Ориенталистер - шығыстанушы ғалымдар.
Жер аудару - қылмыс жасағаны үшін берілетін жаза. Ондай жаза бойынша кінәлі адам қиыр шеттегі алыс аймақта белгілі бір мерзім ішінде айдауда болады.
Мұса Шорманов(1819-1884) - белгілі зерттеуші, этнограф, қазақ фольклорының үлгілерін жинаушы. Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны.
«Қырғыздардың бірігуіне мүмкіндік бермейтін бір жағдай бар - еуропаша тәрбие алған қырғыз (қазақ. - авт.) зиялылары елдің бүкіл аумағында шашыраңқы жүр. Олардың едәуір тобының шоғырланып, бас қоса алатын бірде-бір тұрақты орны жоқ. Сондықтан да зиялы қырғыздардың орталығын құру жөнінде ойлану керек. Елін сүйетін патриот қырғыздар өз жерінің табиғатын, өз халқын, оның халық ауыз әдебиеті үлгілерін терең зерттеуге кірісулері тиіс. Рас, қырғыздардың аңыз әңгімелерін жинастырумен орыс ғалымдары да айналысуда. Бірақ олар бұл салада жергілікті байырғы тұрғындардың көмегінсіз еш нәрсе бітіре алмайды». Потанин Г. Н. Үш томдық таңдамалы шығармалары. Тарих, этнография және фольклор жөніндегі еңбектер. Павлодар, 2005, 3-том, 284-бет.
& 56. Шоқан Уәлиханов – Қазақтың аса көрнекті ғалымы әрі ағартушысы
Қазақ халқының аса көрнекті ғалымдары мен ағартушыларының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болды. 1. Шоқанның жастық шағы.Шоқан Уәлиханов 1835 жылы Құсмұрын бекінісінде дүниеге келген. Оның шын аты Мұхамедханафия, еркелетіп Шоқан атаған. Шоқанның балалық шағы табиғаты көркем Құсмұрын мен Сырымбетте өтті.
Шоқанның ата-бабалары атақты сұлтандар әулетіне жатады. Оның арғы бабасы Абылай хан айбынды қазақ билеушілерінің бірі болды. Ал атасы Уәли патша үкіметі ресми түрде бекіткен қазақтың соңғы ханы еді. Әкесі Шыңғыс Омбы әскери училищесін бітірген, Көкшетау сыртқы округінің аға сұлтаны лауазымды қызметін атқарған.
Шоқанның анасы жағынан туыс нағашылары да осал емес - Баянауыл өлкесіндегі атақты Шормановтар әулеті болатын. Ол бала кезінен білімге бейім әрі құмар болған.
Шоқан тарихи аңыз әңгімелерге ерте бастан-ақ қызыққан. Ол жастайынан данагөй билердің әңгімелерін, ақындардың өлең-жырларын зор ықыласпен тыңдап өсті. Оған тәрбие беруде сұлтан әулетінен шыққан әжесі Айғанымның ықпалы күшті болды. Ол жас Шоқанға ежелгі қазақ аңыздарын, мақал-мәтелдері мен даналық сөздерін жиі айтып отыратын. Шоқан Құсмұрындағы мектепте оқып, ислам діні ілімімен танысты. Араб, парсы, шағатай тілдерінің негізін үйреніп алды.
Ол сурет салуды да ерте үйренді. Бұл өнерді оған орыс суретшілері, топографтары мен геодезистері үйретті. Олар Уәлихановтардың отбасында жиі болып тұратын. Болашақ ғалымның дүниеге көзқарасының қалыптасуына жиі-жиі қонаққа келіп тұратын декабристер де ықпал етті. Олар бәрін білуге құмар жас баланың бойында ғылымға, әдебиет пен өнерге деген құштарлықты күшейте түсті.
Шоқан жас кезінен халық ауыз әдебиетінің үлгілеріне ерекше ден қойды. Ол бала кезінің өзінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Көкше» сияқты басқа да дастандардың бірнеше нұсқасын жазып алды.