4 – тапсырма. Мәтіндегі ойды көркемдеп тұрған сөздерді анықтаңдар.
Алыста не алыс?
Байдалы қартайып, үйден шықпай күндіз-түні төсекте жататын болды дегенді естіп, Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінің ішінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті.
- Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі – бала, тербетсе, оянады, тербетпесе, оянбайды, заманым өтті ғой! – депті.
Мұса қонып, қонақасын жеп, таңертең жүрмек болады.
- Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? – депті Байдалы.
- Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілікпен алысып жатыр екен деймін дағы, - депті Мұса.
- Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші, - дейді қарт. Мұса:
- Айтыңыз, - дейді. Сонда Байдалы қарт:
- Алыста не алыс? Жақында не жақын? Тәттіде не тәтті? – дейді. Мұса ойланып отырып:
- Жер мен көктің арасы алыс, кісіге туыс жақын, бала тәтті, - депті. Сонда Байдалы қарт басын көтеріп:
- Балам, ақылың әлі алқымыңнан аспаған екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, жан шығарда адамның өз жанынан тәтті жоқ. Жақында ажал жақын, - деген екен.
А) Сауалдарды өз беттеріңмен шешіңдер. Оқылым мәтінін негізге ала отырып, әрі қарай өз ойларыңмен жалғастырып жазып көріңдер.
Қаттыда не қатты? Ащыда не ащы?
Жұмсақта не жұмсақ? Тереңде не терең?
Қарада қара не? Жеңілде не жеңіл?
Ақтарда не ақ ? Арсызда не арсыз?
Есте сақта!
Метафора – суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай түсу үшін оны өзіне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау; сөйтіп, оның мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту. Мысалы: Сен жаралы жолбарыс ең, Мен киіктің лағы ем (Абай). Бұл мысалдағы жаралы жолбарыс ең, киіктің лағы ем деген секілді сөздер метафораға жатады. Мұнда екі нәрсені бір-біріне балау мағынасы бар.
Достарыңызбен бөлісу: |