Нуржігіт Алтынбеков 50
Философияның дүниеге келу уақыты ғылымда нақтылы көрсетілген. Жалпы
алғанда б.ғ.д. VI-V ғ.ғ. Шығыста да, Батыста да адамзаттың ұлы ойшыл-бабалары
дүниеге келіп, философиялық ой-пікірді туғызды. Олар: Қытайда - Лао-Цзы, Кон-фу-
Цзы, Парсы елінде - Заратустра, үнді елінде - Гаутама Сидхартха, соңынан Будда
(ағарған) аталған, Грецияда - Сократ, Фалес, Анаксимандр т.б., Палестинада - Илия,
Исая, Иеремия т.б.
XX ғ. немістің ұлы философы К.Ясперс бұл заманды «кіндікті уақыт»дейді.
Өйткені бұл заманға дейінгі адмзаттың өмірі шектеліп, қайталана беретін өте баяу
рухани өмірдің негізінде өтіп жатты және оның өзі саналы түрде танылмаған болатын.
Ал «кіндікті уақыт» келген заманда «Адам болмыстың өзін және өзімен өзінің
шекарасын сезінеді, өзінің алдына ең биік мақсаттар қойып, өзінің санасының
тұнғиығынан абсолютті таниды. Осының негізінде философтар Дүниеге келді. Адам
жеке пенде ретінде тәуекел деп, өзін бүкіл Дүниеге қарсы қойды», дейді К.
Ясперс.
Ал мұның себебін іздей келе, К.Ясперс діни жауапқа жақындап қалып, дегенмен:
«Бұл мәселе шешілмеген, ашық сұрақ», -деген пікір айтады.
К.Ясперстің бұл айтқан сөздерін қорытсақ, философия адам рухының оянған
кезінде, яғни оның өзіндік сана-сезімі пайда болып, өзін-өзіне, басқа адамдарға,
бүкіл дүниеге қарсы қоя алатын уақытында дүниеге келеді.
Әрине, философияның дүниеге келу мәселесін идеалистік жолмен түсіну, белгілі
бір «құдіретті күшке», «абсолюттік идеяға», «абсолюттік рухқа» сілтеуге әкеледі. Ол
бізді қанағаттандырмайды. Сол себепті осы мәселені материалистік тұрғыдан талдап
көрелік.
Философияның дүниеге келген тарихы қола заманнан темір дәуіріне өтумен
тығыз байланысты. Темірді игеру адамзат тарихына түбегейлі өзгерістер әкелді.
Соқаның басына кигізілген үшкір темір жерді терең жыртуға, яғни оны өңдеуді
жетілдіруге әкелді. Нәтижесінде мол өнім алынып, байлықтың көзі ашыла бастады.