Байланысты: 5025406487917 Омыртқасыздар зоологиясы. 1-кітап by Дәуітбаева К.Ә. (z-lib.org) (1)
Зәр шығару жүйесіне Мальпиги түтікшелері және коксальды бездері жатады. Мальпиги түтікшелері энтодермальды ортаңғы ішектен пайда
болып, ортаңғы мен артқы ішектің шекарасында орналасып, бір жағы тұйықталып екінші жағымен ас қорыту жолына ашылады. Олар жалпақ эпителий қабатымен астарланған, клеткаларында және түтікше қуысында көптеген гуанин дәндері болады. Гуанин өрмекшітәрізділердің зәр шығаруының негізгі өнімі, сыртқа сұйық түрінде емес, құрғақ кристалл түрінде шығарылады. Бұл құрлықта тіршілік етуіне байланысты ішкі ылғалды үнемдеуге бағытталған. Мальпиги түтікшелері тек ересек түрлерінде болады.
Коксальды бездер мезодерма клеткаларынан пайда болады, олар өрмекшітәрізділердің ұрығында және жас кезінде жетіліп, ересек түрлерінде біршама жоғалады. Коксальды бездер баскеуденің 2-ші сегментінде орналасқан, түрі жұп қапшық тәрізді. Эпителилі қапшықтан ілмек тәрізді бұрандалған түтікше шығады да, ол зәрлі қуықка айналып, зәр шығару тесігімен аяқталады (119-сурет). Олар 3-ші немесе 5-ші жұп аяқтарының түбінде сыртқа ашылады. Эпителилі қапшық целомодуктаның кірпікшелі воронкасына сәйкес болып келеді.
Тыныс алу мүшелері әр түрлі: не жапырақтәрізді өкпелері, не кеңірдектері (трахеялары), не өкпелер мен кеңірдектері кездеседі. Өкпе қапшығымен құршаяндар, қылаяқтылар, төменгі сатыдағы өрмекшітәрізділер тыныс алады. Құршаянның алдыңғы құрсағының астыңғы 3-6-шы сегменттерінде 4 жұп тыныс саңлаулары немесе стигмалары (stigma) өкпе қапшығына келіп жалғасады. Өкпе қапшықтарының ішінде бір-біріне жақын орналасқан жапырақтәрізді өсінділері бар, ал олардың арасы тар, бос қуыстық. Бос кеңістікте ауа, ал өкпе жапырақшаларын қан тамырлары торлаған.
Сольпугалардың, пішеншілердің, жалған құршаяндардың, кейбір кенелердің тыныс алу мүшесі - трахеялар (120-сурет). Құрсақтың 1-2-ші сегменттерінде (сольпугаларда кеуденің 1-ші буынында) жұп тыныс алу саңлаулары немесе стигмалары бар. Әрбір стигмадан дененің ішіне қарай ұзын, жұқа, тұйықталған ауа өтетін түтікшелер немесе трахеялар тарайды. Трахеядан тараған ұсақ трахеолалар әрбір мүшеге жалғасып, оларды ауамен қамтамасыз етеді. Жалған құршаяндарда және кенелерде бұл түтіктер бұтақталмаған, бір бунақты.
Өрмекшілер отрядының өкілдерінде тыныс алу мүшелерінің екеуі де (жапырақты өкпе қапшығы мен трахеялар) кездеседі. Олар - құрсақ бөліміңде орналасқан жұп өкпе қапшығы және сыртқа екі стигмамен ашылатын жұп трахея шоғыры. Өрмекшілердің Caponiidae тұқымдасында өкпе мүлдем жоқ, тек жалғыз 2 жұп трахеясы болады.
Өрмекшітәрізділердің өкпесі және трахеясы бір-біріне байланыссыз пайда болған. Өкпе қапшығы күмәнсіз ертеде пайда болған мүше. Өкпенің эволюция барысында қалыптасуы, түрі өзгерген құрсақ желбезек аяқтарымен байланысты деп есептеледі, ал олар өрмекшітәрізділердің суда тіршілік еткен арғы тегіңде болған және олар семсерқұйрықтылардың желбезекті құрсақ аяқтарына ұқсас. Әрбір осындай аяқ дененің ішіне қарай бата орналасқан. Аяқтарының бүйір жары денеге жабысып, өседі. Өкпе қабырғаның алдыңғы
бөлігі - аяқтың негізінен, ал өкпе жапырақшалары арғы тегінің құрсақ аяқтарының артқы жағында орналасқан желбезек тақталарынан пайда болған деп болжамдайды.
Кеңірдектер (трахеялар) өкпе қапшығынан тәуелсіз пайда болған. Олар
сурет. Өрмекшітәрізділердің зәр шығару (А) және нерв жүйесі (Б): А - пішенші Garella variegata-ның коксальды безі; 1 - жүргіш аяқтарының негізгі буыны, 2 - трахея, 3 - зәр шығару тесігі, 4 - зәр шығару өзегі (кесілген жағы, сол жағында түгелімен көрсетілген), 5 - стигма, 6 - резервуар; Б - құршаянның (Androctonus) нерв жүйесі; 1 - көз, 2 - ми, 3 - коннектива, 4 - жұтқыншақ асты ганглиясы, 5 - құрсақ нерв тізбегі
сурет. Өрмекшілердің тыныс алу мүшесі: А - өкпе; 1 - стигма, 2 - өкпе қапшығының саңлаулары, 3 - өкпе қапшығы; Б - кеңірдек (трахея); 4 - трахея, 5 - өрмек бездері
эктодермальды, дененің сыртқы хитинді кутикуланың ішке қарай жымырылып кеткен өсіндісі болып табылады. Трахея түтікшелері хитинді кутикуламен астарланған.
Кейбір өрмекшілердің және кенелердің тыныс алу мүшелері жойылып, бүкіл денесімен тыныс алады.