Орыс тілінен аударған М. Мағауин


СҮЛЕЙМЕН ПАТШАНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ



бет14/17
Дата12.04.2022
өлшемі431,78 Kb.
#30835
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
Сүлеймен патшаның кеніші 8-12

СҮЛЕЙМЕН ПАТШАНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ


Біз бойымызды билеген қорқыныш сезімін жеңуге тырысып, Ажал Сарайының үрейлі ғажайыптарын қадағалай қарап тұрған шақта Гагула мүлде бөтен шаруамен айналысып кетті. Қалай екенін қайдам, кəрі мыстан биік тақтаның үстіне шығып алып (өзіне қажет кезде ол епті де, күшті де бола қалатын) тынымсыз тамшылаған су астында біздің марқұм досымыз Твала отырған жерге барып, Гудтің тілімен айтқанда, мəйіттің қалай тұздалып, қалай сүрленіп жатқанын көрді; əлде басқа бір мақсаты болды ма, кім білсін. Содан соң шойнаңдай басып, бірде ана мəйіттің, бірде мына мəйіттің алдына тоқтап, тас кебін киген тұлғалармен сəлемдесе ме, əлде зікір айтты ма, əйтеуір, мəн-мағынасын ұқпаған сөздермен тегіс сөйлесіп өтті. Жəне, құрметті оқушым, сіз екеуміз ескі досымызға сəлем берген кезде қандай кейіпте боламыз, Гагуланың осы сəттегі түрі тап сондай еді.

Өзінің жұмбақты əрі қорқынышты рəсімін аяқтаған соң ол Ақ Ажал бейнесінің қақ алдына жүресінен отыра қалып, мінəжат оқи бастады. Зұлым да аяр кəрі махлұқаттың адамзаттың ең қас жауы алдында, сөз

жоқ, əлденендей пəлелі дұғаға құлшына кірісуі жанымызға жайлы тие қойған жоқ. Ажал Сарайын тамашалауды шұғыл доғардық.


  • Ал енді, Гагула, – дедім мен өте баяу үнмен, – мұндай жерде дауыстап сөйлеуге кімнің батылы бармақ, – баста бізді қазынаға қарай.

Кемпір лып етіп, тақтадан сырғып түсті.

  • Əміршілерім қорықпай ма? – деп сұрады маған сығырая қарап.

  • Баста ары қарай.

  • Мақұл, тақсыр.

Гагула ақсаңдай басып, үңгірдің түбіне, Ажал бейнесінің арт жағына барып тұрды.

  • Қоймаға енер есік осы арада. Əмірші иелерім шамды жағып алсын да, ішке кіре берсін.

Гагула қолындағы май толтырылған қауақты жерге қойды да, үңгірдің жарына сүйеніп тұра қалды.

Мен сіріңкені алып (қорапта əлі де бірнеше тал шырпы қалған еді) қамыс білтені тұтаттым, сосын шам жарығымен қазынаға кірер есікті іздей бастадым. Бірақ ешқандай есік көрінбеді, тұтас қабырғадан басқа ештеңе де жоқ.

Гагула мырс ете түсті.


  • Есік мына арада, əмірші иелерім. Солай деді де, қарқ-қарқ күлді.

  • Қалжыңды қой, – дедім мен қатаң дауыспен.

  • Мен қалжыңдап тұрғам жоқ, əмірші иелерім. – Мында қараңдар! Гагула бітеу қабырғаны нұсқады.

Мен шамды жоғары көтердім. Сол сəтте бəріміз де əлдебір үлкен тастың жайымен жоғары көтеріліп, сөз жоқ, жартас ішіндегі өзіне арналған қуысқа сіңіп бара жатқанын көрдік.

Жоғары қарай жылжыған тастың мөлшері үлкен есіктей еді. Биіктігі он футтай, ені бес футтай бітеу жартас кем соққанда жиырма, я отыз тонна тартатын. Əрине, оның қарапайым салмақ ауысу нəтижесінде қозғалатыны күмəнсіз еді. Ал осы құрылыс қалай қимылға келтірілді – оны біздің ешқайсысымыз аңдай алмай қалдық. Гагула мұны біздің көзімізден шалыс сəтте іске асырып үлгерді. Бірақ мен күмəнданғам жоқ: осы маңда кəдімгі қарапайым тұтқа бар, сондағы құпия нүктені

басу нəтижесінде теңнің екінші жақ ұшына байланған, көзден таса қарсы салмақ бел алады да, нəтижесінде мына жартас жоғары көтеріледі.

Жартас баяу, бірақ жеңіл көтеріліп, ақыры көзден тасаланды. Орнында қап-қара боп үрейлі қуыс қана қалған еді.

Сүлеймен патшаның қазынасына кіре беріс есік қарсы алдымыздан айқара ашылған сəтте біздің бойымызды билеген сезімді сөзбен сипаттап жеткізу қиын. Басқаны қайдам, менің өне бойымды суық діріл буып, қалтырап кеттім.

Кенет осының бəрі алдау, мистификация болып шықса қайтеміз деп ойладым. Əлде кəрі да Сильвестра жазған жəйттің бəрі шындыққа айналмақ па? Осы қараңғы тас қуыста шынында да соншама қазына тығылған ба? Бұл бізді дүниедегі ең бай адамдарға айналдырар еді ғой! Арада бір-екі минут өтер-өтпесте не болса да анығын білеміз.



  • Ішке кіріңдер, жұлдыздардан түскен ақ адамдар! – деді біздің құбыжық жолбасшымыз, табалдырыққа аяқ сала бере. – Бірақ алдымен өздеріңнің қызметшілерің кəрі Гагула не айтар екен, соны тыңдап алыңдар. Қазір сендер қолға ұстап, көзбен көретін жалтыр тастар бағзы бір замандарда анау іргесінде Тұнжырлар отырған құдықтан қазылып алынған. Бұл жерге кім жинағанын мен білмеймін. Бұл істі жүзеге асырған адамдар тастарды өздерімен бірге əкетуте шамасы келмей, осы атыраптан ауа көшкен. Содан бері қойма есігі бір-ақ рет ашылды. Жалтылдақ тастар туралы лақап біздің елде ықылымнан ықылым өтіп, атадан балаға көшіп келе жатыр, бірақ қазынаның нақты қайда екенін де, оның қақпасының құпиясын да ешкім білген емес.

Алайда бір заманда біздің елге тау асып əлдебір ақ адам келіпті, бəлки, ол да сендер сияқты жұлдыздан түскен шығар. Сол кезде елімізді билеп отырған король оны меймандос көңілмен қарсы алады. Ол король, міне, анау отырған. Гагула мəйіттер сапында шеттен санағанда бесінші боп орналасқан бейнені көрсетті. – Ақыры былай болған. Сол ақ адам мен біздің халықтан шыққан əлдебір əйел екеуі осы араға келеді. Бұл əйел кездейсоқтан құпия есіктің сырын біліп қойған екен.

Ал сендер оны мың жыл іздесеңдер де таба алмайсыңдар.

Сонымен, екеуі қоймаға кіреді. Ақ адам əлгі əйел тамақ салып əкелген, ешкі терісінен тігілген қапшыққа асыл тастарды сықап толтырады.

Қоймадан шығуға беттегенде тағы бір тасты ала салады, оны қолына ұстап жүреді.



Əңгіме осы араға жеткенде кемпір бөгеліп қалды.

  • Сосын? – деп сұрадым мен, жан толқынысынан жүрегім аузыма тығылып. Серіктерім де тегіс осы күйде еді.

  • Содан соң да Сильвестраға не болды?

Бұл сөздерді естіген кезде кəрі мыстан дір ете түсті.

  • Баяғыда өліп қалған адамның атын сен қайдан білесің? – деп сұрады дік етіп. Алайда сауалына жауап күтпестен, сөзін одан ары сабақтады.

  • Не болғанын ешкім де білмейді. Əйткенмен ақ адам əлденеден қатты қорықса керек, өйткені ішке жалтыр тастар толтырылған ешкі терісін лақтыра салып, қолындағы жалғыз тасымен үңгірден шығыпты. Бұл жалғыз тасты одан король тартып алады. Макумазан Тваланың маңдайынан жұлып алған тас – сол.

  • Содан бері мұнда ешкім де аяқ басқан жоқ па? – деп сұрадым мен үңірейген қараңғы есікке қарап тұрып.

