4.2. Өркениеттер типологиясы
Өркениет типологиясы туралы қалам тартқан орыс ғалымы Н.
Данилевский өркениетті «мәдени тарихи тип» деп санаса, П. Сорокин
«үлкен мәдени жүйе» деп қарайды, ал неміс философы К. Ясперс оны
«айналмалы дәуірлер» деп тұжырымдайды. Қалай болғанда да, тарихта
«шектелген мәдениет» барын ойшылдар мойындайды.
Бұл күні адам баласының тарихын мәдени және өркениеттік
тұрғыда саралайтын ғалымдар не сан. Алайда осы бір ғылымдағы бағыт
европалық ойшылдардың ғана табысы емес екендігін айту керек.
Өркениеттік даму туралы ойларды ХІV ғасырда өмір сүрген араб ғалымы
Ибн Халдун (1332-1406) қалдырып кеткен.
Белгілі бір кеңістіктегі «мәдени», не болмаса «өркениет» дамуы
туралы концепция ХХ ғасыр аяғында Батыста кеңінен тарауда. Мысалы
американдық ойшыл Фрэнсис Фукуяма: «социалистік жүйенің құлауы,
коммунистік идеологияның шектелуі әлемде Батыс либерализмінің (саяси
демократия мен нарықты экономиканың) толық жеңген заманасын
орнатуға әкелді. Әлем көз алдымызда тұтас бір өркениетке айналуда»-деп
пайымдады. (Фукуяма Ф. Тарихтың соңы/Әлемдік философиялық мұра.-
Алматы: Жазушы, 2006.-Т. 19.-69 б.) Ал американдық басқа бір ойшыл
Сэмюэль Хантингтон «ақырзаман», «біртұтас өркениет» идеяларына
қарсы шығып, «өркениеттердің түйісуін» («соқтығысуын») жақтап
шықты. Хантингтон концепциясының түйіні-болашақта біртұтас
өркениет қалыптаспайды, әлем бір-біріне ұқсамайтын бірнеше
өркениеттерден тұрады. Ғалымның пікірінше, өркениеттің әрқайсысына
бір-бірімен қатар өмір сүруді үйренуге тура келеді (Хантингтон.С.
Столкновение цивилизаций.-М.:ООО Издательство АСТ, 2003.-231 б.).
Заманымыздың белгілі тарихшысы ағылшын А. Тойнби өркениетті
72
табиғи бір ортада динамикалық даму кезінде біріккен қоғами тұтастық
деп қарайды (Тойнби А.Дж. Постижение истории.-М.:Прогресс, 1991.-
87 б.).
Шын мәнінде, дамудың эволюциялық, барысында белгілі кеңістікте
қоғамға тән мәдени-экономикалық, рухани ортақтық, өркениеттік
тұтастық қалыптасады. Ол сол қауымның-адам баласының дамуындағы
қол жеткен деңгейін көрсетеді.
Зерттеушілер Г. Чайлд, К. Фланнер, К. Клакхон, В.М. Массон
отырықшылар өркениетіне тән ерекшеліктер қатарында жазу, жол
тораптары, қалалық жүйесіндегі құрылыс, монументальды архитектура,
сыртқы сауда және қатынас жүйелерінің қалыптасуын көрсетті. Ал
көшпенділер өркениетіне өлгендерге орнатылған монументальды
архитектура, қалалық типтес қоныс, жазу мен өнер, тұрақты сауда
байланысы тән екендігі дәлелденді.
Өркениетке тән үш ұлы ерекшеліктер, сөз жоқ, мемлекет, жазу,
монументальды архитектура. К. Клакхон осы үшеуінен монументальды
архитектураны бірінші орынға қояды. Ол болса өзінің ғажайып
көрінісімен, алпауыт болмысымен, қоғамның құрылыс салуға зор
мүмкіндігі бар болмысымен бейнеленеді. Көне Мысырдың пирамидалары
сияқты сайын даладағы патша қорғандары қарапайым адам мен билік
және байлығы сай адамдар арасындағы алшақтықты ғана емес, тұтас
қоғамның да мүмкіншілігін көрсетсе керек. Өркениеттің басты
белгілерінің бірі-мемлекеттік. Өркениет зерттеушілердің қалың тобы
ертеректегі көшпенділерді (біздің жыл санауымыздан 1 мың жыл бұрын)
мемлекеттікке жетпеген, ал ортағасырлық көшпенділерді мемлекеттігі
бар деп санайды.
