Сұрақтар ментапсырмалар: Ежелгі аттикалық комедия және оның фольклорлық негізі туралы не білесіңіз ?
Аристофан шығармаларын кезеңдерге бөлу мәселесі қалай шешілді?
Соғыс және бейбітшілік тақырыбы («Ахарнян»,
«Салтаттылар, «Лисистрата»комедиялары) қалай бейнеленді ?
Қоғам өміріндегі тәлім-тәрбие, білім тақырыбына арналған шығармаларына («Бұлт», «Той-томалақтағы әйел», «Бақалар») талдау жасаңыз.
Әлеуметтік қайта құру және тұңғыш утопия («Құстар»,
«Халық жиналысындағы әйелдер», «Байлық») туралы ойлары қандай ?
Аристофан комедияларының дүниежүзілік маңызы.
ІІ – БӨЛІМ.
Рим әдебиеті
Грек халқы өзінің тәуелсіздігінен айрылып, ғылым мен білім, мәдениет пен әдебиет саласындағы күйзеліске түскен дәуірде, Италияның батыс өңірінде антикалық дүние әдебиетінің екінші тармағы – Рим әдебиеті туа бастайды. Жаңа әдебиет Италия жерін біріктіруде ерекше маңызға ие болған латын тайпасының тілінде дүниеге келді.
Рим әдебиетінің тууы, қалыптасуы, гүлденуі және дағдарысқа ұшырауы грек әдебиеті сияқты құлиеленушілік қоғам жағдайында болған еді. Сондықтан, Грекия тарихының әртүрлі дәуірлерінде пайда болған идеялық мәселелер Рим қоғамының кейбір даму сатыларына да сай келді және тарих алаңына едәуір кейін қадам басқан римдіктерге мектеп қызметін атқарды. Міне осы жағдай, яғни бір халықтың өмірінде екінші халық тарихының белгілі бір дәрежеде қайталануы – Рим қоғамы дамуының барлық саласында терең із қалдырды. Көркем әдебиетте өз қызметін төрт-бес ғасыр соң бастаған Рим халқы үшін бұл бағыттағы барша істі дәл сол қалпында қайталаудың ешқандай қажеттілігі жоқ болатын. Римдіктер жүздеген жылдар бойы грек әдебиеті қалыптастырған көркем туындылардан өнеге ала отырып, сол құнды мұралар негізінде өздерінің ұлттық әдебиетін жасады.
Рим әдебиетінің бесігін тербеткен, оны әлдилеген, кемелденуіне ықпал еткен ұлы тұлғалар Гомер, Еврипид, Софокл, Демосфен, Пиндар және т.б. еді.
Бірақ, екі халықтың экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуы мен күйреуі ортасында жалпы ұқсастықтар болғанымен, Рим құлиеленушілік қоғамының гүлденуі мен құлдырауы мүлдем басқаша тарихи жағдайда, өзге бір географиялық өңірде өтті. Сондықтан, римдіктер грек мәдениетіндегі рухани мұраларды пайдаланғанда, оларды өздерінің ұлттық мұқтаждықтарына, идеялық талаптарына сай игерді.
Рим әдебиеті соңынан жаңа дүниедегі Еуропа әдебиетіне ықпал еткен құдіретті әдебиетке айналды. Қайта өрлеу дәуірінің ұлы
қаламгерлері, ХVІІ ғасыр жазушылары өз шығармашылықтарында Рим әдебиеті үлгілерінен кең түрде пайдаланды. Ал, ХVІІІ ғасырда буржуазия гуманистері (Лессинг, Гете, Шиллер) грек әдебиетіне ерекше назар аудара бастайды. Сол себепті, Еуропа халықтары көркем әдебиетінің қалыптасуындағы негізгі орынды бес ғасырды қамтитын грек әдебиеті емес, ал Рим әдебиеті алады. Антик дүние жәдігерліктеріне қызығушылықтың осылайша оқыс өзгеруі, ХІХ ғасыр ғалымдары ортасында «рим әдебиеті тек грек әдебиеті мен Еуропа әдебиеті арасында делдалдық қызмет ғана атқарды» деген пікірлерді туғызды.
Әрине, рим әдебиеті туралы айтылған мұндай пікірлер орынсыз болатын. Рас, грек әдебиетінің өзінен көп уақыт кейін пайда болған рим әдебиетінің қалыптасуында іргетас болғандығын мойындаймыз. Бірақ, рим әдебиеті грек әдебиетінің толық көшірмесі емес, ол өзіндік маңызды ерекшеліктері бар тәуелсіз әдебиет.
Грек әдебиеті қауымдық құрылыстың күйреуі, таптық қоғамның пайда болуы кезеңінде туды және оның гүлденген дәуірі демократиялық қалалар, құлиеленуші мемлекеттер яғни полистік басқару жылдарын өз ішіне алады. Рим әдебиетінің дамыған, толысқан дәуірі полистік жүйенің құлдыраған, жеке билік негізіндегі құлиеленуші империялық мемлекеттің пайда болған кезінен басталады.