Дала тұрғындарының оқу-білімге ұмтылысы. Дала тұрғындарының негізгі бөлігі көшпелі, жартылай көшпелі өмір сүрді. Бұл жағдай ұзақ уақыт бойы тұрақты мектептердің салынуына кедергі келтірді. Сондықтан көшпелілер балаларын ауылға арнайы шақыртылған мұғалімдерге оқытты.
Ресейлік және еуропалық зерттеушілер көшпелілердің балаларына білім беруге деген ынтасының зор екендігін жазады. Олар қазақ балаларының алғыр, зеректігіне ерекше таңғалады. Бұған көшпелілер өмірін жан-жақты зерттеген
Ф. Собысевичтің мына сөзі айқын дәлел: «Әділін айту керек, қырғыздардың (қазақтардың) балалары қалай мақтаса да тұрарлық, олардың тәртібі жақсы, оқуға өте ынталы келеді және білімді тез меңгеріп алады». Ата-аналар білім алу үшін қажетті қаражатты балаларынан аяған жоқ. Қазақ халқының XIX ғасырдағы тұрмыс-тіршілігін зерттеген ғалым Ю. Юзефович: «Қырғыздар (қазақтар) білімді жоғары бағалайды. Олар оқу орындары үшін қолынан келген көмегін көрсетуге әрдайым дайын тұрады», - деп жазды. Көшпелілердің оқу-білімге құштарлығын олардың мақал-мәтелдерінен-ақ айқын байқауға болады: «Білікті бірді, ал білімді мыңды жығады», «Білім жанып тұрған шырақ», «Алтын алма, білім ал», «Адамды киім емес, білім көркейтеді», «Білім инемен құдық қазғанмен тең». Далалықтардың бұл қабілет-қасиеті білімді де білікті қазақ зиялыларының қалыптасуына жеткізді. Ұлт зиялылары XX ғасырдың бас кезінде ұлт-азаттық көтеріліске жетекшілік етті.
Дала өлкесінде қасақана кісі өлтіру мен өзіне қол жұмсаудың болмауы.Дәстүрлі қазақ қоғамында өзіне-өзі қол жұмсау мен қасақана кісі өлтіру оқиғасы өте сирек кездесті. Далалықтардың түсінігінше өмірді Жаратушының өзі ғана береді және адам өміріне ешкімнің де қол сұғуына қақысы жоқ. Бұл туралы генерал С. Броневский: «Қазақтарда өзіне-өзі қол жұмсау деген болмаған, қасақана кісі өлтіру де сирек кездеседі»,- деп жазды. Жалпы қазақ қоғамында кісі өлімімен аяқталатын ауыр қылмыстар болмады деп айтуға болады. Мәселен, Ресей империясындағы Бірінші халық санағы дерегі бойынша 1897 жылы Бөкей Ордасында өмір сүрген 207 мың қазақтардың арасында бірде-бір адам өлтіру оқиғасы тіркелмеген.