  • Ешкім де, əмірші иелерім. Бірақ құпия есіктің сыры ұмытылмай сақталды, король атаулының бəрі де мұны ашып көрді, бірақ ешкім де ішке енген емес. Өйткені қоймаға кірген адам арада ай өтпей қаза табады деген аңыз бар. Макумазан, сен таудағы үңгірден тауып алған ақ адам дəл осылай өлімге ұшырады. Міне, сондықтан да біздің елдің əміршілері мұнда кірмейді. Ха-ха-ха! Мен үнемі тек шындықты ғана айтам.

Осы кезде екеуміздің көздеріміз түйісіп қалған еді, түршігіп кеттім. Кəрі мыстан мұның бəрін қайдан біледі?

  • Ішке кіріңдер, əмірші иелерім. Егер менің айтқаным шын болса, ішіне тас толтырылған ешкі терісі жерде жатуға тиіс. Ал мұнда кірген адамдардың барлығы өлетіні шын ба – оны артынан өздерің біле жатасыңдар. Ха-ха-ха!

Гагула қарқылдап күлген бойы босағадан аттады да, қолына ұстаған шамымен төңірекке сəуле шаша, шойнаңдап алға қарай жүре берді.

Шынымды айтсам, мен кемпірдің соңынан ерсем бе, ермесем бе деп бөгеліп қалдым.



  • Қарғыс атқыр кəрі мыстан! – деді Гуд айқайлап. – Жүріңдер! Бұл кəрі сайтан қайтсе де мені қорқыта алмайды.

Сол сəтінде бөгелместен Гагуланың соңынан есікке қарай ұмтылды. Гудтың артынан осының бəрін онша ұната қоймаса да Фулата ерді. Байғұс қыз онсыз да зəресі ұшып дір-дір етіп тұрған. Сэр Генри екеуміз де аял қылмай оларға ілестік.

Бірнеше ярдтан соң тұтас жартастан ойылып жасалған шағын қуыстың алдына келгенде Гагула бізді күтіп тұра қалды.



  • Көрдіңдер ме, əміршілерім, – деді ол шамды алға қарай соза ұстап, – қойма тыққан адамдар бұл арадан асығыс кетуге мəжбүр болған. Олар əлдекім қазына құпиясын біліп қалар деген қауіппен, қоймаға кіре беріс жолды мүлде бітеп тастамақ болған, бірақ оған уақыттары жетпей қалған.

Гагула бізге əрқайсысының биіктігі екі фут үш дюймнен келетін текше тастардан екі қатар етіп қаланған көлденең қабырғаны көрсетті. Қуыс жолды бойлай, жерде осындай тастар тағы жатыр. Ең қызығы, солардың қасында тұрған əк лай мен екі күрек еді. Асығыс көз түскенде байқағанымыз, бұл күректер жұмысшылар күні бүгін пайдаланып жүрген күректерден аумайды.

Міне, осы жерде манадан бері қорқыныштан қалтырап келе жатқан Фулата өзін тіпті нашар сезінді де, ары қарай жүре алмайтынын, бізді осы арадан күтетінін айтты. Оны жартылай ғана қаланған қабырғаның түбіне отырғыздық; ішіне тамақ салынған себетті қасына қойдық та, өзін жалғыз тастап, ары қарай жылжыдық.

Қуыспен тағы да он бес қадамдай жүрген соң, біз мұқият сырланған ағаш есікке келіп жеттік. Айқара ашық тұр. Осы жерде болған соңғы адам ұмытып кеткен немесе жабуға уақыты болмаған.

Есіктің алдында, дəл босағада ешкі терісінен тігілген қапшық жатыр. Ішіне тас толтырылған сияқты.

Тері қапшыққа шам жарығы түскенде:


  • Ха! Ха! Ха! Ақ адамдар! – деді Гагула шиқылдап күліп. – Мен айттым емес пе сендерге, зəресі ұшқан ақ адам əлгі əйелден алған тері қапты лақтыра сала тұра қашты бұл арадан деп. Қараңдар! Сол қап мынау!

Гуд еңкейді де, қапты көтеріп көрді. Ауыр екен. Ішінде ұсақ тас сияқты бірдеңелер саудыр-саудыр етті.

  • Жалған болса, көк соқсын, осы қап толған асыл тас, – деді ол демі үзіле сыбырлап.

Шынында да, ешкі терісінен тігілген қапшықтың іші толы асыл тас болар деген ойдың өзі кімді болмасын естен тандырарлық еді.

  • Ары қарай кеттік, – деді сэр Генри дегбірсізденіп. – Ал, құрметті леди, шамды маған беріңіз.

Сэр Генри Гагуланың қолынан алған шамын жоғары көтерді де, босағадан аттап, бөлмеге енді.

Бір сəт асыл тас толтырылған қапшықты ұмытып, біз де асыға-аптыға оның соңынан ішке кірдік. Сөйтсек, ақыры Сүлеймен патша қазынасының үстінен түскен екенбіз.

Ала көлеңке шам жарығында алғаш байқағанымыз, жартастан үңгіп қашалған, аумағы мың квадрат футтан аспайтын төрт бұрышты шағын бөлме болды. Содан соң көзіміз еденнен төбеге дейін қатар-қатар үйілген пілдің азу тістеріне түсті. Мұның ұзын саны қанша екенін шамалап білу мүмкін емес-ті, өйткені артқы қабырғаға дейін олардың неше қатар етіліп үйілгенін біле алмадық. Əйткенмен көзге көрініп тұрған тістердің өзі төрт-бес жүзден кем емес жəне өңшең іріктелген, тамаша тістер. Осының өзі-ақ бір адамның бар өміріне жетерлік байлық.

“Бəлки, – деп ойладым мен, – Сүлеймен патша өзінің ешбір патшалықта ешбір патша отырып көрмеген “піл сүйегінен ойылған ұлы тағын” жасарда қажетті жабдықты осы қоймадан алған шығар”.

Бөлменің екінші жақ қапталында Мартини-Генри фирмасының патрондарға арналған жəшіктеріндей, бірақ одан үлкенірек, əдемірек

əрі қызыл сырмен боялған жиырма шақты жəшік тұр екен.



  • Алмас! – дедім мен айқайлап. – Жарықты мұнда əкеліңдер!

Сэр Генри шамымен менің қасыма келді де, жоғарғы жəшікке сəуле түсірді. Бөлменің соншама құрғақ екендігіне қарамастан, уақыт əсерінен шіріп кеткен жəшік қақпағы бір жерде опырылып сынған екен. Сірə, да Сильвестраның ісі болса керек. Мен қуысқа асығыс қол тығып, бір уыс нəрсе алып шықтым. Бірақ бұл алмас емес, өте қызық кейіпте жасалған алтын теңгелер екен. Біздің ешқайсымыз ешқашан мұндай ақша көрмегенбіз. Теңге бетіндегі таңбалар көне жөйіт тілінде болар деп шамаладық.

  • Əйтеуір, – дедім мен алтын теңгелерді жəшікке қайта төгіп, – біз бұл жерден құр қол кетпейтін болдық. Əр жəшікте кем дегенде екі мың дана алтын теңге болуға тиіс, ал жəшік саны он сегіз. Менің ойымша, бұл ақшалар жұмысшылар мен көпестерге жалақыға арналса керек.

  • Менің ойымша, – деді Гуд орта жолдан киіп, – қазынаңыздың өзі осы. Мен асыл тас атаулыны көре алмай тұрмын. Кəрі португал бəрін қапқа салып қойса, өзі біледі.

  • Əмірші иелерім, анау қараңғы бұрышты қарап көрсе қайтеді, бəлки, асыл тастар сол арадан табылып қалар, – деді бет əлпетімізге, сөз əуенімізге қарап, біздің не туралы айтып тұрғанымызды қапысыз аңдаған Гагула. – Əмірші иелерім ол арадан шағын қуыс ұя көрер, сол ұяның ішінде үш тас жəшік болуға керек, біреуі ашылған, екеуінің аузы берік.

Шамға иелік етіп тұрған сэр Генриге кемпірдің не туралы айтқанын ұғындырмас бұрын мен төзімім жетпей, Гагуладан ақ адам мұнда бұдан əлденеше ұрпақ бұрын болды, одан бері қоймаға ешкім енбеген болса, осының бəрін қайдан білесің деп сұрадым.

