ХVІІ ғасырдағы француз әдебиетінің ірі өкілі драмашы Пьер Корнель 1606 жылы сот шенеунігі отбасынды туды. Жас Корнель
Руан қаласындағы иезуит колледжінде оқиды. Соң құқықтану мамандығын игеріп, адвокат қызметін атқарады.
Корнель шығармашылығының алғашқы сатысында (1629- 1636) ақсүйектердің рухани күйзелісін, олардың бойындағы азғындықты бейнелеген «Мелита», «Жесір», «Сот галереясы»,
«Корольдік майдан» сияқты комедияларын жазды. Бірақ Корнель бұл пьесаларынан гөрі соң жазған ірі трагедиялары арқылы үлкен даңққа бөленді.
Корнель бірінші трагедиясы «Медеяның» (1635) сюжетін антик жазушылар Еврипид пен Сенеканың Медея туралы шығармаларынан алды. Жазушы ақсүйектердің рухани азғындығының құрбаны болған әйелдің аянышты тағдырын суреттейді. Оқиға негізінде мифологиялық тарих жатса да, Корнель бұл трагедиясында өз заманындағы ақсүйектердің бұзықшылықтарын әшкерелейді.
«Комикалық иллюзияда» қарапайым жандардағы шынайы адамгершілік сезімдер, соның ішінде достық бейнеленеді. Жас жігіт Клиндор әкесінің мансап пен байлыққа жету туралы кеңесінен бас тартып, үйінен кетіп қалады және басынан көптеген қиыншылықтарды өткізеді. Ақырында ол мақтаншақ жауынгер Матамордың қызметкері болады. Клиндор Изабелла есімді қызды сүйеді. Бірақ ғашықтарға қожайын тосқауыл болады. Матамор Клиндорды түрмеге қамайды. Жігітті Изабелланың қызметкері кедей қыз Лиза құтқарады.
«Медея» мен «Комикалық иллюзияда» Корнель билеуші топтар тарапынан езілген және намысы тапталған қарапайым жандардың құқықтарын қорғайды. Бұл шығармаларда анық әлеуметтік тұлғалар болмағандықтан, жазушы баяндаған наразылықтар шектелген еді. Ол әлі өз дәуіріндегі шиеленісіп бара жатқан әлеуметтік қайшылықтарды жеткілікті дәрежеде ашып бере алмайды. Еркіндіксүйгіш жазушыларға жақындасуы нәтижесінде Корнель өзіндегі осы шектеуліктерді жеңеді, бұл жағдай оның ең ірі туындысы болған «Сид» (1636) трагедиясында анық көрінеді.
«Сид» трагедиясы
Корнель «Сид» трагедиясы сюжетін испан халық батыры Родриго Диас туралы орта ғасырлық батырлық эпостан, сондай-ақ, Гильен Кастроның «Сидтің жастық шағы» песасынан алды. Бірақ жазушы бұл тақырыпты өз заманына жақындастырып, дербес
шығарма жазады.
«Сид» трагедиясы Франциядағы саяси-әлеуметтік оқиғалармен тығыз байланысты пайда болады. Отыз жылдық соғыс нәтижесінде Франция ауыр жағдайда қалды. Габсбургтер қосыны 1630 жылдың жаз айларында Францияның көп жерін жаулап алып, Парижге жақын келеді. Еңбекші халық қолына қару беруін талап етеді. Үрейленген өкімет халықты қаруландыруға мәжбүр болады. Халықтың өз отанына адалдығы нәтижесінде мемлекет апаттан құтылады.1635-1636 жылдар шаруалар көтерілісінің күшейген дәуірі еді. Феодал зодагондар бұл оқиғаны өз мүдделеріне пайдаланбақшы болып, мемлекетті бөлшектеп жіберуге ұмтылады. Осы оқиғалардан әсерлерген жазушы терең гуманистік идеялармен суарылған реалистік туындылар жазуға кіріседі. «Сид» трагедиясы, міне осы дәуірдің жемісі еді.
Граф Гормастың қызы Химена мен дон Диогенің ұлы Родриго бір-бірін сүйеді. Әке де қызын дон Санчоға емес, Родригоға бергісі келеді. Бірақ, осы уақытта екі ғашықтың бақытты махаббатына кедергі болатын оқыс оқиға болады. Король Диегоны өз ұлына ұстаз ретінде қызметке шақырады. Бұл қызметтен үміткер болған граф Гормас корольге өзінің бір кездері көрсеткен қызметтерін ұмытқандығын айтып, оны айыптайды. Екі байдың ортасындағы тартыс осыдан туады. Дон Гомес Родригоның әкесін балағаттайды. Қарт дон Диегоның одан кек алуға күші жетпей, кек қайтаруды ұлы Родригоға тапсырады. Егер ол графтан кек алса, сүйгенінен айрылады, егер кек алмаса отбасының намысы тапталады. Родриго қыздың әкесі граф Гормасты дуэлге (жекпе-жек) шақырып, оны өлтіреді. Осы қайғылы оқиғадан соң Химена король құзырына барып, әкесін өлтірген жендетті жазалауын талап етеді. Олардың екеуі де ру әдет-ғұрыптарына жүгініп, әке алдындағы борыштарын орындамақшы болады. Бірақ жүрек әміріне қарсылық көрсете алмайды. Ақсүйектік борыш пен жастық сезім ортасында рухани азап тартады.
Осы уақытта Родриго мемлекетке шабуыл жасаған маврларға қарсы ерікті халық жасақтарымен бірге шайқасқа кіріп, оларды жеңеді. Дұшпан да оның батырлығын мойындап, оны «сид», яғни мырза деп атайды.
Химена халық пен мемлекет алдында өзінің азаматтығын борышын адалдықпен орындаған батыр Родригоны жазалауды талап
етеді. Бірақ король мемлекетті дұшпаннан қорғап қалған батырды жазалаудан қорқады. Осыдан соң қыз Родригоны өлтірген адамға тұрмысқа шығатынын мәлімдейді. Король шайқаста кім жеңсе, қыз соныкі болады, дейді. Трагедияның соңы жақсылықпен аяқталады, қызға үйленгісі келген дон Санчо дуэлде жеңіледі. Король кеңесі бойынша жеңіске жеткен Родриго Хименамен табысады.
ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында Францияда феодалдық өзара қырғындарды тоқтату, дербес ұлттық мемлекетті нығайту үшін күрес өршіген дәуірде Корнель өз шығармашылығында ескі феодалдық тәртіптердің күйреуі сөзсіз екендігін және орталықтанған құдіретті мемлекетті құру қажеттігін көрсетеді. Жалпы, «Сид» трагедиясында қанға-қан деген ескі әдет-ғұрыптың орнына отан алдындағы азаматтық борышты орындауды негізі міндет етіп қояды. Халық батыры Родриго «қарапайым халықтың қорғаны» сипатында өз отанын жау шабуылынан сақтап қалады. Оның ерлігін ең алдымен мойындаған және оған жоғары баға берген күш – халық. Шығарманың халықшылдығы Корнельдің еңбекші халыққа сеніммен қарауынан келіп шығады.
Сахнада үлкен даңққа бөленген «Сид» трагедиясы туралы көп ұзамай маңызды тартыстар басталады. Шығармада кездесетін кейбір қайшылықтарға қарамастан, жазушының еркіндік пен демократиялық идеяларды батыл қорғауы, феодалдық әдет- ғұрыптарды сынға алуы билікке ұнамайды. Ақсүйектік әдеби ағым өкілдері прециоз драмашылар (Мере мен Скюдерн) Корнельге шабуыл жасайды. Ришелье де Корнельден өзінің мұндай көзқарастарын түбегейлі өзгертуін талап етеді. «Сид» трагедиясын сынға алушылар жазушыны классицизм қағидаларын бұзғандығы үшін айыптағанымен, олардың бұл пікірлерінің астарында саяси мақсаттар жатқан еді. ХVІІ ғасырдың 30-жылдарындағы жеке билік пен феодалдық озбырлыққа қарсы басталған халық наразылықтары (әсіресе, 1639 жылғы «Жалаңаяқтар» көтерілісі) күшейіп бара жатқан дәуірде мұндай реалистік, гуманистік рухтағы шығармалардың пайда болуы мемлекет үшін өте қауіпті болатын. Ресми билік жазушыдағы еркіндікке ұмтылысты белгілі дәрежеде жеңуге қол жеткізеді. Корнель бұдан кейінгі жазған шығармаларында классицизм қағидаларына толық бағынады.