырып қойған болу керек, үйдің тасасынан бірнеше қарулы жауынгер жүгіріп шықты.

Сэр Генри, Гуд жəне Омбопа үшеуі менің қатарыма кеп, винтовкаларын кезеніп тұра қалысты.



  • Тоқтаңдар! – дедім мен бар қаһарыммен айқайлап. Сырттай айбат шеккенмен, шынымды айтсам, дəл осы сəтте зəрем зəр түбіне кетіп еді. – Тоқтаңдар! Біз – жұлдыздардан келген ақ адамдар – қатал үкім орындалмайды деп мəлімдейміз, өйткені қызды өз қанатымыздың астына алдық. Егер алға қарай тағы бір қадам бассаңдар, айды өшіреміз. Көктің төрінде тұратын мына біз айды сөндіреміз де, бүкіл жер бетін қараңғы түнекпен бүркейміз. Айтқан сөзді тыңдамай көріңдерші қане, ғаламат күш-құдіретімізді танытайық, қандай сиқыршы екендерімізге көздерің жетсін.

Қоқан-лоқы көздеген жерден шықты. Жауынгерлер жапырыла кейін шегінді. Ал Скрагга қолындағы найзасын жоғары көтерген күйі тас мүсіндей мелшиді де қалды.

  • Қараңдар мына алдамшыға! Айды шырағданды үрлеп сөндіргендей өшіре салам деп мақтанып тұрғанын қараңдар! – деді Гагула шиқ-шиқ етіп. – Орындап көрсін айтқанын, сонда қызға аяушылық жасауға болады. Не айды өшірсін, не қызбен бірге жер құшсын, жалғыз өзі ғана емес, қасына ерген серіктерімен бірге тегіс өлтірілсін!

Жан далбаса көкке қарадым. Сондағы қуанғаным-ай. Гудтың күнтізбесі үмітімізді ақтады: дөп-дөңгелек айдың бір жақ шетінде болмашы ғана дақ пайда болды, ай жарығы семіп, азайып бара жатты.

Мен салтанатты бейнеде қолымды көкке көтердім де, үлкен шабыт үстінде Инголдзби аңыздарынан бірнеше жол өлең оқып жібердім. Маған ілесе сэр Генри мен капитан Гуд та қолдарын көкке созды. Сэр Генри өзінің зор даусымен, бар мақамына келтіріп, көне өсиеттен бірнеше жол нақыл айтып шықты, ал Гуд түнгі аспан ханшасына қасқая қарап тұрып, өзі білетін балағат сөздердің ішіндегі ең таңдаулыларын ытқытып жатты.

Қара дақ баяу жылжып, бірте-бірте айдың жарық бетін көлегейлей берді; көлеңке мөлшері ұлғайған сайын топ ішінен шыққан таңырқау мен қорқынышқа толы күбір-күбір сөз де молая берді.


  • Айға қара, о, король! – дедім мен ақырып. – Айға қара, Гагула! Сардарлар, сарбаздар, қыз-келіншектер, сендер де қараңдар!

Жұлдыздан түскен ақ адамдар өздері айтқан сөзді орындай ма екен,

жоқ па екен? Сендердің көз алдарыңда ай өшіп, семіп бара жатыр. Енді біраздан соң қара түнек қараңғылық орнайды. Иə, толған айлы, ашық аспанды жарық түн көзге түртсе көргісіз меңіреу түнекке айналады.

Сендер бізге сиқырлы күштеріңді көрсет деген едіңдер, əне, сол сиқыр! О, ай, сөн! Жарық ай, таза ай, пəк ай, өшір жарығыңды, кукуандардың менмен көңілін бас! Бүкіл жер бетін қара түнекке бөле!

Зəресі ұшқан жұрт бірауыздан шулап қоя берді. Бойын қорқыныш билеген халық сеңдей соғылысты. Кейбіреулер қара тастай мелшиіп қалған, енді біреулері бақырған беті тізерлей отыра кетіп, тəңірге жалбарынып жатыр. Ал Твалаға келсек, ол қимылсыз, тілсіз мелшиіп отырып қалды; өңінің қаралығына қарамастан оның қаны қашып бозарып кеткенін мен анық байқадым.

Көп ішінде бойын үрейге алдырмаған жалғыз Гагула ғана еді.


  • Көлеңке ұзақ тұрмайды! – деді ол айқайлап. – Қорықпаңдар! Мен өз өмірім ішінде мұндай жайды талай рет көрдім. Ешбір тірі пенде айды өшіре алмақ емес. Зəрелерің ұшпасын, еңселерің түспесін! Ай қайтадан толық қалпына келеді!

  • Тұра тұрыңдар, көрешектерің əлі алда! – дедім мен Гагулаға жауап ретінде айқайлап. Толқыныс, қуаныш əсерінен бір орында тұра алмай, секіріп-секіріп қоям. “О, алтын ай, алтын ай! Жүзің суық, бұл қалай? Айнып кеттің неге оңай?”.

Бұл сөздерді жұрт арасына кең тараған, махаббат туралы əлдебір романнан оқыған едім, орайы кеп, есіме түсе қалғаны. Қазір ойлап тұрсам, түнгі аспанның əміршісіне бұлай қорлай сөйлеу мен тарапынан барып тұрған тұрпайылық, нағыз көргенсіздік болған екен. Шынында дəл сол кеште ай біздің ең сенімді, ең адал досымыз екендігін дəлелдеді, сондықтан əлгі, өзім əлдеқалай оқыған романда айдың қандай роль атқарғанында, жас жігіттің қайғы-зарына үн қоспағанында менің шаруам болмауы керек еді.