  • О, түн баласы тыным таппайтын Макумазан, – деді Гагула мысқылдай сөйлеп. – Жəне сендер, жұлдызда тұратын адамдар! Кейбір кісілердің тас қабырғаның ар жағындағыны көрер қасиеті болатынын білмеуші ме едіңдер?

Ха-ха-ха!

  • Ана бұрышты қараңыз, Куртис, – дедім мен Гагула айтқан жерді нұсқап.

Сэр Генри шам ұстаған күйі бұрышқа үңіле бере айқайлап жіберді.

  • Хэлло, достар, – деді. – Мұнда қуыс бар көрінеді. О, жасаған! Мынаған қараңдар!

Біз сэр Генри тұрған жерге қарай жапырлай ұмтылдық. Жарты шеңбер терезеге ұқсас шағын ұяда əрқайсысының аумағы екі футтай шамасында үш жəшік тұр. Бұлардың екеуі тас қақпақпен бекітілген, ал үшіншісі ашық, қақпағы қасында, қабырғаға сүйеп қойылыпты.

  • Қараңдар! – деді шамды жəшіктің үстінен көтере ұстап тұрған сэр Генри даусы тұншыға шығып.

Біз төмен қарадық. Алайда жарқ-жұрқ етіп көз шағылыстырған сəуледен ештеңе ажырата алмадық. Аздан соң, көз үйренген кезде ғана аңдадық, жəшік ортан белінен асыл тастармен толтырылған екен.

Кейбір тастар тым көлемді көрінеді. Еңкейіп, бірнешеуін қолыма алып көрдім. Ешқандай күмəн қалмады: бұл гауһар тастар еді. Тек гауһарға ғана тəн, қолға жайлы тиетін жұғымды жылтырлық бар.

Асыл тастарды жəшікке қайта салған кезде мен алқынып, демімді əрең алып тұр едім.


  • Біз əлемдегі ең бай адамдармыз! – дедім айқайлап. – Граф Монте- Кристо бізбен салыстырғанда қаратабан кедей!

  • Біз барлық базарларды алмасқа толтырамыз, – деді Гуд.

  • Алдымен, бұл тастарды елге жеткізіп алу керек, – деді сэр Генри сабырлы үнмен.

Қуаныштан өңіміз боп-боз боп кеткен, бірімізге біріміз бақырая қарап, жалт-жұлт еткен асыл тастарға бозамық сəуле төккен шамды қоршалай, тілсіз, қимылсыз күйде қалшиып тұрмыз. Түр-тұлғамыз өзіміз ойлағандай, əлемдегі ең бақытты адамдарға емес, əлдебір үлкен қылмыс жасауға оқталған басбұзарларға көбірек келетін.

Қазына ішінде бейнебір алып жарғанатша ерсілі-қарсылы у-шусыз шапқылап Гагула жүр.



  • Хи-хи-хи! – дейді бізді табалай күліп. – Міне, сендер жақсы көретін жалтыр тастар! Міне, ақ адамдар жанын үзетін асыл тастар. Көп, өте көп. Қанша қаласаңдар, сонша алыңдар. Тамашалаңдар, таңырқаңдар, уыстап ұстап көріңдер. Жеңдер! Хи! Хи! Ішіңдер! Ха! Ха!

Соңғы сөздер соншалық оғаш көрінді де, мен қарқылдап күліп қоя бердім. Сэр Генри мен Гуд та, неге екенін өздері де білмей, сақылдап күле бастады. Асыл тастар толтырылған жəшіктердің қасында тұрып алып, жын соққан адамдай шегіміз қата күліп жатырмыз.

Бар алмас біздікі! Бұл тастарды бұдан мың жыл бұрын бейнетқор еңбеккерлер қаншама михнат шегіп, анау алып құдықтан біз үшін қазып алды. Сүлеймен патшаның əлдебір сенімді ұлығы құпия қойманы қаздырып, сол асыл тастардың бəрін осы жерге тек біз үшін ғана үйгізді. Бұл тастар əуел баста-ақ Сүлейменге де, Дəуітке де, да Сильвестраға да, ешкімге де тиесілі емес еді. Бұл тастар əлімсақтан біздікі болатын. Міне, енді өз иелерін тапты. Талай миллион фунт стерлинг тұратын асыл тастар алдымызда жарқ-жұрқ етіп жатыр, сан мың жəне əлденеше мың тартатын алтын мен піл сүйегі тау боп үйіліп, ол тұр. Біз қашан келеді, қашан алып кетеді деп қаншама жүз жыл сарылды бұл қазына.

Кенет біздің бəріміздің де бойымызды буған ұстама тыйылды, өзімізді өзіміз тежеп, қарқылдап күлгенімізді қойдық.


  • Басқа жəшіктерді ашыңдар, ақ адамдар, – деді Гагула шаңқылдап. – Олардағы тас бұдан да көп. Алыңдар бəрін, ақ əміршілер! Ха! Ха! Көп алыңдар! Қалағандарыңша, көтергендеріңше алыңдар!

Гагуланың құтырынған айқайы астында жүріп біз қалған екі жəшіктің де аузын бұздық. Əйткенмен мөрін сындырып, тас қақпақты ашып жатқан шақта өзімізді құдайға шет əлденедей күнəлі іс жасап жатқандай сезінген едік.

Алақай! Бұл жəшіктер де асыл тастарға толы екен. Дəлірек айтсақ, екінші жəшік аузы-мұрнынан шыға сықап толтырылған



  • бақытсыз да Сильвестра өзінің ешкі терісінен тігілген қапшығына бұл жəшіктен тым құрса бір тас салып ала алмапты. Ал үшінші жəшікке келсек, оның төрттен бір бөлігі ғана толтырылған; өте ірі тастар, əрқайсысы жиырма караттан кем емес, ал кейбіреулері, тіпті көгершіннің жұмыртқасындай бар. Алайда шам жарығына тосып қарағанда біз бұлардың ең үлкендерінің көпшілігінде сарғыш рең барын аңдадық. Кимберлиде мұндай тастарды “гүлді” деп атайтын.

Бірақ Гагуланың жыланша жылжып, қоймадан шығып бара жатып бізге соңғы рет табалай қарағанын, содан соң еппен жартастан ойып жасалған құпия есікке қарай беттегенін ешқайсымыз да аңдамаппыз.

Апыр-ау! Бұл не? Сыртқы есікке өтер жол жақтан айқай естіледі ғой. Фулатаның даусы ғой бұл!



  • О, Бугван! Тез кел! Тез! Тас құлап барады!

  • Жібер мені, бойжеткен! Əйтпесе...

  • Көмекке, көмекке келіңдер! Маған пышақ салды!.. Біз тұра жүгірістік. Шам жарығында алғаш аңдағанымыз: тас есік баяу сырғып, төмен түсіп келеді. Еденге үш футтай ғана қалыпты. Есік аузында Фулата мен Гагула жанталаса алысып жатыр. Ержүрек қыз қызыл ала қанға боялған екен, бірақ соған қарамастан кəрі мыстанды жіберер емес. Ал анау тағы мысықтай арпалысып жатыр. Əттеген-ай! Босап шықты. Фулата құлап түсті, ал Гагула төрт тағандап жата қалып, жыланша жылжып, тоқтаусыз төмен сырғыған тас есіктің астындағы болмашы қуысқа еніп барады. Енді. О, тəңірім! Тым кешіккен екен.

Зілдей жартас оны еденге жапсыра ұстап қалды. Гагула жан даусы шыға шыңғырып жіберді.

Тас жайымен төмен түсе берді, түсе берді. Отыз тонна меңіреу салмақ кəрі бақсының адам көргісіз денесін бұрынғыдан əрмен жанша түсті. Бұрын-соңды біздің құлағымыз естіп көрмеген, жан ұшыра шыққан ең соңғы айқай – содан соң төбе құйқаны шымырлата күтір-күтір етіп үгілген сүйек даусы; міне, дəл біз жүгіріп жеткен сəтте тас есік біржола жабылды.

Осының бəрі бірнеше секундтың ішінде ғана болып өткен еді.

Біз Фулатаға ұмтылдық. Гагула пышақты тура кеудеден салыпты, ажал сəті жақын екені анық.



  • О, Бугван! Мен өлем! – деді сұлу қыз алқына сыбырлап. – Гагуланың жылысып сыртқа қалай шыққанын аңдамай қалыппын... талықсып жатыр едім... тас сырғып төмен түсе бастады; содан соң ол қайтып келді де, жолға қарап тұрды... мен оның төмен қарай баяу жылжыған есіктен ішке кіргенін көрдім... ұстай алып, жібермей қойдым, сол кезде ол маған пышақ салып алды. Мен өлемін, Бугван!

Гуд:

  • Байғұс Фулата! Байғұс Фулата! – деп шарасыз қалыпта бақыра берді. Кенет қолынан бөтен ештеңе келмейтінін сезінгендей, қызды бас сап құшақтап алып, аймалап сүйе бастады.

  • Бугван, – деді біраз үнсіздіктен соң қыз. – Макумазан осында ма? Көзімнің алды қарауытып барады, ештеңе көретін емеспін.

  • Мен мұндамын, Фулата.

  • Макумазан, менің тілім мен жағым бол, өтінем сенен. Бугван менің сөзімді түсінбейді, ал мен түнекке аттанып кетпес бұрын оған арнап бірнеше сөз айтпақпын.

  • Айт, Фулата, мен бəрін де жеткізіп берем.

  • Бугванға айт, менің мырзама айт, мен... мен оны сүйемін. Өлетініме өкінбеймін, өйткені ол өз өмірін менің өміріммен қабыстыра алмақ емес, жарық күннің қараңғы түнмен қосыла алмайтыны сияқты, ақ түсті адам да қара түсті қызға үйлене алмайды. Айт оған, кей кездерде мен кеудемде талпынып көкке ұшқысы келетін, аспанға шырқап əн салғысы келетін ақ қанат құс отырғандай сезінетін едім. Тіпті денем қозғалудан қалып, санам күңгірт тартып бара жатқан осы қазіргі сəттің өзінде мен жүрегімнің жылуы сембейтінін аңдап жатырмын. Көкірегім махаббатқа толы, мың жыл жасасам да, бойымнан қуат тайса да, жүрегім қартаймас еді. Айт оған, егер о дүниеде өмір сүрсек, бəлки, екеуміз жұлдызда кездесерміз. Мен мəңгі бақи іздеумен болам оны.

Бірақ мен о дүниеде де осы қара түсті күйімде қалам-ау, ал ол – ақ адам... Айт оған...

жоқ, Макумазан, ештеңе айтпай-ақ қой. Мен оны сүйем, осыны жеткізсең болады... О Бугван, мені құшақтай түс, қыса түс өзіңе қарай, құшағыңның жылуын сезінуден қалып барам... О, Бутван, Буг...



  • Жан тапсырды! Өлді! – деді Гуд еңірей орнынан тұрып. Бет-аузын жас жуып кеткен.

  • Соншама тарығып қайтесің, бауырым, – деді сэр Генри. Гуд селк ете түсті.

  • Бұл не дегеніңіз?

  • Менің айтпағым, көп ұзамай өзіңіз де қыздың соңынан аттанасыз. Əлде біздің бəріміздің тірідей көміліп, жер астында қалғанымызды көрмей тұрмысыз?

Фулатаның қайғылы өлімінің бізге қатты əсер еткені соншалық, сэр Генри осы сөзді айтқанға дейін өзіміздің үрейлі де мүшкіл хəлге түскенімізді аңдамаппыз. Енді ғана санамызға жетті: алып жартас сыртқа шығар жолды мəңгі-бақи бітеді, өйткені қақпаның құпия сырын білетін əлемдегі жалғыз адам шелпек боп осы тастың өзінің астында жатыр.

Тасты бұзып шығам деп ойлап жатудың өзі артық, қолымызда өте көп мөлшерде динамит болса, бір сəрі.

Қайтып шықпас тас қапасқа түстік.

Ұзыннан сұлап жатқан Фулатаның өлігінің басында қорқыныштан тіл қатуға да, қимылдауға да шамамыз келмей, бірнеше минут бойы сілейіп тұрып қалыппыз. Бізді аштық пен шөл, содан соң азапты өлім күтіп тұр. Енді бəріне де көзіміз жетті: əлгі сайтанның шешесі Гагула бұл қақпанды алдын ала əзірлеп қойған екен.



Мүндай ойынды Гагуладай тозақы қиял, зұлым ойлы жанның ғана ойлап табуы мүмкін. Үш ақ адамды бірдей өздері сонша ынтыққан мол қазынаның қақ ортасына отырғызып қойып, аштық пен шөлден өлтіру сияқты ғаламат жоспар тек осындай кəрі мыстанның ғана миына келуі мүмкін. Оның үңгір ішінде жарғанатша жалпылдап жүріп, бізді кекете айтқан “асыл тастарды ішіңдер, жеңдер” деген сөзінің мəн-мағынасын енді ғана ұқтым. Бəлки, əлдекім байғұс Сильвестрамен де өстіп ойнағысы келген шығар. Əйтпесе асыл тас толтырылған қапшығын тастай қашпас еді ғой.

  • Бекем болайық, – деді сэр Генри қырылдаған дауыспен. – Көп ұзамай шам да сөнеді. Жарық барда іздеп көрейік, бəлки, жартасты қозғалысқа келтіретін тетікті тауып қалармыз.

Жан ұшыра есікке қарай ұмтылдық. Ұйып қатуға айналған қанды басып жүріп есікті, қабырғаны оңды-солды, жоғарылы-төменді тегіс бажайлап тексеріп шықтық. Алайда жартасты қозғалысқа түсіретін не тұтқа, не тетікке ұқсас ештеңе таба алмадық.

  • Күмəндарыңыз болмасын, – дедім мен, – есік бұл жақтан ашылмайды. Егер қақпа іштен ашылатын болса, Гагула төмен түсіп келе жатқан жартастың астындағы қуысқа ұмтылмас еді. Қарғыс атқыр мыстан есіктің бұл жақтан ашылмайтынын анық білді, сондықтан да қатерге қарсы ұмтылды.

  • Қайткенмен де, – деді сэр Генри қыстыға күліп, – қолма-қол сазайын тартты. Жантүршігерлік ажалға ұшырады. Бірақ біз де азап үстінде өлеміз. Есікке ешқандай қайран жоқ. Қоймаға қайта барайық.

Біз бұрылып, кері қарай аяңдадық. Бірнеше қадам жүрген соң, шолақ қабырға түбінде тұрған, мана бақытсыз Фулата ала келген тамақ салынған себетке көзім түсті. Ішіне сықап қазына толтырылған, енді біздің моламыз болуға тиісті қарғыс атқан бөлмеге өзіммен бірге ала кірдім.

Содан соң біз қақпа жаққа қайта оралдық та, Фулатаның денесін көтеріп алып, алтын толтырылған жəшіктердің жанына əкеп жатқыздық. Өзіміз шылқыған ен байлықтың қақ ортасына, асыл тастар толтырылған жəшіктерге арқамызды сүйеп, еденге отыра-отыра кеттік.



  • Тамақты мүмкіндігінше көбірек уақытқа жететіндей етіп бөлшектеп қойғанымыз жөн болар, – деді сэр Генри.

Сол сəтінде-ақ себеттегі тамақты бөліске салдық. Əрқайсымызға кішкентай-кішкентай төрт өлшемнен ғана келді, яғни қолда бар тамақ екі күнге əрең жетерліктей ғана. Сүр еттен басқа бізде əрқайсысының сыйымдылығы бір кварт келетін екі қауақ су бар.

  • Ал енді, – деді сэр Генри түнеріңкі үнмен, – ішейік, жейік. Бəрібір өлеміз, əйткенмен əлденіп алған жөн.

Біз бір-бір кесек қақталған ет жеп, бір-бір жұтымнан су іштік. Рақаттанып отырып ас ішердей тəбетіміз болмағанын айтып жату артық, алайда ашығып қалған екеміз, ас ішкен соң əжептəуір əлденіп қалдық.

Содан соң орнымыздан тұрып, түрмеміздің қабырғасын мұқият тексеруге, тықылдатып, сипалап қарауға көштік. Бəлки, əлдеқандай шығар есікке ұшырасып қалармыз деген далбаса. Қайдан болсын, меңіреу тас қабырға мелшиді де тұра берді.

Осыншама қазына жинақталған үңгірде сыртқа тура шығар есік болуы мүмкін емес те еді.

Шам жарығы көмескілене берді, май жанып бітуге айналған.



  • Куатермэн, – деді сэр Генри маған қарап, – сағатыңыз жүріп тұр ма? Уақыт қанша болды?

Сағатымды алып, уақытты білдім. Кешкі алты екен, ал үңгірге біз сағат он бір кезінде кіргенбіз.

  • Менің ойымша, Инфадус бізді іздеуге тиіс, – дедім мен. – Егер бүгін кешке дейін орала алмасақ, ол бізді ертең таңертеңнен бастап іздеуге шығады.

  • Бекер əурешілік, қанша іздесе де таба алмайды. Өйткені құпия есік жайын, тіпті оның қайда екенін де білмейді. Күні кешеге дейін бұл сыр бір-ақ адамға – Гагулаға ғана мəлім еді, енді бұдан жан иесі атаулы тегіс бейхабар. Тіпті Инфадус дəл тапқан күннің өзінде есікті бұза алмас еді. Қалыңдығы бес фут бітеу жартасты бүкіл кукуан армиясы тесіп өте алмайды. Достарым, жаратушы құдіреттің маңдайға жазғанына мойынсұнғаннан бөтен амал жоқ бізде. Қазына қуған талай адам қайғылы қазаға ұшырап еді. Біз де солардың бірі болдық.

Шам жарығы бұрынғыдан əрмен көмескілене түсті. Кенет ол оқыс жарқырап жанды; қатарлана үйілген піл азулары, алтын толтырылған қалаулы жəшіктер, олардың қасында сұлық жатқан Фулатаның өлі денесі, алмас толтырылған тері қапшық, жарқ-жұрқ еткен сансыз асыл тас жəне еденде аштық пен шөлден келетін ажалды ғана күтіп отырған, шаршаған, қажып, торыққан үш адам ең соңғы рет ақ сəулеге бөленді.

Білте жалп етті де, біржола сөнді.





  1. тарау ҮМІТІМІЗ ҮЗІЛДІ

Сол күнгі түннің қаншалық ауыр, қаншалық қорқынышты болғанын суреттеп жеткізу мүмкін емес. Тек ауық-ауық бойымызды билеген мейірбан ұйқы ғана біздің мүшкіл хəлімізді аз-маз жеңілдеткендей еді. Дəл осындай үмітсіз жағдайдың өзінде талығып шаршаған дене тыныс тілейді екен ғой.

Алайда мен жарытып ұйықтай алмадым. Өлім ноқтасына басымыз ілінгені, одан құтылар жол жоқтығы туралы ой көкейімнен кетпей-ақ қойды. Мұндай үмітсіз хəл дүниедегі ең батыл деген адамның өзінің көңілін қорқынышқа бөлер еді, ал мен өзімді ешқашан да ержүректер санатына қосқан адам емеспін. Оның үстіне құлаққа ұрған танадай тыныштықтың өзі адам жанын езіп, көңілге мұң толтырғандай; сондықтан мұндай тыныштықта көз іліп ұйықтау қиын еді.

Оқушым! Бəлки, сенің ұйқың қашып, төсекте жападан-жалғыз дөңбекшіп жатқан түндерің болған шығар, ондайда тыныштықтың өзі кісіге салмақ түсіреді ғой. Бірақ сенің шын мəнісіндегі толық тыныштық дегеннің не екенін, оның алапат қорқынышын білмейтініңе мен бəс тігуге бармын.

Қандай тыныш деген шақтардың өзінде жер бетінде əлдебір дыбыс, əлдебір қимыл болмай қоймайды, бұл дыбыстар құлаққа жетіп, анық танылып тұрмағанымен, толық тыныштықтың өткір жүзін майырып жатады дер едім.

Ал біз отырған үңгірге ешқандай дыбыс жетпейтін. Біз төбесін қар басқан асқар таудың терең қойнауында, жер астында жаттық.

Жоғарыда, бізден əлденеше мың фут биікте ұйытқыған жел ақ қарды үйіріп, гулеп борандатып тұр, бірақ оның үні біздің құлағымызға жетпейді. Ұзын үңгіртау іші мен қалың тас қабырға өлі тыныштыққа бөленген, анда-санда төбеден үзілген тамшы үні ғана естіліп тұрған Ажал Сарайының өзін бізден қиян алыста қалдырғандай. Тіпті

сатырлаған күн күркірі, гүрсілдеген артиллерия үні тегіс қабаттаса жер-көкті жаңғырықтырса да ештеңе сезбес едік.

Біз жеті қат жер астына тірідей көмілген, əлемнен аласталған жандармыз.

Кенет мен өзіміздің басымыздағы хəлдің соншалық оғаштығын бар жүрегіммен сезінгендей болдым. Шалқыған ен байлықтың ортасында отырмыз. Біздің иелігіміздегі қазына тұтас бір мемлекеттің ұлттық қарызын өтеуге немесе бронді кемелерден құралған тұтас бір флотилия жасап шығуға молынан жетеді. Алайда бұл ғаламат көп мүкамалды біз осы арадан құтылуға себі тиер иненің жасуындай ғана үміт сəулесіне ойланбастан садақа етер едік. Сөз жоқ, көп ұзамай-ақ біз бар қазынаны бір жапырақ нанға, немесе бір ұрттам суға сөз қайтармастан айырбастар едік. Ақыр аяғында осы қол жетпес қазынаны өзімізге тезірек ажал келтірер амалдың жолына-ақ құрбанға шалар едік. Шынында да, өмір бойы бейнеттеніп жиған байлық соңғы сағаты соққан кезде кімге опа берген, кімге пана болған; көк тиындық құны бар ма оның?

Түн шексіз ұзаққа созылып кеткендей. Уақыт азап үстінде өте баяу жылжиды.



  • Гуд, – деді кенет сэр Генри. Тылсым тыныштықты бұзған үн төбе- құйқамызды шымырлатқандай қорқынышты естілді. – Гуд, қанша шырпы қалды?

  • Сегіз, Куртис.

  • Біреуін жағыңыз, сағат неше екенін көрейік.

Гуд сіріңке шақты. Түнек қараңғылыққа үйреніп қалған көзіміз сіріңке жарығының өзіне шағылысты.

Менің сағатым таңғы бесті көрсетіп тұр екен. Қазір ғой, біздің үстіміздегі қарлы биік таңғы бозамық, əсем сəулеге шомып, маужырап тұр. Сай-сайдағы түнгі тұман самал жел лебімен сейіліп бара жатқан шығар.



  • Ас ішіп, аз-маз əлденіп алғанымыз жөн болар, – дедім мен.

  • Қажеті не, – деді Гуд. – Бəрібір өлеміз. Тезірек келгені жақсы емес пе ажалдың.

  • Көзден жанар сөнгенше көңілдегі үмітті де үзбеген абзал, – деді сэр Генри.

Біз тамақтанып, бір-екі жұтымнан су іштік. Арада тағы біраз уақыт өтті.

Сэр Генри сыртқы есік алдына барып дыбыс беруге ұсыныс жасады. Сырттағы бізді іздеген адамдар даусымызды естуі мүмкін-ау деген болмашы үміт-дағы. Сондықтан ұзақ жылдар бойы флотта қызмет атқару нəтижесінде қалыптасқан зор даусы бар Гуд сипалап жүріп тас қақпа алдына жетті де, жын соққандай айқайлап, үңгірдің ішін азан- қазан етті. Мен өмірімде құлақ қаңғыртып, бас ауыртқан мұндай қатты айқай естіп көрмеген едім, бірақ бұл айқай тас қапастың сыртына шыбынның ызыңындай боп та жетпесе керек.

Ақыры Гуд айқайлап-айқайлап, даусы қарлыққан соң қайтып келді. Қатты шөлдеп кетіпті, су ішті. Осыдан соң біз құр айқайдың қажеті болмас деп шештік. Пайдасыздығы өз алдына, онсыз да аз ғана судың соры екен.

Біз түкке керегі жоқ асыл тастар лықа толтырылған жəшіктерге арқамызды сүйеп, қайтадан жерге отыра кеттік.

Үн-түнсіз, қимылсыз отырмыз. Азап пен үрей жанымызды жегідей жеп барады. Өмірден күдер үзіп, дүниеден түңілген мен өзімді бұдан ары ұстай алмадым. Сэр Генридің қақпақтай иығына басымды сүйеп, ағыл- тегіл жыладым-ай. Куртистің екінші жағында отырған Гуд көз жасын əрең ұстаса керек, қарлыққан үнмен, боркеміктігі, жасықтығы үшін өзін-өзі тынымсыз сөгіп жатты.

