Байланысты: «Қ Р әлемдік қауымдастықта» курсы бойынша дәрістер Смағұлов С 09
6 – лекция. 1 сағат. Қазақстанның Тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы рөлі мен жағдайы 1. Тәуелсіз мемлекеттер достастығының құрылуы. Қазақстан Республикасының ТМД – ны құрудағы рөлі.
2. ТМД-ның интеграциялық процестеріне Қазақстанның қатысуы.
ТМД – бұрынғы КСРО құрамында болған республикалар құрған мемлекетаралық ұйым. 1991 ж. 21 желтоқсанда Алматы қаласында Әзербайжан, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Молдавия, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Беларусь ТМД құру туралы декларацияға қол қойды. 1993 ж. ТМД жарғысы қабылданды. Жарғыда мүше мемлекеттердің ынтымақтасу бағыттары белгіленді: адам бостандығы мен құқықтарын қамтамасыз ету; сыртқы саяси қызметтерді үйлестіру; ортақ экономикалық кеңістік қалыптастыру және тасымал-байланыс жүйесін дамыту жолында ынтымақтасу; халықтың салауаттылығы мен қоршаған ортаны қорғау; оңтайлы әлеуметтік және көші-қон саясатын жүргізу; ұйымдасқан қылмыспен күресу; қорғаныс саясаты мен сыртқы шекараларды қорғау мәселесінде ынтымақтасу, т.б. ТМД-ның жекелеген қызметіне өзге де мемлекеттер қатыса алады. Кейбір мемлекеттер ТМД мемлекеттері басшыларының мәжілісіне бақылаушы ретінде қатыстырылады. ТМД органдары: Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Мемлекетаралық экономикалық кеңес және Парламентарлық Ассамблея Санкт-Петербург қаласында орналасқан. ТМД-ның тұрақты органы – Үйлестіруші-кеңесші комитеті Минск қаласында. ТМД-ны оған кіретін елдердің басшылары алма-кезек басқарып отырады. Кейінгі жылдары оның қызметін жетілдіру үшін қосымша іс-шаралар атқарылуда.
Беларусьтің, Ресейдің және Украинаның 1991 жылғы 8 желтоқсанда Беловежск келісіміне қол қоюы және соның ізінше 13 желтоқсанда Орталық Азия республикалары басшыларының Ашхабадта кездесуі бұрынғы КСРО аумағында бір-бірінен оқшау тұрған славян және түрік одақтарының құрылу қаупін туғызды. Осы жағдайда Н.Назарбаев оқиғаның осылайша дамуына жол бермеу үшін барлық күш-жігерін жұмсады. 21 желтоқсанда қазақстандық басшының ұсынысы бойынша Алматыда 11 тәуелсіз мемлекеттер басшыларының келіссөздері өтті. Осы кездесудің нәтижесінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) құрылды. Бұл факті Алматы Декларациясында жазылды.
Жаңа елдердің мемлекеттілігін қалыптастырумен қатар олардың өзара қарым-қатынасының оңтайлы үлгісін іздестіру процесі де жүріп жатты. Қазақстан ТМД құрылған кезден бастап Достастықтың тағдыры үшін айрықша жауапкершілік танытты. ТМД елдерімен тең құқықты, өзара тиімді қарым-қатынастарды орнату және дамыту қазақстандық сыртқы саясаттың аса маңызды міндеттерінің бірі болды.
Күрделі экономикалық кезең жағдайында іс жүзінде барлық кеңестен кейінгі мемлекеттерде олардың келісілген іс-қимылын, сындарлы ынтымақтастығын, өзара қолайлы ымыраға келу шешімдерін іздестіру айрықша маңыз алды. Көптеген тәуелсіз мемлекеттер ынтымақтастық және өзара түсіністік болмаса, тұрақтылықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономиканы реформалау, әлемдік қауымдастыққа кірігу мүмкін емес екенін түсінді. Осы жағдайларды ескергенде интеграцияға балама жоқ деп айтуға болады.