Айтар сөзім таусылған соң амалсыз капитанға бұрылдым. – Ал, Гуд, – дедім, – тіл жеткенше бір сықпыртып көріңіз. Ешбір өлең есіме түсер емес. Қатты өтінем, достым, жаңағы балағат сөздеріңді қайта басташы!

Гуд менің өнеріңді көрсет деген тілегімді хош қабыл алды. Мен ешқашан да былапыт сөзге бай теңіз офицерлерінің өзі осыншама шабытпен, осыншама асқақ шешендікпен аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығып, тынымсыз балағат айта алады деп, Гуд досым бұл салада дəл осыншама қабілетті деп ойламаған едім. Тура он минут бойы бөгелмей сықпыртты дейсің жəне бір айтқан балағатын екінші рет қайталаған жоқ, үнемі жаңасын тауып отырды.

Бұл екі ортада ай бетіндегі көлеңкелі шеңбердің аумағы ұлғая түсті. Қарақұрым жұрт жер-дүниені сиқырлы күш жайлағандай, үнсіз, үрейлі қалыпта, осы ғажайып көріністен көз ала алмаған күйде мелшиді де тұрды.

Ай көпе-көрінеу семіп, сəулесі азайып барады. Төңірек тылсым тыныштыққа бөленген. Бейнебір өлім лебі бойын құрсағандай, тіршілік атаулы тегіс тына қалған.

Меңіреу тыныштық əсерімен уақыт та өз жүрісінен жаңылғандай, баяу, өте баяу жылжиды. Уақыт өткен сайын ай бетін бүркеген көлеңкенің мөлшері де көбейе берді. Сырлы да салтанатты қараңғылық айдың шабдар ала бетін еркін жайлауға айналды. Өңі қашқан бозғылтым, үлкен шар жерге бұрынғыдан гөрі жақындап, бұрынғыдан гөрі үлкейе түскен тəрізді. Ай алдымен мыс қазан сияқты сап-сары реңге енді, содан соң əлі көлеңке түспеген шет жағы күлгін тартты, ең ақырында, толық тұтылар алдында ай бетіндегі таулар мен теңіздер, теңбіл кратерлер тегіс қызыл күрең тұманға бөленіп, қорқынышты кейіпке түсті.

Тынымсыз жылжыған қошқыл көлеңке қан қызыл дөңгелектің тең жарымнан астам бөлігін жапты. Ауа қапырық боп кетті. Ал ай бетіндегі көлеңке бұрынғыдан да ұлғая түсті, қызыл күрең сəуле бұрынғыдан əрмен қоюланып бара жатты, енді біз қасымызда тұрған адамдардың айбарлы өңін əрең танитындай дəрежеге жеттік.

Жұрт əлі үнсіз тұр. Гуд та балағатын тоқтатты. Кенет:



  • Ай семіп барады, ақ сиқыршылар айды өшірді, – деп айқай салды Скрагга. – Қазір қараңғы түнек түседі, бəріміз де өлеміз!

Бойын əлде ашу буды ма, əлде үрей буды ма, əлде осы екеуі бірдей жетекші болды ма, кенет Скрагга найзасын толғай сілтеп, сэр Генриді қақ кеудеден періп қалды. Бірақ ол бізге король сыйлаған, бəріміз де сырт киімнің ішінен киіп алған сауыт жайын ескермепті, найза ешқандай зиян келтірмей, сэр Генридің денесінен тайып кетті. Скрагга екінші қайтара сілтеп үлгермеді, сэр Генри оның қолынан найзаны жұлып алды да, қақ жүректен бойлата салды. Сол сəтінде-ақ кеудесінен жаны шыққан Скрагга бүктетіліп құлап түсті.

Қорқынышты көлеңке айды біржола жұтып қояды екен деген оймен онсыз да зəрелері ұшып тұрған қыздар мұны көрісімен у-шу боп, крааль қақпасына қарай тым-тырақай қашты. Үрей тек қыздардың бойын ғана билемепті: корольдің өзі жасауылдарымен, бірнеше сардарымен қосылып, лашыққа қашып кірді. Жай уақта қаусап тұрған Гагула бұлардан қалысқан жоқ, тіпті олардың алдын орап кеткендей де еді.

Арада бірер минут өтер-өтпесте алаң қаңырап қалды. Біздің қасымызда Фулата, Инфадус, түнде бізге келіп кеткен сардарлардың көпшілігі жəне король ұлы Скрагганың өлі денесі ғана қалған еді.


  • Кукуан елінің көсемдері! – дедім мен. – Біз сіздер талап еткен сиқырлы істі көздеріңе көрсеттік. Егер осыған қанағаттансаңыздар, бəріміз де бөгелместен Лууды тастап шығып, өздерің айтқан бекіністі биікке тез жетуіміз қажет. Біздің сиқырдың күші əлі де ет пісірімдей уақытқа созылады. Жасалып қойған дуаның зəрін өзіміз де қайтара алмаймыз. Қараңғыны пайдаланып қалайық.

Инфадус:

  • Кеттік! – деді де, краальдің қақпасына қарай беттеді. Біздің құдірет- күшімізге құлдық ұра қалтыраған сардарлар оның соңынан ерді. Сэр Генри, Омбопа үшеуміз, Фулата сұлуды жетектеген Гуд бар, біз де жылжыдық.

Біз қақпаға жетіп үлгерер-үлгерместе ай да көзден біржола тасаланды. Аспан қазанның түп күйесіндей қап-қара түске енді. Жымыңдай жарқыраған жұлдыздар ғана атой салып тұр.

Қол ұстасып алдық та, аттаған сайын сүріне-қабына меңіреу қараңғылық құшағына ендік.





  1. тарау


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет