ОҚАПТА
(жалғасыОқу мақсаттары: 11.1.5.1 шығармадағы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың әлемдік тақырыптармен үндестігін ашу.
11.2.3.1 шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдай отырып, автор стилін анықтау.
11.2.4.1 көркем шығармадағы ғаламдық тақырыптарға креативті ой қосып, шығармашылық жұмыс (эссе, әңгіме, өлең) жазу.
11.3.4.1 шығарманы идеялық жағынан мазмұндас әлем әдебиеті үлгілерімен салыстыра талдап, әдеби сын жазу.
Тірек сөздер: балаларды оқыту, білім алу, алғашқы сабақтар, Михайловтың ақылы.
Мақсатқа қол жеткізу үшін: – көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарын талдау;
– автор стилін анықтау;
– ғаламдық тақырыптарға креативті ой қосу;
– әдеби сын талаптарын қайталау.
…Үш ат жеккен кең күйме Ақшоқыдағы қыстаудың тұсынан – Қорықтан шығып, қалаға қарай тартып келеді. Ат ұстаған – козлодағы Баймағамбет. Үш торыны күз күнінің таңертеңгі қоңыр салқынында тықсырып айдап, сар желдіреді. Шалқасынан ашылған қызыл сафиян іші бар күймеде Абай мен үш баласы отыр. Бұл – Әбіш, Мағаш және Күлбадан.
Кең ақ маңдайлы, жіңішке ұзынша қара қасты, жұқалаң қызғылт жүзді Әбіш Абаймен әңгімесін үзбей келеді. – Аға, біз қалада қайда тұрамыз? Үшеуіміз бір үйде тұрамыз ба? Қазақ үйінде тұрамыз ба, орыс үйінде тұрсақ, жақсы бола ма? Жоқ әлде мен мына екеуінен бөлек оқып, бөлек тұрам ба? – деп алдағы жұмбақ күндерін әкесінен тынымсыз сұрайды.
…Абай Күлбадан мен Мағашты Михайловтың ақылымен «Уездная школаға» берді. Бірі – еркек, бірі әйел балалар оқитын школдарға бөлініп түскенмен, бұл екі баланы Андреев тауып берген орыс үйіне бір бөлек қойды. Әбіш туралы Михайловтың мәслихаты басқа болды. Оның мұсылманша жақсы оқуы бар. Ұғымтал, өз талабы зор, ынтасы ашылған бала. Және орысшада тілмаштан бірталай оқып, бірге сөйлесіп, қасынан қалыспай жүріп, тілге жақсы боп шықты. Алғашқы кластарға түсіруге жасы да ересегірек боп қалған. Оны Абай мен Михайлов ана екі баладан бөліп алды. Тіл тәжірибесіне, бар тәрбиесіне үлкен септігі тиетін оқымысты адамдар үйіне жалғыз қойды. Және школда оқытпай, өзін жалғыз, үйде оқытатын байыпты, ысылған, жақсы учительді жеке жалдап берісті.
Әбіштің ажарына, мінез, тәрбиесіне ең алғаш танысқаннан Михайловтың ықыласы басқаша болды. Оны оқу мен пәтерге орналастырып болғаннан кейін, Михайлов Абайға тағы бір ақыл айтты.
– Ибрагим Кунанбаевич! Мынау бала – Әбдірахман көп оқуға жарайтын бала сияқты. Аз ересек болғаннан күдіктенбеңіз. Мүмкін, тіпті өзінің ана тілінде оқып, ашылып, ысылып келгені жақсы да болар. Бірақ осы туралы менің бір ақылымды алыңыз. Биыл қыс бойы Әбдірахман төтенше жолмен, бір ғана оқытушыдан жақсы әзірленсін. Келесі жыл школға түскенде Семейде оқымасын. Түменде оқу орындары бұдан артығырақ. Және менің жақсы дос, таныстарым бар. Бұл бала жаз сахарасына қайтып тұрар. Бірақ қысқы оқуда таза орыс ортасында болып, шаһарлық орыс тәрбиесін толық алатын болсын. Дені сау болса, ар жағындағы болашағын Түменнен де ары, Питер деп үміт етейік! – деген.
Абай өзінің жас балалары туралы қырдағы жақынының бәрінен де сонағұрлым тілеулес аға, дос боп отырған Михайловтың мәслихатына үлкен алғыс айтты. Сол арада іркілместен, оның ақылын құп алды.
Бұл сөздер Михайловтың жұмыс істеп отыратын үлкен бөлмесінде болған еді.
…Абай осы жолы қалада көп жатты. Оқуға балаларын орналастырған алғашқы жылында оларды қимай жүргені де болды. Күз бойы, қыстың қалың ортасына шейін Гоголь атындағы кітапханада күнұзын отырады. Ғылым зерттеуші, оқымысты тәрізді боп алған өзінің дағдысына да аса қызығулы. Кітап бетінен кете алмайтындай. …Сенбі күн кештерде Баймағамбет ат-шанамен жалғыз кетіп, бір пәтерден Әбішті, тағы бір пәтерден Мағаш пен Күлбаданды алып келеді. Олар екі түн, бір күн әкесінің қасында аунап-қунап, тынығып, қуанысып қалады. Абай балаларының қонаққа келетін кештерін ел қазағына бермеуге, бөлмеуге тырысады.
…Абай жұмасына немесе он күнде бір Әбіштің пәтеріне барады. Ондағы үлкен тәрбиелі, сұлу жүзді, бурыл шаш Анна Николаевна атты Әбіштің «хозяйкасымен» ұзақ әңгімелесіп қайтады.
…Қыстың ортасы ауып, енді қаладан елге қайтар кез жеткенде, тағы бір сенбінің кешінде Абай Баймағамбетті жарым күндей жүргізді. Қаланың әр жерінде тұрған жаңағы оқушы балалардың барлығын өз пәтеріне шақырып алды. Соларға өз алдында еркіндетіп ән салдырды. Асық ойнатып, жаңылтпаш, жұмбақ айтқыздырып, емін-еркін бой жаздырды. Сонымен кешкі ет алдында азғана бір толаста: «Балалар!» – деді. Жас қонақтарын, өз балаларын салмақты үнмен өзіне қаратып алды. Бүгін күндіз жазып қойған бір табақ қағазды алып отырып, үнсіз аңырған балаларға бір өлең оқып берді:
– Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім…
Бұл жиында бір өзінен басқа ешкімге мәлім емес, осы бүгін туған өлеңін оқыды. Арасында:
– Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім… –
деген жолдарын қайталап оқып беріп, балаларға қысқа ғана тіл қатты:
– Міне, балаларым, інішектерім. Біз сияқты аға, әкелерің мезгілінде өсе алмай, қылтанақ жарып, сарғайып қалған шөптейміз. «Ғылымнан махрұм қалдық» деп енді өкінеміз, опық жейміз. Сол – біздің мұң. Ал сендер үшін тілегім, айтарым жаңағы. Бұл – аға батасы! Сендерден дәрмен күткен далаңның, еліңнің тілегі! Адам болам деп оқыңдар. Аймағыма жақсылығым жетеді, адал азамат болам деп, халықтың қамқоры болам деп оқыңдар! Міне, осы өсиетті сендерге арнап, мынадай өлең жазып отырған Көкбай атты ақын еді, – деді.
«Осы отырған балалардан жаңа төл өсірем, жаңа буынның жаңа азаматын шығарар болсам, менің ендігі жұбанышым, көмектесім де, үміт етер қанатым да солар болмас па еді? Ендігі етер еңбегім мен көмегім, айтар өсиет, ақылым болса – көзі ашық, оқыған жаңа қауым туғызуға арналсын. Ел ішін көгертетін кез жетті ғой» деп ойлады Абай.
Биыл қыс Абай кітаппен қатар қағаз-қарындашты жиі ұстап, өзі де көп өлеңдерді құлақ күйдей, жан сазындай күйлей толқып жүргенді. Бірақ бұл өлеңдердің иесі де өзіне-өзі сенген ақын аты жоқ. Өз ақындығына шала сенген сыншыл жанның көмескілеу айтылатын «Көкбай» деген ғана аты бар-ды.
Сафиян – киім тігуге, бұйым жасауға арналған өңделген тері түрі.
Уезд – төменгі қатардағы әкімшілік-аумақтық бірлік. Алғаш рет «уезд» термині XIII ғасырдағы орыс құжаттарында кездеседі. 1775 жылдан бастап Ресейдегі әкімшілік-аумақтық, қаржылық бірлік есебінде губернияның құрамдас бөлігіне айналды.
Махрұм – ештеңесі жоқ деген мағынадағы араб сөзінен алынған.
1. Абай Михайловтың кеңесімен балаларын қандай оқуға береді?
2. Әбіш туралы Михайловтың мәслихаты неге басқа болды?
3. Абайдың өнер-білім жолына бет бұруының себептері неде?
4. Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі дүниеге қалай келді?
5. «Осы отырған балалардан жаңа төл өсірем, жаңа буынның жаңа азаматын шығарар болсам, менің ендігі жұбанышым, көмектесім де, үміт етер қанатым да солар болмас па еді? Ендігі етер еңбегім мен көмегім, айтар өсиет, ақылым болса – көзі ашық, оқыған жаңа қауым туғызуға арналсын. Ел ішін көгертетін кез жетті ғой»деген ойын Абай жүзеге асыра алды ма? Ойларыңды бүгінгі күнмен сабақтастыра өрбітіңдер.
6. «Өз ақындығына шала сенген сыншыл жанның көмескілеу айтылатын «Көкбай» деген ғана аты бар-ды» деген үзіндідегі Көкбай кім? Ол туралы не білесіңдер? Абаймен қандай байланысы бар?
1. Үзіндідегі көркемдегіш құралдарды тауып, автор стилін анықтаңдар.
2. Абай шығармашылығы мен эпопея арасындағы байланыс туралы не айтар едіңдер? «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңінің «Абай жолы» эпопеясындағы көрінісін талдаңдар.
3. Үзіндіде көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан талдап көрсетіңдер.
1. «Еркін жазу» стратегиясы бойынша азамат ақынның рухани дамуы, қайраткер ретінде өсуі төңірегінде өз ойларыңды жазбаша жеткізіңдер.
2. Үзіндіден алынған: « – Міне, балаларым, інішектерім. Біз сияқты аға, әкелерің мезгілінде өсе алмай, қылтанақ жарып, сарғайып қалған шөптейміз. «Ғылымнан махрұм қалдық» деп енді өкінеміз, опық жейміз. Сол – біздің мұң. Ал сендер үшін тілегім, айтарым жаңағы. Бұл – аға батасы! Сендерден дәрмен күткен далаңның, еліңнің тілегі! Адам болам деп оқыңдар. Аймағыма жақсылығым жетеді, адал азамат болам деп, халықтың қамқоры болам деп оқыңдар!» деген үзіндіге өз дәлелдеріңді ұсыныңдар.