Фиксатордың құрамы және қолдану Материалдарды бекіту дегеніміз – жасушалардың тез уақыт аралығында өлуі. Ол үшін зерттелетін материалдардың тірі кезіндегі құрылымын сақтау үшін улы ерітіндіге (бірнеше сағат немесе бірнеше тәулік бойы) енгізеді. Фиксаторлар (бекіткіштер) үш топқа бөлінеді.
Ядроны немесе ядролық бекіткіштер (Навашин фиксаторы, Карнуа фиксаторы және басқалары)
Цитоплазманы бекіткіштер (Флеминг фиксаторы, Герман фиксаторы және басқалары).
Жасушаның органоидтарын бекіткіштер (Левитский фиксаторы және басқалары).
Цитологиялық және эмбриологиялық зерттеулерде көбіне, ядролық фиксаторлармен жұмыс істейтіндіктен олардың құрамында спирт, сірке қышқылы, хром қышқылы, формалин, осмий қышқылы, пропион қышқылы, диоксан, пикрин қышқылы болады.
Еріткішке байланысты бекіткіштер сулы (мысалы, Навашин және Модиевскийдің фиксаторлары) және спиртті (мысалы, Карнуа және Чемберлин фиксаторлары) болып бөлінеді. Сулы бекіткіштер өсімдіктер жасушаларына жай, біртіндеп енетіндіктен оларда 30 минуттан 12 сағатқа дейін ұстайды. Спиртті бекіткіштер сулыға қарағанда жасушаға тез енеді, мөлшері үлкен материалдарға қолданады.
Практикада жиі қолданатын бекіткіштер Навашин фиксаторы. Өсімдіктердің тамыр меристемалық жасушаларындағы хромосомдарды және ұзақ эмбрионалдық нысандарды бекіту үшін қолданады. Материалды бекіткіште 24 сағат бойы қараңғыда ұстайды. Бекіткіштің құрамы (10:4:1):
хром қышқылының 1% ерітіндісі – 10 бөлігі;
формалиннің 16% ерітіндісі – 4 бөлігі;
мұзды сірке қышқылы – 1 бөлігі.
Фиксаторды пайдаланар алдында дайындайды, себебі тез уақыт аралығында бұзыла бастайды (Формалин хром қышқылын тотықтырады). Бұл фиксатор хромосомдарға жұмсақ әсер етіп, құрылымын сақтайды.
Модилевский фиксаторы эмбриональдық зерттеулерде қолданылады. Материалды бекіткіште 24 сағат бойы ұстайды. Бекіткіштің құрамы (9:2:2:2):
хром қышқылының 1% ерітіндісі – 9 бөлігі;
формалиннің 16% ерітіндісі – 2 бөлігі;
екі хром қышқыл калийдің 5 % ерітіндісі – 2 бөлігі;
сірке қышқылының 5 % ерітіндісі – 2 бөлігі.
Әсер ету қасиеті жағынан Навашин фиксаторына ұқсас.
Карнуа фиксаторын цитологиялық-эмбриональдық зерттеулерде қолданады. Материалды бекіткіште 2 сағаттан 24 сағат бойына ұстайды. Бекіткіштің құрамы:
96% немесе 100% спирт – 6 бөлігі (6:3:1);
хлороформ – 3 бөлігі;
мұзды сірке қышқылы – 1 бөлігі.
Карнуа фиксаторы ірі эмбриональдық нысандарға тез енеді, бірақ өте жұмсақ әсер етеді. Фиксацияланған материалдар карминде жақсы боялады.
«Сірке қышқылы» немесе өзгертілген Карнуа (3:1) – фиксаторы цитологиялық және эмбриональдық нысандарда қолданылады. Материалдарды бекіткіште 2 сағаттан 12 сағатқа дейін ұстайды. Бекіткіштің құрамы (3:1):
96% немесе 100% спирт – 3 бөлігі;
сірке қышқылы (мұзды) – 1 бөлігі.
Фиксатордың әсері Карнуа фиксаторына ұқсас.
Чемберлен фиксаторы цитологиялық және эмбриональдық зерттеулерде қолданылады. Фиксаторда материалдарды 12 – 16 сағатқа дейін ұстайды. Бұл фиксаторда материалды ұзақ ұстауға болады.
Бекіткіштің құрамы (18:1:1):
50% немесе 70% спирт – 18 бөлігі;
сірке қышқылы (мұзды) – 1 бөлігі;
40% формалин – 1 бөлігі.
Чемберлен фиксаторы, Карнуаға қарағанда жұмсақ әсер етеді.
Ньюкомера фиксаторы ядролық бекіткіш жасушаның мейоздық бөлінуіндегі хромосомдық аберацияларды зерттеуде жиі қолданылады. Бекіткіштің құрамы (6:3:1:1:1):
изоприл спирті – 6 бөлігі;
пропион қышқылы – 3 бөлігі;
ацетон – 1 бөлігі:
диоксан – 1 бөлігі;
петролеин эфирі – 1 бөлігі.
Материалдарды бекіткіште 24 сағат бойы бөлме температурасында ұстайды. Содан соң бекіткішті ауыстырып, мұздатқышта сақтайды.
Диоксан және пропион қышқылы улы ерітінділер болғандықтан сақтық жасап, резиналық қолғаппен және жеделдеткіші бар шкафтың астында істеген жөн.