Оқулық университеттер мен педагогикалық, медициналық мал дәрігерлік, агрономиялық, зоотехникалық жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, оқытушыларына, сондай-ақ биология салаларының мамандарына арналған



бет129/174
Дата24.11.2023
өлшемі0,5 Mb.
#125469
түріОқулық
1   ...   125   126   127   128   129   130   131   132   ...   174
Байланысты:
5025406487917 Омыртқасыздар зоологиясы. 1-кітап by Дәуітбаева К.Ә. (z-lib.org) (1)

Шаянтәрізділердің нерв жүйесі көпқылтанды буылтық құрттардыкіне ұқсас. Ол жұп мидан, жұтқыншақ асты ганглиясынан, жұтқыншақ маңындағы сақина - коннективадан және құрсақ нерв тізбегінен құралған. Төменгі сатыдағы (желбезекаяқтылар - Branchiopoda класс тармағы) түрлерінің құрсағында екі нерв бағанасы болады, олардың ганглиялары бір- бірімен көлденең комиссурамен жалғасқан сатылы нерв тізбегін құрайды (102, А-сурет), ал жоғарғы сатыдағыларда екі нерв бағаналары, сонымен қатар ганглиялары да бір-бірімен қосылып, құрсақ нерв тізбегіне айналған, тек көрші ганглилердегі (сегменттердің арасындағы) ұзына бойы коннективтердің жұптығы сақталады да, құрсақ нерв тамырының бастапқыда жұп екендігін көрсетеді (102, Б, В-сурет). Шаянтәрізділердің әрбір тобында дене сегменттерінің бір-бірімен бірігуіне байланысты жүйке ганглияларының бірігуі және ұзынша келген бағаналардың қысқаруы да байқалады. Мысалы, өзен шаянының антеннула мен антеннаға бастама беретін миынан тыс, денесінің 18 сегментінде 12 ғана нерв түйіні бар, ол: құрсақ тізбегіне бастама беретін - жұтқыншақ асты ганглиясы (3 жұп ауыз аяқтары мен 3 жұп жақаяқтарына сәйкес келетін ганглияларының қосылуы); 5 кеуде ганглиялар (саны дәл осындай жүру аяқтарына сәйкес) және 6 құрсақ ганглилері болады. Крабтар да тек 2 нерв түйіні бар - ми мен кеудедегі жалпы түйін қосындысы (құрсақ түйіндерінің қосылуы нәтижесінде пайда болған). Сонымен қатар, нерв ганглияларының түгелімен бір-бірімен қосылуы ескекаяқты шаяндарға (Copepoda отряды) және бақалшақты шаяндарға (Ostracoda класс тармағы) тән, оларда ас қорыту жүйесін тесіп өтетін жинақты ганглиозды массасы бар (102-сурет).
Жұтқыншақ үсті ганглиясы немесе миы үш бөлімнен құралған: алдыңғы - протоцеребрум, ортаңғы - дейтоцеребрум және артқы - тритоцеребрум. Протоцеребрум күрделі (фасеттік) және қарапайым көздерді, дейтоцеребрум антеннулаларды нервтендіреді, ал антенналарға баратын нервтер жұтқыншақ маңы коннективтерінен басталады. Шаяндарда жақсы жетілген симпатикалық жүйесі бар, ол ішектің жұмысын реттейді.
Басқа буынаяқтылардағыдай шаянтәрізділердің нерв жүйесінде нейросекрет - гормондарды бөліп шығаратын нейросекреторлы клеткалар орналасқан. Олар организмнің ішкі ортасына, гемолимфаға арнайы сөлдерді шығарып, жеке мүшелердің зат алмасу, түлеу, тағы басқа процестерді реттеп тұрады. Шаяңдардың нейросекреторлы клеткалары протоцеребрум, дейтоцеребрум және құрсақ нерв тізбегінің әр түрлі бөлімдерінде орналасқан. Сезім мүшелері жақсы жетілген, олар сезімтал талшықтар түрінде
(рецепторлар) дененің белгілі бөліктеріңде - антеннула, антенна, аяқтарының беткейіндегі талшықтар мен түктерінде орналасқан, иіс, дәм, химиялық сезу қызметін орындайды, бұлардың түбінде, гиподермальды эпителидің астында биполярлы нерв клеткалары бар.
Тепе-теңдікті сақтау мүшесі - статоцист - онаяқтылар (Decapoda) отрядының өкілдерінде жақсы дамыған. Олар антеннулаларының негізгі буынында, жабынды қабаттың терең ойығында орналасқан, ішкі жағы қауырсынды нәзік түкшелермен қапталған. Олар тітіркенуді қабылдайтын нерв клеткаларымен байланысты. Көп жағдайда статоцист сыртқы ортамен байланысып, ішіне "есту тасшалары" немесе "статолит" қызметін атқаратын ұсақ құм түйіршіктерін жинап алады. Түлеу кезінде статоцисттердің хитинді жабыны мен статолиттер түсіп қалады да, шаян жаңа құм түйіршіктерін жинайды (не қысқыштарымен, не бірнеше рет басын су түбіне сұғып). Сонымен қатар, статоцист мүшесі басқа да жоғарғы сатыдағы шаяндарда болады, мысалы Mysidacea отрядыңда, бірақ олар құрсақ аяқтарының соңғы жұбының негізінде орналасады.
Шаянтәрізділердің көру мүшесі - қарапайым - науплиальды және күрделі - фасеттік көздер. Науплиальды көз негізінен шаянтәрізділердің науплиус деп аталатын личинкасына тән, бірақ жиі ересек түрлерінде де кездеседі. Ол антеннулалардың аралығында орналасып, бір қатар ретинальды клеткалардан тұратын 2 немесе 4 көз шынысының (бокальчиктердің) бірігуінен құралған. Әрбір бокальчик қою пигментпен қоршалған. Дене беткейіне қараған жағында жарық шағылыстырғыш көз жанары (хрусталигі) болады. Көз ойысшығына қарайтын ретинальды клеткаларының ұшынан миға нерв талшықтары барады, сондықтан көздің құрылысы - инвертті.
Буынаяқтылардағыдай шаянтәрізділердің көпшілігіңде күрделі жұп фасеттік көздері дамыған. Осындай көздің құрамында тығыз жанасқан және бір-бірінен пигментгік жіңішке қабаттарымен шектелген көздің үстіңгі бетінен түбіне шейін бойлап жатқан омматидиялар деп аталатын ұсақ көзшелері болады (өзен шаянында 3000-нан аса). Бұлардың өзі өте күрделі құрылысты. Әрбір омматидия жоғарғы кутикула немесе оптикалық қабатынан және төменгі клеткалық немесе тітіркенуді қабылдайтын ретинальды клеткалар қабатынан тұрады. Оптикалық қабат - екі жағы дөңес линза тәрізді, мөлдір жарық шағылыстырғыш көз жанары (хрусталик) және оның астында жатқан көз жанары конусынан тұрады, бұлар бірігіп оптика жүйесін құрайды. Буынаяқтылардың көз жанары алты қырлы немесе фасеткалы (французша facette - қыр) құрылысты, осыдан да бұлардың күрделі көздерін фасетті деп те атайды. Клеткалық немесе тор қабаты - сезімтал ретинальды клеткалар тобынан құралған. Олардан мидың көру аймағына нерв тамырлары кетеді. Ретинальды клеткалар тобының ортасында рабдом деп аталатын көру таяқшалары орналасқан. Омматидиялардың оптикалық және клеткалық қабатын экрандайтын пигментті клеткалары қоршап жатады (104-сурет). Барлық омматидиялардың нерв тамырлары қосыла отырып, миға қарай көру ганглияларын түзейді.
Шаянтәрізділердің фасетті көздері көп жағдайда бастың ерекше
қозғалмалы сабақшаларында орналасқан.
Шаянтәрізділердің әр түрлі өкілдерінде тек науплиальды көздері (Copepoda отряды, Ostracoda класс тармағы) немесе тек фасетті көздері (көптеген жоғарғы сатыдағы - Malacostraca класс тармағының өкілдерінде), ал жапырақаяқтыларда (Branchiopoda класс тармағы) науплиальды және фасетті көздері болады.
Кейбір шаянтәрізділердің белгілі жарық тітіркендіргіштерін қабылдауы, гормондарды бөлетін нейросекреторлы клеткалардың қозуына байланысты. Ол дене түсінің өзгерісіне әкеледі. Мысалы, кейбір креветкалар мен крабтар сыртқы қоршаған ортаға байланысты денесінің түсін өзгертіп тұрады. Бұл қабілетгілік терінің астыңғы жағындағы ерекше ірі хроматофор - клеткаларының цитоплазмасындағы боялған пигмент дәндерінің орын ауыстыруына байланысты. Неғүрлым пигмент дәндері клеткаға біртекті таралса, солғұрлым денесі пигменттің түсіне байланысты бір түске боялады, ал дәндер клетканың ортасына жиналса, онда түсі ашық. Пигментті клеткаларының іс-әрекеті көру ганглилеріндегі ерекше синус бездерінен бөлінетін гормондар - нейросекретпен реттеледі. Дене түсінің осындай өзгеруі - қорғаныштық бейімделуге жатады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   125   126   127   128   129   130   131   132   ...   174




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет