Оқулық Алматы, 012 ƏОЖ



Pdf көрінісі
бет120/140
Дата16.06.2022
өлшемі3,28 Mb.
#36961
түріОқулық
1   ...   116   117   118   119   120   121   122   123   ...   140
Ақырда ашу ерді билеп кетіп,
Жалп етіп сөнген шамдай ақыл өлді.
Өлді ақыл. Атып тұрып батыр Баян,
Боз үйден оқ жыландай шыға келді.
Бұл – қызғаныш пен намыс, ашу мен ақыл шарпысқан күйзеліс 
сəті. Мұнда намысты қызғаныш, ақылды ашу жеңгенінің 
психологиялық дəлелі басым. Адамды – ханды да қараны, ба-
тырды да бағыланды долы сезім билеген тұста ақылмен сабырға 
пұрсат жоқ. Өзгеге тұсау салған қорқау сезім жаннан тəнді айы-
рып өзіне ғана билетеді. Қос мұңлықты қуып жеткенге дейінгі 
аралықта Баян батыр осы алапат сезімнің жетегіне ереді. Жетті… 
Бітті… Іс тынды… Ашу қысқан Баян бойын қорқыныш биле-
ген інінің еркелеген ессіз күлкісіне де, “көкелеген” жалыныш-
ты үніне де қарамайды, қыздың “ағалаған” ақтық тілегіне де 
тоқтамайды. “Өлген ақыл”, өшкен сана ештеңені тыңдатпайды. 
Ақылы білегіне, ашуы садағына көшкен, екі көзіне қан толған 
жүрегі жаралы батыр ажал оғын екі рет тартады.
Екі жас аттарынан ұшып түсті,
Түскенде бірін-бірі құшып түсті.
Ашу мен ыза уысына қармалып, “қызғаныштың қызыл итіне” жем 
болғанын кеш түсінген Баян санасындағы өкініш, күйініш, өлшеусіз 
қайғы психологиялық тереңдікпен ашылады. Жанарына кінəсін 
мойындап, жүзіне еріксіз күлкі үйірген “бөбек пішін” Ноянның 
“ерке түсі” тұнып қалған, жүрегіне жан бауырдан айырылғанын кеш 
сезінген қасірет қаны ұйып қалған Баян “Жолды өзекті” жаңғыртып 
өзекті өртеген өкініштің “гөй-гөйіне” басады. 
Күй жүрек! Көл бол жасым! Өртен ішім!
Алдымда айнам жатыр бөбек пішін.
Сұм садақ кетсе де үзіп жас жүрегін,
Жойған жоқ құлыншағым ерке түсін.
Сорлы ағаң атып жығып, өз інісін,
24–853


362
Иіскейді енді зарлап аппақ төсін.
Тартқанда сынбадың-ау, сұм садағым!
Қайтейін, арымадың, арда күшім!
Жүрегінің тереңіне бойлап кеткен қайғының қара жері жас боп 
ағытылған жан күйзелісінің бір сəтінде ақын қаһарманына “Неге” 
деген қияпатсыз сұраққа жауап іздетеді. Сол арқылы көкіректегі 
қос сезім тайталасын қаралау мен ақтаудан тұратын санадағы 
қайшылық тартысын сұңғыла суреткер тұңғиық терең сырға тұнған 
монологтың мың құбылма иірімі арқылы береді. 
Күңіреніп жатқан Баян батырдың санасында кенет жарық етіп 
жасын ойнап, селт етіп серпіліс келгендей. Ағарып атқан таңмен 
жарыса ашу мен ызаның қара бұлтынан арылған санадағы ой ағысы 
енді өзге арнаға лықсиды:
Жоқ, əлде, жоқ, жоқ… Əлде… Өлтірдім бе,
Інімді алты алаштың намысы үшін?!
Арқамдай жер жүзімде жер бола ма?
Айбынды алашымдай ел бола ма?
Алашта ерте өткен екі арыстан:
Ер Көкше, Ер Қосайдай ер бола ма?
Солардың нəсілінен Сары, Баян,
Барыстай ойын салған сар далада.
Інісі Ер Баянның, жасық Ноян,
Атадан озып туған дер бола ма?
Құл болса бір қыз үшін балдырғаны
Алашқа бұдан ауыр шер бола ма?!
Санадағы сан тарау тартыс шешімін тауып, намыс деген ұлы 
ұғымды алға шығарады. Өзін-өзі қаралаудан ақтау басым келіп, ар 
алдындағы арылу басталады. Сөйтіп Мағжан психологизмі басқа 
қисынға бет бұрады.
Ел беті енді маған болсын арам,
Алашым, аттанамын, жауыңда өлем!
Поэмадағы Мағжан түйген идея түйіні осы. Ұлт намысы – 
сатқынға тартылған сұр жебе. 


