МЕРЗІМДЕЛУ
Б.з.д. VІІ ғасырда Қара теңіздің солтүстік жағалауында гректердің алғашқы
факторилары қалыптасты.
Б.з.д. VІ ғ. – Ольвия, Феодосия, Пантикапей, Тиритака, Нифей және Мирмекий
қалалары қалыптасқан уақыт.
Б.з.д. V -II ғасырлар аралығы – Боспор патшалығы дәурен құрған уақыт.
Б.з.д. VІ -II ғасырлар аралығы – Ольвия қаласы дәурен құрған уақыт.
Б.з.д. V -I ғасырлар аралығы – Херсонес қаласы дәурен құрған уақыт.
Әдебиеттер
Античные государство Северного Причерноморья// Археология СССР. В 20 т. – М.,1984.
Античная цивилизации. – М., 1973.
Блаватский В.Д. Античная археология и история. – М., 1985.
Блаватский В.Д. Античная археология Северного Причерноморья. – М.,1961.
Блаватский В.Д. Природа и античное общество. – М., 1974.
Гайдукевич В.Ф. Боспорские города. – Л., 1981.
Кругликова И.Г. Античная археология. – М., 1984.
Кругликова И.Г. Сельское хозяйство Боспора. – М., 1976.
Масленникова А.А. Населения Боспорского государства в VІ – ІІ вв.до н.э. Проблемы
античной культуры. – М., 1986.
Цветаева Г.А. Боспор и Рим. – М., 1979.
Орта Азияның құл иеленуші және феодалдық қоғамдарының
археологиялық ескерткіштері
Антикалық Орта Азияда егінші тайпалардың бірнеше мәдени орталықтары
қалыптасты. Кеңес дәуірінде жүргізілген қазба жұмыстары б.з.д. І мың
жылдықтың екінші жартысында Орта Азия жерін мекендеген халықтар
шаруашылық құрылымы жағынан екі топқа бөлінді. Ежелден егіншілік
қалыптасқан аудандарда отырықшы, қалған аймақтарда көшпелі малшы
тайпалар мекендеді.
Жергілікті табиғат ерекшеліктеріне қарай егіншілер мен малшы тайпалар
өзара тығыз байланыста дамыды. Дегенмен, малшы тайпалар тарапынан
егіншілік аймаққа үнемі қатер төніп тұрды. Олар бір-бірімен бірде достық, енді
бірде соғыс жағдайында болды. Осындай қатынас Орта Азия тайпалары
тарихының өзіндік ерекшелігін көрсетеді.
Әмударияның төменгі ағысында орналасқан ежелгі Хорезм мемлекеті қазіргі
Өзбекстанның Хорезм облысы мен Қарақалпақстанды және Түрікменстанның
солтүстігін қамтыды. Одан оңтүстікте бірнеше егіншілік аудандар дамыды.
Олар – Өзбекстан мен Тәжікстанның оңтүстігіндегі – Бактрия; Өзбекстан мен
Тәжікстанның орталық аудандарындағы – Соғда; Түрікменстандағы Парфия
мен Маргияна.
Қала тектес мекендер мен суғармалы егіншілік Орта Азия жерінде сонау
жаңа тас дәуірінде қалыптаса бастаған. Б.з.д. VІІ – VІ ғасырларда Орта Азия
тұрғындарының қоғамдық өмірінде, шаруашылығы мен мәдениетінде қола
ғасырымен салыстырғанда елеулі өзгеріс болды. Археологиялық материалдар
құлдық қатынастардың дамып, суғармалы егіншіліктің кеңейгендігін байқатады.
Қола ғасырындағы суғармалы егіншілік өзен суларының табиғи толысымен
байланысты болса, антикалық дәуірде қолдан салған каналдар арқылы
суғарылатын егістік алқабы көбейді. Әмударияның оң жағалауында ашылған
Қой-қырылған қала, Жамбас қала каналдарының магистралдары мен олардан
тараған үлкенді-кішілі көптеген арықтар суғармалы егіс алқаптарының өзен
атырауын тұтас қамтығандығын көрсетеді. Б.з.д. ІV ғасырда Әмудария мен
Сырдарияның төменгі ағысындағы суғармалы егістік даласы 3.5 млн. гектарға
жетті. Егіс даласында арпа, бидай, тары егіліп, бақтарда өрік, жүзім, алхор және
шабдалы өсірілді. Ежелгі егіншілер мекендерінің қираған қалдықтары ірі
каналдар мен олардың салаларының бойынан табылып, зерттелген. Солардың
ішіндегі ең елеулілері – Жамбас қала Қойқырылған қала, Топырақ қала, Қызыл
қала, т.б.
Осы өңірдің ең ерте егіншілік мекендері Парсы одағының гүлденген дәуірі,
б.з.д. VІ-V ғасырларға жатады. Сыртқы қорғаныс қабырғасының ішкі жағында
қалыңдығы 4 м келетін коридор тәріздес бөлмелерден тұратын Кюзелигыр – сол
заманның қалашығы. Осы бөлмелердің арасында ішінде екі камералы ошағы
бар адамдар тұруға арналған баспаналар кездеседі. Сақ заманында кең таралған
ыдыстардың сынықтары мен жебенің қоладан жасалған ұштарының көп
кездесетіндігіне қарағанда қалашық б.з.д. VІ ғасырға жатады. Қалашықтың
орта тұсында үлкен ғимарат орналасқан. Оның орталық сарайының көлемінің
өзі 285 шаршы метр. Сәулетті үйлер мен қатар қарапайым үйлердің қатар
кездесуі олардың тұрғындарының әлеуметтік деңгейінің әркелкі болғандығын
білдіреді.
Қалалығыр қалашығы ахеменидтер әулетінің Орта Азияда билік жүргізген
дәуірдің соңына сәйкес келеді. Оны ғалымдар б.з.д. V ғ. соңы мен ІV ғ. басында
ахемениттік намесниктердің ордасы болған дейді. Бұл – Хорезмнің көлемі
жағынан ең ірі қалаларының бірі. Оның сыртқы қорғаныс қабырғаларының
бойында көптеген күзет мұнаралары болған. Сыртқы қақпалары шытырман
коридорлар мен оқ ататын қуыстармен қалқаланған. Бекіністің ішкі жағында
үлкен сарай ғимараты орналасқан. Сол сарайдың қабырғалары кей тұста жеті
метрге дейін сақталған. Сарайдың жалпы көлемі 10500 шаршы метрді қамтиды.
Қалашықтың қорғаныс қабырғасы секілді ғимараттың қабырғалары да ірі
блоктардан тұрғызылған. Салтанат сарайының қақпасының екі жағына үстінде
қыранның басы бар бағаналар орнатылған. Осындай құрылыс ерекшелігі мен
көлемі жағынан қалашық парсы астанасы – Персополге ұқсас.
Қойқырылған қала бекінісі – б.з.д. ІV ғасырдың классикалық ескерткіші.
Қазба барысында бекініс сыртынан тоғыз мұнаралы дөңгелек қабырғамен
қоршалған, цилиндр тәріздес ғимарат екендігі анықталған. Бекіністің
ортасында төбесі күмбезделіп жабылған бөлмелерден тұратын дөңгелек ғимарат
орналасқан. Оның сырт жағындағы көптеген бөлмелер қызметкерлер мен
құлдар тұруға және қойма ретінде пайдалануға арнап салынса керек. Мұндағы
бірсыпыра бөлмелерден түрлі азық сақтауға арналған адам бойы келетін ірі
құмдар табылды.
Қойқырылған қала әрі орда, әрі әкімшілік орталығы міндетін атқарумен қатар
жерлеу орны болуы да мүмкін. Археологиялық материалдардың ішінде ең көп
кездесетіні – керамика. Саздан жасалған ыдыстар өздерінің көлемі мен қолдану
аясы жағынан сан түрлі – үлкен хумдардан кішкене ыдыстарға дейін бар. Шарап
және астық сақтауға арналған үлкен хумдар полихромды спираль өрнегімен
безендірілген. Арыстанның басы түрінде жасалған тұтқасы бар құмғандар мен
шарап құятын керамикалық ритондар кең таралған. Түйе мен есекке теңдеп су
тасуға қолайлы бір бүйірі тегіс флягалар Орта Азияда осы тұста пайда болды.
Ыдыстардың сырты қызыл түсті бояумен өрнектелген. Кейбір ыдыстардың
сыртында арамейлік әріптермен тушта орындалған жазулар кездеседі. Үш
мүйізді қалпақ киген еркектер мен салтанатты киінген әйелдердің мүсіндері
көп.
І ғ. соңында Хорезм мемлекеті жаңа қалыптасқан Кушан империясының
құрамына кірді. Орталығы сол кездегі Үндістанда болған бұл құлиеленуші
мемлекет Соғда мен Бақтрияның оңтүстік аудандарын және Ауғанстан мен
Шығыс Иранды қамтыды.
Кушан қалалары – үйлері түзу кварталдарға бөлінген, айнала қоршаған
бекініс дуалдардан тұратын мекендер. Олардың қорғаныс дуалдары балшықтан
жасалған ірі кірпіштермен тұрғызылған. Мұнаралары төрт бұрышты және
дөңгелек келеді. Осы дәуірдің гүлденген қалалары Термез (Деметрия),
Дальверзин және Айыртам, Топырақ-қала.
Жеті гектар жерді алып жатқан Дальверзин қалашығын қорғаныс дуалы мен
терең ор қоршаған. Оның оңтүстік шетінен 1000х800 м, көлемдегі қаланың
негізгі бөлігі жалғасады. Осы бөлікте құмырашылардың кварталдары, қаланың
қарапайым және бай тұрғындарының үйлері мен моншаның орны қазылды. Бай
үйлердің бірі тұрғын бөлмелер мен қабырғалары суреттер, мүсіндермен
безендірілген салтанатты сарайдан тұрады. Осы жерден қазіргі шахматтың
бастапқы түрі ойынның бейне тастары, кішігірім бөлмелердің бірінің еденінің
астынан құйма және сым түріндегі алтындар мен әшекей бұйымдарынан
тұратын көмбе табылды.
ІІІ ғ. басында Хорезм Кушан империясының құрсауынан босайды. Негізі
б.з.д. І ғасырда қаланған Топырақ-қала Хорезм билеушілерінің ордасы болған.
Оны қоршаған үш мұнараның қабырғалары 25 м биіктікте сақталған. ІІІ –ІV
ғасырларда сарайдың орны храмдық кешеннің маңында орналасқан. Көпшілік
бөлігі екі қабаттан тұратын сарайды тұрғын үйлер кварталы қоршаған.
Сарайдың бірсыпыра салтанат бөлмелері аршылды. Солардың бірінде
қабырғаға жалғастыра салынған биік сыпалардың үстінде қамқоршы құдайлар
мен ағайын-туысқандарының арасында тұрған Хорезм патшалары мүсіндерінің
тобы орнатылған. Қабырғаларына патшалардың бедерлі суреттер салынған
«жеңіс және алебастор залдары» ашылды. Қара түсті гвардияшылар залы үстіне
балықтың қабыршағы тәріздес сауыттар, бастарына биік қалпақ киген қара түсті
жауынгерлердің мүсіндерімен безендірілген. Сарайдың қоймасынан арпа,
бидай, тарының көп дәндері мен жүзім, өрік, сабдалының сүйектері табылған.
Қару-жарақтардан темір найзалар мен жебенің ұштары жиі кездеседі. Көне
Хорезм әліпбиімен ағаш және былғарыға жазылған шаруашылық есептері, 116
құжаты шықты.
Б.з.д. ІV ғасырда феодалдық қатынастардың дамуына байланысты
диқандардың жерге қоныс тебе бастауы нәтижесінде көптеген жеке усадьбалар
салына бастады. Орталық билік әлсіреп, суғару жүйелері мен сауда құлдырады.
Арнайы шарықта жасалған ыдыстар азайып, қолдан жапсырған ыдыстар
көбейеді. Хорезмнің құдіреті құлдырап, көшпелі тіршіліктің рөлі артты.
Хорезм мәдениетінде Персия, Греко-Бактрия және Индияның ықпалы
көрінеді. Олардың ықпалы негізінен қолданбалы өнер мен сәулеткерлік
туындыларда сезіледі. Дегенмен, ежелгі Хорезмнің материалдық мәдениетінің
қаймағы жергілікті ерекшеліктер негізінде қалыптасып дамыған.
Хорезмнің оңтүстігінде Бактрия мен Маргияна, Парфия мен Соғда елінің бай
даласы жатты.
Антикалық дәуірдің едәуір ертедегі түрлері Мургаб өзенінің бойындағы
Маргиянада қалыптасты. Онда егіншілік оазистері б.з.д. І мың жыл. басында
болған. Яздепе мен Арватдепе бекіністері – сол дәуірдегі егіншілік
орталықтары. Яздепеде жүргізілген қазба жұмыстары 16 га жерді алып жатқан
қалашықтың цитаделі күйдірілмеген кірпіштерден тұрғызылған сегіз метрлік
тұғырдың үстіне салынған. Цитаделдің ішкі жағында айнала ұзын бөлмелер
қоршаған төрт бұрышты салтанат сарайының орны ашылды. Олардың төбесі
күмбезделіп жабылғандығы анықталған. Бұл жергілікті билеушінің сарайы
болуы мүмкін. Оның маңында көптеген шаруашылық құрылыстары салынған.
Керамикалық ыдыстардан тұратын тұрмыстық заттар мен қатар қалашықтан
жебенің қоладан жасалған ұштары, балшықтан және өңделген тастан жасалған
ядролар көп табылған.
Б.з.д. VІІІ ғасырда Орта Азияның оңтүстік аудандары мен қазіргі Ауғанстан
жері Бактрияның құрамында болатын. Көп ұзамай Бақтрияның өзі Персияның
қол астына өтті. Ал 329 жылы бұл ауданды А. Македонскийдің армиясы жаулап
алды.
Грек-Бактрия патшалығы жергілікті мәдени дәстүрді сақтап қалды.
Қазбалардан табылған археологиялық материалдарда жергілікті ыдыстар басым.
Дегенмен, бірнеше жүз жылдықтар бойы қалыптасқан жергілікті қала салу
дәстүрі жаңа мәдени әлеммен кездесті. Сондықтан элиндік мәдениеттің
толқыны өз ізін қалдырмауы мүмкін емес еді. Қала мәдениетінің дамуында
гректік ықпал айқын көрініс тапқан. Грек-Бактрия археологиялық материалдары
ішінде теңгелер көп. Артқы бетінде Зевс, Артемида, Посейдон және Геракл
секілді құдайлар мен грек пантиондарының батырлары бейнеленген теңгелер
Бактрияға да таралды.
Бақтрия қалаларынан солтүстікте Орта Азияның кіндігінде ежелгі Соғды елі
жатты. Ол туралы жазба деректер парсы патшаларының сына жазбаларында,
грек және араб авторларының шығармаларында көп кездеседі. Сол деректердің
хабарлауынша, онда диқандар, қолөнер шеберлері мен саудагер көпестер,
тамаша музыканттар мен бишілер тұрған. Б.з. басында соғда тілі Хорезмнен
Солтүстік Индия мен Моңғолстанға дейін таралды. Ежелгі Соғда мәдениеті
толық зерттелмеген.