Сэр Генри қандай мейірбан жан. Қандай ержүрек адам. Гуд екеуміз бойын үрей буған екі бала, ал ол біздің тəрбиешіміз болған күннің өзінде осыдан артық қамқорлық жасай алмас еді. Өз басындағы күйді біржола ұмытып, екеумізді жұбатуға кірісті, көңілімізді тоқтатып, бойымызға қуат беруге тырысты. Дəл осы біз сияқты қиын хəлге түскен, ғайыптан аман құтылған əлдебір адамдар туралы хикаялады.

Онысынан бəрібір ештеңе шықпайтынына көзі жеткен соң біздің қазіргі күйіміз тек ажал алдындағы үрей ғана екенін айтты, өзекті пенденің көрері бір өлім, көп ұзамай бəріміздің де жанымыз жай

таппақ. Тіпті аштан өлу басқа өлімдерден көп жақсы деп те қойды (əрине, мұнысы ешбір қисынға келмейтін өтірік еді).

Содан соң ол ұяң дауыспен тағдырдың басқа салғанына көну керек деді. Мен бұл сөзді іштей толығымен қабылдадым.

Сэр Генридің мінезі мінез-ақ қой. Неткен байсалды, неткен қажырлы жан.

Сөйтіп, түн артынан күн де өтіп жатты. Əрине, түнек қапаста отырған бізге күн-түні бəрібір еді. Уақыт мөлшерін білгім кеп сіріңке шақсам, сағат жеті екен.

Біз тағы да ас-су іштік. Міне, дəл осы кезде менің басыма күтпеген ой келді.



  • Неге, – дедім мен, – ауа үнемі таза боп тұр. Рас, қапырық, бірақ ауа біз алғаш осы үңгірге кірген кездегі қалпында.

  • О, құдірет?! – деді Гуд дауыстай атып тұрып. – Бұл менің ойыма да келмепті. Ауа тас қақпадан өте алмайды, өйткені жартас қашалып, берік жабылған. Егер əлдеқайдан таза ауа кеп тұрмаса, біз баяғыда-ақ тұншығып өлетін едік. Қане, іздеп көрейік!

Осы болмашы ғана үміт сəулесі бізді соншама желпіндіріп, көңіл күйімізді көтеріп тастады. Əлдебір қуысқа ұшырасып қалмас па екеміз деген алдамшы үміт жетегінде қолма-қол іске кірістік; еңбектеп, төрт тағандап жорғалап жүрміз. Бірақ бəрі де бос əурешілік болды. Көп ұзамай-ақ менің лепірген көңілім су сепкендей басылды. Қолым əлдебір салқын нəрсеге тиген. Өлі Фулатаның беті екен.

Бір сағаттан артық машақат шектік. Ақыры түнек қараңғылықта бірде піл азуына, бірде қазыналы жəшікке, бірде тас қабырғаға соғылып, əбден берекеміз кеткен соң сэр Генри екеуміз үміт үзіп, іздеуді тоқтаттық. Бірақ Гуд өзінің өнімсіз тіршілігін жасай берген. Əйтеуір қарап отырып өлгеннен жақсы ғой деп қояды. Даусы да ширақ.



  • Достарым, – деді ол кенет тұншыға оқыс дауыстап. – Мұнда келіңдер!

Біз қараңғыны қармалап, асып-сасып, дауыс шыққан жаққа қарай ұмтылдық.

  • Куатермэн, мен қолымды ұстап тұрған жерге сіз де алақаныңызды тосып көріңізші. Ал, қалай, ештеңе байқадыңыз ба?

  • Меніңше, ауа дəл осы арадан өтетін тəрізді.

  • Ал енді құлақ салыңыз.

Гуд орнынан тұрды да, тебініп-тебініп қалды. Сол сəтінде біздің көңіліміздегі үміт оты да лап етіп жарқырап жанғандай болды: дыбыс дүңкілдеп шыққан.

Қолдарым қалт-құлт етіп, сіріңкені əрең шақтым. Бөлменің ең түпкі бұрышында тұр екенбіз, сірə, осы уақытқа дейін бұл жерге аяқ баспасақ керек.

Сөз жоқ, біздің астымыз қуыс еді. Сіріңке жарығында тас еденге бажайлай қарадық. Тұтас жалпақ тас бетінен əлдебір жарықшақ көзімізге шалынғандай болды. Үңіліп қарасақ – о, құдірет, еден деңгейімен шамалас жатқан тас тұтқа. Тіл қатып, бірдеңе айтуға шамамыз келмеді. Буын-буынымыз дірілдеп, жүректеріміз атқалақтап соғып, есіміз шығып кеткен.

Гудтың бір жақ басы ілдіргелі бəкісі бар еді. Соны ашты да, тұтқаны еппен іліп алып, жайлап көтере бастады. Ілдірге сынып кете ме деп жанымыз шығып барады. Тұтқа ептеп көтеріле берді. Əлденеше ғасыр бойы қозғалыссыз жатқанымен, орнығып қалған жерінен жылжыды.

Егер тұтқа тас емес, темірден жасалған болса, қозғалта алмас едік.

Біраздан соң тұтқа жоғары көтерілді.

Енді Гуд қолымен тұтқадан ұстап алып, табандап тартты.

Бірақ тас тақта тұрған жерінен мызғымады да.



  • Былай кет, енді мен байқап көрейін, – дедім дегбірсізденіп.

Тұтқалы тас дəл бұрышта тұрған. Екі адам қатарынан ұстауға жер тар. Мен тұтқадан алып, бар күшіммен ары тарттым, бері тарттым – ештеңе шықпады.

Енді сэр Генриге кезек келді. Ол да түк өндіре алмады. Гуд бəкісін қайтадан алып, ауа келіп тұрған жарықшақ қуысты, тас төңірегін тегіс тазартып шықты.



  • Ал енді, Куртис, – деді содан соң, – жұмысқа кірісіңіз. Бір өзіңізде екі кісілік күш бар, аянбай қимылдауға тура келеді. Тұра тұрыңыз. Гуд

қайда барса да тастамай жүрген қара жібек орамалын мойнынан алып, тұтқадан өткізді. – Куатермэн, Куртистің белінен құшақтаңыз. Мен айтқан кезде бар күшпен тартыңдар. Ал тартайық!

Алып күшті сэр Генри бар қайратын сап, табандай тартты. Өз қауқарымызша Гуд екеуміз де тырбаңдап жатырмыз.



  • Тартыңдар! Тартыңдар! Орнынан қозғалды! – деді ышқына айқайлап сэр Генри. Мен оның жота сүйектерінің сықырлағанын, бұлшық еттерінің сытырлағанын құлағыммен естігендей болдым.

Кенет тас қақпақтың сарт етіп ашылған дыбысы естілді. Үңгір ішіне таза ауа лап берді. Үлкен тас тақтаны үстімізге ала бəріміз бірдей шалқалай құладық.

Тас қақпақ сэр Генридің алып күшінің арқасында ғана ашылғаны күмəнсіз еді, Сірə, дүлей қара күш өз иесіне ешқашан дəл осындай үлкен пайда келтірмеген шығар.



  • Шырпы шағыңыз, Куатермэн, – деді сэр Генри біз орнымыздан тұрып, ентігімізді баса бергенде. – Байқаңыз! Ал жағыңыз!

Сіріңке жарығында біз (шүкір, аллаға) үңірейген қуысты, оның ар жағынан тас баспалдақтың алғашқы сатысын көрдік.

  • Енді не істейміз? – деп сұрады Гуд.

  • Əрине, осы сатымен төмен түсеміз де, тағдырдың маңдайға жазғанын көріп аламыз.

  • Тұра тұрыңдар! – деді сэр Генри. – Куатермэн, ет пен судың қалғанын ала жүріңіз. Бізге қажеті болады əлі.

Мен қараңғыны қармалап, мана өзіміз отырған жерге қарай жүрдім. Жолай басыма мүлде күтпеген ой орала кеткені.

Соңғы жиырма төрт сағат бойы асыл тастар туралы ойлауға мұршамыз келмеді; ол тарапта əңгіме қозғаудың өзі ауыр көрінген, өйткені бізді ажалды жерге айдап əкелген де осы қазына дерті ғой. Алайда, дəл осы сəтте мен бірнеше уыс тас ала кеткен теріс болмас деген ойға тірелдім. Бəлки, осы қарғыс атқан үңгірден аман құтылармыз. Сондықтан алғашқы жəшікке қол салдым да, үстімдегі аңшылыққа арналған көне күртемнің қалтасын сықап, асыл тастарға толтырып алдым. Содан соң,

ойыма келе кеткені мұндай жақсы болар ма, үшінші жəшіктен бір уыс ірі тасты тағы алдым.


  • Ау, достарым, – дедім айқайлап, – өздеріңмен бірге біраз асыл тас ала жүрмеймісіңдер? Мен барлық қалтамды сықап біттім.

  • Шайтан алсын бұл гауһарды, – деді сэр Генри. – Тəңір жазса, енді қайтып асыл тас атаулының маңынан жүрмеспін.

Ал Гуд мүлде жауап бермеді. Менің ойымша, бұл сəтте ол өзін ыстық жүрек, таза көңілден соншалық сүйген бейшара қыздың өлі денесімен қоштасып жатқан болуы керек.

Оқушым, сен қысталаң хəлден аулақ, өзіңнің үйреншікті мекенжайыңда отырсың. Біздің соншама ен байлықты ойланбай тастап жүре бергеніміз саған қисынсыз көрінуі анық. Егер сенің өзің жиырма сегіз сағат бойы жеті қат жер астындағы тас қапас ішінде, болмашы ғана ас-су ішіп, тек ажал ғана күтіп отырсаң, енді азапты өлімнен бас сауғалай қашып, тағы бір қуыспен жер астына одан да ары түсуің қажет болса, асыл тас, ен байлық туралы ойлап жатуға мұршаң келмес еді. Егер менің көпті көрген мол тəжірибем, жолда жатқан қажет нəрсені тастамай қолға қыстыра кетуді əдет еткен мінезім болмаса, қалтаға асыл тас толтырып алу ойым түгіл түсіме кірмейтін еді.



  • Жүріңіз, Куатермэн, – деді тас баспалдақтың бірінші сатысында тұрған сэр Генри мені асықтырып. – Байқаңыз. Кеттік, мен алда жүрем.

  • Сақ болыңыз, төменде терең апан жатпасын, – дедім мен.

  • Апан емес, тағы бір үңгірге ұшырайтын шығармыз, – деді сэр Генри. Баспалдақты санамалап басып, жайлап төмен түсе берді. Саты саны он бес болғанда ары қарай жүрмей бөгеліп тұрып қалды.

  • Баспалдақ бітті, – деді ол. – Құдайға шүкір! Ары қарай жүретін қуыс жол бар сияқты. Төмен түсіңдер!

Баспалдақпен екінші болып Гуд жүрді, Мен оның соңынан ердім. Сатыдан түсе сала өзімде қалған екі шырпының бірін жақтым. Енсіз, ұзын үңгіртау ұшығында тұр екенбіз. Біз жаңа түскен баспалдаққа тік бұрыштана келіп оңға жəне солға тартқан екі айыр үңгіртау. Бұдан бөтен ештеңе көруге мүмкіндігіміз болмады, Шырпы жанып болып, менің қолымды күйдіре бере сөнді.

Міне, енді біз қиын таңдау алдында қалдық. Қалай қарай жүру керек? Оңға ма, солға ма? Əрине, бұл үңгіртаулардың не мəні барын, қайда бастап апарарын болжап білу мүмкін емес-ті. Əйткенмен екеуінің бірі болмаса бірі бізді еркін дүниеге шығаруы, ал енді бірі ажал аранына апарып түсіруі де мүмкін.

Не істерімізді білмей абдырап біраз тұрдық. Кенет Гуд сіріңке жағылған кезде ауа толқыны отты солға қарай шалқытқанын айтты.


  • Жел лебіне қарай жүрейік, – деді ол.

  • Бұл жерге ауа сырттан келіп тұр емес пе. Бұл сөзді біз де мақұлдадық.

Əр қадамды именшектей басып, тас қабырғаны бойлай сипалана, ептеп жүріп келеміз. Аттаған сайын қарғыс атқан қазынадан алыстай бердік. Егер болашақта бұл қоймаға əлдекімдер келе қалса (бірақ бұл араны енді қайтып тірі адам баса алмайтынына сенем) біздің бұл жерде болып кеткенімізді аузы ашылған қазыналы жəшіктерден, жанып біткен майшамнан, сорлы Фулатаның ақсөңке боп қураған сүйектерінен танып білер.

Біз қабырғаны сипалаған мимырт қозғалыспен он бес минуттай жүрген соң үңгіртау шұғыл бұрылыс жасады. Сірə, оның екінші бір үңгірмен қиылысқан жеріне келсек керек. Біз ары қарай жүріп кеттік. Көп ұзамай үшінші бір үңгіртауға тағы түстік. Бірнеше сағат бойы осылай болды да отырды.

Шытырман жолды тас лабиринтке түскен тəріздіміз. Жол тауып шығу мүмкін емес сияқты.

Əрине, бұл толып жатқан айқыш-ұйқыш қуыстардың нендей мəні барын мен əлі де білмеймін; бірақ біз бұл – көне замандағы кен іздеген жолдар болар деп шештік. Асыл тасты жыныстың ыңғайымен оңды- солды қазыла берген. Үңгіртаулардың соншама көптігі жəне ретсіз салынуы тек осы себепті ғана деуге болады.

Ақыры біз əбден əліміз құрып, отыра кеттік. Аман-есен кең дүниеге шығуға ешқандай мүмкіндік жоғын аңдадық. Жүректеріміз мысық тырналағандай шанышқылап қоя берді. Қалған бір-бір жапырақ

етімізді жедік. Қанымыз кеуіп бара жатқан соң ең соңғы жұтым суымызды да іштік.

Қазыналы үңгірден аман құтылдық, сондағы үлесімізге тигені көртышқанның ініндей мың тарау түнек қуыстың ішінде өлу екен.

Ұнжырғамыз түсіп, өмірден үмітімізді үзіп біраз отырдық. Кенет менің құлағыма əлдебір дыбыс шалынғандай болды. Серіктеріме айттым.

Бəріміз де құлақ тіге қалдық. Шынында да өте алыстан сылдыраған əлдебір əлсіз дыбыс жетті. Біздің сол кездегі масайрағанымызды айтсаңызшы. Соншама шексіздікке созылған бірнеше сағат бойғы ың- шыңсыз өлі тыныштықтан соң құлағымызға шалынған бұл дыбыс бізге жарық дүниенің хабаршысындай көрінген.


  • Тəңірі атымен айтайын, бұл – сылдырап аққан судың дыбысы, – деді Гуд. – Жүріңдер.

Сылдыр естілген жаққа қарай жылжыдық. Əуелгідей, тас қабырғаны бойлап, болмашы ғана сылдыраған дыбысқа қарай жүріп келеміз.

Ілгері озған сайын дыбыс ұлғая берді. Ең ақырында, төңіректі буған өлі тыныштықты қақ жарып, салдыр-күлдір етіп жатқандай, өте күшті боп көрінді бізге.

Алға қарай жылжи бердік, жылжи бердік. Енді анық көзіміз жетті, бұл


  • өте қатты аққан судың дыбысы еді. Əйткенмен де, жер астынан сылдырап ағып жатқан бұл нендей жұмбақ су?

Суға өте жақын қалған сияқтымыз. Алда келе жатқан Гуд судың иісін анық сездім деп ант та ішті.

  • Байқаңыз, Гуд, – деді сэр Генри. – Біз, сірə, суға тақап қалсақ керек. Кенет шалп еткен дыбыс естілді, Гудтің жанұшырған айқайы қоса шықты. Ол суға құлаған еді.

  • Гуд, Гуд! Қайдасың? – деп айқайластық біз зəреміз ұшып.

Гудтің тұншыға шыққан даусы естілгенде уһ деп демімізді əрең алдық.

  • Уақа емес, – дейді ол. – Мен жартастан ұстап тұрмын. Сіріңке жағыңдар. Қайда тұрғандарыңызды көріп алайын.

Мен асығыс қимылдап, ең соңғы шиімді шақтым. Шырпының əлсіз жарығы біздің дəл аяғымыздың астында ағып жатқан қап-қара су бетіне түсті. Өзеннің қаншалық енді екенін аңдай алмадық, бірақ

досымыздың бізден біраз жерде жартастың ұшына ілініп тұрғанын көрген едік.



  • Ал мені ұстай алуға əзірленіңдер! Сендерге қарай жүзем, – деді ол айқайлап.