Бұған қарама-қарсы сақтар мен үйсіндерде мемлекет болғандығы
туралы деректер бар. Сонымен қатар көшпенділер мемлекеттік деңгейге
жетпеген деген ғалымдар да кездеседі. Олар көшпенділерде «тайпалар
одағы» болды, ал ол болса мемлекет сияқты тұрақтылығы болмады-мыс
дегенді пайымдайды. Сөз жоқ, көшпенділік экономиканың экстенсивті
типімен байланысты. Зерттеушілер сондықтан да жыл бойы мал соңында
жүрген халықта тағылар қатарына жатқызуға бейім. Есімі танымал
өркениет тарихын зерттеуші А. Тойнби: «Көшпенділердің тартқан
сазайы, шынтуайттап келгенде, эскимостардан ешбір кем емес. Олар
бағындыруға тура келген табиғи жағдай өздерін даланың қожасы емес,
құлы қылды. Эскимостар сияқты көшпенділер де табиғи жағдайдың,
жылдың төрт мезгілінің тұтқыны болды. Қырмен байланысты жолға
қоямын деп жүріп олар өзге әлемнен қол үзіп қалды. Олар ауық-ауық өз
жерін тастап, көрші отырықшы өркениет иелеріне басып кіріп,
көршілерінің қалыпты тірлік ағысын талай мәрте тоқтатып тастап
отырды. Шындығына келгенде, бұл көшпенді ырықсыз бағынатын
сыртқы күштердің әсерімен де болатын. Ондай күш екі түрлі: біріншіден,
қырдың ауа-райы өзгеріп, көшпенді одан не қоныс, не өріс таппай
73
тықыршып, екіншіден, жергілікті отырықшы қоғаммен арада көзге түспес
кеңістік пайда болып бірін-бірі жақындатпауы олардың зығырданын
қайнатып, төтен қимылға ұрындыратын. Осыдан келіп қырғын қырқыс
өзі-ақ туатын. Сондықтан көшпенділер тарихи оқиғаларға осылай
айбарлы тартылғандықтан оларды тарихы бар қауым деуге болмайды»
(Тойнби А.Дж. Постижение истории.-М.:Прогресс, 1991.-212 б.) деп,
жазған. Өркениеттің өзін таза мәдениет деп қана танитын да осы Тойнби.
Осылай біз көшпенділер, жабайылар есебінде «тарихы жоқ» халық
қатарына біржолата жатқызылғанымыз қашан. «Тарихы жоқ халықтар»
деушілер оларды тұрпайы қоғам, тағы қоғам, қайдағы бір томаға тұйық
ортада қозғалысы жоқ, дамуы жоқ дәрежесінде санайды.
Өркениет зерттеушілерінің бір тобы Евразия даласындағы
көшпенділерді тарихи даму үдерісінен бөліп алып қарауға болмайтынын
көрсетеді. Өйткені, ол көшпенділер, біріншіден, басқа көршілес
қауымдармен арақатынаста болды, ал ол қауымдар болса отырықшы-
егіншілер, қала мәдениеті дамыған өлкелерде тұрды. Екіншіден,
көшпенділердің өз ішінде жартылай көшпенді, жартылай отырықшы
малшылар болды. Үшіншіден, көшпенділіктен отырықшылыққа көшу,
қалалық мәдениетпен ұштасу, түйісу тенденциясы тарихта орын алды.
Таза көшпенділік Еуразияның сайын даласында болған емес, қала мен
дала одағы, отырықшылық пен көшпенділік өзара ұштасып, бір-біріне
кірігіп, байланысып жатты. Сондықтан да Еуразия сахарасында таза
көшпенділер өркениеті емес дала мен қала мәдениеті ұштасқан Дала
өркениеті дамыды. Тарихшылар әулетінің бір тобының көшпенділерді
динамикада қарап, олардың көшуден отырықшылыққа ауысуын, даладан
қалаға орнығуын, тайпалық одақтардан мемлекетке өтуін қарастыруы
тарихи әділдік. Тарихи үдерістер территорияға, хронологияға, этносқа
байланысты емес, мал шаруашылығы мен егіншіліктің негізі салынуына,
әлеуметтік бөлінушілік тууына, қолөнері мен сауданың дамуына,
этностық бірліктің қалыптасуына, күшті әкімшілік жүйе өрістеуіне,
біртұтас идеология, діннің күшіне енуіне, эпос пен жазудың болуына
байланысты.
Өркениеттің мынандай тарихи типтерді атап өтуге болады:
1. Өркениетке дейінгі архаикалық мәдениет
2. Шығыс өркениеттері
3. Антикалық өркениет
4. Орта ғасырлық мәдениет немесе өркениет
5. Жаңа заман мен қазіргі заман өркениеті
Еңді біз мәдени типология туралы айтқанда, мәдениет анатомиясы
туралы айтқанда белгілі бір мәдени толқындар туралы, өркениеттік
толқындар туралы айта кетуіміз керек.
Жалпы өркениеттің үш толқыны болды: бірінші аграрлық толқын,
аграрлық мәдениеттердің пайда болуы; екінші толқын бұл өнер кәсіптік
өндірістік толқын бұл негізінен батыс елдерінде басталған және қазіргі
74
заманда бүкіл әлемді қамтып отырған бұл ақпараттық толқын.
Ақпараттық толқын заманында біз сіздермен өмір сүрудеміз.
Бүгінгі күнің тарихи мәдени типтеріне келетің болсақ, бұл негізінен
Хантигтон деген АҚШ ғалымы қарастырған ол сегіз өркениетті атап
өтеді:
1. Батыс өркениетті.
2. Православиялық өркениет.
3. Латын американ өркениетті.
4. Ислам өркениетті.
5. Конфуцияндық өркениет.
6. Оңтүстік Азиялық немесе буддалық өркениет.
7. Қиыр Шығыстық, негізінен синтоистік өркениет.
8. Африкалық өркениет.
Қазақстан осы өркениеттердің ішінде өзінің сенім нанымдары
бойынша ислам өркениеттіне жатады. Қазақстан үш өркениеттің
тоғысқан жерінде ислам өркениеті, конфуциялық өркениеттің және
проваславиялық өркениеттің тоғысқан жерінде орналасқан.
Бір
немесе
бірнеше
этностардың
(халықтардың)
этнодемократиялық мәдени әлеуметтік бірлігіне негізделген өркениет
ауқымы бірде есіліп-көсіліп, бірде тарылып-қысылып дамығанмен оның
өзегі негізді болды. Еуразия сахарасындағы Дала өркениетінің өзегі бір
заманда түркі тайпалары, оның ішінде қыпшақтар болса, кейін қазақтар
екендігі дау тудырмаса керек. Ұлы Мағжанның түркі жұртына ұлы
шаңырақ иесі болып қазақ қалған жоқ па деуі де осыдан болса керек.
Өркениет-мәдени тип, ол ұзақ эволюциялық дамудың нәтижесі, тұйық,
ағысы жоқ жерде эволюциялық даму емес, борсу бар, іру бар, шіру бар,
бір орнынан қозғалмай, тыпырлау бар. Қалай болғанда, өркениет-
дегеніміз эволюциялық белгілі бір дәрежеде этностармен мемлекеттердің
аралас-құралас қана емес тарихи және мәдени біртектілік болмысының
автономды дамуы болса керек. Сонда ғана ол әлем дамуына өзіндік қадір-
қасиеттерімен, өзіндік тарихи ағысымен, ұлысымен, тынысымен мен
мұндалап ене алады, әлем дамуына өзіндік үлесін қоса алады.
Достарыңызбен бөлісу: |