363 
Поэма болмысында өзгеше орны бар қалмақ сұлуы – 
Ақшамаңдай – қосалқы міндет атқарса да айтар ойға желі тар-
тар, көркемдік шындықтың шымырлығы үшін қажет бейне. Та-
рихи шындығы көмескілеу, болған болмаған белгісіздеу бұл 
кейіпкерді Мағжан жүрегін емген арда сезімнен жаратқан. Өзі 
сұлу, сөзі сиқыр сайтан қыз Ноянды махабаттың шылбырына ма-
тап, сезімнің құлына айналдырады.
Махаббат отына күйіп-жанған екі жас, бірі – ессіз сезімнен естен 
танып, отанын оттан ыстық махаббатқа айырбастайды, екіншісі 
– мөлдір сезім, киелі махаббатты отанына оралудың қаруы етеді. 
Баяндағы қызғаныш уытының улы шығуының себебі ол ұлттың намы-
сына суарылған. Ноян мен Ақшамаңдайдағы ортақ сезім, екі ұдай жан 
құбылысы Баянның қаһарына кезіктіреді. Жұбын тапқан қос ынтық 
жерұйықты өзге жұрттан іздемесе, батыр Баян қос жүректің үмітін 
тажал оқпен үзерме еді, қос қозысын ажалға қияр ма еді?!… Əрине, 
жоқ! Сондықтан да поэмадағы шырқыраған шындық, мерейлі мақсат 
ұлттық намыс, Отаншылдық рухтан өріс тапқан.
Ұлт ұйытқысы хан Абылай – шығармада тəуелсіздік айбары. 
Ол – кемеңгерлігін халқы мойындаған, айбынды елге арқалы тұтқа 
ұлы тұлға. Жанама мінездеулер арқылы жұрттың оны мойындау-
ын, мақтан тұтуын, дəріптеуін былай қойғанда, ер шыдамас тағдыр 
талқысына түскен Баян батырдың жан дүниесі алай-дүлей сəтте оны 
еске алуы – Абылай тұлғасын асқақтата түсудің бір тəсілі.
Жейтұғын өз күшігін болдым бөрі,
Ісімді мынау ағат немен жабам.
Қарабет болдым алаш баласына,
Ер дер ме енді мені Абылай данам.
Баянның кейінгі қалмақ қолы туралы хан шешімімен келіспеуі 
мойындамау емес, жан жарасына ем іздеу. Оған соғыс, қанды қанмен 
жуу қажет, ішкі əлеміндегі арпалысты алапат айқаспен басу қажет. 
Яғни өзі жазалауды аңсайды батыр Баян. Өзі айтқандай “Қан көрсе, 
қас қыранда шер тұра ма?!” Оның Абылай қолы шегінер кездегі 
жүз жігітпен ажалға сескенбей қарсы баруы, қан майданда ерлікпен 
қаза табуы – өзіне шығарған үкім. Поэманың романтикалық сарыны 
осы тұста айрықша көзге шалынады. Баян – ажалдан қаймықпаған, 
“күнəсін” қанмен жуған – романтикалық қаһарман. Сан тарау 
сезімге серік болған махаббат трагедиясы осындай романтикалық 


