Отбасы құндылықтарын насихаттау және отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту Қайырлы кеш ардақты ата-аналар! Қазіргі кезде отбасы тәрбиесі мәселесі әлемдік деңгейде қарастырылуда. Оған «Балалар құқығы туралы Конвенция»



бет3/3
Дата10.10.2022
өлшемі27,07 Kb.
#42133
1   2   3
Байланысты:
Отбасы құндылықтарын

Мектеп пен отбасы – балалық және жасөспірім шақтағы тұлға әлеуметтенуінің негізгі және тең құқылы субьектілері. Отбасы мен мектептің қарым-қатынасы туралы айтқан кезде бұлардың тәрбие ісінде өзара байланысы – бірін-бірі толықтырып отыруы және тығыз жұмыс жасауын атап өткен жөн. Бала үшін маңызды бұл институт бірге отырып әрекет еткенде ғана жағымды жетістіктерге жетуге болады. Тәрбие мен оқытудың маңызды міндеттерін шешуде ата-аналар өздерінің педагогикалық ұжымның мүшелері ретінде сезінуі және сол тұрғыдан балаға ықпал етуге тиіс.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие.
Отбасы – тұлға тәрбиелеудің және оны қоғамның сан қырлы жақтарын игеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта.
Тұлға отбасында өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Демек, отбасы – адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Қазіргі таңда әлемдік жаһандану үдерісінің ұлттық мәдениетке, дәстүрлі ұлттық құндылықтарға тигізетін кері ықпалы күшейді. Қоғамымызда осындай үдерістердің үдеуі салдарынан жас буын жат елдің мәдениетіне еліктеп, сан ғасырлық ата дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды ұмыта бастады. Осыған орай жас ұрпақты ұлттық құнды­лықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы – ұлттық құндылықтарды қалып­тастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары фольклор үлгілерін сіңіретін де отбасы.Отбасында қыз балаларға қатысты шашыңды жайма, қысқа көйлек киме, орынсыз күлме «Жібек мінезді қыз жұртқа жағады »деген сияқты тәрбиелі сөздер жиі айтылса, оқушылар да нормаға сай мектеп формасын сақтап, мектепке шашын жинап, оқушы қалпын сақтап келген болар еді. Осы тұрғыдан алғанда отбасын ұлттық құндылық­тарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын, ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады. Атадан балаға қанмен тараған ақылдылық, байсалды мінезді тәжірибе мен білім толықтырса, төңірегіне нұр шашып тұратын азаматтар солардан шығады. Қазіргі таңда отбасы тәрбиесінің көп аспектілі мәселелері мемлекет тарапынан қолдау тауып, Елбасының тікелей бастамасымен бірқатар игілікті істер атқарылуда.
Халқымыздың ұлы ақыны хакім Абай баланың өмірді танып-білуіне, оның бойын­да қалыптасар барлық қасиеттеріне бір жауапты адам ата-ана дей келе: «Балаға, көбінесе, үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Осылардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе сонысынан жұғады» деуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр. Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздарымен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа? Жанұядағы жанжал, үлкендердің орынсыз сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шешесі, үй ішінің үлкендері әдептілік танытқаны жөн. Отбасы мүшелерінің балаға әсері дұрыс болуы керек. Жақын жанашырлары әрдайым балаға тек түзу жол көрсетіп отырса, әсіресе тәрбие беру жолында халықтық педагогиканы пайдаланса, оның берер көмегі мол деуге болар еді.Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі, - деген Әл-Фараби бабамыз. Ал тәрбиені балаға беретін отбасы, мектеп және қоғам. Осы үшеуі бірлесе жұмыс істегенде ғана өнімді де өнегелі ұрпақ шығатыны белгілі.
Отбасының екі тірегі – әке мен ана. Адамды әлеуметтендіру, яғни оның қоғамға енуі, өзгелермен қарым-қатынасы отбасынан басталады. Үлкенді құрметтеп, қадір тұтуды, сыйласа білуді қазақтар отбасында берік ұстанған Осы тектес мақал-мәтелдеріміз қазақ халқы әр уақытта әдептілікті құрмет тұтқанын, сыпайы, кішіпейіл адамды басқаларға үлгі-өнеге ете білгендігін, жас ұрпақтың тәлімді, тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар аударғандығын айқын көрсетеді.
Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі. Әр көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады. Ұлттық құндылықтар және отбасылық құндылықтар барлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың зерттейтін негізгі мәселелерінің бірі болып табылады.
«Тәрбиесіз берген білім қауіпті», – деген екен әл-Фараби. Технологияның дамып, әлемдік жаһандану үдерісі кезінде білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізу керектігін көпшілік мойындап отыр. Қоғамға қызмет ететін болашақ жеткіншектерге сапалы білім мен өнегелі ұлттық тәрбие беру – ұстаздар мен ата-аналардың басты парызы. Сонымен, отбасы құндылығын сақтау әрі оны кейінгі ұрпаққа аманаттау қазақ өркениетінің темірқазығы болып табылады.
Игілікті болашақ жолында өзара ынтымақтаса жұмыс жүргізіп жатқан отбасылар да аз емес. Мектеп – отбасы – қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайту, серіктестікті қалыптастыру, қауымдағы ата-аналармен бірлескен жұмысты көрсету мақсатында мектебімізде жүйелі де, маңызды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі- ата-аналар жиналыстары, ата-аналарға арналған коучингтер, ата-аналармен педагог-психологтың өткізген тренингтері десе болады. Сондай-ақ ,ата-аналар тәрбие сағаттарына , мәдени шараларға да атсалысып отырады. Мектепішілік спорттық, аудандық, облыстық «Берік отбасы» жанұялық сайыстарға қатысатын отбасыларымыз да жоқ емес. Біз оларды мақтан тұтамыз, алғысымызды білдіреміз. Мектеп пен отбасының өзара байланысы мұнымен ғана шектеліп қоймайды, оқушылардың үйіне бару, сабаққа келмеген оқушының ата-анасымен күнделікті хабарласу, мектепке ата-анасын шақырту жұмыстары сынып жетекшілерінің еншісінде десек те болады. Мектеп пен отбасының өзара ынтымақтастықты қарым-қатынасын мұғалімдерден талап еткенмен, отбасы тарапынан да қадамдар жасалмаса ынтымақтастықтың өз дәрежесінде болуы неғайбіл. Олай дейтінім, сынып жетекші хабарласқанда телефон көтермейтін, мектепке баласы жөнінде бірнеше рет шақырғанда да келмейтін, баласы сабақтан қалған жағдайда сынып жетекшісі сұрамайынша хабарлап айтпайтын отбасылары да жоқ емес. Ата-ана мұғаліммен тығыз байланыста болып, түсінбегенін сұрап, пікірлесіп отыруы керек. Осындай жағдайда ғана балалардың жағдайын түсініп, олардың адами қасиетінің дамуына ықпал жасай аламыз деп ойлаймын.  Сөз соңында айтпағым, отбасы болсын, мектеп, қоғам болсын қай -қайсысы да өз міндеттерін дұрыс түсініп, бірлесе, жұмыла жұмыс жасаса оң нәтиже беретіні айдан – анық. Ең бастысы, бәрі де өзіміздің еліміздің бедерлі болашағы мен келелі келешегі үшін екендігін ұмытпасақ болғаны.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет