Құлиеленуші Урарту мемлекеті
Б.з.д. І мыңжылдықтың басында қалыптасқан Урарту құлиеленуші мемлекеті
Алдыңғы Азия елдері арасында жетекші орын алды. Кавказ бен Алдыңғы
Азияның көптеген халықтары Урартудың саяси және мәдени ықпалында болды.
Мемлекеттің негізін қалаушы Арам (б.з.д. 864 – 845) патша тұсында
мемлекеттің астанасы Тушпа қаласы болған. Ол кезде патшалық Биайнили деп
аталды. Урарту ескерткіштерін зерттеу ХІХ ғасырлардың екінші жартысынан
басталады. Б.з.д. VІІІ ғ. Рус І (б.з.д. 780 – 714) патшаның әмірімен жасалған
Урарту жазбасы алғаш Севан өзенінің жағасынан табылды. Кейінрек Ереванның
маңындағы Кармир-блур жотасынан Урартудың соңғы патшаларының бірінің
аты жазылған жазуы бар тақта тастың сынығы табылды. Кейінгі зерттеулер
шамамен, б.з.д. 675-650 жылдары арасында Русы ІІ (б.з.д. 685 – 645) патша
салдырған Тейшебаини бекінісінің орны табылды. Сол жерде жүргізілген қазба
жұмыстары қаланың саяси және шаруашылық өмірінен мол мәлімет берді. 4 га
жерді алып жатқан орталық бекіністің қабырғалары тұрпайы өңделген ірі тастар
мен балшық текшелер араластыра салынған. Оны қоршай қала кварталдары
орналасқан. Цитаделде Урартудың аймақтық әкімінің сарайының орны ашылды.
Қырқаны қуалай қам кірпіштерден салынған сарай кешені жүзден аса
бөлмелерден тұрады. Осы кешеннің төменгі қабатында орналасқан түрлі
мақсатта пайдаланылған қоймалар жақсы сақталған. Урарту өнерінің әйгілі
туындылары сол жерлерден шықты. Олар – арыстан және бұқалар бейнесінде
жасалған безендірулер, Аргишти және Сардур патшалардың қола дулығасы,
салт және арбаға жегілген аттардың бейнесі бедерленіп салынған қорамсалар,
т.б. Дулығалардың біріне: «Халду құдай Аргиштидің ұлы Сардур әміршіге өмір
сыйлайды», – деп жазылған. Көп қоймалардың бірінен сыртында жазуы бар
қола саптаяқтар табылды. Сына жазуы бар балшық тақталар да көп шықты.
Кармир-Блур жотасында елдің солтүстік бөлігінің әкімшілік орталығы
орналасып, әкім тұрған бекіністе әскери бөлім тұрған. Қазбадан табылған түрлі
археологиялық материалдар бұл қаланың, өңірдің шаруашылық орталығы да
болғандығын көрсетеді.Үлкен қоймалардың бірінде еденге жартылай енгізіп
орналастырылған алып құмыраларда арпа, бидай, тары және түрлі жемістер
сақталған. Бөлмелердің бірінен сыра қайнатуға негізделіп жасалған үлкен құм
табылды. Жеке қоймаларда көп мөлшерде шарап сақталған. Шарап сақтайтын
алып құмдардың сыймдылығы 1500 л-ге жетеді. Сондай-ақ шаруашылық
құралдары орақ, кетпен, астық үгіткіштер шықты. Бекіністі қоршай орналасқан
қарапайым тұрғындардың үй орындарында жүргізілген қазба олардың
күнделікті өмірінен сыр шертетін материалдар берді. Ондағы жеке үйлер екі-үш
бөлмелерден тұрады. Үйлердің ішінде ешқандай жиһаздың іздері байқалмайды.
Археологиялық заттар қарапайым тұрмыстық құралдар. Закавказьеде урартулық
басқа да бекіністер белгілі. Осындай екі бекіністің қалдығы Севан өзенінің
жағасында сақталған. Аракс өзенінің бойындағы Армавир қырқасынан
урартудың ежелгі астаналарының бірі Аргиштихинилидің орны табылған. Осы
жерде жүргізілген қазбадан қамалдың, храмдардың салынуы, су жүйелерінің
жасалуы жайлы айтылған сына жазуы бар балшық тақталар шықты. Тау
қырқасында орналасқан ел үшін қолдан суғарылатын егіншілікпен айналысуда
ірі каналдар жүйесін салу маңызды орын алған. Аргишти патшаның тұсында
(б.з.д. 783 ж.) көне қалалардың бірі Эребунидің (Ераван) негізі қаланды. Оның
қираған орны Ереван қаласының шетінде орналасқан. Қазбадан табылған сына
жазуда: «Холда құдайдың құдіретімен Менуа ұлы Аргишти осы бекіністі салып,
бітірді, Биайны (Урарту) елінің құдіреті мен дұшпан елдерді түршіктіру үшін
оны Эребуни атады», – делінген. Бізге белгілі Урарту бекіністерінің жобасы
бір-біріне ұқсас: бекіністерден, қоймалардан, храмдар мен тұрғын үйлер
құрылыстарынан тұрады. Сондай-ақ аймақтық шаруашылық орталығы да
осында шоғырланған. Жүргізілген қазбалар Урарту қалаларында қол өнері,
оның ішінде металл өңдеу жоғары дамығандығын көрсетеді. Семсер, дулыға,
сауыт, найзамен жебенің ұштарын жасау металл өңдеудің негізгі саласына
жатқан. Урартудың өнер туындылары ассириялық өнерге өте жақын. Бұл
олардың түп-тегінің ортақ Ежелгі Шығыс өнерінен бастау алатындығынан
болса керек. Урарту мемлекетік және саяси бірлестік ретінде өз тіршілігін б.з.д.
VІ ғасырда Мидия тарапынан болған жорықтар мен скифтердің жойқын
шапқыншылығы салдарынан тоқтатты. Осы оқиғаларды археологиялық
материалдар да растайды. Мысалы, Тайшебиани бекінісін қазу барысында
скифтік жебенің ұштары көп табылған. Олардың көпшілігі бекіністің сыртқы
қабырғаларына қадалып тұрған күйінде сақталған. Кейіннен Урарту патшалығы
иеліктерінің көпшілік бөлігі Ахемен әулеті билеген мемлекеттің құрамына өтті.
Ал, Урартудың мәдени мұраларын ежелгі армяндар, иберлер мен колхтар
иемденіп қалды. Ежелгі Шығыс өркениетінің бір бөлігі саналатын Урарту
мемлекеті Закавказье халықтарының, әсіресе, Армян халқының қалыптасуында
елеулі рөль атқарды.
Достарыңызбен бөлісу: |