І. Бірінші мейоздық бөліну. Бірінші мейоздық бөліну редукциялық деп аталып, диплоидты жасушалардан (2n4c) гаплоидты жасушалар түзіледі (n2c). Бұл бөліну екінші бөлінуге қарағанда ұзақ уақыт жүреді. Мейоздың І профаза кезеңі митоз кезеңіне ұқсас болғанымен, ұзаққа созылады. Мұнда генетикалық материалдың тұтас жинақталуы хромосомалардың ширатылуы байқалады. Сонымен қатар митозда жүрмейтін мынадай құбылыстар байқалады: гомологиялық хромосомалар бір-бірімен конъюгацияланып, белгілі бір бөліктерімен өзара айқасу жүреді. Конъюгация (қосылу) нәтижесінде хромосома жұбы түзіледі немесе оларды n саны бар биваленттер деп атайды. Мейозға қатысатын әрбір хромосома екі хроматидадан тұратындықтан, бивалентте 4 хроматида болады. Профаза соңында бивалентті хромосомаларда ширатылу жоғары қарқынмен жүріп қысқарады. Митоздағыдай мейоздың І профаза кезеңінде бөліну ұршығы түзіле бастайды, оның көмегімен хромосомадағы материал жаңа ұрпақ жасушалары арасында теңдей бөлінеді.
Редукциялы бөлінудің профазасы өте күрделі. Ол бірін-бірі толықтыра жүретін: лептотена; зиготена; пахитена; диплотена; диакинез сияқты бірнеше сатыдан тұрады. (5-сурет).
Лептотена – жіңішке жіпшілер сатысы. Бұл – мейоздың І профаза кезеңінің алғашқы сатысы. Мұнда хромосомалар ширатылып, жарық микроскопы арқылы ұзын әрі жіңішке түрінде әрең көрінеді. Лептотена кезеңіне тән белгінің бірі хромосоманың жіңішке құрылымында моншақ тәрізді хромомерлер пайда болады. Әрбір хромосома сіңлілі әрбір хромотидадан тұрады.
Зиготена – (ұқсас) жұп хромосомалардың белгілі бөліктерін қосатын саты. Гомологті хромосомалар конъюгацияланып, бивалент түзеді. Бивалент бұл екі еселенген гомологті хромосомалардың жұп қосылыстары, яғни әрбір бивалент төрт хроматидадан тұрады. Ядродағы бивалент саны гаплоидты хро-мосомалар санына тең болады. Адамда 46 хромосома 23 жұп гомологты хромосомалар конъюгацияланатындықтан, биваленттің саны 23-ке тең, ол гаплоидты хромосомалар санына сәйкес келеді.
Пахитена – жуан жіпшелер сатысы. Мұнда хромосомалардың шираты луы мен олардың қысқаруы сияқты үдерістермен қатар гомологтық хромосомаларда айқасу немесе кроссинговер үдерісі жүзеге асады, яғни сәйкес бөліктерінің айқасып алмасуы жүреді. Мейоздық профаза сатысының ішіндегі ең ұзаққа созылатын бұл – пахитена сатысы. Кроссинговер кезінде жұп хромосомалар ішінде генетикалық ақпарат алмасады. Ерекше айта кететін жайт, мейоз кезінде әкесі мен шешесінен алынған жұп хромосомалардың жақындасуы жүреді. Соның нәтижесінде кроссинговер кезінде бір гаплоидты хромосомаға ата-анасының екеуінің де қасиеттері мен белгілері беріледі. Мысалы, шешесінен берілген көзінің көк түсі, ал әкесінен берілген көзінің қара түсі.