Тамыр болу әдет-ғұрпы. Қазақтардың арасында достасып-бауырласу немесе тамыр болу әдет-ғұрпы да кеңінен тараған. Бұл рәсім куәлардың көзінше салтанатты жағдайда өткізіліп, нығайтыла түсетін. Рәсім кезінде екі дос қылыштың не қанжардың жүзін сүйіп, мәңгі адал дос болуға серттесіп, ант ішісетін. Олар бір-біріне мәңгі достықтың белгісі болсын деп қымбат бағалы бұйымдар ұсынатын. Дос-жаран, тамырдың үйінде қашан болса да қонуға болатын, ал үй иесі оған қолдау көрсетіп, қамқорлық жасайтын.
Қазақстан аумағында Ресей казактары мен қоныс аударып келген орыс шаруаларының пайда болуына байланысты мал өсіретін көшпелі қазақтар мен егін салатын отырықшы орыстардың арасында достасып, тамыр болу әдет-ғұрпы етек алды. Іс жүзінде әр қазақтың орыс шаруалары мен шекара шебіндегі әскери казактардың арасында өзінің тамыр-досы болды. Мұның өзі халықтар арасындағы достықтың кеңінен қанат жаюына игі ықпалын тигізді. Әдетте олар бірінің тілін бірі үйренді, бірінің мәдениетін бірі құрметтеді. Бұл әдет-ғұрыптың ең мықты түрі дос-тамыр болу еді. Олар бір-бірінен өздеріне ұнаған нәрсесінің бәрін де қалап ала беретін. Дос-тамырлық әкеден балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете беретін сипат алды.
5. Отбасы және неке саласындағы әдет-ғұрыптар мен салт- дәстүрлер. Сөз болып отырған кезенде қазақтарда отбасы мен некеге қатысты сонау ежелден келе жатқан бірегей әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері болатын. Дүниеге келген жас нәрестеге оның құлағына азан шақырып ат қойылатын. Жасы үлкен туысқандардың бірі Құраннан аят оқып, нәрестенің атын оның құлағына үш рет қайталап дауыстайтын.
Ер бала 3,5 және 7 жасқа толғанда оны сүндетке отырғызу рәсімі өткізілетін. Сүндет тойына қонақтар шақырылатын, ат шаптырылып, спорт жарыстары өткізілетін.
Ата-ана өздерінің ұлын үйлендіру қамын әрқашан ойластырып жүретін. Болашақ келінді бала кезінен іздестіре бастайтын. Тіпті балалар дүниеге келмей жатып-ақ белқұда, ал сәбилер дүниеге келген соң бесікқұда рәсімдері болатын. Құдаларды өнегелі, құрметті, текті жерден іздестіретін. Құда түсудің салт-дәстүрлері бойынша арнайы рәсім өткізілетін. Қазақтарда жеті атаға толмаған туыстар арасында неке қиюға қатаң тыйым салынатын.
Баланы үйлендіруге қатысты әдет-ғұрыптардың реті мынадай болатын: құда түсуге алдын ала келісу, ата-ананың құда түсуі, күйеудің қалыңдыққа ұрын баруы, келін түсіру тойы, неке қию рәсімі. Ұзатылатын қыздың әкесі құда түсіп келген құдаларға құйрық- бауыр жегізетін. Бұл салт-дәстүр құдалық рәсімінің орындалғанын көрсететін. Ал құдалық екі жаққа да белгілі міндеттер жүктейтін.
Құда түсудің ресми бөлігі аяқталғаннан кейін жігіт жағы қыздың қалыңмалын төлейтін. Қалыңмал әдетте мал басымен есептелетін. Оның мөлшері құда түсушілердің қаншалықты бай, ауқатты екендіктеріне қарай белгіленетін. Қалыңмалдың мөлшері 5 жылқыдан 1000 жылқыға дейін жететін. Қалыңмал той шығынына, қыз жасауына жұмсалатын. Үйлену тойы кезінде құдалар бір-біріне кит кигізетін болған. Ол түрлі қымбат бағалы киімдерден, мата кездемелерден, мал басынан тұратын. Құдалар жағы бір-бірімен қоржын алмасып, өзара сыйлық жасасатын. Үйлену тойының әдет-ғұрыптары неке қию рәсіміне ұласады.
Қазақтардың дәстүрлі қоғамында қыздың жасауын берудің де зор маңызы болды. Жасау қыз баланың жас кезінен әзірлене бастайтын. Қыздың жасауына киіз үй, кілем, текемет, сырмақ сияқты бұйымдар, киім-кешек түрлері мен ыдыс-аяқтар, әр түліктен тұратын мал басы және басқалары кіретін болған. Қазақтар арасында ажырасу деген болмаған.
Күйеуі өліп, жесір қалған жас әйелге күйеуінің жақын туыстарының біреуі әмеңгерлік жолымен үйленуге құқықты саналатын. Көшпелі қазақ халқының өмірінде мұның әлеуметтік маңызы үлкен болды. Әйел ерден кетсе де елден кетпеді. Марқұм болған адамның балалары өз руының, өз туысының қарамағы мен қамқорлығында қалды, жатжұртқа жіберілмеді. Өйткені олар өз туыстарының арасында жетімдік көрмейді. Сондықтан да құдалардың арасы суыспайды. Егер біреудің отбасы перзент көрмесе немесе баласы тұрмай, шетіней берсе, ол алдын ала келісім бойынша, өз туыстарының бірінің баласын бауырына басып, асырап ала алатын.
Жеке шаңырақ көтеріп, ата-анасынан еншісін алып шыққан жас отбасында күнделікті тіршілігіне қажетті нәрсенің бәрі де — отауы, төсек-орындары мен үй ішінің жабдықтары, есік алдында малы да болатын. Ежелден келе жатқан әдет-ғұрып бойынша ата-анасының қолында кенже ұлы қалып, қара шаңыраққа бүкіл мал-мүлкімен қоса иелік ететін. Қазақтар өздерінің ата-анасын ешқашан тастап кетпейтін. Даланың жазылмаған бұл әдет-ғұрпын бұзғандарды қазақтар нағыз жексұрын, жауыз жандар ретінде жек көрді.