Өскемен, 2016 Әож 94(574) (063)



Pdf көрінісі
бет10/17
Дата02.01.2017
өлшемі29,08 Mb.
#985
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17

КЕЛГЕМБАЕВА Б.Б., филол.ғ.к., С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Өскемен 
қ.,  Қазақстан Республикасы 
  
«ЖҮРЕГІМНІҢ СОҒЫСЫ ЖЫРЫМДА ТҰР...» 
(ДӘУЛЕКТЕРЕЙ КӘПҰЛЫНЫҢ ПОЭЗИЯСЫ ХАҚЫНДА) 
 
Ақындық  –  Алланың  пәрмені.  Алланың  бұйыртуымен  қара  тасты 
тілімдейтін өткір тіл, қияндағыны шалатын ұшқыр қиял, телегей терең ақыл 
берілмек  хас  жүйрікке.  Ақындық  –  тағдыр,  пенденің  пешенесіне  жазылар 
қасиетті  жазуы. Хақтың қалауымен түйір өлең Дәулеткерейдің де таңдайына 
дарыпты... Ал пешенесіне  атаның қаны, ананың сүтімен сіңген бекзат өнерге 
адал болуды  бұйыртыпты...  
«Дарын»  Мемлекеттік  Жастар  сыйлығының   лауреаты,  Қазақстан 
Жазушылар Одағының мүшесі Дәулеткерей Кәпұлы – айтысқа тоқсаныншы 
жылдардың бел ортасында келген кең тынысты, еркін ойлы, тәуелсіз рухты 
жас буын өкілі.  Бойында бахадүр бабалардың бұла қаны бар өр рухты жігіт 
жай оғындай жарқ етіп бірден көзге түсті. Тұяғының дүбірі алыстан естілер 
ақтаңгер  ақынның  сол  жылдардағы 
Мұхаметжан,  Мэлс,  марқұм  Оразалы 
сынды  айтыстың  жас  перілерімен  сөз  сайыстары  алты  алашқа  аңыз  боп 
тарады.
 
Дәстүрлі өнер додасына түскен сәттердегі тұшымды сөздері, орайлы 
ойлары  елдің  жүрегіне  жетіп,  санасында  сақталды,  рухын  оятты,  намысын 
қыздырды. Ойдың парқы, сөздің нарқы артты, айтыс тілі айшықтана түсті.  
Дәулеткерейдің айтыстағы өнері жайлы Мырзатай Жолдасбеков былай 
дейді:  «Қазіргі  заман  айтыскерлерінің  тағы  бір  ерекшелігі  –  әр  дәстүрді 
бірдей  меңгерген  ақындар  шыға  бастады.  Бұл  ретте  Шығыс  пен  Батыстың 
дәстүрін  қатар  ұстанған  Дәулеткерей  Кәпұлын  ерекше  атауға  болады»  [1]. 
Шын  мәнінде  Дәулеткерейдің  Шығыстағы  Дулат,  Жанақ  ақындар  жүгінген 
қасиетті  қара  өлең  мен  Батыстағы  жыраулық  үлгі,  Сүгірдің  дәстүрін  әдемі 
үйлестіре білетін шеберлігіне әр айтыстарында куә болып келдік.   
Қазақылықтың  қаймағы  бұзылмаған  Байөлкеде  туып,  аңыз  Аягөздің 
бойында  жетілген,  Алматыдағы  білімнің  қара  шаңырағында  ғұламалардан 
дәріс  алып,  зерделі  баладан  зиялы  жасқа  айналған  Дәулеткерейдің  Мені  – 
қазақ,  Мені  –  ұлт.    Ақын  өз  басының  мұқтажын  сөз  етуге  пейіл  емес,  
әрдайым елдің мұңын мұңдауға бейім. Оның дәлелін айтыс төрінен айтылған 
әрбір  шумақ,  әрбір  жолынан  тауып  келтіре  беруге  болады.  Қарсыласымен 
сөзбен  найзаласу,  ой  жарыстыру,  күш  сынасуларының  арасында  еркін 
көсіліп,  тереңнен  толғап  айтатын  ұлттың  арғы-бергі  тарихы,  өткеннің 
сабақтарын  кейінгіге  тәлім  етуге  бейімділік,    ойшылдық  сана  онда  басым. 
Мәселен, отаршылық дәуірінің шындығын: 
Кешегі кер заманда, ел қамауда 
Ерлерімнің қылышы қында кетті. 
Қарғыланған төбеттей елді талап, 
Бір сатқынның бәлесі мыңға жетті. 
Ұлыңның тұрпатынан тұлға кетті, 
116 
 

Сұлудың құлағынан сырға кетті. 
Арбалмаған алаштың нары қалмай, 
Тал қармаған талайлар суға кетті. 
Жұлын құрттай жұлынып ердің басы,  
Туырлықтай далаңды тулақ етті.  
Өз несібең бұйырмай өз аузыңа,  
Сары табақтың сарқытын құл дәметті, 
-
деген сөздермен өрнектесе, ел бірлігі мен бүтіндігі жайын сөз еткенде 
қарсыласы Мұхаметжанға былай дейді:   
Әрине, бүтіндігін ойлап жатсың 
Тәуелсіз Қазақстан тұғырының. 
Сол тұғырды сақтайтын қалың қазақ, 
Танытпасаң ішіңнен тірілігің. 
Ішіңнен ірір болса ірілігің, 
Өлерсің ажалыңнан күні бұрын. 
Қазіргі  айтыстағы  мұндай  үрдіс  тыңдарманына  ой  тастап,  өмірдегі 
құнды  мен  құнсыздың,  мәнді  мен  мәнсіздің,  жақсы  мен  жаманның  парқын 
ұғынуға  жетелейтіні  сөзсіз.  Шын  ақындар  жеке  басын  күйттемей,  елінің 
ертеңімен  өмір  сүреді,  халқының  мұңын  мұңдап,  жоғын  жоқтайды,  өзінің 
бақытын халқының жарқын болашағынан көреді, ру атынан емес, ұлт атынан 
сөз  сөйлейді.  Дәулеткерей  ақын  да  ат  төбеліндей  аз  ғана  топтың  сойылын 
соғушы  емес,  арда  қазақтың  сөзін  сөйлеп,  намысын  жыртушы  өнерпаз 
ретінде танылды, қаймана қазаққа. 
Өміріміздің  өзекті  де,  толғақты  мәселелерін,  шетін  тақырыптарды, 
өткір  проблемаларды  бейне  тамыршыдай  дөп  басып,  батыл  айту  –  ойы 
ұшқыр,  сөзі  мерген  Дәулеткерейдің  төл  мінезі.  Оның  ана  тілінің  тағдыры, 
мәдени  мұраны  сақтау,  халқымыздың  демографиялық  ахуалы,  табиғаттың 
көркем  сұлулығын  сақтай  білу,  тарихи  ескерткіштерді  қорғау,  халықтық 
жақсы дәстүрлерді дамыту, ел ішіндегі дарынды өнер иелеріне назар аудару 
жайындағы  ойлары  көптің  көкейінен  шығып,  ұлт  болып,  ұлыс  болып 
ұйысып, ұлы істерге үндеуімен ерекшеленеді: 
Экология өртінің өршіп кетіп, 
Каспийдің бар аймағын шарпуын-ай. 
Қадалған қақ жүректен шаншуын-ай. 
Көр қазғандай көл түбін үңгіп жатқан 
Келімсектер кеніңді аршуын-ай. 
Тіршіліктің тамырын қияды екен 
Теңізге тамып кеткен тамшы мұнай.  
Жүректен  шықпаған  сөздің  жүректерге  қонақтамайтыны  да  белгілі. 
Дәулеткерейдің айтыстағы құнарлы да бейнелі тілі ерекше көз тартады. Сұлу 
сөзден  сарай  соққан  ақынның  халықтық  тілдің  байлығын  арттыруға,  тілді 
ұстартуға қосқан үлесі елеулі: 
Саумал жыр – сіргежияр алып келдім 
Сарыарқа – сәнді алқаптан, дәнді алқаптан. 
117 
 