Бірақ бірқатар объективті факторлар интеграциялық процестерді қиындатты. Олардың қатарында:
ТМД шеңберіндегі интеграцияға экономикалық әлеуеті, шаруашылық құрылымы, экономикалық даму деңгейі жөнінен бір бірінен елеулі түрде ерекшеленетін елдер қатысты. Жиынтық жалпы өнімнің 80 пайызы Ресейдің үлесіне тиді, ал Украинаның жеке үлесі – 8, Қазақстан – 3,7, Беларусь 2,3, Өзбекстан – 2,6 пайызды, басқа республикалар оннан бір деңгейдегі пайызды құрады. Әрине мұндай айырмашылық олардың ұлттық-мемлекеттік мүдделерін келісу міндетін елеулі түрде қиындатты.
Достастықтағы интеграция күрделі экономикалық жағдайларда, материалдық және қаржылық ресурстардың тапшылығы халықтың дамуы мен тұрмысы деңгейіне қатысты елдер арасындағы айырмашылықтың ұлғаюы жағдайында басталды. Мұның өзі ортақ нарықтық кеңістікті қалыптастыруға кедергі келтірді.
Дамыған мемлекеттер Достастық елдерін шикізат өнімін өндірушілер және өз тауарларын өткізу рыноктары ретінде қарады.
Осы жағдайларда ТМД бір міндетті, бірақ өте маңызды міндетті орындады, ол – біртұтас одақтық мемлекеттен тәуелсіз ұлттық мемлекеттердің өзара іс-қимылының өркениетті нысанына ауыртпалықсыз өтіп, толық егеменді теңдік және халықаралық құқыққа негізделген жаңа қатынастарды қалыптастыру болды. Осы тұрғыдан мойындау керек, Достастық қажеттілік болатын. Өзара тиімді шарттармен саяси, экономикалық және әлеуметтік проблемаларды бірлесіп шешу үшін құрылған ұйым осы салада жағымды да, жағымсыз да тәжірибе жинақтады.
Қазақстан қол жеткізген уағдаластықтарды бұлжытпай іске асыруды жақтай отырып, ТМД-ға қатысушы елдердің интеграциясын тереңдету бағытын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Достастыққа қатысты Қазақстанның позициясының өміршеңдігін тәжірибе барысы дәлелдеді.
Бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттер тәуелсіздігін жариялап, ТМД-ға біріккеннен кейін ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру қажеттігі туды. 1992 жылғы 15 мамырда ТМД-ның 5 мемлекетінің басшылары қол қойған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт осы бағыттағы маңызды қадам болды. Аталған шарт Қазақстан мен Ресейдің бастамасы бойынша қаралды. Шартқа ТМД-ның 9 елі қол қойып, оған Украина, Молдова және Түрікменстан ғана кірген жоқ. Шарттың 4-бабы ерекше маңыз алды, онда былай делінген: «Егер қатысушы мемлекеттердің бірі қандай да бір мемлекеттің немесе мемлекеттер тобының тарапынан шабуылға ұшыраса, онда бұл осы Шартқа қатысушы барлық мемлекеттерге қарсы жасалған басқыншылық ретінде қаралатын болады. Қатысушы мемлекеттердің кез келгеніне қарсы басқыншылық актісі жасалған жағдайда басқа барлық қатысушы мемлекеттер әскери жағын қоса алғанда, оған қажетті көмек көрсетеді, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес ұжымдық қорғанысқа арналған құқықтарын жүзеге асыру тәртібімен өздерінің қарауында бар құралдармен қолдау көрсетеді».
ТМД Бірлескен Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы бар ұжымдық қауіпсіздік кеңесін құрды. Кеңеске қатысушы мемлекеттердің бірлескен қызметін үйлестіру және қамтамасыз ету жүктелді.
2000 жылғы 24 мамырда Минскіде Мемлекеттердің Президенттері Шарттың тиімділігін арттыру және оны қазіргі геосаяси жағдайға бейімдеу туралы Меморандумды, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарын қолдануға қатысты ұжымдық шешімдерді қабылдау және іске асыру тәртібі туралы ережені қабылдады.
ҰҚШ қолданысы мерзімінің 1999 ж. мамырда бітуіне байланысты 6 мемлекет – Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Армения – Шартты кезекті бесжылдық мерзімге ұзарту туралы хаттамаға қол қойды (2000 ж. сәуір). Халықаралық терроризм мен экстремизмнің тарапынан қауіп-қатердің өсе түскендігін ескере отырып, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының кеңесі 2000 ж. 21 маусымда Мәскеуде Террорға қарсы орталық (ТҚО) құру туралы шешім қабылдады, ол Орталық Азияның оңтүстік шекарасында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдаудың пәрменді құралы ретінде қызмет етуі тиіс.
Көп жақты, сондай-ақ екі жақты үлгідегі ТМД елдерінің өзара қарым-қатынастарының негізінде экономикалық ынтымақтастық жатыр. Бұл түсінікті де. Достастық елдерінің экономикасы бұрынғы КСРО-ның бір кезде біртұтас халық шаруашылығы кешенінің құрамдас бөліктері болатын.
Тұтас аймақтар мен құрлықтардың өсе түсіп отырған интеграциясы ХХ ғасырдың аяғына тән сипат болып табылады. ТМД елдері осы негізгі үрдістен шет қала алмайды. Әлемдік даму жолына түсу үшін Достастық елдерінің ең алдымен экономикалық тұрғыдан интеграциялануы қажет. Кәсіпорындар арасындағы өндірістік-технологиялық және кооперациялық байланыстар, олардың ұйымдық және халықаралық құрылымдарын құрудың ұқсас жүйесі, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің біртұтас ғылыми-техникалық базасы – олардың бұрынғы біртұтас халық шаруашылық кешенінде болғандығына байланысты туындайды. Істің шын мәнінде осы фактор елеулі деңгейде ТМД-дағы интеграциялық процестердің дамуын айқындайды. Оның үстіне Достастық елдерінің өнеркәсіптік әлеуеті әлемдегінің шамамен 10 пайызын, табиғи ресурстарының негізгі түрлерінің қорлары – 25 пайызды, экспорттық әлеуеті – 4,5 пайызды құрайды.
ТМД өзі өмір сүрген 10 жыл ішінде оған қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынасты дамытудың бірнеше кезеңдерін өтіп үлгерді.
1991-1993 жж. бірінші кезеңде бұрынғы кеңестік республикалар саяси тәуелсіздік алды, мемлекеттілігін рәсімдеді, халықаралық тұрғыдан танылып, халықаралық ұйымдарға енді, өзара қарым-қатынасын шарттық рәсімдеуді қамтамасыз етті, дербес түрде қаржылық-экономикалық, бюджеттік-салықтық, кедендік, шекаралық құрылымдарды қалыптастыруды бастады. Бірақ халық шаруашылығының жүйелері – экономика дағдарысының тереңдеуі және өндірістің құлдырауы, іс жүзінде барлық мемлекеттердегі инфляцияның жоғары деңгейі жағдайында бір валютамен біртұтас экономикалық кеңістікте жұмыс істеуін жалғастыра берді. Достастықта біртұтас рынок пен экономикалық байланыстарды сақтауға бағытталған жүздеген шешімдер қабылданды, алайда орталықтан шетке тарту бағытындағы үрдістердің ұлғаюын тоқтату мүмкін болмады.
