1838-1845 жылдары Т. Шевченко Петербургтегі Суретшілер академиясында оқып, өзінің кескіндеме саласындағы ерекше дарындылығымен көзге түседі. Оның ұстазы атақты орыс суретшісі, кескіндемеші Карл Брюллов болды.
Ол студенттік жылдарында көп оқып, көп ізденді, тарих пен философияға қызықты. Ақын ретінде қалыптаса бастады.
Украина жеріне саяхаттар жасап, фольклорлық және этнографиялық материалдар жинастырды, көне архитектуралық ескерткіштердің суретін салып, өлеңдер жазды.
1846 жылы Кирилло-Мефодий бауырластығы атты құпия саяси ұйымға кіреді. 1847 жылдың көктемінде ақынның Ресей империясының мемлекеттік құрылымын өткір сынға алған «Үш жаз» атты өлеңі полицияның қолына түседі. Ақынды Киевте тұтқынға алып, күзетпен Петербургке жібереді. Оған тәуелсіз Украин мемлекетін құрып, билікке гетмандардың қайта келуін көздеді деген айып тағылады.
Қазақстанға жер аударылған жылдары. 1847 жылдың жазында 33 жасар Тарас Шевченко орыс патшасы
I Николайдың бұйрығымен Қазақстанға жер аударылады. Тарас Шевченко «жазу мен сурет салуға тыйым салынып, басшылықтың қатаң бақылауында болсын»деген бұйрықпен Орынбор корпусының қатардағы солдаты етіп жіберіледі.
Солдаттық қызметін Ор қаласында (қазіргі Орск қаласы, Ресей) өтей бастайды. Әскер өмірінің алғашқы қиындыққа толы бір жарым жылының өзінде де Т. Шевченко жасырын түрде өлең жазып, сурет салумен айналысады. Жер аударылған алғашқы жылдардағы салған суреттерінде қамал іргесінде мекендейтін қазақтардың тұрмысы мен өмірі, қазақ жерінің табиғаты бейнеленді. Достарына жіберген хатында Тарас Григорьевич қазақ халқының өмірін бақылай отырып, оны өз туындыларында бейнелегісі келетіндігі туралы ашық жазады. Ол қазақ әндері мен аңыздарын зерттей бастайды, суреттер салады, өздігінен қазақ тілін де меңгеріп алады.
Т. Шевченко 1848-1849 жылдары капитан-лейтенант А. Бутаковтың Арал теңізіне жасалған экспедициясы жұмысына өз еркімен қатысады. Оған Арал теңізінің жағалауы жергілікті халықтың суретін салу тапсырылады.
Т. Шевченко экспедициядан қайтқан соң, әскери қызмет атқаратын орынға оралуы тиіс болатын. Алайда А. Бутаковтың өтінішімен біраз уақыт Орынборда тұрады. Экспедиция барысында салған суреттері мен кескіндемелерін жүйелеп, ретке келтіреді.