ПОЛИХИМЕНОФОРА ОТРЯД ҮСТІ - POLYHYMENOPHORA Инфузориялардың денесін кірпікшелер қаптаған және ауыз
айналасында спираль түрінде дөңгеленген, оңға қарай бірнеше қатар бұралып
жатққан мембранеллалары бар. Бұларға көптеген отрядтар жатады, солардың
ішінен үшеуін қарастырамыз:
Әр түрлі кірпікшелілер отряды - Heterotricha Тұщы суларда кең тараған, ірі инфузориялар. Ауыз айналасындағы
мембранеллалары ірі кірпікшелерден құралған, ал дененің қалған бетін майда
біркелкі кірпікшелер жапқан. Негізгі өкілдері - Stentor polymorphus,
Spirostomum ambiguum, Bursaoria truncatella, Balantidium coli.
Stentor polymorphus-тың ұзындығы 1-2 мм, воронка тәрізді, су түбінде
бекініп тіршілік етеді.
Spirostomum ambiguum-ның ұзындығы 2 мм-ге дейін жетеді, денесі
ұзын, соған сәйкес ұзынша келген макронуклеус және бірнеше майда
микронуклеустер болады. Жиырылғыш вакуолі дененің артқы жағында
орналасқан.
Balantidium coli - адамның тоқішегінде тіршілік ететін өте қауіпті
паразит. Ұзындығы 50-80 мкм, жалпақтығы 40-60 мкм. Балантидия циста
күйінде ішектен сыртқа шығады. Цистаны жұту арқылы адам балантидиоз
деген ауруға шалдығады.
Бауыр кірпікшелілер отряды - Hypotricha Тұщы суларда және теңіздерде кең тараған. Негізгі өкілінің стилонихия
- Stylonichia mytilus-тың кірпікшелері көп жағдайда қылтандарға және
цирраларға айналған. Цирра тобы бауыр жағында орналасқан, осылар
арқылы инфузория судың түбінде жылжып жүреді. Мембранеллалары
денесінің алдыңғы және бауыр жағында орналасқан (24-сурет).
24-сурет. Бауыр кірпікшелілер (Hypotricha): A - Stylonichia mytilus - бауыр жағынан; Б -
сол түрі бүйір жағынан; 1 - алдыңғы цирралар, 2 - ауыз мембранелла, 3 - перистом, 4 - арт-
қы цирралар, 5 - ас қорыту вакуолі, 6 - макронуклеус, 7 - микронуклеус, 8 - арқа
қылтандары, 9 - жиырылғыш вакуолі
Аз кірпікшелілер отряды - Oligotricha
Тұщы суларда және теңіздерде кең тараған. Денесінде кірпікшелері
жоғалған, тек ауыз айналасында оң жаққа бұралған мембранелласы бар.
Тинтиноидтер - Tintinnoidae тұқымдастарының денесі жұқа қоймалжың
қабыршақтың ішінде орналасқан, өкілдері теңіздерде планктон қабатында
қалқып жүзіп жүреді.