Немесе: 
Жасымнан уыз өлең ұртқа жаққам, 
Сыбаға дәметпеймін сырт  табақтан.  
Мұндай  сыры  мен  сыны  келіскен  сөз-образдардың  небір  үлгісін 
ақынның  айтыстарынан  көптеп  келтіруге  болады.  Айтыс  жанашыры, 
айтыскерлердің бас бапкері 
Жүрсін Ерман ақын інісінің өнердегі бет-бейнесі 
жайлы:  «Көшпелі өркениеттің бел баласы болғандықтан Дәулеткерей – тілге 
шешен де шебер. Бұл да оның өзге ақындардан бір ерекшелігі. Бізге белгісіз 
архаизмдердің  (бәлкім  диалектілердің)  әр  шумақтың  өн  бойынан  жұмбақ 
жалаулап, өлеңнің айбаты мен арынын асыра түсетіндігі де сондықтан...»[2], 

дейді.  Бұл сөздерге алып, қосарымыз жоқ.  
Оның жазба поэзиядағы өзіндік үніне құлақ салсақ та, кешегі жыраулар 
мен  сөз  сүлейлерінен  мұраға  қалған  ерекше  әуен,  таза  далалық  сазға 
тұщынамыз. Кешелері жыр әлеміне Ол балғын үнімен: 
Ал, мен болсам, теріскейінде Алтайдың,
 
Марқа қозы даусыменен марқайдым. 
Таң күзетте шұрқырата жылқы айдап, 
Жалқы мұңын тыңдап өстім жарты Айдың, 
 - 
деп  келген-ді. 
Бүгінде  оның  алдаспан  жырлары  «Жыр  тәңірі», 
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Жас ақындар жырларының антологиясы», 
«Байбесік  тұмалары»,  «Тәуелсіздіктің  нұрлы  таңы»,  «Шабыт»,   «Жидебай», 
«Жанартау»,  «Азаттық  таңындағы  азат  жыр»  т.б.  қазақ  ақындарының 
біріккен жыр жинақтарында, «Сүтті іңір» (2007), «Бүлдірген ағып түскенше» 
(2011), «Бөрісырғақ» (2014) атты жеке жыр жинақтары арқылы оқырманына 
жол тартты.  
Дәулеткерейдің  ұлтжандылығы  ақындығы  секілді  талбесіктен  беріліп, 
тәрбиесіне сіңген. Өз жерінде жетім ұлдың күйін кешіп, жалтаңкөз күн көріп 
жүрген ұлты жайлы шындықты:  
Тастан да тасқа секіріп,  
Тауда бір ойнар кекілік. 
Біздің елде... жалғыз ғана жетім ұлт
Сен ешкімге айтпа, кекілік! 
 
Кекілін самал сүйген құс, 
Тау тұғырында билер құс. 
Бұратаналар – хан ұлындай шіренген, 
Мен Қазақ боп қалдым – именгіш, - деп өрнектейді. 
Дәулеткерейдің  поэзиясы  –  ерекше  тереңдігімен  баурайды. 
«Қыздырманың қызыл сөзіне» үйірсектік оның қаламынан сырт.  Талғампаз 
ақын  тек  тереңдікті  таңдайды.  Әсіресе,  адам  жанының  терең  сырларын, 
құпия қалтарыстарын игеруге, адам-жұмбақтың ішкі әлемін безбендеуге тым 
шебер. Ақын «мені» өз дәуірінің қуаныш-қайғысымен, күйініш-сүйінішімен  
терең астасып,  биіктей түскен: 
Толыбай да жоқ заманда, Күреңбай да жоқ,  
118 
 

Қазанат тұқым кеттің бе кілең майда боп? 
«Әбдіғайса шал жасаған ауыздықпенен, -  
Ауылға барсам, іздеймін, - жүген қайда?» - деп... 
 
Заманның мынау жеткендей заңды асқарына, 
Көшпелі кербез тірліктен мән қашқаны ма? 
Сұлу жорғаны әспеттеп сөйлеп қайтейін 
Сұлы дорбаны білмейтін қандастарыма?! 
 
Бабын тапсам ба деп едім бабамдай жырдың, 
Бүгінде жүйрік мінбедім, соған қайғырдым. 
Атам басына барар ем, білмеймін, қайда, 
Алаяқ аттың басына бара алмай жүрмін!  
Аттың  жалын  тартып  мініп,  үзеңгіге  табан  тіреген  қазақтың  айбары 
астам,  мерейі  үстем  еді,  бір  кездері...  Қазақ  жауды  жасқар  айдыны  мен 
айбынынан  аттан  түскен  күні  айрылған  дейді  ақын  түйсігі.  Сәйгүліктің 
сынын шаппай танитын сыншы да, жігіттің сырын зерделер зерек адамдар да 
селдіреп бара жатқаны да ащы шындық.  Бұл – қазақты, қазақтықты, ұлттық 
рухты аңсау. Сарыарқада еркін жортқан ерте күндерді сағынып, Көкбөрінің 
айға қарап ұлуындай бір алапат сезім: 
Күрсіне айтып жұртқа жырымды, 
Естідім үнін Ұмайдың. 
Түркіден қалған түпқазығымды 
Құшақтап тұрып мұңайдым. 
 
Бабамның бағзы күлтөкпесіне 
Айналып қайта соғайын. 
Жүрегім сонда бүлк етпесіне 
Сезік келтірме, ағайын!.. 
Ақын тарихты ұлттық мүдде тұрғысынан сөйлетеді. Сағымға жұтылған 
көненің бәрі қазіргі заман шайырының жан әлемінде тірі қалпында тыныстап 
тұрғандай: 
Мен – Алтайдан аққан Қобдамын, 
Арнама асып толғамын.  
Дастан да қылған тарихын, 
Тастан табылған олжамын... 
Мен – Жәнібек мінген көк дөнен, 
Жоңғармен жойқын ұрыста 
Абылай ханның алдына  
Тартылған кесе-көлденең. 
Мен – Күлтегін бабамның 
Моласының тасы едім. 
Қазақ деген халқымның 
Тарихының бас едім 
119 
 

Мың жылдан кейін сөйлеген! 
Дәулеткерейдің  туған  ел  мен  туған  жер  туралы  жүрекжарды 
жырларының бәрі Алтайдың шыңдарындай асқақ, Сарыарқаның даласындай 
кең  жазира.  Балғын  шағында ата-анасымен  бірге  түп  тамырын  іздеп  келген 
ақын  ініміз  кіндігінің  қаны  тамған  киелі  өлкені  қия  қоюы  да  екіталай. 
Ақынның  туған  жері  –  Байөлкеге  арналған  өлеңдері  елге,  жерге  деген  өз 
сағынышы  ғана  емес,  алмағайып  замандарда  ата  қонысынан  амалсыз 
ажыраған  күллі  қазақ  халқының  басынан  кешкен  сартап  сағынышты 
лирикалық сазбен өрнектеген туындылар: 
Алтайдан Күн көтерілді, 
Ақ бесік – нұр мекенімді еске сап. 
Қайқы бас ер мен бірге тебінгі, 
Есіме түсті-ау ескі ошақ, 
Менің айбалта төзімімді төске сап!  
Немесе: 
... Көкше көңіл жон жайлауға көсіліп, 
Көкбастауға әкем қонған ірге өшкен. 
Шіркін, Алтай, бері болсаң «сызықтан», 
Қансонарда алтайыңды ілмес пе ем?! 
Көксоқтада көктемірге мінгеспей, 
Көкжорғаның жотасында жүрмес пе ем?!  
Ақын «сызықтың» ар жағында қалған туған жердің ғажайып суреттерін 
санасында  жаңғыртқанда  өзінің  сәби  шағын  көргендей  күй  кешеді.  «Ахмет 
пен Жүніс қажы» деп басталатын өлеңіндегі Алтайдан ауып Анкараны мекен 
еткен қос лирикалық персонаждың  басындағы хал бір кездері туған жерінен 
амалсыз  ажыраған  күллі  ата-бабалардың  қайғылы  жайын  еріксіз  ойға 
оралтады: 
Ахмет пен Жүніс қажы, 
Тағдыр емей кім ұстазы?! 
Анкарада кәрілік кешкен, 
Алтайда өтіп күміс жазы.  
 
«Шилі өзенім, қамыс-ай» деп 
Әнге басты жарыса-ай кеп. 
Жас сорғалап сақалынан, 
Самайының ағы сөйлеп. 
 
Құмыл қайда, Алтай қайда, 
Кәрі кеудең зар толғай ма?! 
Туған жердің боз жусаны 
Татыр ма енді бал таңдайға?!  
Алтайдан  ауған  қос  қарияның  туған  жерді  аңсауы,  жүрекжарды 
сағынышы лирикалық кейіпкердің ішкі әлеміне де жат емес: 
... Сағынышы, құр сүлдері, 
120 
 

Көк Тәңірдің тылсым демі. 
Жүрегімді жылатпашы, 
Қос қажының күрсінгені.   
Қай  заман,  қай  қоғамда  да  ақын  жүрегіндегі  мұңын,  көңілдегі  шер, 
көзіндегі жасын – жырына төкпек. Дәулеткерей ақын да: 
Қара өлең – қайғым, көз жасым
Шемен шерімді қозғасын. 
Атанның жүгін көтерер –  
Атамның жыры болғасын! – дейді.  
Мен үшін Ақын – ар, намыс, жігер деген сөздердің синонимі. Ақын – 
замана  перзенті  болса,  оның ой  көрігінде  қорытылып  шыққан көркем  сөз – 
уақыттың айғағы. Әлмисақтан бері адами мінез бен ақындық мінез ажырамас 
бірлікте.  Ақынның  жаратылыс  табиғаты  қалай  болса,  өлеңі  де  сондай. 
Шынайы ұлт ақыны – еш қалыпқа сыймайды, бұғау мен ноқтаға, тұсау мен 
арқанға  да  көнбейді.  Асау  да  тарпаң.  Қарағайдың  қарсы  біткен  бұтағындай 
қайсар.  Осындай  қайсарлық  пен  тарпаңдықты  Дәулеткерейдің  өзінен  де, 
өзегін жарып шыққан өлеңінен де көреміз: 
... Жолымды бірақ бермеймін тұлпарға нағыз, 
Қалжың деп ойлап, шынымнан күлкі ауламаңыз. 
Шын жүйрік озып алады өресі жетсе, 
Арыңның аппақ жолынан бұлтармасаңыз. 
 
Жолымды бірақ бермеймін қыранға текті, 
Тырна емес болса көшпейтін тыраулап көкті. 
Құзғындай құлдиламасын өлексе көрген, 
Қос жанарында тұрса егер Күн аунап кекті.  
 
... жалғанның мынау жамалы ерікті арбаса, 
Кереметіне көз жетер көріп-барласа. 
Жол берем бірақ, ажалға алдымнен өтсін, 
Қасқа маңдайдан қасқайып келіп қалмаса!.. 
Нағыз  еркектік  мінез!  Тамырындағы  тарпаңдықтың  танылуы.  Қазанат 
қана  шыдас  берер  өнер  жарысына,  азамат  қана  төзер  өмір    бәйгесіне 
түскендегі нағыз  ақынның аузынан шығар сөздер бұл!  
Халықтың  дәстүрлі  өнерін  тұғыр  етіп,  дегдар  жыр  көгіне  самғаған 
ақынның  шумақтарынан  құс  жолындай  сайрап  жатқан  Ақан  серінің 
сыршылдығын,  Иманжүсіп  пен  Мәдидің,  Біржан  салдың  өр үнін  естігендей 
боласың.  Қазақы  ортада  сегіз  қырлы  бір  сырлы  жігіт  болып  қалыптасқан 
өнерпаздық  болмысынан  да  сол  серілер  мен  салдардың    жұрнағы  екені 
андағайлап  танылып  тұрады.  Олай  дейтініміз,  ақын  жігіттің  атбегілігі, 
күйшілігі,  өрімшілігі,  аңшылығы  қазақ  халқының  рухани  әлемінің  көрінісі 
ғана  емес,  жүйрік  ат,  құмай  тазы,  алғыр  бүркіт  ұстаған  серілер  сүрлеуінің 
жалғасы ретінде дербес әңгімеге тақырып болардай. 
 
121 
 

«Жүрегімнің  ішіндегі  Қазаққа,  Ғұмырымды  сыйлағам!»  деп 
Дәулеткерей ақынның өзі айтқандай, Ақынның ғұмырының Қазаққа сый етіп 
тартылғаны  қандай  ақиқат  болса,  Қазақтың  ұлы  жүрегінен  ақынның  орын 
алуы да айдай әлемге танылған шындық.  Көненің сарқытындай киелі өнер 
айтыс  пен  жазба  поэзияны  егіз  өрімдей  өміріне  өзек  еткен  жақсы  інімізге 
өнеріне тәнті, марқайған көңілмен жырсүйер қауымды жауһар жырларымен 
қуанта бер дейміз, ал Алаш жұртына бұл қуаныш ұзағынан болсын деп ниет 
білдіреміз! Лайым солай болсын! 
 
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 
1 Жолдасбеков М. Алғы сөз / Қазіргі айтыс. Құраст. Нұрахметұлы И., 
Дүйсенғазин С. – Астана: «Күлтегін» баспасы, 2004. – 1 кітап. – 312 бет. 
2. Ерман Ж. Алдаспан өнердің аяқ алысы // Қазақ әдебиеті. – 28 наурыз. 
2001.  
 
               
МҰСАБЕКОВА  Ү.Ә.,  Л.Н.Гумилев  атындағы  ЕҰУ,  Астана  қ.

Қазақстан 
Республикасы
 
 
«ҚОРҚЫТ АТА» КІТАБЫНДАҒЫ  
АНТРОПОНИМИКАЛЫҚ АТАУЛАР ТАБИҒАТЫ
 
 
Түркі  тіл  білімінде  жан-жақты  зерттеліп,  ғылыми  негізі  қаланған 
ономастиканың  күрделі  бір  саласы  –  антропонимика.  Антропонимика  кісі 
аттары,  әке  аты  patronim  (отчество),  фамилиялар,  лақап  аттар  (прозвища), 
бүркеншік аттарды (псевдонимы) зерттейтін ономастиканың бір саласы. 
 
Антропонимика (кісі аттары) – тіл тарихын, ұлт мәдениетін зерттеуде 
құнды  да  бағалы  мұра.  Антропонимдер  жүйесі  адамдардың  өткендегі 
тұрмысын,  қоғамдық-әлеуметтік  құрылысын  және  материалдық  әрі  мәдени 
өмірдің  құбылыстарын  да  көрсете  алады.  Олардың  кейбір  топтары  қазақ 
ауылының  ертедегі  тіршілік,  іс-әрекетінен  және  шаруашылық  күйінен 
мағлұмат  береді.  Мәселен,  төрт  түлік  малға,  шаруашылық,  тұрмыстық 
сөздерге  байланысты  немесе  қазақ  халқының  ұлттық  әдеті  бойынша  жас 
келіндер  күйеуінің  жақын  туыстарының,  ата-енесінің  аттарын  атамайтын 
есімдер. Сөйтіп жас келін күйеуінің ағасын, інісін я қарындасын тура атымен 
атай  алмай,  жанама  ат  қойып  алатын.  Атап  айтқанда,  қайын  сіңлілерін  – 
шырайлым,  бикеш,  бойжеткен,  әке  қыз,  еркем,  ержеткен,  ерке  қыз,  ал  ер 
адамдарды төрем, шырақ, мырза жігіт, молда жігіт, т.б. деп атайды. Тіпті 
күйеуінің  құрдастарының  аттарын  атауды  да  ұят  санап  құрдас,  замандас 
немесе  аттас деп  атау  дәстүрін ұстаған.  Түркі  әлемінде  көпаттылық деген 
мәселе  бар.  Яғни  бұл  адам  мәртебесі  және  қоғамдық-саяси  жүйедегі  орны 
өзгергенде адамның аты да өзгереді. Мұндай мәселе «Қорқыт Ата кітабында» 
да көрініс тапқан. Қорқыт атаның 12 жырында да Қорқыт ата образы кездесіп 
отырады.  Жай  ғана  кездесіп  отырмай,  Қорқыт  ата  жырдың  соңында  тілегін 
айтып,  бата  береді.  Көп  жағдайда  жырда  бас  кейіпкерге  жай  ғана  бала,  ұл 
122 
 

деген ат беріледі де, кейін оған Қорқыт ата жеке ат қояды. Мұндай сарынды 
руникалық  ескерткіштерде  де  кездестіруге  болады  [1,  45].  Бұл  мәселені 
Л.Н.Гумилев  «Древние  тюрки»  еңбегінде  сөз  етеді:  «...тюрки  не  носили 
одного и того же имени от рождения до смерти, как европейцы. Имя тюрка 
всегда  указывало  на  его  положение  в  обществе.  Мальчиком  имел  кличку, 
юношей  –  чин,  мужем  –  титул,  а  если  это  был  хан,  –  то  титул  менялся 
согласно  удельно-лествичной  системе»  деген  [2].  Бірақ  бұл  тұжырымды 
нақты  дұрыс  деп  айта  алмаймыз,  өйткені  ежелгі  түркілер  қоғамындағы 
антропонимдерді зерттеген ғалымдар көзқарасы әр түрлі болып келеді. Көне 
түркілік қоғамда адам атының рөлін бағалау өте қиынға соғады. Бұл пікірге 
дәлел ретінде И.В.Бестужев-Лада сөзін мысалға алуға болады: «По древним 
представлениям,  личность  человека  и  его  имя  были  органически  связаны, 
более того, имя выполняли важнейшую охранную функцию, обеспечивая его 
носителю  защиту  от  злых  (или  покровительство  со  стороны  добрых) 
сверхъестественных сил» [3,137-143]. 
 
Ежелгі көне түркілік антропонимияда мынадай негізгі категорияларды 
атап көрсете аламыз:
 
1.
Жеке  есім  (жалқы  есім)  белгілі  бір  әлеуметте  туған  кезде  немесе 
үлкен  адамға  қойылатын  ат,  есім.  Ежелгі  ескерткіштерде  жеке  есімдер  аз 
қолданылған,  ал  орта  ғасыр  әдеби  және  тарихи  шығармаларда 
антропонимдер  ерекше  көп  қолданылады.  «Қорқыт  ата  кітабындағы» 
антропонимдердің көбі жеке есімдер.
 
2.
Ер  аты  –  «батырлық  есім»  немесе  «ер  адам  есімі».  Бұл  есімге 
кейіпкерлер  өздерінің  батырлық  іс-әрекеттерімен  иеленген.  «Қорқыт  ата 
кітабындағы» ұлдар қиын кезеңде өздерінің даналығы мен ерлігін көрсетіп, 
жаңа  атқа  немесе  өз  аттарына  қосымша,  үстеме  есімге  иеленген.  Мұндай 
батырлық есімдер халық арасында үлкен рөл атқарып, жан-жаққа тараған. 
 
3.
Рулык есімдер көп қолданылмаған, бірақ қызметтік мағынасы ерекше 
болған.  Рулық  есімдер  өзіндік  кодификаторлық  қаситеімен  айқындалады. 
Яғни  белгілі  бір  тұлғаның  қандай  да  бір  рудан  шығуы  түркі  халықтарында 
ерекше қаралған. Өйткені түркілер таққа отыратын адамның шыққан тегіне 
айрықша көңіл бөлген.
 
4.
Әлеуметтік  есімдер  -мұндай  адам  аттары  орта  ғасырларда,  көне 
дәуірлерде де мемлекетті басқарып отырған билік басындағы адамдарға ғана 
тән  болған.  Мысалы,  қараханид  әултінен  шыққан  Арслан-хан  мен  Богра 
хандар сөзімізге дәлел бола алады.
 
5.
Кісі  лауазымы  немесе  атағы  (персонифицированный  титул).  Бұл 
антропонимиялық  санат  батырлық  есімдерге  ең  жақыны  болып  табылады. 
Алайда  мұндай  аттарды  ерекше  лауазымы  мен  атағы  барларға  ғана 
қойылатын болған. 
 
6.
Есімнің  жайылған  (развернутый)  форма  түрінде  келуі.Бұған  жоғары 
биліктегі  адам  есімдері  мен  титулдары  жатады.  «Қорқыт  ата  кітабындағы» 
антропонимдерге талдау жұмысын жүргізбес бұрын, оғыздар туралы мәлімет 
123 
 

бере кеткеніміз дұрыс болар. Өйткені «Қорқыт ата кітабындағы» 12 жыр осы 
оғыз тайпасы туралы жырланады. 
 
Оғыздар  –  VI-VII  ғасырларда  Алтай  мен  Орталық  Азия  жерін,  ал  Х 
ғасырға  дейін  Орта  Азия  мен  Повольже  жерін  мекендеген  біріккен  түркі 
тілдес тайпалар. Кейін олар Кавказ жерінің күнгей жағына көшіп барып, онда 
көшпелі  өмір  салтын  ұстанды.  Уақыт  өте  келе,  бұл  тайпалар  әзербайжан 
халқының этногенезінің негізін құрады.«Қорқыт ата кітабындағы» жырлар әр 
қилы,  олар  бір-бірімен  сюжеттік  жағынан  да,  тақырыптық  жағынан  да 
байланыспайды.  Тек  ортақ  бір  дүние  –  Қорқыт  ата  образы.  Қорқыт  ата 
образы  барлық  жырда  дерлік  кездеседі.  Жоғарыда  айтып  өткендей,  Қорқыт 
ата не ат қояды, не бата беріп жатады. 
 
Антропонимдерді  талдау  жұмысын,  ең  алдымен,  Қорқыт  ата  есімімен 
(Деде  Коркыт/Деде  Коркут)  бастаған  жөн.  Ел  аузындағы  аңыздардың  бірі 
Қорқыттың жаратылыс заңынан елден ерекше боп дүниеге келуі, және оған 
Қорқыт  есімінің  берілуі  жайында  сыр  шертеді.  Аңыздар  бойынша 
Қорқыттың анасы жүкті кезінде құланның жаясына жерік болып, жерігі бір 
жылда әрең басылыпты. Анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп, 
жылына  бір  рет  толғақ  қысып  отырыпты.  Ең  соңында  туатын  жылы  тоғыз 
күн толғатып, жер дүниеге үш күн, үш түн қараңғылық түсіпті, қалың қара 
жаңбыр,  сұрапыл  қара  дауыл  соғып,  біреуді-біреу  көре  алмай,  ел-жұрты 
қатты қорқынышқа батады:
 
Қорқыт туар кезінде, 
 
Қара аспанды су алған. 
 
Қара жерді құм алған.
 
Ол туарда ел қорқып,
 
Туған соң әбден қуанған. 
 
Сол  қараңғылық  қорқынышта  туғандықтан  атын  «Қорқыт»  қойыпты, 
Қорқыт Сыр суына жақын Қаратаудың бір қойнауында туған екен. Ол тауға 
«Қарашық»  деп,  «Қараспан»  деп  ат  қойыпты.  Аңыз  бойынша,  анасының 
құрсағынан  шығысымен  Қорқыт  тілі  шығып,  «сөйлей»  туыпты.  Қорқыт 
жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. 
 
Проф.  Ә.Қоңыратбаевтың  «Қорқыт»  сөзі  «хор»  және  «хұт»  деген  екі 
буыннан  құралып,  алғашқысы  тайпа,  соңғысы  «ойшыл»,  «сәуегей»  деген 
ұғым  береді,  яғни  Қорқыт  –  «құтты  адам»,  «құт  әкелетін  адам»  деген  сөз, 
деген пікір немесе проф. Ш.Ыбраевтың да пікірі көңіл аударарлық: «Қорқыт» 
есімінің  алғашқы  сыңары  көр  (ғор,  гөр)  сөзінің  мағынасы  «о  дүниелік» 
ұғыммен жапсарлас, екі дүниенің ортасындағы жалғыз заттық айғақ көрмен 
байланысты  болуы  әбден  ықтимал  деген  пікірі[4,126].  Сонымен,  Қорқыт 
антропонимнің  лингвомәдени,  әлеуметтанымдық  сипатына,  біздің 
ойымызша,  проф.  Т.Қоңыратбаевтың  төмендегі  тұжырымдарының  тікелей 
қатысы  бар:  Біріншіден,  Қорқыт  оғыз  елінің  бірлігі,  тұтастығы  үшін  зор 
әлеуметтік қызмет атқарған тұлға – этнофор; екіншіден, Қорқыт оғыз елінің 
этникалық  құрылымын  жеткізуші,  этникалық  сананың  қоғаушы  көзі  – 
124 
 

индикаторы;  үшіншіден,  Қорқыт  тұлғасы  оғыз  еліндегі  этникалық  үрдістің 
жеке бір көрінісі - микробөлшегі.
 
Ең  бірінші  жырда  кездесетін  кісі  есімі  –  Байындыр  хан/Баяндүр  хан. 
Сюжет  желісіне  жүгінсек,  Байындыр  хан  жоғары  билеуші  тұлға  болып 
табылады.  Оған  дәлел,  есіміне  «хан»  деген  титулдық  атақтың  қосылуы. 
Қазіргі  түрік  тілінде  bayindir  сөзі  «көркеюші,  гүлденуші,  өніп  өсуші, 
өркендеуші» деген мағыналарды білдіреді. Басқа зерттеушілердің еңбектерін 
қарастыру  барысында,  біз  бұл  сөзге  қатысты  басқа  ештеңе  таба  алмадық. 
Мұның  себебі,  Байындыр  хан  басқарып  тұрған  кезеңде  оғыз  мемлекетінде 
тыныштық пен бірлік болған. Антропонимия категориясы бойынша, бұл есім 
жалқы  есім,  «хан»  деген  титул  дәрежесін  көрсететін  антропоним.  Қорқыт 
атаның  өзінің  берген  анықтамасы  бойынша,  Байындыр  хан  өз  кезіндегі 
«Хандардың Ханы» болған екен.
 
Дерсе  хан/Дирсе  хан  –  сюжетте  Байындыр  ханға  ренжіген  бектердің 
бірі болып суреттеледі. Мұнда да Дерсе деген жалқы есімге «хан» деген атақ-
дәрежені  білдіретін  есім  қосылып  тұр.  Алайда,  Дерсе  хан  ерекше  көзге 
көрінетін  бектердің  бірі  болып  табылады.  Ол  –  ықпалды,  бай  адам.  Оның 
иелігінде әжептәуір мал мен жер бар.
 
Жырда бала батырды бейнелеу үшін, оның күшін көрсету үшін, оның 
біреулермен  күрескенін,  не  жаумен  шайқасқанын  суреттейді.Батырлар 
бейнесіне  тоқтасақ,  олардың  күштілігі,  қайраттылығы  мен  бірге  қандай 
құрметке  ие  болғаны  да  көрсетіледі.  «Қорқыт  ата  кітабындағы»  жырларда 
берілген  образдар  әр  түрлі  типке  бөлінеді.  Әсіресе  дастанда  көп  кездесетін 
қаһармандық образдар, олар: Бұқаш хан, Домрул, Еміре, Бисат, Секірек т.б. 
Осымен  қатар  сатиралық  образды  да  кездестіруге  болады.  Мәселен, 
Қарашар,  ол  қарындасының  қалыңдығына:  «Інген  көрмеген  мың  бура, 
қысырақ  көрмеген  мың  айғыр,  саулық  көрмеген  мың  қошқар,  құлақ-
құйрықтан жұрдай мың ат, қараша-қараша мың бүрге бересің» - деп сұрайды. 
Кейін,  сұрағанын  орындап  Қорқыт  ата  Қарашарға  сұрағанын  орындап, 
бүргеге  талатқызады.Ал  Дерсе  ханның  ұлын  жырдың  басында  жай  бала/ұл 
деп  қана  атаса,  кейін  өзінің  ерлігі  мен  қайраттылығын  көрсеткеннен  кейін, 
Қорқыт  ата  оған  Бұқаш/Бугач/Богач  деген  есім  береді.  Бұқаш  «бұқа»  деген 
сөзден  шыққан  жалқы  есім.  –ш  деген  еркелету  мағынасын  білдіретін 
қосымша. Қазіргі түрік тілінде «bo
a» деген сөз активті сөздер қатарына 
жатады.  Жырдағы  «Бұқаш»  образы  дәу  бұқаны  ерлікпен  жеңгеннен  кейін 
Дерсе хан ұлына қойылды. Бұқаш жырдың негізгі кейіпкері болып табылады. 
Кейін бұл жалқы есімге «хан»деген антропоформант қосылады. 
 
Азиялық  өркениеттерде  күнмен  қатар  қастерленген  аспан  шырағы  ай 
болған.  Ай  көне  түрік  мәдениетінде  Күннің  орынбасары,  сұлулықтың 
таңбасы, көп мұраларда әйел құдай ретінде танылған. Көшпенділер үшін де 
айдың  маңызы  зор  болған.  Даладағы  малшылар  қараңғы  түнде  айдың  тууы 
мен батуын бақылаған, одан өздерінше  қорытынды  жасап,  жыл  мезгілдерін 
айырп  есебін  шығарған.  Олар  жаңа  туған  айдың  күн  сайын  көлемінің 
кемитінін, ақырында «таусылып» – «өліара» келетінін білген. Бұл кезде ауа 
125 
 

райы  өзгеріп,  ғылыми  тілмен  айтқанда,  циклон  басым  болады.  Халықтық 
дүниетаным  айдың  климатқа  тигізетін  әсерін  жақсы  білген.  Алайда,  айдың 
басты  символдық  ерекшелігі  оның  күн  мен  түннің  арасындағы  алатын 
орнына  қатысты.  Күн  батып  кеткенімен,  нұр  (ізгілік,  жылулық,  сәуле) 
жеңілмейді.  Аспанға  күннің  ізбасары  (дублері)  ай  арасындағы  тартыс 
ғарыштық  сипатқа  ие  болады.  Шоқан  Уәлихановтың  пікірі  бойынша, 
қазақтар айды құдай тұтқан. Бұл көне дәуірден келе жатқан дәстүр. Мысалы, 
Қаратау тауларындағы жартастығы суреттер көзәйнек тәріздес қосылған жұп 
адамдарды  бейнелеген.  Осындай  таңбалар  ішкі  Монғолиядан  да  табылған. 
Сондағы  адамдардың  бастары  дөңгелектің  бірінен  сәуле  шашып  тұрса, 
екіншісі  ондай  емес.  Бұл  белгілі  бинарлық  оппозицияны  (күн  мен  ай) 
білдіреді.  Ай  мен  күнді  қосып  тұрған  сызық  адамдардың  «қасиетті  жолы» 
деп  аталады.Күн  мен  айдың  қатарласуы  әлемдік  мәдениетте  кең  таралған 
идеяның бірі. Мұсылмандық әлемде ай діни таңбаға айналған. Мұсылмандық 
әлемде  ай  діни  таңбаға  айналған.  Бұл  жерде  ескертетін  бір  жайт  бар.  Ай 
символикасы мәдени гомогендік дәстүрмен тығыз байланысты. Ол аруақтар 
дүниесімен  жалғастыратын  беліг  болып  табылады.  Мұсылман  зираттарына 
ай белігісін қою ұрпақтар, дәстүрлер сабақтастығын көрсетеді.Жоғарыда атап 
көрсеткеніміздей,  ай  әдемілік  пен  сұлулықтың  белгісі  болып  табылады. 
Айсұлу,  Айбарша,  Ай-Таңсық,  Айшат  т.б.  антропонимдермен  қатар,  қазақ 
эпосында  сұлулық,  нәзіктік  Ай  мен  теңестіріледі:  «Туған  айдай  толықсып, 
бұралып  кете  барады»  (Қыз  Жібек),  «Жалғыз  қызы  Гүлбаршын  –  он  бесте 
толған  ай  еді»  (Алпамыс),  «Жақсы  Ай  –  Күндей,  жарығы  әлемге  бірдей» 
(мақал)[5,  132].  Әзербайжандық  жазушы  Анардың  нұсқасы  бойынша 
Бұқашты ана сүтімен және тау гүлімен жарасын жазған, Бұқаштың анасы – 
Айна Мелек. Бұл жерде түрік тіліндегі melek сөзі «періште» деген мағынаны 
білдірсе, ayna – «айна» деген мағынаны білдіріп тұр. Қазіргі қазақ тілінде де 
осы мағынасында қалған. Ең қызығы автордың өзі бұл есімнің шығу тарихын 
өзі  ашып  береді.  Айна  Мелектің  анасы  жүкті  кезінде  айна  мен  айға  балам 
айдай аппақ болсын деп көп қараған дейді.
 
Зерттеуші  А.Гафуровтың  айтуынша,  бұл  антпропонегізге  басқаша 
түсінік  береді.  Оның  айтуынша,  жақын  Шығыс  пен  Орта  Азияда  бұл 
компонент, яғни «айна» сөзі «әдемі, сұлу, көрікті» деген мағына әйел адамға 
қатысты айтылады да, ал ер адамдардың есімінде бұл сөз «бақыт» деген мән 
береді  [6].  (Екінші  жырда  бас  кейіпкерлердің  бірі  –  Салор-Қазан/Қазан 
Салор/Салур  Казан  және  Қара  Қойшы/Гараджа-Чабан.«Қорқыт»  дастанына 
негізгі  кейіпкер  болған  тарихи  адамдар.  Олардың  кейбір  варианттары  Сыр 
бойында,  Арал  теңізінің  жағасында,  Ұлытауда  сақталып  келген.  Қорқыт 
жырларының  негізгі  желісі  күрделі  сюжеті  Оғыз-Қыпшақ  заманындағы  ел 
басқарған  кемеңгер,  ойшыларды  қадірлеу  Соның  бірі  –  Қорқыттың  өзі 
ғажайып  ерлігімен  халыққа  қорғаныш  болған,  халық  сүйіспеншілігіне 
бөленген адам, алыптардың ішінен көзге бірінші түсетін Ер Қазанбек/Қазан 
Салор  –  «барлық  алыптардың  ұлы  ағасы,  Түркістанның  тірегі».Сөйтіп, 
«
Қорқыт» хикаясын оқып отырып, Қорқыт заманында өзінің алып ерлігімен 
126 
 

аты шыққан, халық ерекше ардақтаған алыптар (батырлар) көп болғанын, сол 
сияқты  шешен  билер,  ақылды  данышпан  сұлтандар  да  аз  болмағанын 
көреміз. Қорқыт өмір сүрген дәуірдің айтулы тұлғаларында оның мұрасынан 
танимыз. Салор Қазан – ірі қара малы бар, бай билеушілердің бірі. Қазан – 
жалқы  есім.  Оны  кейде  Қазан  би  деп  те  атайды.  Би  –  бұл  жерде  ер  адамға 
ерекше айтылған сый-құрмет білдіретін атау. Ал Sulur (Салор) – бұл рулық 
атау.Қара  Қойшы/Гараджа  Чабан  –  жырдың  бірнеше  сюжетінде  кездесетін 
кейіпкер.  Әлбетте,  бұл  есім  батырлық  есім  және  лауазымдық  атақ  болып 
табылады.  Қойшы  –  титулдық  атау  емес,  кейіпкердің  толық  мінезін,  сыр-
сипатын ашатын толық атауы.Үшінші жырда Бәмсі-Байрақ образы кездеседі. 
Бәмсі-Байрақ  Қам-Бура  бектің  ұлы.  Қам-Бура  бек  –  жалқы  есім.  Бек  деген 
қосымша атау ерекше сыйлы, ардақты ер адам дегенді білдіреді. Қазіргі түрік 
тілінде  kam  сөзі  «мақсат»  дегенді  білдірсе,  қазіргі  қазақ  тілінде  бұл  сөз 
жағдай,  қамқорлық  деген  мағынада  қолданылады.Бәмсі-Байрақ/Бамсы-
Бейрек  есімі  Қорқыт  атаның  қойған  аты.  Бәмсі-Байрақ  –  батырлық  есім 
болып  табылады.  Байрақ/Бейрек  –  бай/бей  антропонегізі  «ер  адам»  деген 
мағынаны білдірген.  Ал  Бәмсі атауының  мағынасы  көп  қиындық  туғызады. 
Бұл атау тек «Қорқыт ата кітабындағы» жырда ғана кездесетіндігіне көзіміз 
жетті.  Әзербайжан  авторы  Анардың  нұсқасында  Қорқыт  ата  бұл  батырлық 
есімді  әкесі  еркелетіп  Бәмсім  деп  атасын  деген  ниетпен  қояды  деп  айтады. 
Бұл антропоним әлі де зерттеуді қажет ететін есімдер қатарына жатады.
 
Түрік ғалымы, профессор Орханг Шайықтың көрсетуінше, «Қорқыт ата 
кітабындағы»  ұлы  бейне  Байбөрі  ұғлы  Бамсы  Берікат,  қазақ,  қарақалпақ, 
өзбек  жыршылары  айтатын  «Алпамыс»  атымен  тығыз  байланысты.  Демек, 
оның  ертедегі  толық  аты  Алып  Бамсы,  қысқартып  айтылғаны  Алпамыс 
болуы  керек.  Тарихи  дәуірлерде  ол  Сыр  бойын  мекендеген  тайпалардың 
үздіксіз  айтып  жүрген  «Қорқыт»  жырының  бір  тарауы  болған,  кейін  өз 
алдына жеке бір ұлы эпосқа айналады» .Бұл ойды көп ғалымдар қолдайды, 
Сонымен бұл жыр «Алпамыс» жырына өте жақын.Бәнушешек / Банычичек / 
Банучичек – Бәмсі-Байрақтың жары. Оғыз тайпасында әйел адамына ерекше 
ілтипатпен  қараған.  Бәнушешек  әйел  образының  ерекшелігі  адалдық  пен 
сұлулық символы ретінде суреттеледі. Оның аты екі компоненттен шығады: 
Banu  ĝiceĝ.  Banu  сөзінің  төркіні  парсы  тілінен  шыққан,  «әйел»  деген 
мағынаны  береді.  Ал  контекстке  қатысты  айтатын  болсақ,  «билеушінің 
жұбайы,  сүйгені»  деген  мағынаны  білдіреді.Түркі  халықтарында  әйел 
адамның  сұлулығы  ерекше  суреттеледі,  мұны біз  түркі халықтарының  көне 
ескрткіштерінен  байқай  аламыз.  «Шешек»  антропогенезі  «гүл,  бәйшешек 
гүлі»  деген  мағна  білдіріп,  сұлулық  символы  болып  табылады.Тағы  бір 
кейіпкер – Делю Карчар/ Дели Карчар/Ақымақ Қаршар. Карчар – жалқы есім, 
ал  Deli  деген  жалқы  есімге  қосымша  қосылған  ат  «ақымақ,есуас»  деген 
мағынаны білдіреді. Бұл Қаршарға халық қойған лақап ат. Сюжетте кейіпкер-
баяншы бұл образға ерекше акцент жасайды, өйткені расымен Дели Каршар 
ақылға  сыйымсыз  іс-әрекеттер  жасайды.Қазақ  дәстүрінде  адамның  жалқы 
есімнен  басқа  да  толып  жатқан  (жанама,  бүркеме  лақап,  балама  т.  б.) 
127 
 

қосымша аттары болады. Қосымша аттар адамдар арасындағы өзара қарым-
қатынастардың  ыңғайына  қарай  өзгеріп,  әр  алуан  морфологиялық 
тұлғалармен  түрленіп,  сұхбаттасушы  субъектілердің  бір-біріне  деген  ізет-
құрметін,  көңіл-күйін,  ішкі  сезімін,  дәстүрлі  әдептілік  пен  жол-жоралғыны 
таныту  үшін,  жан  дүниесін  паш  ету  мақсатында  жұмсалады.Лақап 
атаулардың  ерекшелігін  зерттеген  Т.Жанұзақов,  Т.Абдрахманова, 
А.Бахамова,  т.б.  Ономастиканың  антропонимика  саласының  негізгі 
мәселелерінің  бірі  -  бейресми  жалқы  есімдер  (лақап  ат).  Бейресми  жалқы 
есімдер  барлық  халықтарда  бар.  Орыс  тілінде  лақап  атқа  -«прозвище, 
название, данное человеку в насмешку, в шутку и т.п» обычно содержащее в 
себе  указание  на  какую-либо  заметную  черту  его  характера,  наружности, 
деятельности и т.д.» деп анықтама берілген [8,164]. Сонымен, қазақ, орыс т.б. 
халықтарында да лақап ат қою адамның бет-пішіне, мінез-құлқына, істейтін 
қәсібіне немесе бір  ерекшелігіне байланысты  қойылады.  Кейбір  тура  тауып 
қойылған есімдер, сол адамға өмір бойы қосалқы ат болып қалады. Зерттеуші 
пікірі  бойынша,  жалпы  лақап  есімдер  өзіндей  белгілері  бойынша  лексика-
семантикалық  топтарға  бөлінеді.Сонымен,  тілімізде  ресми  шын  аттармен 
қатар,  лақап  аттар  да  бар.  Ондай  лақап  аттардың  тым  ерте  кездерде-ақ 
қолданылғанын  байқаймыз.  V-VIII  ғасырларда  тән  түрік  халқының  жазба 
ескерткіштеріндегі  Күлтегін,  Яш  Ак  Баш,  Джагий  Шад,  Тоныкөк  сияқты 
есімдер - лақап аттар. Халық ертектеріндегі Шіңкілдек, Желаяқ т.б. - халық 
ойынан  шексіз  қиялынан  қойылған  лақап  аттар.  Ерте  кезде  лақап  тек 
адамдардың  ғана  емес,  тіпті  кейбір  рулардың  да  лақап  аттарының  болғаны 
байқалады. Бұл құбылыс түркі халықтары арасында көбірек кездеседі. Лақап 
аттардың  бірі  -  Төбекөз.  Төбекөз/  Тепегёз  (Теменной  глаз)  антропонимі 
жалғыз  көзді  дәуге  айтылатын  мононим  болып  табылады.  1815  жылы  Диц 
деген  ғалым  алғашқы  рет  аударды.  Бұл  әдебиеттануда  үлкен  таңғаларлық 
оқиға  айналды.  Әзербайжан  зерттеушісі  Анардың  пікірінше:  Обратимся  к 
древнегреческому  путешественнику  и  историку  Геродоту.  После  описания 
иссидонов  –  одного  из  многочисленных  племен  Центральной  Азии  –  он 
сообщает: «... А выше его, по рассказам иссидонов, живут одноглазые люди и 
стерегущие золото гриффоны. Со слов иссидонов повторяют это скифы, а от 
скифов  знаем  мы,  почему  и  называем  их  по-скфски  аримаспами.  Словом 
арима  скифы  называют  «один»,  а  спу  на  их  языке  «глаз».  Территория 
аримаспов, судя по древним источникам, находилась где-то между Вочтоным 
Уралом и Алтаем». Яғни Төбекөз антропонимі Tepe/Depe және «göz » деген 
екі компоненттен кейіннен пайда болған. Бұл кұрделі сөз қазіргі барлық түркі 
тілдерінде осы мағынасында қолданылады. Жырдағы Төбекөз адам мен пері 
қызынан жаратылған жан болғанын онда адамның да, перінің де қасиеттері 
баршылықты. Ол ойлай біледі және өте күшті, денесіне оқ тимейтін қылыш 
кеспейтін  адамдарға  қырғидай  тиетін  дәу.  Міне  осылай  Төбекөз  қандай 
қорқынышты,  өлім  батпайтын  болса  да,  амалын  тауып  оны  Бисат  жеңіп 
шығады.  Мұндай  көріністер  дүние  жүзі  халықтарының  фольклорымен  кең 
байланысты. Төбекөз бейнесі, грек аңызындағы жалғыз көзді дәу Полифенге 
128 
 

ұқсас:  іс-әрекеті,  әрбір  қимылы,  ой  мақсаты,  қатыгездігі  –  «Одиссей» 
жырының  үрейлі  қаһарманын  еріксіз  еске  түсіреді.  Осымен  қатар,  Қорқыт 
жырындағы  таңқаларлық  етіп  айтылатын  Төбекөздің  хикаясы  қазақтардың 
ескі  дәуірден  келе  жатқан  ертегілерінде  орасан  көп.  Шоқан  Уәлиханов: 
«Жалғыз көзді дәу қазақтың сахарасына кеңінен тараған ескі мифтің бір түрі» 
деп  санаған  [8,  183].«Қорқыт  ата  кітабындағы»  жырларда  көптеген  түрлі 
антропонимдердің  өзіндік  ерекшелігі  бар.  Бұл  есімдер  баяндалып  отырған 
образдардың  мінезін,  сыр-сипатын  анықтайды.  Жырды  оқып  отырған  сәтте 
кейіпкердің  іс-әрекетінен  бұрын  аты  барлық  жағдайды  ап-айқын  ашатын 
тәрізді.  Мысалы  үшін,  Жарташық/Ялынджык  образы  жырда  бірден 
ашылмайды,  ал  бұл  сөздің  антропонегізі  «yalan»  қазіргі  түркі  тілдерінде 
жалған  деген  мағынада  актив  қолданылады.Қорқыт  дастанындағы  тағы  бір 
жыр, яғни V жыр, аңыз жанрынан алшақтау. Бұл жыр «Доқа Қожаұлы Дели 
Домрул  әңгімесінің  баяны»  деп  аталады.  Тағы  да  сол  С.  Қасқабасовтың 
еңбегіне  сүйене  отырып,  осы  аталған  жырды  әпсана-хикаятқа  жатқызамыз. 
Әпсана-хикаятты  аңыздан  бөліп  алу  себебін  ғалым  былай  деп  түсіндіреді: 
«Дінге қатыссыз шығармаларда әпсаналық, ал мұсылман дініне байланысты 
әңгімелерде  хикаяттық  сипат  басым  екенін  ескеріп,  біз  әпсана-хикаят  деп, 
қосарлы  терминді  қолдандық.  Әпсана  сөзі  парсыша  ертек,  қиял,  мысал, 
әңгіме жанрларының атауы және әдемі, сұлу, керемет деген де мағына береді. 
Ал,  хикаят  деп  құран  мен  діни,  яғни  кітаби  сюжеттерге  құрылған 
шығармаларды,  осымен  қатар  легендаларды  да  атаған.  Сөйтіп,  қиял  мен 
керемет  элементтері  мол  пайдаланған,  бірақ  осы  ғажайыптық  сипаты 
ертегіден  басқаша  болып  келетін  шығармалар  әпсана-хикаяттарға  жатады. 
Әпсана-хикаяттың мақсаты – баяғыда болған немесе болды деген бір керемет 
оқиғаны,  іс-әрекетті,  немесе  жағдайды  көркемдей  баяндау  арқылы 
тыңдаушыға  ғибрат  беру»  [8,157].  Аталып  отырған  Домрул  туралы  жыр 
Қорқыттың  ажалдан  қашқанын  баяндайтын  әпсанамен  сарындас.  Бір 
айырмашылығы  мұндағы  қаһарман  –  Домрул  алып  ажалдан  құтылу  үшін 
аллаға  сыйынып,  дінге  бас  иген.  Бұл  шамандық  нанымның  әлсіреп,  ислам 
дінінің  тарай  бастаған  кезінен  елес  беретін  әпсана-хикаят.Қорқыт  ата 
энциклопедиялық жинағында филология ғылымының докторы, профессор Ә. 
Қоңыратбаев: «Бұл сюжет антиисламдық сарында туған» - деген ой айтады, 
осы  пікірге  сүйене  отырып,  Домрул  туралы  жыр  жазба  нұсқасына  түскен 
кезеңде ислам дінін насихаттау мақсатымен өзгеріске ұшыраған болуға тиіс 
деп  ойлаймыз.  Тағы  да  осы  жыр  туралы  Ә.Марғұлан:  «Бұл  ғажайып 
әңгіменің бір таң қаларлық суреті – исламның Сыр бойына жаңадан келген 
заманын  көрсетсе,  оның  ізі  қазақ  халқының  ойында  19  ғасырға  дейін 
өшпеген.  Қорқыт  жырында  шалқыта  айтатын  Домрулды  қазақтар  сол  әдемі 
күйінде  Домбауыл  атымен  сақтап  келген.  Халық  арасында  тараған  аңызда 
«қият» руының пайда болуы осы Домбауыл мергеннің атымен байланысты.
 
Қорыта  келгенде,  Қорқыт  жырларында  өте  көп  антропонимдер 
кездеседі.  Жоғарыда  атап  өткендей,  кейіпкерлерге  есімдер  жай  ғана 
қойылмаған,  әр  антропонимнің  өзіндік  ерекшелігі  бар.  Бұл  есімдер 
129 
 

баяндалып  отырған  образдардың  мінезін,  сыр-сипатын  анықтайды.  Бұл 
жырдағы антропонимдер әлі де түбегейлі зерттеуді қажет ететін тың тақырып 
екендігін көрсетеді.
 
 
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
 
1. 
Мори  М.  Бегю-каган  и  Поцзуй  //  Turcologica.  –  Москва,  1976.  – 
С.284-.290. 
 
2. Бартольд В.В. Сочинения в ІХ т. – Москва-Ленинград, 1968.
 
3. 
Әбдірахманов  А.  Қазақстан  этнотопонимикасы.  –  Алматы:  Ғылым, 
1979. – 67-
93б.
 
4.  Бестужев-Лада  И.В.  Имя  человеческое  –  прошлое,  настоящее  и 
будущее // Советская этнография. – №2. – 1968.
 
5. Қоңыратбай Т. Эпос пен этнос. – Алматы: Ғылым, 2000. – 596 б. 
 
6. 
Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 1998. – 276 б.
 
7. 
Гафуров А. Имя и история. – Москва, 1987. – 234 c.
 
8
.Толковый словарь русского языка //под ред. Д.И.Ушакова. – Москва: 
ОГИЗ, 1935. – т.1. – С.83-164.
 
9.Уәлиханов Ш.Ш. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 560 б.
 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет