Аурулар туғызатын заттар мен факторлар. Ағзаларға қолайсыз әсер ететін және ауруларға әкеліп соқтыратын заттарды төмендегідей топтарға бөліп көрсетуге болады:
Канцерогендер- қатерлі ісіктер туғызады. Қазіргі уақытта шамамен 500 осындай заттар белгілі. Олардың ішіндегі ең күштілеріне бензо(а)пирен және басқа да полициклді ароматтық көмірсулар, ультакүлгін сәулелер, радиоактивті изотоптар, эпоксидті смолалар, нитридтер, нитрозаминдер, асбест және т.б. жатады;
Мутагендер -хромосомалар саны мен құрылымының өзгеруіне әкеліп соқтырады. Оларға: рентген сәулелері, гамма сәулелер, нейтрондар, бензо(а)пирен, колхицин, кейбір вирустар және т.б. жатады.
Тератогендер - жеке дамуда кемістіктерге әкелетін, кемтарлықтардың пайда болуына әкелетін заттар. Тератогендерге әсер ететін мөлшерінен артып кететін кез келген факторлар жатады. Көбінесе тератогендерге мутагендер, сондай-ақ пестицидтер, тыңайтқыштар, шу және т.б. ластаушылар жатады.
Сонымен қатар, эмбриогендердің де бөліп көрсетуге болады. Эмбриогендер эмбрионалдық даму кезінде зақымдануларға әкелетін заттар. Эмбриогендерге тератогендер, мутагендер және басқа да заттар жатады.
Адам қызметінің нәтижесінде жаңа, бұрын болмаған аурулар пайда болды.
Денсаулық үшін зиянды органикалық және бейорганикалық заттар.Көптеген органикалық заттар улы және жоғары дәрежеде тұрақты болып табылады. Олар көбінесе канцероген, мутаген, тератоген немесе басқа аурулардың пайда болуын күшейтеді. Органикалық қосылыстардың ішінде әсіресе, галогенді көмірсулар мен полициклді ароматтық көмірсулар (ПАК) қауіпті.
Галогенді көмірсулар.Бұл топқа бір немесе бірнеше көміртегі атомдарымен хлор, бром, йод немесе фтормен алмасқан органикалық қосылыстар жатады. Хлорлы көмірсулар кең таралған. Олардың көпшілігі тұрақты, ағзалар оларды жеңіл сіңіреді және жекелеген мүшелер мен ұлпаларда жиналуына қабілетті.
Диоксиндер қазіргі белгілі улы заттардың ішіндегі ең күштілерінің бірі. Диоксиннің канцерогенді, мутагенді, тератогенді әсері анықталған. Ол әйелдің туу қабілетіне әсер етеді.
Фенолмен улану бауырды, бүйректі, қанды зақымдайды. Ағзаның тұқым қуалау қасиетіне де әсері анықталған. Сонымен қатар канцерогенді және тератогенді әсер етеді.
Формальдегид химия өндірісінің маңызды өнімдерінің бірі болып табылады. Формальдегид аллергиялық реакциялар туғызуы мүмкін. Сонымен қатар оның канцерогендігі туралы мәліметтер бар.
Ауыр металдар.Көптеген ауыр металдар ағзалардың тіршілігіне қажет және микроэлементтер тобына жатады. Оларға мырыш, мыс, марганец, темір және т.б. кіреді. Сонымен қатар олар тірі ағзалар үшін улы. Ауыр металдар ақуыздармен байланысып майда еріп, жинақталады. Ауыр металдардың қоршаған ортамен ағзада жинақталуының негізгі көзі отынды жағу, пестицидтер, кейбір органикалық қосылыстар, өндірістік қалдықтар және т.б.