Біздің заманымыздан бұрынғы II ғасырдың орталарынан бастап, Рим қоғамында өте өткір таптық қайшылықтар туа бастайды.
Тынымсыз соғыстар кезінде қолға түскен сансыз құлдарды аяусыз қанау нәтижесінде қоғамның билеуші топтары барған сайын байып, бірте-бірте ірі жер иелеріне айналады. Бұл жағдай құлиеленушілер мен құлдар ортасындағы қарама-қарсылықтарды өршіте түсіп, Рим империясының көптеген жерінде әсіресе Сицилия, Кіші Азия және басқа да өлкелерде үлкен құлдар көтерілісінің тууына себепші болады. Спартак жетекшілігінде басталып, кейін Италияның барлық аймағына таралған және төрт жыл (б.з.б. 74-71) бойына бүкіл Рим мемлекетін дүр сілкіндірген құлдар көтерілісі осы наразылықтардың ең ірісі еді.
Рим империясындағы ірі жер иеленушілер мен шаруалар ортасындағы қарама-қарсылықтар да шиеленісе түседі. Алпауыт шаруашылықтардың екпініне төтеп бере алмаған майда, шағын диқан шаруашылықтары бірте-бірте күйзеліске ұшырайды. Шаруалар жерін арзанға сатып, қалаларға қарай ағылады және бұл жерлерде кездейсоқ табыспен күн көретін жандарға айналады. Қоғамның билеуші тобы болған сенат, ақсүйек топ мемлекеттің ең жоғары мансаптарын иемденіп, елдің байлығын тонайды. Ал, қарапайым халық пен құлдар аштықта, жоқшылықта азап шегеді.
Қоғамдағы міне, осындай әлеуметтік теңсіздіктер демократтық
идеялардың дамуына және I-ғасырдың орталарына келіп, Римде оптиматтар және популярлар деп аталатын екі саяси партияның пайда болуына жағдай жасайды. Оптиматтар сенат өкілдері мен ірі жер иеленушілердің мүдделерін, популярлар болса, қала мен ауылдағы демократтық топтардың мүдделерін қорғайды. Демократтық қозғалыстың жетекшілері ағайынды Тиберий мен Гай Грахттар ірі байлардың жерлерін тартып алып, кедей шаруаларға беру үшін жалынды күрес жүргізеді. Бірақ, олардың бұл тілегі сәтсіздікке ұшырайды, өздері оптиматтардың қастандығынан мерт болады.
Римнің дүниежүзілік маңызға ие құдіретті мемлекетке айнала бастауының нәтижесінде, оның ескі билік әдісі, яғни полистік басқаруға негізделген ақсүйектік республика құрылысы енді жарамсыз еді. Бұл жағдай өкіметті өз қолына алу үшін ұмтылған кейбір қолбасшылар ортасында азаматтық соғыстың басталуына себеп болады. Ендігі соғыстарға бұрынғыдай Рим шаруалары емес, ал халықтың түрлі тобынан, тіпті әр түрлі ұлт өкілдерінен ақшаға жалданған әскерлер қатынасады. Билікке ұмтылған қолбасшылар мұндай әскерлерді ұрыстан түскен олжалармен сыйлап, ақша мен жер беріп қызықтырады. Осындай жолмен б.з.б. 82-жылы Сулла өкіметін қолбасшылар өз қолына алады, сөйтіп демократтарға қарсы бағытталған қанды диктатура орнайды. Сулланың өлімінен соң б.з.б. 78-жылы оны қолдаушылар билік басына келіп, тағы да бірнеше жыл мемлекетті тонайды, демократияны жақтаушыларды аяусыз жазалайды, елді ойрандайды. Б.з.б. 60-жылы ғана Сулла орнатқан билік құлап, сол дәуірдің ірі қолбасшылары Помпей, Юлий Цезарь және Красс ортасында алғашқы үштік одақ – триумвират құрылады. Бұл да мемлекетті басқару ісінде әскери диктатураны қолдайды. Арадан көп уақыт өтпей, жеке билікке ұмтылған Помпей мен Цезарь ортасында жаңа азаматтық соғыс басталып, қарсыласын жеңген Цезарь құдіретті мемлекеттің жеке әміршісі дәрежесіне көтеріледі. Бірақ, Цезарьдің салтанаты тек бес жылға ғана созылады (б.з.б.49-44). Мұндай даңққұмар жанның, әрине ертеңгі күні патша тағына қол созатындығынан қауіптенген республикашылар оны қастандықпен өлтіреді.
Республикашылар Цезарьді өлтіргенімен, ескі билік тәртіптерін қалпына келтіре алмайды. Марқұмның ең жақын досы Антоний мен асыранды ұлы Октавиан ортасында қиян-кескі тақ таласы басталады.
Он жылға созылған жаңа азаматтық соғыс біздің заманымыздан бұрынғы 31-жылы Октавианның жеңісімен аяқталады. Римде республикалық құрылыстың құлдырауына және императорлық биліктің нығаюына себеп болған жүз жылдық әлеуметтік күрестің маңызды оқиғалары міне осылар еді.
Римнің құдіретті мемлекетке айналуы қарсаңында болған осындай өткір таптық күрестер философияда, әдебиетте және шешендік өнерде өзінің жарқын көрінісін табады.
Ақсүйектер ең алдымен грек философиясына жүгініп, кейбір білімпаздардың ілімдері негізінде Римдегі қоғамдық әлеуметтік құрылыстың әділеттілігін, ақсүйектер салтанатының заңды екендігін дәлелдеуге ұмтылады.
Рим мемлекетінің жиһангерлік саясатының ең алғашқы негізін салушы грек тарихшысы Полибий (б.з.б.201-120) болды. Оның пікірінше, «Рим өзінің барша жеңістеріне тек билік әдістерінің жетілгендігінің нәтижесінде ғана қол жеткізген. Өйткені, бұл жерде өкіметтің барлық түрі – монархия, аристократия және демократия мығым біріктірілген». Дәл осындай пікірді екінші бір грек философы Панэтий де (б.з.б.180-110) мақұлдайды. Оның айтуынша, «жеке құдіретті мемлекет жер бетінде әділеттік орнатудың негізгі кепілі бола алады. Сондықтан, әрбір азамат осындай мемлекеттің нығайту жолында құрбан болуы тиіс».
Жалпы екі философ та Римнің мемлекеттік құрылысын, оның жиһангерлік саясатын қолдап, қуаттайды. Рим ақсүйектерінің мүддесіне сай келетін мұндай көзқарастар, кейін сенат өкілдерінің ең соңғы ірі қайраткері Цицерон еңбектерінде кең түрде баяндалады. Кертартпа ілімдермен бірге республиканың соңғы жылдарында Рим қоғамының рухани өміріне материалистік танымдар, әсіресе Эпикур философиясы да келе бастайды. Бұл ағымның нағыз қолдаушысы –
«Бұйымдардың қасиеті» атты поэманың авторы Лукреций еді. Б.з.б. ІІ ғасырдың аяғы І ғасырдың бастарында Рим әдебиеті мазмұн жағынан да, форма жағынан да түбегейлі өзгерді. Бұл әдебиет енді сырттан енген және Рим адамының тұрмысына оншалықты сәйкес келе бермейтін жат құбылыс емес, ал сол халықтың қоғамдық-саяси күрестерінде шыныққан сенімді қаруға айналады. Ғасырлар бойы ақындар шығармашылығына негіз болып келген аңыздық сюжеттер республиканың соңғы дәуірлерінде толығымен назардан тыс қалып, әдебиет сол кезеңнің ең өзекті мәселелерін, яғни саяси және
әлеуметтік талаптарды көтереді. Бұл құбылыс көркем өнердің Рим жерінде осы уақытқа дейін болмаған жаңа түрі - публицистиканың қалыптасуына кең жол ашады.
Әдебиет тақырыбының түбегейлі өзгеруі, оның мазмұнында публицистикалық сарынның күшейіп бара жатқандығы ұлы сатирашы Луцилий (б.з.б.108-102) шығармашылығында айқын көрінеді. Антикалық дүние әдебиеті тарихындағы ең алғашқы сатирашы-жазушы Аристофанды есепке алмағанда, грек әдебиетінің классикалық дәуірінде де Рим ақыны Луцилийге ұқсас сатирашы болған жоқ. Дұрыс, Луцилий өзінің өлеңдерін қазірше
«сатира» деп атамай, көне Рим қаламгері Эннийді үлгі ете отырып, өз туындыларын «Сатура» («құрама») деп атайды. Қазіргі біздің түсінігіміздегі «сатира» термині Луцилий туындыларына кейінірек қолданылған.
Луцилий - әдебиеттің саяси құдіретін терең сезініп, ақсүйектер арасында осы салаға алғаш қадам қойған қаламгер. Бірақ, ақындық өнер ол үшін жай ермек емес, ал өзінің айтуынша, «халықтық мүддені көтерген жалынды күрестің көрінісі». Соның үшін Луцилий аңыздық мазмұндағы дастандар мен трагедиялардан мүлдем бас тартып, өз шығармашылығын сатирамен ғана байланыстырады.
Луцилийдің шығармалары көпшілікке түсінікті қарапайым халық тілінде жазылған. Ақын тарапынан тұңғыш рет сатира жанрында қолданылған гекзаметр өлшемі Луцилийден кейін өмір сүрген Рим сатирашыларына үлгі, негізгі өлең өлшемі болып қалды. Луцилийдің сатирасына мазмұн болған өзекті мәселелер шешендік өнерінде айқынырақ көрінеді. Өршіген саяси және әлеуметтік күрестер кезінде мемлекет қайраткерлерінің абыройы мен даңқы негізінен, олардың сөзге қаншалықты шешен екендіктеріне де байланысты болған. Міне, осы жағдай Рим ақсүйектерінің
ортасында грек шешендік өнерін үйрену қажеттілігін күшейтеді.
Б.з.б ІІ ғасырдың орталарында басталған бұл әрекет нәтижесінде, көп ұзамай ірі-ірі шешендер өсіп жетіледі. Алғашқы шешендер арасында ең даңқтылары - ағайынды Грахттар болды. Осы кезеңде рим сөз зергерлері ортасында екі түрлі шешендік әдіс кең қолданылды. Бұлардың бірі - азия әдісі, екіншісі - аттика әдісі. Азия әдісін қолдаған шешендер сөздің әсерлі, біртұтас болуына, қорытындылардың түсініктілігіне ерекше назар аударады. Аттикашылар болса, грек сөз өнерінің ірі өкілі Лисий мен Фукидид
сияқты сөздің қысқалығын, қарапайымдылығын сақтауға ұмтылады.