5. Жетісу казактары. Жетісу казак әскерлері 1867 жылы Сібір казактарынан құрылған болатын. 1869 жылы бұл әскердің құрамына Қытайдан қашқан мыңдаған қалмақ келіп қосылды.
1867 жылы Жетісу облысы құрылған еді. Бұл облыстың әскери губернаторы сонымен бір мезгілде Жетісу казак әскерлерінің тағайындалған атаманы болып та бекітілді. Жетісу казактары Бұхара әмірлігін, Қоқан, Хиуа, Түрікменстанды бағындыруда және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті басуда ерекше белсенділік танытты.
Жетісу казактарына өзін-өзі басқарудың жетілдірілген түрі тән болды. Өзін-өзі басқарудың басты органы - сход жиын маңызды рөл атқарды. Казактардың бұл жиналысына әскери топқа жатпайтын, басқа қалалық адамдар да қатыса беретін.
Мещеряктар - түркі тілдес халықтар тобына жататын ұлыстың аты.
Тасымал жасау - атпен, түйемен адам немесе жүк тасу кәсіпшілігі.
Басқа қалалық адамдар - 1917 жылга дейін казак әскерлерінің аумағында тұратын казак емес тұрғындар (шаруалар, мещандар, саудагерлер) осылай аталған.
Катанаев Георгий Ефремович (1848-1921) - казак әскерлерінің генералы. Сібір казак әскерлерінің ресми тарихшысы.
«Сібір қырғыздары (қазақтары. - авт.) облысының губернаторы қызметін атқарушы Жоғары мәртебелі мырзаға. Сібір қырғыздары аға сұлтандарына бағынышты халықтың атынан өтініш. 1866 жылғы 7 қыркүйек Қырғыздар тұрақты қонысы болмағандықтан қатты қиыншылықтарға душар болуда. Мұның өзі оларға өте ауыр тиюде. Олар сөйте тұра жасақ (алым-салық), жол жөндеу жұмыстарына жұмсалатын үш есе артық мөлшердегі баж салығын төлейді. Қандай ауыртпалық болса да қырғыздар өздерінің туып-өскен жерлерін қиып кете алмайды. Өйткені ол жерлерде ата-бабаларының сүйегі жатыр. Ал қысымға шыдай алмай, өздерінің ежелгі атамекендерінен кең далаға кетіп қалған кейбір адамдар ол жақтан да бос жатқан жер таба алмай, азап шегуде. Ақырында сол баяғы ені 10 шақырым келетін жер алқабына амалсыздан қайтып оралуда. Жоғары мәртебелі мырза, Сізден мынаны өтініп сұраймыз: сол ені 10 шақырымдық жер алқабын бұрынғысынша қырғыздардың (қазақтардың. - авт.) иелігіне тегін беру женінде жоғары жаққа өтініш білдірсеңіз екен...» Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты. 8-қ, 66-іс, 117-118-парақтар.