Кіріспе Билік – адамзат қоғамын басқару, бақылау, қадағалау, біріктіру, бағыттау, үйлестіру, ұйымдастыру сияқты кең ауқымды қызметтерді кешенді түрде атқаратын, саяси өмірдің басты құрамдас элементі әрі қозғаушы күші саналатын бірегей құбылыс болып табылады. Ауасыз тіршілік болмайтыны сияқты, биліксіз саясат болмайды. Биліктің табиғаты күрделі, қасиеті мен белгілері, құпия сырлары көп. Биліктің түрлері де сан-алуан, биліктің мәні мен мазмұнына қарай саясат та мың құбылады. Сондықтан билік ұғымы саясаттануда ерекше орын алады, тіптен, билікті зерттеуші саяси ғылымның дербес саласы – кратология бар. Бұл оқу құралының қажеттілігі мен маңызы да осымен анықталады, оның алдына қойған мақсаты – билік ұғымына жан-жақты анықтама бере отырып, студенттердің бойында билік туралы жүйеленген біртұтас түсінік қалыптастыру. Нақтырақ айтар болсақ, біріншіден, билікті күрделі қоғамдық құбылыс ретінде теориялық тұрғыда танып-білген сайын, студенттердің саясатқа деген қызығушылығы артады. Екіншіден, оқу құралы билік туралы теориялық білім берумен қатар, студенттерді тәжірибелік маңызы зор ақпараттармен қамтамасыз ету арқылы саясат пен басқарудың өзара қатынасын айқындауға, билікті жүзеге асыру барысында атқарылатын қызметтерді (шешім қабылдау, шешімдерді атқару, бақылау, бағыныштыларды сендіру және көндіру, ынталандыру, мәжбүрлеу, т.б.), биліктің легитимділігі, тиімділігі, нәтижелігі сияқты сапаларын, билік қатынастарының психологиялық ерекшеліктерін білуге көмектеседі. Сонымен қатар осы оқу құралын тиісті пән ауқымындағы әдістемеге сай қолдану арқылы әлемдегі және Қазақстанның саяси өміріндегі биліктің орны мен рөлі, саяси жаңғыру мен дамуға биліктің қатысы, биліктегі жағымды өзгерістер мен жағымсыз құбылыстар, мемлекеттік биліктің құрылымы мен қызметі жайлы да кешенді білім алуға болады. Түптеп келгенде, билікті тану болашақ саясаттанушы маманның біліктілігі мен азаматтық белсенділігін арттыруына ықпал етеді. Биліктің нысаны мен субъектілері қалыптасқан саяси хал-ахуалға қарай орын ауыстырып отыруға қабілетті екені де оқу материалдарында ескерілген. Мысалы, демократиялық қоғамда биліктің қайнар көзі халық болуы халықтың билікке қатынасын бір мезгілде объект және субъект деңгейлеріне алып шығуымен ерекшеленеді. Яғни биліктің объектісі ретінде халық билік тарапынан басқарылса, субъектісі ретінде халық биліктің қайнар көзі болғандықтан, өздерінің өкілдері арқылы өзін-өзі басқарады, билікке қоғамдық бақылау жасайды. Осындай жағдай биліктің жекелеген субъектілеріне (президент, министр, король, шах, әмір, император, т.б.) қатысты саяси өмірде орын алуы жиі кездеседі. Тарихта да, қазіргі кезде де билік субъектілеріне астыртын ықпал етуші сыртқы саяси күштер, «сұр кардиналдар», кландар, лоббилік қысым жасаушы топтар көптеп кездеседі. Оқу құралы билік 7 әлеміндегі осындай мәселелердің де мәнін ашып беріп, оқырмандардың қызығушылығын оята түседі. Оқу құралы шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектеріндегі зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, құрастырылған. Ежелгі заман ойшылдарынан бастап, орта ғасырлардағы, қайта өрлеу дәуіріндегі, жаңа замандағы ғалымдардың билік туралы тұжырымдамаларымен негізделген. Қазіргі замандағы билік туралы қалыптасқан ғылыми көзқарастар саясат пен билік қатынастарындағы тенденциялармен өзара байланыста қарастырылған. Әлемдік саяси тәжірибедегі билік қатынастарының ерекшеліктері де назардан тыс қалмаған. Демократиялық, авторитарлық және тоталитарлық биліктердің мәні мен мазмұнын білумен қатар, тарихтан сабақ ала білу қажеттігі ескерілген. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында әлемді дүр сілкіндірген билікті төңкеру процестері, түрлі-түсті төңкерістер мен «араб көктемі» сияқты биліктің легитимділігінен айырылу процестері де арнайы тақырып ауқымында қарастырылған. Жалпы, кратология ғылымында қолданылатын терминдер мен ұғымдардың саны бес мыңнан асып кетеді (мысалы, конституция, демократия, диктатура, президент, монарх, парламент, депутат, министр, сыбайлас жемқорлық, аристократия, бюрократия, охлократия, технократия, саясат, монархия, иерархия, тоталитаризм, көшбасшы, император, шах, әмір, хан, уәзір, спикер, құзырет, мэр, әкім, инаугурация, импичмент, регламент, өкілеттік, референдум, консенсус, реформа, жүйе, дағдарыс, менеджмент, мониторинг, билік бөлінісі, т.б.). Олардың үштен бірі кратологияның сөз қорын құраса, қалған бөліктері негізгі ұғымдар мен биліктің бай табиғатын сипаттауға арналған. Қазақ елінің өзінде мемлекет басшысының бірнеше атауы бар – Президент, Ұлт көшбасшысы, Елбасы, мемлекет басшысы, Бас әскери қолбасшы.