Басында Маракан кейіннен Афрасиаб аталған Соғданың астанасының
қираған қалдығы қазіргі Самарқанның маңында. Оның территориясынан
табылған заттардың ең ертесі б.з.д. VІ-ІV ғасырларға тән. Олардың – көпшілігі
саздан жасалған ыдыстар мен темір бұйымдар. Афрасиабтың орнында
жүргізілген қазба кезінде грек-македондықтардың шапқыншылығынан қираған
құрылыс қалдықтары анықталды. Дегенмен, олардың Соғды жерінде тұрақты
үстемдік құрғаны жайлы дерек кездеспейді. Археологиялық материалдардың
арасында элинистік ықпал өте әлсіз. Керісінше, жергілікті билеушілердің
атынан соғылған теңгелер жиі кездеседі. Ыдыстар мен терракоталық керемет
мүсіндер де жергілікті сипатта. Отбасын қорғайтын періштелер мүсіндерінің
арасында әйел бейнелері жиі кездеседі. Әйел мүсіндерінің ішінде грек
дәстүрінде киінген бейнелер де ұшырасады. Соныман қатар сыбызғы немесе
дауылпаз ойнап тұрған элинистік нысандағы еркек мүсіндері табылады.
Римнен Қытайға дейін апаратын сауда жолының Соғда арқылы өтуі де қала
мәдениетінің дамуына елеулі әсер етті. Қазбадан табылған Рим теңгелері мен
сырттан әкелінген ыдыстар осыны көрсетеді. Бірінші ғасырдың басында
Мараканның айналасында Соғда ақсүйектері түрған ондаған бекініс сарайлар
пайда болған. Ол жерлерден алынған археологиялық материалдар Соғды
ақсүйектерінің дәулетті тұрғандығын көрсетеді.
Оңтүстік Түрікменстан мен оған көршілес Солтүстік-Шығыс Иран жерін
ежелгі Парфия алып жатты. Б.з.д. VІ-ІV ғасырларда Орта Азияның басқа
жерлері секілді ол да Парсы державасының құрамында болды. Б.з.д. ІІІ ғасырда
Парфияда жергілікті аршакидтер әулеті (Аршак патшадан тараған) билікке
келді. Парфия билеушілері дәуірлеп тұрған кезде Иран, Месопатамия,
Ауғанстан мен Арменияның жерлерін өзіне бағындырды. Сөйтіп күшейген
патшалық Римнің Шығыстағы бақталасына айналды. Римдіктердің Парфияға
қарсы талай жорықтары сәтсіз аяқталған.
Парфияның солтүстік жерлерін қамтыған Түрікменстан жерінде сол дәуірдің
мәдени қабаты сақталған қырықтан астам қоныстар белгілі. Парфия
патшаларының бірнеше орталық қалалары болғаны белгілі. Ашхабаттың
маңында орналасқан Ниса аршакидтердің астаналарының бірі болуы ықтимал.
Мұндағы қирандылардың арасында екі қаланың орны сақталған. Оның бірі
Жаңа Ниса – қаланың өзі, екіншісі Ескі Ниса – сарайлар мен храм
ғимараттарынан тұрады. Жаңа Нисаның орнында парфияндық қабат кейінгі
дәуірлерде қалыптасқан көп қабатты мәдени қыртыстың астында көміліп
қалған. Ескі Нисада тіршілік сол заманда тоқтағандықтан оның мәдени қабаты
толығымен парфиян дәуіріне жатады. Патшалардың ордасы болған Ескі
Нисаның қалың қорғаныс қабырғасының ішкі жағынан археологтар
храмдардың, сарай кешендерінің, патша қазына жайлары мен астық
қоймаларының орындарын тапқан. Сарай ғимараты ішкі тұйықталған алаңмен
жалғастырыла салынған тоғыз бөлмеден тұрады. Солардың ішіндегі ерекшесі –
салтанат сарайының аумағы 400 ш\м. Оның шаңырағын төрт сегіз метрлік
діңгектер (колонна) ұстап тұрған. Патша тағы орналасқан осы сарайдың ішкі
құрылысында эллинистік дәстүрдің іздері байқалады.
