Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата - ана алдында нәзік те қиын, қыр - сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады.
Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата - ана. Бала үшін үй ішінен, ата - анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен - ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке - шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындалуына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте - бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу, зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата - ананың беделін түсіреді.
Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез - құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл - қыздармен үй шаруасында жүріп - ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке - шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті - үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең - ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.
Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата - ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала — әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік. Шәкәрім атамыздың « Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді» дегеніндей, құнды қасиеттерге не рухани адамды қалыптастыру - шынында да оның туған кезінен басталса керек. Ал адамның адам болып қалыптасуында ата - анамен қатар тәрбиеші мен мұғалімнің де рөлі бар.
Демек, мұғалім мен тәрбиеші қауымның қиындықтарға жиі кездесіп, үнемі толғаныста жүретіні де содан. Сондықтан кез келген мұғалім баламен байланысқа шықпас бұрын, оқу - тәрбие жұмысындағы қызметін өзін - өзі танудан бастағаны жөн. Өзіңнің бала болғаныңды, өзіңнің ата - ана екеніңді, өзіңнің ұстаз екеніңді ой елегінен жиі - жиі өткізіп отырсаң, өзге алдындағы жауапкершіліктің сыры бірден айқындала бастайды. Ғұлама Әл - Фараби «Дүниедегі ең оңай нәрсе ақыл айту, ең қиыны өзіңді өзің түсіну» десе, К. Маркс «Өзіңді өзің тану даналықтың бірінші белгісі» деп ескертеді. Ең бастысы, баланың жан азығына зәру екенін еш уақытта ұмытуға болмайды. Абай атамыздың жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, hәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі - білсем екен деп ұмтылып, одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі « жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен.»деген үлкен пәлсапалық ой жатыр. Яғни, балаға туғаннан тән азығы - тамақ қандай қажет болса, жан азығы - жылулық, сүйіспеншілік те сондай қажет. Ал оның қажетін қанағаттандырмай, түпкі мақсат ешқашан орындалмайтыны белгілі жәйт. Мұны мұғалім де, ата - ана да әсте естен шығармағандары жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |