1.4.3 Жиынтық бағалау үдерісі
Жиынтық бағалау белгілі бір оқу кезеңінде оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеру деңгейін тіркеу, анықтау үшін жүргізіледі. Тіркеу үдерісі кезінде оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкес білім алушылардың білімін, дағдысын көрсететін дәлелдерді жинау жүзеге асырылады. Жиынтық бағалау тоқсан барысында (бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау), тоқсан соңында (тоқсандық жиынтық бағалау) және білім беру деңгейін аяқтағанда (негізгі орта, жалпы орта) жүргізіледі [22, 88 б.].
Жиынтық бағалау бойынша балл/деңгей/баға туралы шешімді мұғалім бағалау критерийлеріне сәйкес қолданады. Сонымен бірге мұғалімге әр білім алушының жұмысы бойынша дұрыс шешім қабылдауы үшін дескрипторлар немесе балл қою кестелері көмектеседі. Аталған ақпарат қалыптастырушы бағалаудағы сияқты жоспарлау, түзету, оқу үдерісіне талдау жасау үшін қолданылады.
Пән бойынша әдістемелік бірлестіктерге жиынтық бағалауға қатысты бақылау тапсырмаларын, әдістерін, кезеңдерін көрсетіп, оқу жылына жиынтық бағалаудың жоспарын құрастыру ұсынылады.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау оқу бағдарламасына, оқу жоспарына сәйкес бөлім немесе ортақ тақырыптарды аяқтаған кезде өткізіледі. Аталған жиынтық бағалаудың нәтижесі бойынша білім алушыларға тоқсандық баға қою кезінде есепке алынатын балдар қойылады.
Бөлім бойынша жиынтық бағалаудың қай сабақта және қандай формада (бақылау жұмысы, тәжірибелік немесе шығармашылық жұмыс, жоба, ауызша сауал, эссе және т.б.) өткізілетінін мұғалім өз бетінше анықтайды.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыруды мұғалім оқу бағдарламасындағы өтілген материалдың күрделілік деңгейі мен мазмұнын есепке ала отырып, жүзеге асырады.
Тапсырмалар оқу мақсаттары, бағалау критерийлері мен ойлау дағдылары деңгейлеріне сәйкес болуы тиіс. Жиынтық бағалауға арналған әдістемелік ұсыныста бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау өткізудің тапсырмалар үлгілері, ұсыныс түрінде берілген ата-аналарды ақпараттандыратын рубрика ұсынылған.
Сапалы бағалаудан бөлек жақсы құралдардың болуы бағалау рәсімдерінде дұрыс белгіленген және өткізілген нұсқаулыққа да қатысты екенін есте сақтаған жөн. Білім алушылар оқу мақсаттарын жақсы түсінуі және олардан не, қандай мерзім талап етілетінін білуі тиіс. Аталған кезеңде мұғалім білім алушылар «жақсы жұмыс» қандай болатынын және бөлім\ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау қалай өткізілетінін түсінуі үшін бағаланған жұмыстар үлгілерін қолдануына да болады [23, 29 б.].
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды жоспарлау және ұйымдастыру
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды ұйымдастыру, жоспарлау бекітілген бағалау критерийлері ережесіне сәйкес өткізіледі. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалаудың рәсімдер саны жиынтық бағалауға қатысты әдістемелік ұсыныста берілген:
• жаратылыстану-ғылыми пәндер – бөлімдер бойынша;
• әлеуметтік-гуманитарлық пәндер – ортақ тақырыптар бойынша;
• тілдік пәндер – сөйлеу әрекетінің түрлері: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым бойынша анықталады.
Бөлім және оқу мақсаттарының саны пәндерге байланысты әр түрлі болуы мүмкін.
Мысалы, 5-сыныптағы математика пәнінен оқу бағдарламасының ұзақ мерзімді жоспарында 1-тоқсан бойынша 3 бөлім берілген: «Натурал сандар және нөл саны», «Натурал сандардың бөлінгіштігі», «Жай бөлшектер». Сәйкесінше, математикадан 1-тоқсандағы бөлім бойынша жиынтық бағалау әр бөлімді меңгеру және аяқталуына қарай үш рет өткізіледі.
Кейбір пәндерден ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес бір тоқсан барысында меңгеру үшін 1-ден 5-ке дейін бөлімдер берілген. Бөлім бойынша жиынтық бағалау 1 бөлімнен тұрған жағдайда тоқсанның екінші жартысында 1 рет, тоқсан соңына дейін 2 аптадан кем емес уақытта өткізіледі.
Осыған байланысты, бөлім бойынша жиынтық бағалаудың максималды саны тоқсанда 3-тен артық болмауы қажет, 4 және одан да көп бөлімдерді меңгеру қажет болған жағдайда, мұғалім оқу мақсаттарын есепке ала отырып, бөлімдерді біріктіреді.
Тілдік пәндерден бөлім бойынша жиынтық бағалау тоқсанда екі рет өткізіледі. Әр бөлім бойынша жиынтық бағалауда сөйлеу әрекеттерінің (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым) екі түрі тексеріледі. Сонымен бірге айтылым дағдысын бірінші бөлім бойынша жиынтық бағалау уақытында өткізу ұсынылады. Айтылым дағдысын бағалауды жиынтық бағалау өткізу жоспарланған апта ішінде сабақ үстінде өткізуге болады.
Әр білім алушының жауабы шамамен 1-ден 5 минутқа дейінгі уақыт аралығын қамтуы мүмкін.
Бөлім бойынша соңғы жиынтық бағалауды тоқсан соңына дейін 1 аптадан кем емес кезеңде өткізу жоспарланады.
Бөлім бойынша жиынтық бағалауды орындау уақытын мұғалім берілген тапсырмалар мен оны орындауға кететін орташа уақытты, жұмысты орындауды есепке ала отырып анықтайды. Сонымен бірге бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды 15-20 минут уақыт аралығын қамтитындай етіп жоспарлау ұсынылады. 15-20 минуттық шектеу – шартты, сабақтың белгілі бір кезеңін ғана алатындай, шағын көлемді бағалау жұмыстарын көрсету мақсатында енгізілген.
Оқу бағдарламасында берілген оқу мақсаттары жиынтық жұмыстың мазмұнын анықтауға мүмкіндік береді. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық жұмыстың мазмұнына меңгерген бөлім бойынша білім мен дағдылар деңгейіне жеткенін көрсетуге мүмкіндік беретін оқу мақсаттарын қамту ұсынылады [24, 99 б.].
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру кезінде мұғалім жиынтық бағалауға қатысты әдістемелік ұсыныста көрсетілген үлгілерді қолдануына болады. Одан басқа, мұғалімге өз бетінше бағалау құралдарын құрастыру ұсынылады. Ол үшін мұғалімге көмек ретінде төмендегідей алгоритмдер ұсынылады:
1) оқу бағдарламасы, бөлім/ортақ тақырыптар бойынша оқу мақсаттарын меңгеру;
2) жиынтық бағалауда тексерілетін оқу мақсаттарына сәйкес бағалау критерийлерін анықтау, ойлау дағдыларының деңгейлерімен сәйкестендіру;
3) ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес келетін тексерілетін критерийлердің, оқу мақсаттарының мазмұнын қамтитын бір немесе бірнеше тапсырмалар дайындау;
4) әр тапсырмаға дескрипторлар құрастыру;
5) білім алушыларға, олардың ата-аналарына жиынтық бағалау нәтижелерін ұсыну үшін бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауға рубрикалар құрастыру (бағалау критерийлерінің деңгейлерге сәйкестігін сипаттау).
Осылайша мұғалім бөлім немесе ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды жоспарлау кезінде оқу мақсаттарының негізгілерін көрсететін, ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес екенін белгілейтін бағалау критерийлерін анықтайды.
Білім алушының тоқсан барысындағы бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау нәтижелері
Бөлім
бойынша
ЖБ
№
|
Білім
алушы
балы
|
Бөлім бойынша
ЖБ
максималды
балл
|
Тапсырманы
орындау
пайызы
|
Деңгейі
|
1
|
7
|
10
|
70%
|
орта
|
2
|
8
|
10
|
80%
|
орта
|
3
|
4
|
12
|
33,3%
|
төмен
|
Есептеулер электрондық журналда автоматты түрде жүзеге асырылады
|
Бөлім бойынша жиынтық жұмыс қорытындысы негізінде білім алушының жеткен оқу жетістігі деңгейі тапсырманы орындау пайызына сәйкес анықталады.
Достарыңызбен бөлісу: |