Екінші кезеңде (1993-1996 жж.) жаңа тәуелсіз мемлекеттер өздерінің саяси егемендігін нығайтты, әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлігіне, халықаралық ұйымдардың мүшелеріне айналды, жақын көршілерімен тығыз экономикалық байланыс орнатты. Тәуелсіз мемлекеттер бюджеті, салықтық-кедендік жүйесі, валютасы және тағы басқа мемлекеттік көріністері бар, дербес түрде жұмыс істейтін қаржылық-экономикалық жүйелерін құрып, өзінің экономикалық тәуелсіздігі тұрғысынан түпкілікті нәтижеге қол жеткізді. Экономикалық өзара іс-қимылдың қайсыбір проблемалары бойынша тараптардың позициялары көп жағдайда елеулі айырмашылықтарымен көзге түсті. Бірінші кезеңде қабылданған Экономикалық және Төлем Одағын құру жөніндегі шешімдер және басқа да қарарлар орындалған жоқ.
Үшінші кезеңде – 1997 жылдан бастап осы уақытқа дейінгі кезеңде ТМД мемлекеттері Достастықтағы дағдарыс жағдайларын еңсерумен айналысты. Мұндай көріністер негізгі шешімдерді орындамаудан, бірқатар мемлекеттердің көптеген экономикалық, саяси және әскери мәселелер бойынша ынтымақтастықтан бас тартуынан көрінді. Интеграцияны жақтаушылардың, ең алдымен Қазақстанның табанды күш-жігерінің нәтижесінде Достастық қызметін жетілдіру жолдарын іздестіру, экономикалық қана емес, саяси ынтымақтастыққа ұмтылу сияқты оң сипаттағы үрдістер белең алды.
Біртұтас экономикалық кеңістік құруға бағытталған Қазақстан Республикасының стратегиялық бағыты 1993 жылғы мамырда Мәскеу саммитінің барысында нақты іске айналды. Достастыққа қатысушы мемлекеттер Экономикалық Одақ құруды жақтап пікір білдірді және декларацияға қол қойды. Декларацияда интеграцияны дамытуға, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдардың, еңбек ресурстарының еркін қозғалысы үшін ортақ рынок құруға, кезең-кезеңімен Экономикалық Одаққа ілгерілеу жолымен жүруге ТМД мүшелерінің бекем бел байлағандығы туралы мәлімдеме жасалды.
ТМД мемлекеттерінің басшылары Кедендік Одақ құруды, Экономикалық Одаққа барар жолдағы таяудағы міндет ретінде белгіледі.
Бірлескен жұмыстағы келесі қадам деп 1993 ж. қыркүйекте Экономикалық Одақ құру туралы шартқа қол қоюды айтуға болады. Аталған Одаққа тиісті мемлекеттердің ерікті түрде қатысуы, егемендікті, аумақтық тұтастықты құрмет тұту, құқықтар теңдігі, сондай-ақ Шарттың ережелерін іске асырудағы өзара жауапкершілік негізінде құру жоспарланды. Экономикалық Одақтың негізгі мақсаттары мыналар болды:
Уағдаласушы тараптар халықтарының тұрмыс деңгейін арттыру мақсатында олардың экономикасын тұрақты дамытуға жағдайлар туғызу;
нарықтық қатынастар негізінде кезең-кезеңімен ортақ экономикалық кеңістік құру;
барлық шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін тең мүмкіндіктер туғызу және кепілдіктер беру, экологиялық проблемаларды бірлесе отырып шешу, сондай-ақ табиғи зілзала мен апаттардың салдарын жою.
ТМД-ның 11 елдері арасында Экономикалық Одақты құру туралы Шарт экономикадағы интеграциялық процестерді практикалық іс-қимылға көшіруге негіз қалады.
Дегенмен интеграция процесі баяу жүріп жатты. ТМД интитуттары жеткілікті түрде тиімді жұмыс істемеді. Осы тұрғыда Н. Назарбаевтың 1994 ж. 29 наурызда МГУ-дің профессорлық-оқытушылық құрамы алдында сөйлеген сөзі интеграциялық саясатты қисынды түрде дамытуға арналды. Өзінің сөзінде ол ТМД-ға қатысушы елдердің жаңа бірлестігін – Еуразиялық Одақты (ЕАО) құрудың ықтимал жолдарын қарауды ұсынды. Еуразиялық Одақ құру туралы Н.Назарбаевтың тұжырымдамасы саясаткерлердің, ғалым-саясатшылардың назарын аударғанын айту керек, олар осы ұсыныстан бұрынғы КСРО-ны алмастыратын сапалы жаңа интеграциялық бірлестіктің үлгісін көрді. Бірақ ресми Мәскеу самарқау үн қатты.
ЕАО жобасын іске асырудың маңызды кезеңдерінің бірі 1994 ж. 30 сәуірде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттері қол қойған, үш мемлекет арсында біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы (Орталық Азия Одағы) шарт болып табылады. Осы құжат экономикалық ынтымақтастықтың берік іргетасын қалады. 1994 жылы шілдеде Орталық Азия Одағына қатысушы мемлекеттердің басшылары Мемлекетаралық кеңес құрды, Премьер-министрлердің, сыртқы істер министрлерінің кеңестерін және оның жұмысшы органы – Мемлекетаралық кеңестің Атқарушы комитетін құрды. Ынтымақтастық пен дамудың Орталық Азиялық Банкісі құрылды.
Қазақстан, Ресей және Беларусь үкіметтері басшыларының 1995 ж. 20 қаңтарда Кеден Одағы туралы келісімге қол қоюы экономикалық интеграцияны тереңдетудегі келесі қадам болды. 1996 ж. наурызда Кеден Одағына Қырғыз Республикасы қосылды. Содан кейін Тәжікстан оның толық құқықты мүшесі болды. Кеден Одағында атқарушы органдар ретінде мемлекеттердің интеграциясын басқарудың бірлескен органдары – Мемлекетаралық кеңес пен Интеграциялық комитет құрылды. Кеден Одағының шеңберінде салық заңнамасы мен көлік саласында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
1996 ж. 29 наурызда Беларусь, Қазақстан, Қырғыз республикаларының және Ресей Федерациясының Президенттері Экономикалық және гуманитарлық салаларда интеграцияны тереңдету туралы шартқа қол қойды. Оның басты мақсаты – тауарлардың, көрсетілетін қызметтің, капиталдардың және жұмыс күшінің еркін қозғалысына, шаруашылық жүргізуші субъектілердің тікелей байланыстарын нығайтуға, ортақ ақпараттық, білім беру және гуманитарлық кеңістікті құруға қажетті алғышарттар жасау болып табылады.
Кеден Одағы Мемлекетаралық Кеңесінің Төрағасы ретінде Президент Н.Назарбаев 1998 ж. басында тағы бір бастамамен шықты, бұл бастама «Қарапайым адамдарға қарапайым он қадам жасайық» атты дәл тауып айтылған атау алды. Осы бағдарламалық құжатта Достастық халықтарының күнделікті өмірін жеңілдететін, олар бір елден екінші елге өткен жағдайда, азаматтық алғанда, басқа да құқықтарын жүзеге асырған жағдайда проблемалар туғызбайтын шаралар қабылдау туралы әңгіме болды. Мемлекет басшысының ұсынысы шын мәнінде ТМД-да біртұтас гуманитарлық және ақпараттық кеңістік құруға бағытталған болатын.
Осы құжаттың кейбіреуі практикалық тұрғыдан жүзеге асты. 1998 ж. 24 қарашада Алматыда Кеден Одағына қатысушылардың (Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей) кезекті кездесуі болды. «Төрттік» үкіметтерінің басшылары білім, ғылыми дәрежелер және атақтар туралы құжаттардың өзара танылатындығы және барабарлығы туралы, сондай-ақ мемлекеттердің азаматтарына оқу орындарына түсу үшін тең құқықтар беру туралы келісімдерге қол қойды. Шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөнінде келісілген саясатты жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.