1. Жастық шағы. Григорий Николаевич Потанин 1835 жылы Семей облысының Жәмішев станицасында дүниеге келген. Оның атасы Илъя мал саудасымен айналысатын аса дәулетті адам, Абылай ханның өзімен хат-хабар алмасып тұрған.
Ал әкесі Николай Потанин Семейден Орталық Азия аумағына баратын сауда керуенімен жиі жүріп тұратын казак офицері еді. Ол өз заманының өте білімді де сауатты адамы болған. География, әскери тарих, сыртқы саясат мәселелерін жетік білген. Николай Потанин Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс сұлтанмен дос болған. Кейіннен олардың достығы балаларына да берілген.
Бала кезінен таныс Ертістің ғажайып табиғаты және әкесінің алыс елдерге жасаған саяхаты туралы естеліктері Григорийге ерекше әсер етіп, оның өзге бейтаныс елдер мен халықтарды зерттеуге деген құлшынысын оятады.
Жастайынан қазақ тілінде еркін сөйледі. Ол өз естеліктерінде былай деп жазды: «Жәмішев тұрғындары, солардың қатарында біздің де отбасымыз орыс, қыргыз(қазақ) тілдерінде еркін сөйледі. Станицаның жігіттері мен қыздары үйде және көшеде орыс, қыргыз (қазақ) әндерін айтатын, орыс дәстүрімен қатар бірқатар қырғыз (қазақ) әдет-ғұрыптарын да ұстанатын». Он жасында Омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға түседі. Бұл жерде де ол Шоқан Уәлихановпен танысып, достасады. Шоқан оған қазақ халқының тұрмысы мен өмірі жайлы көптеген әңгімелер айтып береді. Григорий Шоқан айтқан әңгімелерді әрдайым жазып алып отырды. Шоқан оған қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, киім-кешегі, ыдыс-аяғы, қару-жарағы т.б. жайлы жазбаларына суреттер салуға көмектесіп отырды. Кейің Григорий бұл туралы былай деп еске алады: «...екеуімізді де бір тақырып - Қырғыз (қазақ) даласы мен Орта Азия өлкесі қызықтыратын. Бұл болашағымызды айқындауға әсер етті». Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Н. Ф. Костылецкийжас Григорийдің дала тұрғындарының тарихы мен этнографиясы, фольклоры, поэзиясы мен тіліне деген қызығушылығын арттырды. Григорий Белинский, Герцен, Грановскийлердіңшығармаларын көп оқыды, жалпыадамзаттық құндылықтарды меңгерді.
Мінез-құлқы жағынан ол мейірімді де өте зерделі, ілтипатты болатын. Оның көзқарасы гуманистік және демократиялық тұрғыда қалыптасты. Ол әрдайым адал да табандылық қалып ұстанатын. Гимназиялар мен жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің оқу ақысын төлеуге қолынан келген көмегін аямайтын. Григорийді замандастары «ар-намыс рыцары» деп тегін атамаған.