- біріншіден, баланың жан дүниесiне зиян келтiрмей әсер ету тақырыбына арналған көптеген ғылыми, ғылыми-публицистикалық еңбектер (В. А. Сухомлинский, Ю. П. Азаров, “А. А. Дубровский, В. С. Ротенберг пен С. М. Бондаренко, В. И. Слуцкий В. Ф., Шаталов, Ш. А. Амонашвили, т.б.) педагогикалық деонтологияның “Зиян келтірме!” ұстанымының көкейтестілігі күннен күнге асуда екенін дәлелдейді;
- екiншiден, педагогикалық деонтологияға қазiргi кезде асыра көңiл бөлiнуiне себепкер болған, өзектілігін түсiндiретiн әлеуметтік жағдайлар, атап айтсақ:
1) заманымыздағы болып жатқан көп өзгерiстердiң iшiнде адамның денсаулығына деген назардың өсуі. Әсіресе баланың жан саулығына, тән саулығына деген көзге түсер қоғамдағы бетбұрыс, денсаулық технологияларын көздеген мектептер, балабақша, жазғы сауықтыру орталықтарының санының өсуі, т..с.с. Денсаулықтың арқауы салауатты өмiр салты дер болсақ, ол өзі адам бойындағы күнделiктi тыныс тiршiлiгiнен байқалатын ақыл-ой парасаты, сезiм, қимыл-қозғалысы, жүрiс-тұрысы, мiнез-құлқы сияқты тағы басқа жоғары деңгейдегi саналы қасиеттi көрсететiн тұлғаның өмiр сүру үдерісінің көркем бейнесi. Олай болса, мұғалiмнiң кәсiптік сауаттылығына, жалпы салауаттылығына, оның қарым-қатынас құру мәнерiне өзiнiң және оқушының денсаулығы тәуелдi екендiгi күмән тудырмайды;
2) өмiр шарттарының өзгеруіне, құндылықтардың ауысуына байланысты мемлекеттiң, әлеуметтiң, ата-ананың мектепке, мұғалiмге қоятын талабының жоғарылауы;
3) халықтың ақпараттану мүмкiншiлiгiнiң өсуi. Заман талабы бойынша жарық көрiп жатқан ғылыми еңбектер, жаңадан ашылып, iзгiлiктi жұмыс iстеп жатқан әртүрлi оқу орындары, ондағы ұстаздардың мамандыққа сай парыздарын өнегелi еңбек ету арқылы өтеуiнiң үлгiлерi туралы радиохабарлар, телекөрiнiстер, газет, журнал бетiндегi мақалалар бiлiм беру сапасына деген белгiлi бiр жоғары эталонды сұраныс қалыптасуына жетелейдi. Мұғалiмдердiң iс-әрекетiндегi деонтологиялық факторлардың рөлiн “керi” ақпардың әсерi де айқын көрсетедi. Мысалы, жалпы бiлiм беру саласындағы, соның iшiндегi жеке мектептер тұрмыс-тiршiлiгiндегi жiберiлген түрлi олқылықтарға байланысты шағым хаттар, сыни мақалалар, радио-теле-хабарлар өз әсерiн қалдырмай қоймайды. Халық пiкiрi, қай кезде болсын, мекеменiң, ұжымның жұмысының нақтылы көрсеткiшi. Педагогтар ұжымындағы мұғалiмдердiң балаға деген сезiмталдығы, ақ ниеті, кiшiпейілдiлігi – олардың деонтологиялық мүмкiншiлiктерiнiң ең маңызды белгiсi. Мұның бар-жоғы халық пiкiрiнде көрініс табады;