Тақ орналасқан сарай мен көршілес қазынажайдың есігі бекітіліп, мөр
салынған, оның сыртынан кірпішпен қаланған күйінде ашылды. Солай бола
тұрса да, оның ішіндегі қазына кезінде тоналып кеткен. Тонаушылардан қалып
қойған заттардың қатарында күміс ыдыстардың сынған тұтқасы, қоладан
жасалған денелер, күміс теңгелер, піл сүйегінен жасалған ритондар секілді
бұйымдар кездеседі. Олар патшалықтың гүлденіп тұрған дәуірі б.з.д. ІІІ-І
ғасырларға жатады. Тонаушылардан қалып қойған заттардың ішінде ерекше
көзге ілігетіндері – піл сүйегінен жасалған қанатты сфинкс, Эрот пен Афиннің
және қыранның күмістен жасалған мүсіндері. Мүйіз тәріздес етіп жасалған
ритондар таза шығыстық зат болғанымен ондағы жалаңаш денелі әйел құдайлар
мен кентаврлардың (жартылай адам, жартылай ат түріндегі мифтік тіршілік
иесі) бейнесі таза антикалық тақырыпта жасалған. Жергілікті шеберлердің
қолымен жасалған гректік бейнелер мен сюжеттер шығыс өнерінің ерекшелігі
мен дәстүрін сақтаған. Осындай екі көркем стильдің қосындысын ритондардан
біз көреміз.
Мәрмәр тастан гректік тәсілде жасалған мүсіндер қазынажайдың жеке тобын
құрайды. Солардың ішінде киімі төмен қарай сыпырылып бара жатқан әйел
құдайдың бейнесі жақсы сақталған. Осыған ұқсас бірсыпыра мүсіндер табылды.
Қазба кезінде ашылған қоймалардың ішінде орналасқан ірі хумдар мен
қабылданған астықтың есебі жазылған тізім Ескі Нисаның ірі ауылшаруашылық
ауданның орталығы болғандығын байқатады.
Қазбадан табылған екі мыңнан астам ыдыс сынықтарына салынған
жазбалардың ішінде парфиндық таңбалардан басқа грек жазбалары да
кездеседі. Оларда шараптардың мөлшері және қашан, қайдан әкелінгендігі
жазылған. Сол құжаттарда он жеті ауылшаруашылық аудандары мен он елді
мекен көрсетілген. Бұл Нисаның төңірегіндегі ауылшаруашылық аудандардың
үлкендігін көрсетеді. Ниса қоймаларында жарты миллион литрге дейін шарап
бір мезгілде сақталына алатындығы анықталды.
Парфияның Солтүстік-Шығысында жүздеген күзет мұнаралары бар
қорғаныс қабырғасы қоршаған Мерв қаласы орналасты. Ол қол өнері шеберлері
мен саудагерлердің қаласы еді. Мервтің Нисадан басты айрымашылығы да
сонда. Қаланың ішкі құрылыс қалдықтарынан оның тұрғындарының таптық
оқшаулануы анық байқалады. Құлиеленушілердің бай үйлері жеке орналасқан.
Олардан оқшаулау жерде ұсақ қол өнері шеберлерінің үйлері мен оған
жалғастыра салынған кішігірім шеберханалары жалғасады. Қорғаныс
қабырғасын қоршай ауылдық иеліктер мен бау, бақшалық алқаптар жатыр.
Қаланың бұл бөлігі де қорғаныс дуалымен қоршалған.
Достарыңызбен бөлісу: |