Құрылысы мен физиологиясы. Денесі жалпақ, баскеуде мен құрсақ бөлімі біріккен, сегменттері қозғалмалы, құрсағы ұзын семсер тәрізді өсіндімен бітеді. Баскеуде бөлімі үлкен арқа қалқанымен жабылған, онда екі жұп көздері бар. Денесінің төменгі жағында, аузының алдында үш бунақты қос хелицерасы, ал 5 жұп жүру аяқтары ауыз жанында орналасқан. Бұлардың бірінші жұбы - педипальпасы қалған жүру аяқтарына ұқсас, тек бір бұтақты шайнағыш өсіндісімен ерекше. Жүру аяқтары жорғалаудан басқа қорегін ұстау және ұсақтау қызметін де атқарады. Баскеудесінің 7-ші сегментіндегі хилярий деп аталатын бунақталмаған жұп аяқтары тікенектермен қаруланған. Құрсағындағы 6-жұп аяқтары жапырақтәрізді, тек бірінші жұбы қорғаныш тақтасына айналып - желбезек қақпақшасы деп аталады (114-сурет).
Құрсағындағы семсертәрізді ұзын өсіндісінің құрамына тельсоннан басқа құрсақтың ақырғы үш сегментінің жұрнағы кіреді.
Ac қорыту жүйесі.Ауыз тесігі хитинді кутикуламен көмкерілген өңешке, ал ол үлкен бұлшықетті хитині бар, әрі тісшелермен қаруланған шайнағыш қарынға жалғасады. Қарындағы ұсақталған қорек зат ортаңғы ұзын ішекке өтіп, одан әрі бауыр түтікшелері арқылы бауырға түсіп, сонда клеткаларының ішінде қорытылады. Қорытылмаған қорек заттар артқы
ішектен аналь тесігі арқылы сыртқа шығарылады.
Зәр шығару мүшесі- қос коксальды безінен құралған. Әрбір бездің ұзын имек түтікшесінің бір ұшында - бір-біріне жалғасқан қапшық тәріздес өсінділері болады, олар түрі өзгерген целомодукталар (115-сурет). Зәр шығару тесігі бесінші жүру аяқтың "кокса" деп аталатын бірінші бунағының жанында ашылады, сол себептен де бұл бездерді коксальды деп атайды.