3. Әкімшілік басқару жүйесіндегі өзгерістер. Жаңа реформа бойынша енгізілген әкімшілік басқару жүйесі жоғарғы дәрежеде әскери сипат алды. Генерал-губернатордың қолында әскери билік те, азаматтық билік те болды. Түркістан генерал-губернаторлыгы басшысының көрші мемлекеттермен, атап айтқанда, Қытай және Иранмен тікелей келіссөздер жүргізе алу құқығы да бар еді.
Уезді уезд бастығы басқарды. Ол ресейлік шенеуніктер қатарынан тағайындалды.
Әкімшілік басқарудың ең төменгі екі сатысында жергілікті ақсүйектерден іріктеліп алынатын болыстар мен ауыл старшындары тұрды.
Сұлтандар ауыртпалықтар мен салықтардан босатылып, өмірлік зейнетақы тағайындалды. Патша үкіметінің мұндай қадам жасауға бару себебі - қазақ даласында сұлтандар тобына деген сый-құрмет әлі де болса едәуір дәрежеде сақталған еді. Себебі олардан үкіметке қарсы халық толқуын ұйымдастыруы мүмкін деп сескенді.
4. Сайлау жүйесі. Ауыл старшындары мен болыстар ақсүйек топтардан іріктеліп, сайлауда шар салудың (дауыс берудің) нәтижесі бойынша ғана тағайындалатын. Бұл қызметтерге үміткерлердің жасы 25-тен кем болмауы шарт саналатын.
Болыстағы әрбір 50 үйден сайлауда шар салушы (дауыс беруші) бір адамнан сайланатын болды. Ал олардың бас қосқан жиынында болыс сайланатын және осы қызметтен үміткер белгіленетін.
Тап осындай тәртіппен әр ауылдағы әрбір 10 үйден сайлауда шар салатын (дауыс беретін) бір адам сайланатын болды. Ал олардың бас қосқан жиынында ауыл старшыны сайланды және осы қызметтен үміткер белгіленетін.