364
ірі пафосқа алып келеді. Соңғы сəт! Соңғы дем! Ақын тағы да 
кейіпкердің ішкі əлеміне үңіледі:
Тағы ашты жұмған көзін, тағы көрді,
Алдында тұрған жас пен толқын шашты.
Екеуі құшақтасып жап-жақын тұр,
Басымен ишара етіп амандасты.
Бұл кешірім бе?.. Жоқ! Үзілер сəттегі шарқ ұрған сезімнің ал-
дамшы көрінісі. Жанның санадағы құбылысы арқылы ішінде кеткен 
ақынның ішкі əлемнің мың толқын иірімін ашуға ұмтылысы. Оны 
толықтыра түсу үшін ақын тағы да монологқа жүгінеді.
“Көзімнен неге ақпайды қан боп жасым,
Жан беріп, жазғаным ғой жан жарасын.
Кетсе де жаннан жара, қан кетпек пе?
Дариға жазамнан да күнəм басым!
Күнəмді тəңірім кешпес, кешер бірақ,
Жауында жан берген соң алты алашым!”
Ел намысы үшін қос ғашықтың жас жанын қиған күнəсін алты 
алашы кешіреріне сенімі бар Баян “қос қарағынан” кешірім сұрап, 
дүниеден озады.
Мағжан тарихи шындықтан өзі екшеп алып, қиялына қанат 
бітіріп, жүрегін жарып тудырған туындысына көркемдік шындықты 
шырақ еткен. Тарихтағы Баян дəл мұндай болмаса да, дəл осылай 
ерлікпен қаза таппаса да, алғашқы ғашықтық желісін ел намысы-
на жеңдіру арқылы өз арын арашалаған ұлттық ұлы айбары – Ба-
тыр Баянның мəңгілік идеал көркем бейнесін дəуір шындығымен 
астастыра отырып сомдаған. Шығармада өткен өмірдің реалистік 
шындығы мен мұндалап тұр.
Мағжан… “тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма 
бəріне де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының 
күйзелуі, көңілінің кірбіңі көрініп тұрады” дейді Жүсіпбек. Рас. 
Бұған қосарымыз ұлтжандылығы, тіпті, мейлі, “ұлтшылдығы” та-
нылып тұрады. 
“Батыр Баянда” ашу қысқан соқыр сезім мен махаббат атты 
мөлдір сезімнің арпалысын суреттей отырып, ақын оқырманды 
небір қиырға салдырған ойға Батыр Баян кім?! Ардақ тұтар тұлға 


365 
ма?.. Жоқ əлде інісін өлімге қиған қанішер ме?.. Жо-Жоқ! Батыр 
Баян елі үшін жаралған – ұлт ұланы. Өйткені:
Алаштың ардагері Батыр Баян,
Бір қырда қала берді топырақ қауып.
Жаудан да мейірімді боп жылады жел,
Күңіреніп, ер денесін құммен жауып, –
деп, ақын батыр Баянның ашумен істеген ісі үшін өзін-өзі жазалау-
ын түсінуді кейінгі ұрпақ үлесіне қалдырады. Ақын оның ел есінде 
мəңгілікке қаларына сенеді.
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас,
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі,
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!
“Батыр Баян“ – реалистік шығарма. Мағжан поэмасының 
реализмі кейіпкерлерінің тарихи нақты тұлғалар екендігімен емес, 
оқиғаны суреттеуінің көркемдік шешімі мен өмір шындығының сай 
келіп жатуымен дəлелденсе керек.
Жалпы алғанда, Мағжан шығармашылығы – қазақ поэзия-
сына өзгеше леп əкелген, соны шығармашылық ізденіс жемісі. 
Қазақ оқырманы Мағжан поэзиясын енді ғана тұщына оқып, “мың 
қайталап”, жанына лəззат тауып жатуының сыры осында. Қазақ 
əдебиеттану ғылымы оның ұлттық ақын ретіндегі ұлылығын енді-
енді тану жолына түсті. Мағжантану мəңгіге жалғасын табады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   116   117   118   119   120   121   122   123   ...   140




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет