Ақмола — аймақтағы ірі сауда орталығы. Ақмола бекінісі мал өнімдерін фабрика-зауыт бұйымдарына айырбас жасаудың дәстүрлі орталығына айналды. Петропавлдан шығып, Орта Азияға бет алған керуендердің іс жүзінде Ақмолаға соқпай кетпейтіндері жоқ еді. Ақмолаға Мәскеуден, Петербургтан, Төменгі Новгородтан, Ірбіттен, Царицыннан, сондай-ақ Орта Азияның көптеген қалаларынан алуан түрлі тауарлар жеткізілетін.
Дала қазақтарымен жасалатын негізгі сауда Петропавлдан бірте-бірте Ақмолаға ауыса бастады. Ақмола ірі сауда орталығына айналған еді. 1852 жылыАқмола станицасында екі жәрмеңке ашылды.
Оның біреуі Констпантинов жәрмеңкесі жазда, ал екіншісі Дмитриев жәрмеңкесі күзде жұмыс істейтін болды.
Жергілікті сауданы көпес Кубриндер қадағалап отырды. Олар қалада көптеген дүкен ұстады. Қаланың төңірегінде жүзден астам желдиірмендер, судиірмендер, механикалық диірмендер болды. Диірмендердің мұншалықты көп болу себебі қалалықтардың да, дала қазақтарының да ұнға деген сұранысының артуына байланысты еді. Ұнды қала арқылы өтіп жататын керуендер де көптеп сатып алатын.
4. Ақмолаға қала мәртебесінің берілуі. Қызу қарқынмен дамуының нәтижесінде 1862 жылы Ақмола ресми түрде округтік қалаболып жарияланды
Маңызы жағынан бұдан кем емес оқиғаның бірі - қала мен осы аймақтың тарихында, 1868 жылы қаланың Ақмола уезі мен осы аттас аймақтың орталығына айналуы еді. Бірақ аймақтық басқарма мен барлық негізгі деген басты-басты мекемелер Омбы қаласында қалып қойды. Шенеуніктердің бәрін бірдей көшіріп әкелуге қаржы тапшылығы кедергі жасады. Батыс Сібірдің басшылығы аймақтық отаршылдық орталықты қазақ даласының қақ ортасына ауыстыруға ашықтан-ашық қарсылық білдірді.
Қалалық дума және оның атқарушы органы - қалалық басқарма құрылды. Думаның депутаттары төрт жылға сайланды. Бірақ сайлау мүліктік ценз (шек қою) негізінде жасырын дауыспен өткізілді. Қалалық дума мүшелерінің басым көпшілігі көпестердің өкілдері болып шықты.
Қалада қазақтарға қарыз беретін қаржы кассасы пайда болды. Ол табиғи апат салдарынан жұт, ашаршылыққа душар болған дала тұрғындарына көмек көрсету, олардың шаруашылық жағдайын жөндеп алуына жәрдемдесу және өнеркөсіпті дамыту мақсатын көздеді.
Уезд бастығының тікелей күш-жігер жұмсауымен қалалық бақ отырғызылды. Тап сол жылы солдаттар бағының да негізі қаланды. Қала жыл сайын жасыл желекке бөленіп, абаттана түсті. Бірақ тас төселген, асфальт салынған жолдардың жоқтығы көктемнің жауынды-шашынды кезінде жаяу адамдардың қалада жүріп-тұруын өте-мөте қиындатты. Көшеге кейде керосин шамдар жарық түсіріп тұрды.
XX ғасырдың бас кезінде Ақмолада дәріхана, екі шіркеу, бір мешіт, қалалық үш сыныптыц училище, екі бастауыш мектеп болды. Қала тұрғындары Пушкин атындағы қалалық көпшілік кітапханасының қызметін кеңінен пайдаланды. Оның кітап қоры, негізінен көркем әдеби шығармалардан тұрды. Ақмола қаласының маңында төменгі деңгейдегі ауыл шаруашылық мектебі, оның тәжірибе жасайтын алаңы мен бау-бақшасы болды.
Қалада өнеркәсіп дами бастады. Сабын қайнататын, тері илейтін, май шайқайтын, сыра ашытатын және тәтті тоқаш пен нан пісіретін зауыттар, сондай-ақ көптеген темір ұстаханаларымен диірмендер жұмыс істеді.