Ресей империясының аумағындағы казак әскерлерінің атқарған негізгі қызметі
Орыс армиясының шетелдерге жасаған жорықтарына қатысу
Ресейге жаңа жер қосып алуға белсене қатысу
Ұлт-азаттық көтерілістер, шаруалар мен жұмысшылардың көтерілістерін аяусыз басуға белсене қатысу
Шекараны қорғау
Бекініс құрылыстарын салуға қатысу, полицейлік қызмет атқару
2. Жайық казактары. Жайық (Орал) казактарының ең алғашқы елді мекендері XVI ғасырда қазіргі Қазақстан аумағының солтүстік-батыс бөлігінде (Жайық (Орал) өзенінің бойында) пайда болды. Сондықтан да оларда өзін-өзі басқарудың элементтері көп болды. Казактардың қоғамдық өмірінің аса маңызды мәселелері әскери топта ұжымдық талқыға салу арқылы шешілетін.
Патша үкіметі казактардың еркіндігін шектеу саясатын ұстанды. Олардың тұрмысына бірте-бірте қатаң әскери тәртіп енгізіле бастады. Мәскеу мемлекеті Жайық казактарына оңтүстік-шығыс шекараны қорғау және әскери отарлау міндеттерін жүктеді. Жайық казактары 1773-1775 жылдарда Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысты. Мұның өзі патша үкіметі тарапынан Жайық казактарының өзін-өзі басқару құқығына қысым жасап, шектеулер қоюына қатысты болған еді.
Жайық казактары ауқатты тұрды. Әрбір казактың 80 десятинадан жер телімі болды. Олар егіншілік пен балық аулау, тұз өндіру және аңшылықпен айналысты. Жайық казактары жерді қоғамдық негізде пайдаланды. Орасан зор жер көлемін иемденген казактар жерді ішкі Бөкей Ордасындағы және Жайықтың сыртқы жағындағы қазақтарға жалға берді. Олар осылай мол табыс көзіне ие болды. Қызыл балық пен қара уылдырықтың өзінен ғана казактар күміс ақшамен жыл сайын қомақты табыс табатын. Олар жыл сайын 300 мың басқа дейін қой сата алатын.
Жайық казактары XX ғасырдың басына дейін өздерінің дәстүрлерін, «байырғы ескі» тәртіптерін және тұрмыс-тіршілік салтын неғұрлым берік сақтады. Жайық казак әскерлерінде байырғы ескі діни наным-сенім ұзақ сақталды.
Жайық казактары қазақтардың шаруашылығы мен тұрмысына елеулі түрде ықпал етті, өз кезегінде, олар да қазақтардан бірқатар шаруашылық дағдыларын үйренді. Олар қазақтардың әдет-ғұрып, салт-санасымен таныс болды. Жайық казактарының тіліне қазақтардың баспақ, дөнен, нар, тымақ, жасауыл сияқты бірқатар сөздері сіңісіп кетті.