Содан соң шолп еткен дыбыс естілді. Гуд қатты ағыспен жанталаса алысып, бері қарай жүзіп келеді. Арада бір минут өткенде аман-сау біздің қасымызға да жетті. Еміне қолын созып тұрған сэр Генри оны жағаға жете бергенде-ақ ұстай алған. Екеулеп судан суырып шығардық.

  • Құдай ақы, – деді Гуд алқына дем алып, – өлдім-ақ қой деп ем. Егер дес беріп, жартастың ұшы қолыма іліне кетпегенде бітіп ем.

Малтығыш болмасам да өледі екем.

Аяғым жерге жеткен жоқ, су терең. Əрі ағысы өте қатты.

Бұдан ары жүре алмайтынымыз анық еді. Гуд біраз дем алды. Бəріміз де жер асты өзенінен су ішіп рақаттанып қалдық. Тұщы екен. Тіпті өте дəмді көрінді, Салқын суға бет-аузымыздың балшығын жуып, біраз сергігендей болдық.

Содан соң африкалық Стикспен1 қоштасып, үңгіртаумен кері қарай жүрдік. Үстінен су тамшылаған Гуд алда келеді. Ақыры біз айырық үңгір оңға қарай кететін жерге жеттік.



  • Несі бар, осылай қарай бұрыла салайық, – деді сэр Генри қажып- шаршаған дауыспен. – Мұнда бір жолдан екінші жолдың айырмасы жоқ. Тек əліміз құрып, құлап түскенге дейін жүре беруіміз керек.

Жаңа үңгіртауга түстік те, сүйретіле басып, мимырттап ұзақ жүрдік. Енді алда сэр Генри келе жатыр.

Кенет ол қалт тұра қалды. Қараңғыда серігіміздің бөгелгенін көрмегендіктен біз онымен соқтығысып қалдық.



  • Қараңдар! – деді сыбырлай сөйлеп. – Мен ақылымнан алжастым ба, əлде анау – шынында да жарық сəуле ме?

Біз түнекті тесе үңілдік. Алда, алыста болмашы ғана бозғылтым дақ көрінді. Жарық өте əлсіз еді. Ұзақ уақыт бойы түнек қараңғылықтан

бөтен ештеңе көрмегендіктен ғана аңдап байқаған тəріздіміз.

Жүректеріміз аузымызға тығыла, асыға алға ұмтылдық. Кеудемізде қайтадан үміт оты тұтанған.

Арада бес минут өткенде көңілімізде ешқандай күмəн қалмады. Бұл бозғылтым дақ шынында да жарық сəуле белгісі еді. Тағы бірер минуттан соң таза ауа лебін анық сезіндік. Шаршағанымызға қарамастан алға қарай жүре бердік, жүре бердік.

Кенет үңгіртау оқыс тарылды. Сэр Генри бұдан ары төрт тағандап еңбектеуте көшті. Үңгір тарылған үстіне тарыла берді.

Ең аяғында бұл қуыс топырақтан қазылған еді. Тас үңгір бітті.

Алға қарай еміне ұмтылған сэр Генри топырақты қопара-мопара іннен шықты. Оның соңынан Гуд екеуміз де кең дүниеге шықтық.

Төбемізде жұлдыздары самсаған аспан жарқырап тұр. Көкірек кере таза ауамен дем алдық.

Кенет аяғымыздың астындағы топырақ сусып қопарылды да, біз тоңқалаң асып, жолдағы бұталарды сындырып, шөпті жапырып, дымқыл, жұмсақ түйетайлы беткеймен төмен қарай домалай жөнелдік.

Мен əлденеге жармасып, ағынымды тоқтаттым. Басымды көтеріп отырдым да, бар даусыммен айқай салдым.

Өзімнен төменіректен, таяу жерден сэр Генридің жауап қата айқайлаған даусы естілді. Қатты домалап бара жатқан жолында сəл- пəл тегістеу жер кездесіп, сол арада тоқтаған екен. Еңбектеп қасына бардым. Ентігіп, демін əрең алып отыр, бірақ аман-сау, денесіне ешқандай зақым келмепті.

Екеуміз бірігіп Гудті іздеуте кірістік. Көп ұзамай тауып та алдық. Əлдебір айыр томарға ілініп қалған екен. Əбден сілікпесі шығыпты, бірақ көп ұзамай есін жиды.

Біз шөп үстіне отырыса кеттік. Бастан кешкен үрей, азап, михнаттан соң бойымызды билеген сезімнің күштілігі соншалық, бəріміз бірдей еңіреп жылап та алсақ керек.

Біздің моламызға айналуға тиіс қапас қақпаннан аман шықтық. Бізді сыртқа шығар жолға əлдебір мейірбан рух бастаған тəрізді. Үңгіртау біткен жерде қорқау қасқырдың іні болғанын айтсаңызшы. Біздің қарсы алдымыздағы сеңгір шың басына қызғылтым таң сəулесі қонақтады. Енді қайтып таң жарығын көрем деп кім ойлаған.

Көп ұзамай сұрғылт сəуле тау басынан сырғи төмен түсті. Сонда ғана біз өзіміздің кен қазылған алып апанның түбінде, үңгірге кіре беріс тұста отырғанымызды аңдадық. Шұңқыр жиегінде тас тұғырда тұрған үш Тұнжырдың көмескі бейнесі таныла бастады.

Сөз жоқ, біз түні бойы қаңғып жүріп өткен, өзімізге шексіз ұзақ көрінген толып жатқан үңгіртаулар бір заманда осы кен қазылған апанмен жалғасып жатса керек. Ал тау астындағы ағын суға келсек, оның нендей өзен екені, қайдан басталып қайда баратыны тек бір тəңірге ғана аян. Оның мəн-жайын тексеруге менің титтей де құштарлығым жоқ.

Қаракөлеңке жарық алагеуімге айналды. Біріміздің бетімізді біріміз сонда ғана көрдік. Айта кету керек, мен бұрын-соңды сұқпыты дəл сол күнгі таңертеңгі бізге ұқсас тірі пенде көрмеген шығармын.

Ұрттарымыз суалған, көздеріміз шүңірейген. Бас-аяғымыз тегіс лай, топырақ. Бет-аузымыз қанаған, көгерген, іскен жарадан көрінбейді. Ұзақ уақыт бойы көңілімізге ұялаған ажал көлеңкесі жүзімізден əлі де кете қоймапты. Бір сөзбен айтқанда, біздің кейпімізден адам түгілі жарық күннің өзі шошырлықтай.

Бірақ осының бəріне қарамастан Гудтың моноклі сол сəнді, салтанатты қалпында өз орнында тұр екен. Соншама уақыт бойы бір рет те алып көрмеді-ау деймін. Қараңғы үңгір, шытырман үңгіртау да, жер асты өзені де Гудтың монокліне кесел келтіре алмапты. Тіпті кен қазылған апанның түйетайлы беткейімен допша домалағанда да түгі кетпеген.

Отыра берсек аяғымыз ұйып, сіресіп қалар деген қауіппен, көп ұзамай орнымыздан тұрдық та, тік беткеймен тырмыса жоғары өрледік.

Жіліншіктеріміз үзіліп, əрең жүріп келеміз. Кейде шөпке, кейде бұта мен томарға жармаса өрмелеп, бір сағаттай жүрдік.

Ақыры азапты саяхат та аяқталды. Біз апаннан шықтық. Шұқыр жиегінде, пұт құдайлардың қарсы алдында, Даңғыл Жол үстінде

тұрмыз.

Жолдан жүз ярдтай жерде, бір топ лашық алдында алаулай от жанып жатыр екен. От басында əлдекімдердің көлеңкелері қарауытады.

Біз бірімізді біріміз сүйеп, селбесіп, бес-он қадам сайын тыныстап аял жасап, солай қарай жылжыдық.

Кенет от басында отырған адамдардың бірі бізді көрді де, зəресі ұшып бақырып жіберді.



  • Инфадус! Инфадус! Бұл біз ғой, біз сенің достарыңбыз! Инфадус орнынан атып тұрып, бізге қарай жүгірді. Көздері ұясынан шығып кеткен, жүзінде үрей табы бар. Дір-дір етеді.

  • О, əмірші иелерім, о тақсыр иелерім! Сендер шынында да о дүниеден оралдыңдар! Сендер о дүниеден оралдыңдар!

Сөйдеді де, қарт жауынгер біздің алдымызға етпеттеп жата кетті. Сэр Генридің аяғын құшақтай алып, қуаныштан еңіреп жылап жіберді.


  1. тарау


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет