Ү л г і : Өзіндік пікір: …
Дәлел: …
Өз пікіріңді айғақтайтын мысал: …
Өз пікіріңе қарсы дәлел: …
Қарсы дәлелді жоққа шығаратын мысал: …
Қорытынды: …
Қаныш Сәтбаевтың пікірін негізге ала отырып, «Абай жолы» романэпопеясы мен жазушы стиліне әдеби сын жазыңдар. Көзқарастарыңа дәлел келтіріңдер.
«Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде-бірі бұл кітапты жанап өте алмайды: ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілі мен сөздігінің қаз басуы мен қалыптасуын көреді; ғалым-этнограф қазір көне заманмен қоса көнерген небір тұрмыстық белгілер мен өмір құбылыстарын біледі. Құс салып, саят құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық картиналарының әрқайсысы жеке-жеке-ақ ғылыми-этнографиялық толайым еңбектерге парапар; ғалым-экономистер Қазақстанның XIX ғасырдағы халықшаруашылығының құрылысынан дәлме-дәл нақты мәлімет алады, ондағы тап қайшылығының өзіндік ерекшелігімен танысады; ғалым-юристер шариғаттан бастап, билер кесіміне шейінгі даланың заң-жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайды».
Кері байланыс. «Сабақ бойынша ойыңды білдір».
«Абай» романының жазылу жайынан: Алдақашан бел асып кеткен көштің айдаладағы жұртына кешігіп жеткен жүргінші сөніп қалған от орнынан болмашы жылтыраған бір қызғылт шоқ тауып ап, оны демімен үрлеп тұтатпақ болды десек, романға материал жинаған менің халім де дәл сол әрекет сияқты еді. Мен қарт адамдардың көмескі жадында ұмыт болған көп нәрселерді қайта ойлатып, айтқызып алдым. Алпыстағы Әйгерімнің әжімді бетіне қарап, оның бір кезде Абайды тұтқындаған жас, шырайлы, ғажап сұлу жүзін «қалпына келтіруім» де әлгідей еді.
Мұхтар Әуезов, 1959 жыл
ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ – әдеби шығармадағы кейіпкердің ұлттық сипатымен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық және ойлау, сөйлеу өзгешелігі. Ұлттық мінез – тарихи категория. Ол қоғамдық, рухани, экономикалық және саяси жағдайларға сәйкес қалыптасады. Дүниені ұлттық түсінікпен қабылдау жолы – қай адамға болсын тән қасиет. Өнерде, әдебиетте адам бейнесінен бұл қасиет толық көрініп отырады. Әр халықтың өз эпикалық туындыларын олардың талай замандар ұлт болып қалыптасуынан бөліп қарауға болмайды.
Сондықтан шығармада ұлттық характер жасау үшін оның дүниетанымын, психологиясын, әдет-ғұрыптарын т.б. қасиеттерін білу керек. Бұл жөнінде Н.В. Гоголь: «Ақын өмірге өз халқының көзқарасымен қарап, әр нәрсені ұлттық психологияға сәйкес құбылыстай сезініп, толғанғанда ғана ұлттық сипатты бейнелеп беруі мүмкін»,– деген ой айтады. Бұл дұрыс та. Мысалы, «Игорь полкы туралы жыр» – орыстардың, «Махабхарата» – үнді халқының, «Нибелунга туралы жыр» – немістердің, «Манас» – қырғыздардың, «Ер Тарғын» – қазақтардың дүниетанымын, мінез-болмысын айқындайтын шығармалар.
Төрегелді Бекниязов